Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6474 0 пікір 6 Желтоқсан, 2014 сағат 18:11

БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН, МАҚСАТЫМЫЗ БЕЛГІЛІ

Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту тұжырымдамасы қабылданды

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс бағыттары сан алуан. Бүгінгі таңда Діни басқарманың қызметін дамыту бағдарламасын әзірлеу өзекті болып отыр. Өйткені, дін – өте нәзік мәселе. Бас мүфти лауазымына сайланған сәттен бастап ҚМДБ-ның бағыт-бағдарын айқындайтын Даму тұжырымдамасын жасау­ды қолға алдық. ҚМДБ-ның білікті, діни салада тәжірибесі мол Ғұламалар кеңесі мен Жоғары төралқа мүшелері мемлекет мүд­десін, заң нормаларын ескере отырып, мұсылман қауымының арасында орын алған мәселелерді кешенді түрде шешуге арналған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту тұжы­рымдамасын қабылдады. Бұл құжаттың басты міндеті – мем­лекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, дін өкілдерін, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстыру. Аталған тұжырымдаманы қабыл­даудың да өзіндік үлкен себептері бар.

Қазіргі таңда халықты бүлікке бастайтын лаңкестік әрекеттер бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Дін атын жамылған жат ағымды ұстанушылар біздің елде де көрініс тапты. Саяси мақсаттарға жету үшін исламдық діни сенімнің шынайы мағынасын бұрмалағысы келетіндер де бар. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық ислами діни бірлестік ретінде Қазақстандағы исламның жаңғыру үдерістерінің басы-қасында болуы тиіс. Қоғамдағы діни саладағы келеңсіз жайттарды тиімді шешу жолдарын іздестіру – ҚМДБ-ның басты міндеттерінің бірі.

Еліміздегі діни саланы дамыту жайлы арнайы қабылданған тұжырымдама мақсаты:

– исламның рухани-иман­дылық және адамгершілік қасиет­­терін насихаттау, діни-ағар­тушылық, қайырымдылық жұмыс­тарды сапалы, тұрақты және тиімді жүргізу;

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын жалпы халық пен мешіт жамағатына сапалы қызмет көрсете алатын, олардың алдында құрмет пен беделге ие қоғамдық институт дәрежесіне көтеру;

– қазіргі заманғы қазақстандық мұсылман қауымының негізгі проб­лемаларын анықтап, қоғам­дағы исламның рухани-иман­дылық және қайырымдылық ықпалын арттыру.

Жалпыға бірдей құндылықтар мен мемлекет мүдделерін, қазақ­стандық заңнамалардың нормаларын ескере отырып, мұсылман қауымының арасында орын алған мәселелерді шешу жолында нақты бағыттар мен тетіктерді қарастыру міндеті қойылды. Сондай-ақ, жалпы стратегияны, исламдық діни қызметті, соның ішінде республика аумағында ханафи мазһабының ұстанымына сәйкес, діни ілім мен тәжірибені дамытудың тетіктері мен оларды жүзеге асыру жолдары айқындалды.

Айта кететін негізгі мәселе­лердің бірі – осы тұжырымдама Қазақстан Республикасы Кон­с­титуциясының сенім бостан­дығы туралы бабына, Қазақстан Рес­публикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына, еліміздің 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жарғысына негізделген.

Тұжырымдама халқымыздың басым көпшілігі ұстанатын хана­филік ілімге сүйенген мұсыл­мандық сенімнің нығаюын қазіргі қоғам дамуымен үйлестіре отырып, 2020 жылға дейінгі кезеңін реттеп, ислам дінін насихаттайды. Құжатта мамандар дайындау, білім беру жүйесін жақсарту, кадрлық діни ахуалды тұрақтандыру және дәстүрлі дінімізді кеңінен насихаттау жұмыстары айқындалған.

Тұжырымдаманы іске асыру кезінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізу көзделуде. Соның ішінде, басты мақсат – ханафи мазһабы ұстанымын ел аумағында одан әрі қарай дамытып, оның әлеуетін радикалды ағымдардың идеологиясына тойтарыс беретіндей деңгейге көтеру.

ҚМДБ-ға қарасты мешіттерге кадрлар дайындау және олардың біліктілігін арттыру жүйесін әрі қарай дамытып, тиісті кадрлық резерв құру жоспарлануда.

Әсіресе, ҚМДБ имамдарының білімі мен біліктілігін көтеру, қазіргі заманға сай діни маман болумен қатар, зайырлы қоғамның талап-мүдделерін дұрыс түсіне білетін тұлғаларға айналдыру осы тұжырымдама шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Еліміздегі бірегей респуб­ликалық ислами діни бір­лес­тік болып табылатын Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасының дәрежесін жалпы республика тұрғындары құрметтейтін қоғамдық инс­титутқа айналдырып, осы бір­лестіктің аясына елдегі бүкіл мұсылман қауымын шоғыр­ландыру ең басты стратегиямыз екені айтпаса да түсінікті.

Осы тұжырымдамаға мұқият қарайтын болсақ, ҚМДБ-ның алдағы уақытта атқаратын жұмыстары екі кезеңге бөлініп қарастырылғанын көруге болады. Оның ішінде I кезең 2015-2016 жылдарды қамтыса, ал II кезеңдегі игі жұмыстар 2016- 2020 жылдарда жүзеге асады.

