МАҚСАТ ЖОЛЫНА БЕТБҰРЫС
Елбасының әр Жолдауының өзіндік ерекшелігі бар. Жаңа бастамалар көтеріледі. Жаңа міндеттер алға қойылады. Осы орайда, Жолдауға байланысты көкейге түйген ойларымды ортаға салуды жөн көрдім.
Серікбай НҰРҒИСАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Біріншіден, Елбасының әр жылғы Жолдауының басты мақсаты – Қазақстан тәуелсіздігін одан әрі нығайту. Соған байланысты Жолдаудан экономикалық көрсеткіштерге және әлемдік дамуға жан-жақты сараптама жүргізіліп, болашаққа болжам жасалып, көрші елдермен қарым-қатынасты ой елегінен өткізіп, толыққанды тұжырым жасалғаны анық көрініп тұр. Ішкі экономикамыздың негізгі бағыттары қалыптастырылады.
Биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі – жария етілген уақытының ұтымдылығы. Бүкіл әлемдегі дамыған елдер басшыларының бірде-бірі әлі нақты шешімге келіп, өз мемлекетін келесі жылдары не күтіп тұрғаны, ықтимал кедергілерден өтудің жолдары қандай екені туралы өз халқын хабардар етіп, экономикалық дамудың негізгі бағыттарын айқындап беретіндей осындай Жолдау жасаған жоқ. Сондай-ақ, келесі жылдың республикалық бюджет жоспарының жобасы Парламентте қаралып жатқан кезде Жолдаудың жария етілгені де маңызды болды. Енді Елбасы белгілеп берген бағыттар бойынша Ұлттық қордан ерекше баптармен бірнеше салаға арнайы қомақты қаржы бөлінетіні анықталады. Ал бюджет жоспарын бекіткен заң келесі жылдың басынан бастап күшіне еніп, көзделген қаражат тиісті мақсаттарға жұмсалмақ. Ең бастысы, оған Үкімет те, жергілікті атқарушы билік органдары – әкімдер де дайын болады.
Және бір ерекшелігі – биылғы Жолдау «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жария етілгені. Бұл елді дамытудағы барлық міндетті атқарудағы басты жауапкершілікті «Нұр Отан» партиясы өзіне алып отырғанын көрсетеді. Сол кеңейтілген отырыста Жолдаудың алдында үш лауазымды тұлғаның баяндамасы тыңдалды. Әуелі «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева депутаттардың атқарып жатқан қызметі, қандай заңдар қабылданып жатқаны, алдағы кезеңде қандай заң актілері қаралатыны туралы кеңінен айтып берді. «Нұр Отан» партиясының ХVII съезінде қабылданған тұғырнамасының қалай орындалып жатқанына тоқталды.
Одан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол атқарушы биліктің қызметі жайлы баяндай келіп, партия алға қойған міндеттердің 70 пайызы орындалды деген тұжырыммен жұмыстың әрі қарай жүріп жатқанын, ештеңе ұмыт қалмағанын, қандай қиындық кездескенін, қалай шешімін тапқанын, енді алда тұрған мәселелер қандай екенін жік-жікке бөліп, айтып өтті. Партия тұғырнамасында өңірлерді дамыту бағыты да арнайы қарастырылған болатын. Еліміздің аймақтарында көзделген мақсаттар қалай жүзеге асып жатқаны жайлы бір өңірді мысалға алып қарау жөн саналғандықтан, Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ол жергілікті жерде Елбасының тапсырмалары, Үкімет жүктеген міндеттер, Парламент қабылдаған заңдар және партияның бағдарламасы қалай орындалып жатқаны жайлы жан-жақты мағлұмат берді.
Елдің даму деңгейі туралы нақты көрініске көз жеткізген соң, Елбасы таяу жылдары атқарылуға тиісті жұмыстардың бағыт-бағдарын айқындап беру мақсатында жаңа Жолдауын жария етті.
Екіншіден, жаһандық экономикада былтырғы жағдай мен қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей. Еуропаның өзі үлкен дағдарысқа ұшырап отыр. Жұртшылықты Украинадағы оқиғалар алаңдатуда. Одан кейін Шотландия, Каталония тұрғындарының «жеке бөлініп шығамыз» деген идеясының нәтижесінде қозғалыстар болып жатыр.
G-20-ға мүше мемлекеттер басшылары бас қосып, «Әлемдік дағдарыстың проблемаларын қалай шешеміз?» деп жатқан тұста, жаңа мәселелер де бой көрсетуде. Ол – алып мемлекеттердің бір-біріне санкция қолдануы. Бұл да экономикалық дағдарыстың өрши түсуіне өзінің әсерін тигізуде. Егер қаржы дағдарысы табиғи апаттардың салдарынан, экономикалық тығырыққа тірелуден, ірі компаниялардың жабылуынан, банктердің қарызға батуынан, кеден рәсімдері, тауарлар бағасы, мұнай бағасы қымбаттауынан не төмендеуінен орын алып жатса, ол ақылға сыйымды болар еді. Ал алпауыт мемлекеттердің саяси ұстанымдары сәйкес келмегендіктен, санкция қолдануы ешқандай оң нәтиже бермейтін әрекеттер деп есептеймін. Мұның ақыры неге алып барып соғатынын алдын ала ешкім де білмейді. Олар өздеріне де, өзгелерге де қолдан проблема жасап беріп отыр. Міне, осының бәрі Қазақстан экономикасына әсер етпейді деп айта алмаймыз. Біз әлемдік қоғамдастыққа кірген соң, ықпал етпеуі мүмкін емес. Бізге жанама түрде де, тікелей де әсерін тигізеді. Мұны Елбасы да айтып өтті.
