Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 6737 0 пікір 2 Желтоқсан, 2014 сағат 08:22

«ҰЛТШЫЛ ЖҰРТТЫҢ БАЛАСЫ «ҰЛТЫМ» ДЕП ӨСЕДІ

(Алаш сериясымен)

 Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы, Алаштанушы Ербол  Тілешов мырзамен (суретте) сұхбатымыздың жалғасын беріп отырмыз. Сұхбат барысында Ербол Ердембекұлы  Батыс үшін жас мемлекеттердің тым мемлекетшіл, ұлтшыл болуының қажеті шамалы екендігін айта отырып, Жүсіпбек Аймауытовтың (суретте) ұлтшыл жұрттың баласы ғана «ұлтым» деп өсетінін мысал етеді.  

 

Алтай Бұқарбаев: Ереке, өткен жолы Әлихан Бөкейхан атамыз туралы сұхбаттасқан едік. Енді сол әңгімемізді жалғастыра түселік. Осы ретте  жалпы ұлтшылдық туралы не айтасыз? Ұлтшылдықтан неге қорқамыз?

Ербол Тілешов: Қазіргі қоғамдық санада «Ұлтшылдық» ұғымы жағымсыз реңге ие болып, ол жөнінде айтыла қалса, ойымыз тіпті нацизмге дейін әлдебір сұрықсыз, тұрпайы құбылысты бейнелейтін деңгейге жеткен. ХХ ғасырда нацизмді басынан кешірген адамзат баласы ұлтшылдықтан үрейленетін дәрежеге жетіп, оны қабылдағысы келмейтіндей сыңай танытуда. Сонымен бірге, посткеңестік жас мемлекеттерде кеңестік идеологияның ұлтшылдыққа таңған ескірген ұғымдары әлі де сақталуда. Дәл осы арада біз Францияны, Германияны, Ресейді, Үндістанды, Иранды тағы да бүгінде қуатты мемлекеттерге айналған елдердің тарихи даму сатысында ұлтшылдық кезеңінен өткендігін, егер ондай кезең болмаса аталған мемлекеттер біртұтас саяси-қоғамдық құрылым бола алмайтындығын не ескергіміз келмейді, неге олар жөнінде білетініміз көп емес. Жоғарыда аталған мемлекеттер сол елдегі барлық ұлттарды мемлекетқұраушы ұлттың төңірегіне топтастыра білді. Ондай топтастырудың амалдары бірде жан-жақты қарастырылған саясатпен, бірде міндеттеумен шешілгені де тарихтан мәлім.

 

Алтай Бұқарбаев: Жүсіпбек Аймауытов: «Ұлтшыл жұрттар ғана өркендейді» -депті. Бұған қалай қарайсыз?

Ербол Тілешов: Оны Алаш зиялыларының білгендігі.  Жүсіпбек Аймауытовтың: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері» дегенінен аңғарылады. Кезінде бәленбай шағын ұлттық бірлестіктерден құрылған Италия мемлекеті жөнінде осы мемлекеттің тұңғыш Премьер-Министрі Камилло Кавурдың: «Біз Италияны жасадық, енді итальяндықтарды жасайық» дегенінде бірқатар еуропалық мемлекеттердің қалыптасуына тән тезис жатыр.

Алтай Бұқарбаев: Қазақ өзін ұлт ретінде басқа ұлттарға қарағанда басқаша түсінетін сыңайлы. Мысалы, Ресейдегі алтайлар, теленгіттер, Өзбекстандағы өзбектер Кеңестік саясаттың себебімен ұлт болып жасалды. Ал, шындығында, алтайлар ислам дінін қабылдап үлгермеген қазақтар да, хакастар  қырғыздар еді.

Ербол Тілешов: Өзінің тарихи, географиялық, мәдени, экономикалық, діни ерекшеліктеріне байланысты әрбір халықтың ұлттану, тұтасу үрдісі әрқалай жүреді. Айталық,  ХҮІІІ ғасырдан басталып ХХ ғасырдың басына дейін жалғасқан Еуропа мемлекеттерінің ұлттану үдерісінен бері ғасырдан астам уақыт өтті десек те, бұл үдерісте мемлекеттердің қалыптасу дәуірі болғандығын ескергеніміз абзал-ақ. Мемлекеттердің қалыптасуында кейбір жағдайларда олардың дәуіріне қарамастан ұқсастықтар бола береді. Әсіресе, әлгіндей ұқсастықтар саяси, экономикалық ерекшеліктерімен бірге сол мемлекеттердің тілдік тұтастығынан, мәдени бірлігінен аса жарқынырақ байқалады. Тарихтың әлгіндей сабағы бізге де жат емес. Біздің ойымызша, ұлттар мен ұлыстарды сіңіріп жіберген Еуропаның отаршыл мемлекеттеріне қарағанда, қазақ ұлты ХІҮ-ХҮ ғасырлардан бастап дербес халық ретінде мейлінше алаңсыз қалыптасты. Оның жарқын мысалы алып қазақ даласындағы дін бірлігі, тіл бірлігі, дәстүр бірлігі. Яғни, біз сонау хандық мемлекет тұсында қазақ екендігімізді қалай сезінсек, осы күнде солай түйсінеміз.

Алтай Бұқарбаев: Қазір Батыс елдерінде және жаһанданудың жаппай бет қойған халықтырдың бір бөлімі ұлтсыздықты дәріптей бастады. Ұлтшылдықтан қашты. Негізі ұлтшылдық ұлттың қуатын арттырып, дамуына күш қосатын секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Ербол Тілешов: Әрине, бүкіл әлемге, кеше өзіне бағынған халықтарға әлі күнге дейін империялық көзқараспен қарайтын Еуропа, орыс тарихшыларының, саясаттанушыларының немесе басқа да жазармандарының ұлтшылдықтан үркітуінің ықпалына енудің, тарихи даму жолы басқа біздер үшін оларды басшылыққа алудың қажеті шамалы. Батыстық өктем саясат үшін жас мемлекеттердің тым мемлекетшіл, ұлтшыл болуының қажеті шамалы. Болып толған ел кезінде бола алмаған, енді болғысы келетін елді түсіне алмайды. «Тоқ бала аш баламен ойнамайдының...» кері. Сондықтан сол Еуропаңыздағы бүгінгі мықты мемлекеттердің саяси, әскери, мәдени қуатын жасаған ұлтшылдықтың үлгісі немесе Ресей империясының күшті идеологиясы болған орыс ұлтшылдығының қандай тарихи маңызы, өзінен кейінгі дәуірлерге қаншалықты ықпалы болса, қазақ ұлтшылдығының да сондай әсері де, дәстүрі де болмағы қажет. Қандай мемлекет болсын сол елге атау берген ұлттың төңірегіне топтаспағы жөн. Мұндай топтасу әртарапты болуы мүмкін, бірақ ұжымдаспай, туыстаспай болмайды. Қазақстан да осындай болуға тиісті табиғи үдерістен шет қала алмайды. Бұл ұлт өмір сүруінің, мемлекет қалыптасуының, сөйтіп әлемдік қауымдастықтан өзінің дара келбетімен лайықты орын алуының табиғи да берік кепілі. Әлем біртектілігімен емес, көпбояулы болуымен анағұрлым қызғылықты. Жаратқан иеміз бізді әр ұлттың, әр діннің, әр тілдің өкілі етіпті. Ендеше, әрқайсысымыз табиғи тумысымызға, шынайы болмысымызға сай болмағымыз шарт.

(Жалғасы бар)

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302