Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 8877 0 пікір 3 Желтоқсан, 2014 сағат 12:41

АҚЫН ҚАЗЫБЕК ҺӘМ ЕСЕНИННІҢ «АЛТЫН КҮЗІ»

Көпшілікке кеңінен танымал «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» секілді жыр жинақтары арқылы әдебиетсүйер қауымның көңілінің төрінен орын алып, өзіндік өрнегі бар өлеңдері жоғары бағаланған ақын Қазыбек Иса көптеген республикалық жыр мүшәйраларының да жеңімпазы. Шынайлылық пен терең ойға, бедерлі бейнелеу мен нәзік лиризмге толы шайыр шығармалары қазақ оқырмандарының жүрегіне жол тауып, халықаралық деңгейде де танымал бола бастады. Халықаралық әдеби-қоғамдық сыйлық - Сергей Есенин атындағы «Алтын күз» ордені иегері атануы соның айғағы дер едік. 

Жақында Алматы қаласындағы Қазақстан Ұлттық кітапханасында Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, республикалық «Қазақ үні» газетінің президенті, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары , «Құрмет» орденінің иегері, талантты ақын Қазыбек Исаға Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының  Сергей Есенин атындағы «Алтын күз» орденін тапсыру салтанаты болып өтті. Шараға Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Бақыт Сарбалаев, Аманхан Әлім сияқты бір топ белгілі ақын-жазушылар, республикалық БАҚ өкілдері мен Азат Перуашев бастаған бірқатар саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері және оңтүстік астана тұрғындары қатысты.


Марапаттауға Мәскеуден арнайы келген Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы Владимир Середин қазақ ақынына сыйлықты өз қолымен табыс етті. Владимир Середин өз сөзінде бұрынғы кеңестің кеңістікте болған республикалар арасында мәдени, әдеби байланыстар үзіліп көрмегенін алдымен атап өтті.Екі көршілес жатқан елдер арасындағы әдеби байланыстардың да одан әрі дами түсетініне үлкен сенім білдіріп, оған бүгінгі күннің өзінде анық көз жеткізуге болатынын айтты. «Біз өмір сүріп отырған қоғамдық жүйе ауысқанымен, бұрынғы одақтас республикалар өз алдарына дербес мемлекет болғанымен тамыры тереңге кеткен достық қарым-қатынастар әлі де жалғасуда. Экономикалық және де басқа әріптестіктерді айтпаған күннің өзінде, біздің жазушы қауым қашанда шығармашылық одақта болып келеді. Қаламгерлердің шығармалары көпшіліктің назарында болуына, ортақ рухани бай­лықтарымыздың барынша дамуына ұйымға мүше елдердің әрқайсысы мүдделі. Соның бір дәлелі ретінде «Советский писатель» баспасынан орыс тілінде жақында жарық көрген «Антология казахской поэзии» атты көркем безендірілген қомақты жыр жинағын айтуға болады. Қазақтың әйгілі ақындарының туындылары орыс тілі арқылы көптеген оқырмандарын тауып, бұл бастама бірден қолдауға ие болды. Мұндай игі істер алдағы уақытта да тұрақты жалғасын таппақшы. Осы жинақтан бізге Қазыбек Исаның жырлары өз өрнегімен ерекше ұнап, біз одан басқа жыр топтамаларын сұратып алып, Есенин атындағы орденге лайықты деп таптық. Әлі де қазақтың талантты талай ақындарының өлеңдері орыс оқырмандарының көзайымына айналады деп ойлаймын. Реті келгенде айта кетейін, Қазыбек Исаның өлеңдер жинағы алдағы уақытта орыс тіліне аударылып, Мәскеуде жарық көрмекші. Оған қоса, көптеген ұлттардан тұратын ақын-жазушылардың арасынан қазақ ақыны Қазыбек Исаға Есенин атындағы сыйлықтың берілуі қазақ әдебиетіне, қазақ халқына деген ерекше құрмет деп түсініңіздер. Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Өз тарихында талай ұрпақты тәрбиелеген, қоғамға қашанда рухани байлықтар сыйлаған шығармашылық одақтың халқына сіңірген еңбегі орасан. Мен Ресейдегі ақын-жазушылар атынан қазақстандық қаламдастарымыз­ды айтулы мерекемен құттықтап, оларға зор шығармашылық табыстар тілеймін, қазақ әдебиетінің беделі мен мерейі өсе берсін дегім келеді» – деді орыс жазушысы.

