ТҮРКИЯ ФЕТҺУЛЛАҺ ГҮЛЕНДІ ТҰТҚЫНДАМАҚ
"Параллель құрылым" тергеу амалдарын өткізген Ыстамбұл Бас прокуратурасының 14 желтоқсандағы талабы бойынша, Ыстамбұл соты "күдікті" Фетһуллаһ Гүленді тұтқындауға қарар қабылдады. Қазақстанға Ислам ғалымы ретінде таныс, ұлты түрік аталған тұлғаға тағылған негізгі айып: "қарулы террорлық ұйым құруы және терракт жасамақ болуы". Ыстамбұл прокуратурасының талабында былай деп жазылған: "Бұқаралық ақпарат құралдарында, экономика және бюрократия алаңдарында заңға қайшы құрылымдалған, қоғамда "Қызмет" ретінде аты белгілі ұйым көшбасшысы Фетһуллаһ Гүлен 1998 жылы шетелге кетіп, елге оралмады. Әрі оның өзімен байланысқа шығу қазіргі күнде қолжетімсіз". Сондай-ақ, бұл талап арызда АҚШ-та тұрып жатқан күдіктіні тұтқындауға жеткілікті дәлел бар делінген. Сот шешіміне сай Гүленге қызыл блютенмен(Қылмыскерді халықаралық деңгейде іздеуге шығарылатын Интерполдың ұйғарымы, іздеу салынатын мерзім 5 жыл) іздеу салынады.
Ал, Түркиядағы ықпалды басылым "Заман" газеті болса жоғарыдағы айыптауды "Ойдан шығарылған құжаттарға 28 ақпан тактикасы қолданылды" деп бағалады. Газет Гүленге Түркиядағы көктемгі сайлау алдында да осындай "соққы" жасалғанын меңзейді. Газет жазған мақалада айыптаушы тараптың дәлелдері монтаждалған бейне және аудио материалдар екені, әрі айыптаудың тек жалған ақпарға құрылғандығы жазылған.
Фетһуллаһ Гүлен Түркияның іші-сыртында да ықпалды ғалым. Түрк билігінің оны тұтқындамақ болған шешімі қоғамды екіге жарып отыр. Кейбіреуі Гүллен Түркияны араб әлемі сияқты жасағысы келеді десе, басқалары оны бейбітшілік пен ізгіліктің үгітшісі ретінде таниды. Гүлен еңбектері ҚМДБ тарапынан Қазақстандық мұсылман қауымға ұсынылып келеді. Фетһуллаһ Гүлен тұтқындала қалса Елімізде де айтарлықтай қоғамдық пікір туғызатыны анық.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz