ЕЛ НАЗАРЫНДА – «ЕРІК ҚҰРМАНҒАЛИЕВ»
Ертең Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның конференция залында ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтеді.
Кітапқа жазған алғысөзінде КСРО және ҚР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты , Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова: «Музыкатану әлемінің Н.Л. Дорлиак, Александр Лаертский, Дмитрий Бертман тағы да басқа белгілі өнер қайраткерлері « Ерік Құрманғалиевтың дауысы өте жоғары жұмсақ дауыс.Оның дыбысында өн бойыңды сиқырлап, баурап алатын бір құдірет бар.Мұның сыры- табиғат берген ерекше дауысында, талантында» деп баға берген еді. Ерік –қазақтың маңдайына сыймай кеткен әнші. Елден көп қолдау көре алмаған талант. Көп болмаса да,концерттерге келіп,әндерін шырқап жүрді. Ол фонограммаға сеніп алған эстрада әншісі емес қой. Көбінесе шетелде гастрольде жүрді. Мен оны шетелде гастрольде жүргенімде көрдім. Талантын өте жоғары бағаладым. Мені де апалап сыйлап тұратын. Өте қарапайым, биязы, мәдениеті жоғары адам болатын. Өзгелермен қалай сөйлесетінін білмеймін, менімен сөйлескенде дауысын төмендетіп ақырын сөйлейтін. Мені құрметтегені болар деп ойлаймын. Бірге киноға да түстік. Әлем мойындаған әйгілі әншінің елеусіз қалғаны жанға батады. Өйткені, ол санадан тез ұмытылып қалатын көп жұлдыздың бірі емес қой.
Биыл 2014 жылы 31 желтоқсанда Ерік Құрманғалиевтың туғанына 55 жыл толады екен. Ерік туралы материалдар жазып, жариялап, жоқтаушысы боп жүрген ақын Маржан сіңліме, газет-журналдағы жариялаған дүниелерің бір басқа. Ерік туралы кітап шығарғаның дұрыс деп айтқан едім.
Бұл кітапта Еріктің отбасы,ата-анасы ,туған жері, өскен ортасы, өнердегі жетістіктері мен өмірдегі сәтсіздіктері шынайы баяндалған. Нағыз таланттардың өмірі жеңіл болмайды. Әлем танитын Ерік Құрманғалиев атану да –оған оңайлықпен келген жоқ. Кітапта әйгілі әншінің портреті ашылған деуге болады» деп жазады.
Әйгілі әнші туралы қазақ-орыс тіліндегі тұңғыш өмірбаяндық кітап –альбом «Фолиант» баспасынан 1000 данамен Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен жарыққа шығып отыр.
Абай-ақпарат.