С.Есенин атындағы халықа­ралық «Алтын күз» сыйлығы иегеріне арналған ресми құттықтауды Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Опера және балет театрының бас директоры Асқар Бөрібаев Қа­зақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы құттықтау жеделхатын оқып берді. Министрдің құттықтауында ақын шығармашылығы өзінің маңыздылығымен, жылы лиризмі­мен оқырмандар жүрегіне жол тапқаны атап өтілген. Ақынның Есенин атындағы сыйлықпен марапатталуы қазақ поэзиясына, қазақ мәдениетіне деген құрмет екеніне назар аударылып, бұл сыйлық Қазыбек Исаның алдағы шығармашылығына шабыт қоса түсетініне сенім білдірілген.

Әлемнің 37 елінің жазушылар одақтарының басын қосатын аталмыш ауқымды ұйымға ТМД мен Ресей Федерациясындағы республикалар мен әлемнің түрлі ұлт қаламгерлері құрылтайшылық етеді. Бұл Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының басты мақсаты – ұйымға мүше елдер арасындағы мәдени, әдеби байланыстарды дамытып, әлемнің алыс-жақын өзге де елдерімен шығармашылық қарым-қатынастар орнату болып табылады. Ұйымға мүше одақтағы қаламгерлердің шығармаларын орыс және басқа да тілдерге аударып, дүниежүзілік деңгейде танымал етуді өзіне бағыт етіп ұстанған.

– Саясаттан ешқайда қашып құтыла алмасымыз белгілі. Ақын да саясаттан сырт қала алмайды, өзінің азаматтық үнін қосуға міндетті. Л.Толстойдың «А спокойствие – душевная подлость» дегеніндей, үнсіз қалу іштегі үрейді білдіреді. Қазыбек Иса Есенин сыйлығына лайықты ақын. Оның да Есенин сияқты өзгеге ұқсамайтын ерекше мінездері бар. Ал мінезсіз ақын болу мүмкін емес. Тәуелсіздікті әрбір ақын өзінше жырлайды. Маған Қазыбектің азаматтық позициясы мен ұлттық ұстанымы ұнайды. Ол бұл бағытта өзіндік шешімімен, өзіндік үнімен ерекшеленеді. Әрине, Есенин атындағы сыйлыққа лайықты ақындар бізде баршылық, өзге елдерде де жетерлік. Ал, Қазыбек ініміздің орыс халқының ұлы ақыны Есенин атындағы сыйлыққа ие болуы бүкіл қазақ үшін үлкен қуаныш, мақтаныш, – деді белгілі жазушы, драматург Дулат Исабеков. Ордалы отырыстағы негізгі осы бір ортақ ойды қазақтың белгілі ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек одан әрі дамытты. «Рас, саясат жағынан келгенде біздің Ресейге айтар өкпеміз аз емес. Бірақ, мәдениет пен әдебиет саясаттан жоғары тұр. Біз Ресейді Пушкиннің, Толстойдың, Достоевскийдің елі деп білеміз, алдымен осы жағын еске алуымыз керек. Олар да Қазақ елін Абайдың, Жамбылдың, Мұхтардың елі деп білуі керек. Біз қазір кіммен болса да тең дәрежедегі тәуелсіз мемлекетпіз. Жалпы әдебиет пен мәдениетте шекара мен қашықтық деген өлшем жоқ, болмауы да керек. Біз арамызда мыңдаған шақырым қашықтық жатса да дүниежүзілік деңгейдегі классик ақын-жазушыларды оқып-танимыз. Тілі, діні басқа болса да ұтымды ұстанымдары мен құнды көзқарастарын үйренеміз, көкжиегімізді кеңейтеміз. Сол сияқты әлемдегі әдебиетсүйер миллиондаған оқырмандар біздің қазақ әдебиеті классиктерінен өзіне қажет құндылықтарды талғамына қарай таңдап алады. Өзіміз өлеңдерін оқып, жаттап өскен дарынды ақын Есенин атындағы сыйлықтың қазақтың талантты ақыны Қазыбек Исаға берілуі біздің қазақ әдебиетінің мерейін, беделін көтере түседі деп есептеймін» – деді Темірхан Медетбек. Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшысы, жазушы, сыншы Бақыт Сарбалаев пен Республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы, белгілі ақын Аманхан Әлім Қазыбек Исаны халықаралық сыйлық алуымен құттықтап, ағалық тілектерін білдірді.