ҚМДБ жанынан арнайы ғылыми-зерттеу орталығын ашып, оған аудармашы мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Дәстүрлі Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және Матуриди сенімі негізіндегі еңбектерді аудару жұмыстары жоспарға енгізілді. ҚМДБ-ның жанынан баспа ашып, діни басылымдарды шығару жұмыстарын бір ізге келтіру арқылы діни ахуалды реттеу – басты назарымызда. Тұжырымдама қабылданды, енді бірқатар шараларға бел буып кірісетін боламыз. Келелі жұмыстар қолға алынып жатқанда білекті сыбанып кіріспесе болмасы анық.

Діни басқармадағы шариғат және пәтуа, оқу-ағарту, қажылық, дін істері, мешіт істері, діни сараптама, уағыз-насихат, халықаралық байланыс, т.б. бөлімдердің жұ­мыстарын жетілдіру – өз алдына үлкен талап. Бұл жұмыстар үнемі ізденісті талап етеді. Елі­міздің тұрғындарының да осы жұмыстардың нәтижесін асыға күтіп отырғандарын сезініп отыр­мыз. Сондықтан, ел үмітін ақтау үшін маңдай терімізді төгіп жұ­мыс жасайтын боламыз.

Мұсылман жамағатының күн сайын туындап жататын күрделі мәселелері өте көп. Оның ішінде көпшілікке жария етуге болмайтын жағдайлар туындап жатады. Осыны ескере отырып, ҚМДБ жанынан тұрақты жұмыс жасайтын «сенім телефоны» желісін ұйымдастырып, сұрақтарға онлайн жүйесімен жауап беруді жолға қоямыз. Ел сеніміне жарап жатсақ, бұдан артық абырой жоқ деп санаймын.

Келесі бір келелі мәселе еліміздің барлық өңірлерін білікті имамдармен қамтамасыз ету жұмыстары. Осыны ескере отырып білікті, көзі қарақты мамандарды жинау қажет деген шешімге келдік. Жұмысты жүйелі жүргізу – бұл да табысқа апаратын жолдың маңызды бір бөлігі. Сондықтан кадрларды да реттеу үшін ҚМДБ-ны білікті және білімді кадрлармен қамтамасыз етіп, жоғары діни қызметтерге кіретін кадрлық резерв құру, жаңа тағайындауларды тек сол резервтен алу жүйесін енгізгелі отырмыз.

Білікті маман шығару үшін білім беру жүйесін жетілдіру, оны заман талабына сай оңтай­ландырып отыру қажет. Біз білім саласында тоқырауға жол бермеу үшін ҚМДБ-ға қарасты медреселердің оқу бағдарламаларын Әл-Азһар университеті колледжінің оқу бағдарламаларына сәйкестендіре отырып, нострификациялау жүйесін осы тұжырымдама аясында жүзеге асыратын боламыз.

Сондай ақ, бүгінгі күні интернет жүйесі жастардың ең көп назарын аударатын тақырыпқа айналды. Дінді оқығаны да, оқымағаны да интернеттен тауып алғанын, ең бірінші қайсысы көзіне ілінсе, соны оқып алады да төңірегіне соны жеткізгісі келеді. Осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал ету мақсатында Діни басқарманың ресми сайттарының рейтингісін көтеруді мақсат етіп қойдық. Осы жұмыстың бір саласы пәтуа шығарудың ортақ жүйесі ретінде www.fatua.kz сайтын ашуды көздеп отырмыз.

Ал екінші кезеңде 2016-2020 жылдарға дейін келесі игі іс-шаралардың жүзеге асырылуы жоспарлануда. Оның мазмұны да елді елең еткізер жағымды жаңалықтарға толы.

Шалғай елді мекендердегі имамдарымыздың жалақыға тарығып, отбасын асыраудың қамымен кейде мешіттегі қыз­метін ақсатып жататыны көпшілік қауымға белгілі. Имам дін жолындағы қызметін тиын-тебенге алаңдамай атқарса деген арман көкейімізден кетпей жүргені рас. Қазақстандағы діни қызметкерлерді айлық жалақымен қамтамасыз ету мәселесін біржола шешу ұзақ мерзімді жұмыс болғанымен, жүйеге отырған соң, діндар­ларымыз оның да қадірін сезінер деген үміттемін.

Мен өзім жоспарсыз басталған жұмыс жолда қалдырады деп санаймын. Осы тұжырымдама ағарту саласын да толығынан қамтып отыр. ҚМДБ ағарту жүйесін дамыту, шетелдік мамандарды елімізге шақырту жолдарын реттеу, жергілікті мамандардың білімін жетілдіруді ұйымдастыру секілді жұмыстар назарымызда болады.

Аллаға мың шүкір, егемен ел болып, басқалармен тереземіз теңесті. Алыс-жақын шетелдермен байланысымыз арта түсуде. Соның ішінде қасиетті Мекке мен Медине қалаларына қажылық сапарға шығу, қажылық міндетті абыроймен атқаруға жағдай жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, қажылық жұмыстарын жүргізуді бір ретке келтіретін жүйе құрып іске асыру, ҚМДБ жанынан қажылықпен айналысатын бірегей орталық ашуға қол жеткізу үлкен жоспар ретінде тұжырымдамада көрініс тапты. Астана және Алматы қалалары мен облыс орталықтарында жалпы оқырмандардың қолдануына қолайлы «Діни кітапхана» ашуға бел будық.

Тақырыпты түйіндер болсақ, Діни басқарма қызметін дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру дәстүрлі діни ұстанымдарды нығайтуға, ҚМДБ беделін арт­тыруға, соның негізінде қазақ­стандық мұсылман қауымын біріктіруге мүмкіндік береді. Халқымыздың бірлігі мен берекесі артып, ауызбіршілігіміз нығая берсін деп тілейміз. Алла тағала Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364