Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарихтың бір күні 8741 0 пікір 22 Желтоқсан, 2014 сағат 13:31

ТОҚСАН БЕСТІҢ ТӨРІНДЕ

Қазақ баспасөзінің «қара шаңырағы» аталып жүрген ел газеті «Егемен Қазақстан» 95 жастың төріне шығуда. «95-ің құтты болсын, «Егемен», оқырманыңмен озат шығып, уақыттың бел-белесінен талмай өте бер» дей отырып, біз  Сауытбек Абдрахманов мырзаның «Тоқсан бестің төрінде» атты толғау мақаласын жария еттік.

Abai.kz

«Рауандап таң атады, күлім­сі­реп күн шығады. Ел ұйқыдан оянады. Дәл осы шақта әр үйдің тере­зе­сінен таза ауа, есігінен «Егемен Қазақстан» кіреді. Газет!.. Бас газеті­міз!.. Таңғы ауадай тап-таза, жап-жаңа!.. Таза ауа бойымызды сергіт­се, газет ойымызды өрбітеді. Күн көзінен үйімізге нұр тараса, га­зет бетінен санамызға сыр ұялайды».

Академик Зейнолла Қабдолов осылай жазған еді. Қазақ даласында әр үйдің терезесінен енген таза ауамен бірге бас газетіміз кіре бастағалы тұп-тура 34 699 күн болыпты. 95 жылды 365 күнге көбейтіп, сол кезеңнің кібісе жылдарындағы 24 күнді қоссаңыз, осындай сан шығады.

Газет қалай дайындалады? Тағы бір рет еске түсірелікші.

Әуелі ой туады. Сосын сөз шығады. Жазылады. Жолданады. Оқылады. Бағаланады. Тексеріледі. Түзетіледі. Теріледі. Тазартылады. Оқылады. Тағы түзетіледі. Тағы оқылады. Қол қойылады. Бір мақала дайын болды. Бір бетке осындай қанша мақала керек! Бір нөмірге осындай қанша бет керек! Нөмір жоспарланады. Беттер макеттеледі. Мақалалар бетке түседі. Корректор оқиды. Кезекші редактор оқиды. Басшылық оқиды. Тағы түзетіледі. Қысқартылады. Толықтырылады. Безендіріледі. Қол қойылады. Баспаханаға жіберіледі. Реттеледі. Беттеледі. Басылады. Тасылады. Поштаға барады. Үйді-үйге жеткізіледі. Газет оқырманның қолына тиеді. Газеттің бір нөмірі!

Ертеңіне бәрі басынан қайтадан басталады…

("Егемен Қазақстан". Кеше және бүгін: бас редакторлар)

Ал енді  ала таңнан қолға алынып, келер таңға ұласатын осы шұбатылған шаруаның 1919 жыл­дың 17 желтоқсаны мен 2014 жылдың 17 желтоқсаны аралы­ғындағы 34 699 күннің ішінде 28 470 рет атқарылғанын ойша шамалап көріңізші!.. Ғажайып жұмыс, ғаламат еңбек!

Тоқсан бес жастың төріне көте­ріліп отырған ел газеті «Еге­мен Қазақстанның» жүріп өткен жолы бұл. Ұлы жол. Жаңа өмір­дің соны сүрлеуіне түскен халықтың соқтықпалы-соқпақты, тайғақ кешулі жолының, жетпіс жылдайғы социалистік дәуірдің, ширек ғасырдайғы тәуелсіздік кезеңінің шежіресі жарқырап жатыр бұл газеттің сарғайған беттерінде. Оның тігінділерінен ғасырға жуық уақыттың ішінде сөз алған жүз-жүз мыңдаған адамдардың дауысы күңгірлеп естіліп тұрғандай. Бас басылымды қазақтың Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды титан тұлғалары басқар­ғанының өзі «Егемен Қазақ­стан­ның» қандайлық қасиет, киеге ие екенін даусыз дәлелдейді.

Бұл газет – ұлттық рухтың ұлы ұстындарының бірі.

Ұзақ жылдар бойы партиялық ба­сылым саналып, «Ұшқын», «Ең­бек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақ­стан» атанып келген бұл газет әр сөздің саңлауынан сығалайтын  сол цензуралы заманда да халықтық сипатын, елдік мінезін сақтай білді. Тәуелсіздік таңы атқаннан-ақ басылымның бағы жанды, ой шідері ағытылып, тіл тұсауы ше­шілді. «Егемен Қазақстан» атанып, шын мәнінде еркін елдің жалпы­ұлттық газетіне, нағыз халықтық мінберге айналды.

("Егемен Қазақстанның" нағыз ел газетіне айналған тұсы. Ұжым. Ортада әйгілі бас редактор, халық жазушысы - Шерхан Мұртаза)

Егемендіктің елең-алаңындағы елдің есін кетірген қиындықтар тұсында таралымы күрт түсіп кеткен басылымның беделі соңғы он-он бес жылда ұдайы биіктеумен болды. 2000 жылғы 38 мыңдық таралымнан 2014 жылы 201 мыңдық таралымға жету, яғни бес еседен астам өсу әр мақаланың, әр сұх­баттың жолында жанын жеп, жылт еткен жақсылықты жұртқа жеткізгенше жанталасқан редакция журналистерінің жүйелі жұмысының жемісі болумен қатар, бізге орнықты ойға құрылған, сал­мақты сөзбен өрілген материал­дарын жолдап отырған ардақ­ты авторларымыздың да арқасы екенін атап айтып, той тұсында ел газетінің деңгейін көтеруге атса­лысқан азаматтардың бәріне, газетке жазылуға жылда жұмылып, елдік қасиет, азаматтық белсенділік, мем­лекеттік тілге жанашырлық танытудан танбаған қалың оқырман қауымға алғысымызды білдіреміз.

Ерекше алғысымыз газет жұ­мысын әрдайым назарында ұс­тап, ұжымға нақты қамқорлық көрсе­тумен келе жатқан, тоқсанға толар тойымыздың тұсында редакцияға сегіз қабаттық сәнді ғимарат салдыртып, оны өзі келіп ашып берген, журналистерді, ардагерлерді шын ықыласпен құттықтаған, басы­лымды «Отанымыздың бас газе­ті» деп атаған Елбасына – Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады. Елбасы сеніміне алдағы кезде де сай болу жолында егеменқазақстандықтар білімін де, білігін  де, қажырын да, қайратын да аямайды деп ұжымды 2000 жылдан бері басқарып отырған тәжірибелі адам ретінде  анық айта аламын. Қазақ­тың сөзін ұстаған небір жақсы мен жайсаңның қасиетті жолын жалғастыру бақыты бұйыр­ған тағдырыма тәубе деймін, халқы­мыздың бас газетінің тізгінін тап­сырған Елбасына шексіз разы­лығымды білдіремін.

Елдіктің сөзін сөйлеу – біздің қасиетті парызымыз.

Ел газеті атанған «Егемен Қазақ­стан» қай кезде де парызға адал­дығынан айнымайды.

Ел газетінің тоқсан бестің төрі­не көтерілген тойы – елдің де тойы.

Тойымыз құтты болсын, қадір­менді оқырман!

Жазар жақсылық, жеткізер жаңалық көп болсын!

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

«Егемен Қазақстан»  республикалық  газеті» акционерлік қоғамының президенті.

(Суреттер "Егемен Қазақстан" газетінің сайтынан алынды)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369