Қазыбек Иса ақын ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де белсенді жұмыстар атқарып жүрген азаматтардың бірі. Ол ҚР «Ақ жол» Халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары. Еліміздегі әлеуметтік, саяси жағдайларға байланысты өз үнін қосып, ұлттық мәселелер төңірегінде тұжырымды ойларын ортаға салып жүрген журналист ретінде де танымал. Ақынның аталмыш халықаралық сыйлық алу салтанатына партиялас әріптестері де келіп құттықтап, өз ой-пікірлерін, өз тілектерін білдірді. «Ақ жол» ҚДП төрағасы, ҚР Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев әріптесін құттықтап, оның қоғамдық еңбегі мен ақындық шығармашылығына жоғары баға берді. «Әр заманда­ғыдай, қазіргі заманда да, саясат әрқашан керек екені белгілі. Ол бүгінгі немесе ертеңгі өмір ағымына қарай өзгеріп, бағытын бұрып отырады. Ал, әдебиет болса ол мәңгілік құндылық, мәңгілік рухани байлық. Өзім саясаткер болғаныммен бұл менің өмірлік тәжірибемнен түйген берік ой-пікірім. Оған Қазыбек Исамен қызметтес болған кездерде көзім анық жете түсті. Партия жұмысы барысында кең-байтақ еліміздің көптеген аймақтарын аралап, біз халықпен жиі кездесіп, жиындар өткізіп тұрамыз. Осындай жиындарда жұртшылық өздерінің басына түскен ауыртпалықтар жайында, жалпы көптеген әлеуметтік мәселелерді көтереді. Ол заңды да. Осындай кездесулерде Қазыбек Иса ел мүддесін қорғаған немесе мәңгілік тақырып махаббат жайлы бір өлең оқып берсе, жиналғандар бір жасап қалатынын талай көрдім. Басындағы әлеуметтік мәселелерді ұмытып, «тағы да өлең оқыңызшы» деп қолқа салатыны бар. Осыдан-ақ әдебиеттің, поэзияның құдыреті мен күшін, өнердің өміршеңдігін байқауға болады ғой…» – деді Азат Перуашев.

Билік басындағы шенеуніктер өкінішімізге орай, қазақ тілін, өзінің ана тілін игере алмай жүргені белгілі. Қазақша екіауыз сөздің басын біріктіре алмайтындардың қасында орысша оқып, Ресейде жоғары білім алған саясаткер Перуашевтің қазақ тілін еркін меңгере бастағаны бірден байқалады. Тіпті Қазыбек Исаның бір өлеңін орысшаға аударып жиналған жырсүйер қауымға ұсынып, мәнерлеп оқып бергені ұтымды шықты.

Кеш иесі ақын Қазыбек Иса аталмыш салтанатты шараға жиналған қауым мен Ресейден арнайы ат арытып келген құрметті қонақтарға өз алғысын айтып, Есенин жырлары мен өз өлеңдерін оқып берді.

Ақын Қазыбек Исаға Есенин атындағы «Алтын күз» орденін тапсыруға арналған салтанатты шараны белгілі жазушы, Қазақстан Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқар жүргізіп отырды.

 Зейнолла АБАЖАН.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297