Осы орайда, Елбасы Жолдауындағы алға қойылған үлкен мақсат көрші елдермен тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек, жақын және алыс шетелдермен де байланысымызды жалғастыра береміз, бірақ өзіміз ішкі экономикамызға қиындық тудырмайтындай жағдайды қалыптастыра алуымыз қажет. Нарық заманындағы басты ұстанымдардың бірі «Мен өз еңбегіме сай табыс табамын» деген халықтың сағын сындырып алмауымыз керек! Бұл – ең үлкен мәселе. Осындай күрделі мәселелерге жауап беретін және алда тосып тұрған таяу жылдары атқарылуға тиісті негізгі міндеттерді айқындап берген бағдарлама – Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы.
Қазақстан тәуелсіздік алған соң, жол саласында көптеген өзгерістер жасалды. Бұрынғы Кеңес өкіметі салған автокөлік және теміржол желілері жаңа заман талғамына сәйкес келмеді. Картаға назар салсақ, оңтүстіктен солтүстікке бағытталған жолдар тізбесін көрер едік. Ол кезде жолдар негізінен шикізатты тасу үшін қажет болғаны белгілі. Бір өңірді екіншісімен қосатын ішкі байланыстың артта қалғаны анық байқалды. Тіпті, пойызға міне қалса, кейбір өңірге көрші елдер арқылы ғана баруға болатын еді. Сондықтан жаңа теміржол желілері салынды. Барлық жол саласына экономикалық, географиялық тұрғыда жаңа көзқарас қажет болды. Оған қоса, біз елордамызды ауыстырдық. Жаңа ғасырда барлық өңірге жолдар тоғыз жолдың торабында орналасқан Астанадан тарайтын болды. Күннің шуағы қалай таралатын болса, елордадан басталған жолдар да ең алыс елді мекендерге де жетуі тиіс. Жолдардың жаңаруы халықтың тұрмысына, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, тауарлардың айналымын жеделдетуге, елішілік және халықаралық транзиттің арта түсуіне тікелей әсер ететіні және қаншама шығындардың азаюына алып келетіні сөзсіз.
Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы елдің дамуына, өңірлердің өркендеуіне, аудандар мен ауылдардың жағдайы жақсаруына үлкен серпіліс беретіні қазірден-ақ байқалып тұр. Соның негізінде тәуелсіз елдің көзқарасымен әзірленген автокөлік және теміржол желісінің жаңа атласы қалыптасады деген сенімдемін.
Бүгінгі таңда іске асырылып жатқан ғасыр жобасы болып есептелетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автомобиль дәлізі еліміздің дамуына елеулі үлес қосады. Ал енді оған қоса, «Нұрлы Жол» Жолдауы бойынша қазақстандық автомагистральдар болатыны халықты ерекше қуантып отыр. Сондықтан мен бұл Жолдауды әуелі әлемдік даму деңгейіне терең зерттеу жасалып, одан кейін қандай маңызды бағыттарға баса назар аударуымыз керек екені айқындалған бағдар деп білемін. Елбасы: «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің кайнар көзі», деді. «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты теміржолы да бірқатар маңызды нарық пен өңірді байланыстыратын болды.
Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы қажет. Елордамыздан жасампаздық рухымызды биіктететін тоғыз жолдың таралуы елімізге қатынайтын тәуелсіз жол болып табылады. Жергілікті жерлердің, аймақтардың жан-жақты өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Сонымен қатар, облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтып, ел ішінен тың нарықтар ашады.
Әрбір отбасы өз пәтері болғанын қалайды. Азаматтарды жұмыспен және тұрғын үймен қамту жөніндегі жұмыстар да жоспарлы түрде үздіксіз атқарылып келеді. Жаңа бағдарламалар бойынша үй берілді. Дегенмен, бұл да үнемі тоқтамайтын үдеріс. Бір азаматтар үймен қамтамасыз етілсе, шаңырақ көтерген немесе өзге өңірден қоныс аударған адамдар үй алу кезегіне тұратыны сөзсіз. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 300 мыңнан астам адам пәтер алу кезегінде тұр. Олардың сұранысын қалай қанағаттандыруға болады? Соған байланысты Елбасы өз Жолдауында «жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн», дей келіп, тұрғын үй проблемасын шешудегі жаңа мүмкіндікті пайдалануды ұсынды. Осы кезге дейін қалай болып еді? Үй кезегіне тұрғандар банкте есепшот ашып, қаражат жинайды. Құрылыс компаниясы сол банктен несие алып, тұрғын үй кешенін салады. Сонда банк үйге мұқтаж азаматтардан және үлескерлердің ақшасын жинап беремін деп құрылыс компанияларынан да пайда тауып отырғаны байқалады. Ендігі жерде үй салып беруші мен сатып алушы арасында тікелей байланыс орнату жүйесі қарастырылуда.
«Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі», деді Мемлекет басшысы. Осы орайда, Елбасының 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 млрд. теңге сомасында ұлғайту жөнінде айтқан сөзі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың көңілін бір серпілтіп тастады деген ойдамын.
Жаңа Жолдаудың халықтың жүрегіне зор сенім ұялатып қана қоймай, бір мақсат жолына бетбұрыс жасайтыны күмәнсіз.
Абай.kz