Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қағазстан 8594 0 пікір 30 Қараша, 2014 сағат 10:38

САТИРИКТЕР «АЗАЙЫП», ЛИРИКТЕР КӨБЕЙСЕ КЕРЕМЕТ ЕМЕСЕ ПЕ?

Қазіргідей тасқын өмірге юмормен қарай алатын жандар сирек болып бара жатыр. Сатирик Қанағат Әбілқайырмен аз-кем тіл қатысқан адам басындағы күллі мәселені ұмытып, езуі жиылмай, ырза болып тұрғанын өзі де байқамас-ау. Бұл жігіт «Қағаз қала» атты тұңғыш жинағында біздің қоғамның бетін әбден-ақ шымшылады. «Менің атым – Тимберлейк», «Жүз отызыншы атаман», «Қ-ның қасіреті», «Бәрін Басекем біледі», «Шректің қайынжұрты», «Құтипаш пен Сақыш», «Резюме», т.б. сатиралық әңгімелері оқырманның жоғары бағасын алды. «Ұмыт мені» деп аталатын екінші жинағына Қанағат әңгімелерін, сатиралық жазбаларын қосты. Өткен аптада «Рейтинг» оқырмандары Қанағаттың шығармашылығымен аздап болса да танысты. Өмірге күліп қарайтын жазушымен әңгімеміздің формасын басқашалау құрдық.

Рейтинг: Мына өмірге не болып кетті, Қақа?

Қанағат Әбілқайыр: Өмірге ештеңе болған жоқ. Күн шығыстан шығып, батысқа батып жүр ғой. Ал адамдарға анық бірдеңе болды. Қысқасы, рахат қазір! Шыныңды айтсаң, сенбейді. Өтірік айтсаң, аузы ашылады. Түйе ұрлаған ақталады, ине ұрлаған сотталады. Қасың – досыңа, досың қасыңа айнала салады. Адамдар ұсақ, кіршіл, тызетпе, «намысқой». Өз атын мүңкіген күресіннің арасынан да ақтап ала алады. Адалдық, сенім, жауапкершілік, достық «Қызыл кітапқа» кіріп, сатқындық, алдап-арбау, опасыздық қамаудан шықты.

Рейтинг: Сатқындық пен оның достары абақтыдан шыққан заман қандай екен?

Қанағат Әбілқайыр: Ол заман рахат қой. Басыңда ешқандай жауапкершілік жоқ. Айтқаныңды айтпаған ғып шығара салудан оңай ештеңе жоқ. Қалай алдауды, қалай сатып кетуді, біреуге жаланы қалай жабуды үйреніп алсаң болды. Ал оны үйрететіндер айналада өте көп. Есесіне, «Мә-ә, ұят болды-ау», «Қой, достыққа сызат түседі», «Мен оған адалмын» деген сөздерге ішек-сілең қатқанша бір күліп аласың. Керісінше, ақшасын сыйлау – адалдық, байлыққа өлермендене ұмтылу – мақсаттардың шыңы, болып-толғасын ешкімді танымай кету «тренд» болып тұр.

Рейтинг: Өзіңіз әлі сол «Қағаз қалада» тұрып жатырсыз ба?

Қанағат Әбілқайыр: Баяғыда «мен Қағаз қалада тұрамын» деп өтірік айттым. Мақтанғым келді. Қалай байып кеткенін өзі де білмей қалғандардың, басы істемесе де жоғарыда отыра беретіндердің жанында болғым келді. Негізі, ол жақта тұрмаймын. Қағаз да болса ол қала мені өзіне маңайлатпады. Қағаз қалада Қағаз қаланы жасағандар тұрып жатыр. Тәттіні де өздері жейді, жылыны да өздері киеді, қымбаттың бәрі соларда.

Рейтинг: Тимберлейк ақсақал немересі Кэтринді ұзатқан тойында болдыңыз ба?

Қанағат Әбілқайыр: Ой, сол тойда Байжұма деген ескіріп кеткен атын Блэйк деп өзгерткен досым екеуміз «Жазда апамның ауылында» деген әнді хип-хоп һәм рок-н-ролл үлгісінде айтып, оған Тимберлейк ақсақалдың туған құдасы Астана мен құдағиы Жанета секіріп биледі. Тағы бір қатты есімде қалғаны, той ортасында қалыңдық, әкесі, анасы, атасы, әжесі және өзге туыстары бәрі қатар-қатар тұра қалып, ламбада сәннен қалыпты, мен атын білмейтін бір биді жартылай жалаңаш бірге биледі. Бәріміз айызымыз қана риза болдық. Енді өзіміз де кіші немеренің тойына сондай тосын сый дайындап жатырмыз. Біздің басты ерекшелігіміз, біржола жалаңаш шықсақ па деген ой бар.

Рейтинг: Әлі де жүз отызыншы атамансыз ба?

Қанағат Әбілқайыр: «Жиырма бес қайта айналып келмес саған» деп, баяғыда бір халық айтыпты ғой. Сол айтқандай, 130-атамандық қазір қайда маған? Таңсық көріп әркімді бір шақырып алдық. Өзінің кім екенін ұмытып бара жатқандардың да қолтығына су бүркіп жүріп, күшіне мінгіздік. Қазір олардың қай-қайсысымен бірге-бір шықсаң да жабылып кетеді. Құрығанда «братандары» бар. Ең қызығы, біздің «братан» да солардың сөзін сөйлейді. Сондықтан қазір мен 130 емес, соңынан санағанда бірінші атаманмын.

Рейтинг: Сіз осы Қ әрпінен неге тұтыға бересіз?

Қанағат Әбілқайыр: Білмеймін, әйтеуір тілім келмейді соған. О баста қ, ғ, ң әріптеріне қарындастарымның ғана тілі келмеді. Келмеді болғанда, келіп жүріп келмей қалды. Кеше өзіңмен ауылдан бірге келген қыз бетіңе қарайды да, айдың-күннің аманында «менін гана», «сенін гана», «койшы» деп тұрады. Бір рет ескертесің, екі рет. Сосын бір күні өзің әлеуметтік желілерде көзіңді жұмып алып «койсан кой, бир ешкинди сой. Маган барибир» деп, қ-ның жақын туыстарымен айтысып отырасың...

Рейтинг: Әлі де Басекеңізге бас ұрасыз ба?

Қанағат Әбілқайыр: Бізге қаратып оқ атса да, қымбатымызды тартып алса да, байлығымызды сыртқа тасыса да, өз тілін сыйламаса да, елін сүймесе де, ішкиімсіз қалдырса да – ол менің Басекем! Ең бастысы, «бәрі соның арқасы» деген ой менің санама ұя салып алған. Көре алмайтын біреулер көзімді ашқысы келсе де тарс жұмып алып отырмын оңаша. Мен үшін адам теңдігінен гөрі өзімді құрбан қылатын тыныштық артық. «Өзге елдерді қарашы. Осыған тәуба!»

Рейтинг: Шректің қайынжұрты қалай?

Қанағат Әбілқайыр: Шректің қайынжұрты қазір «гүлденіп» кеткен. «Дамыған елу елдің қатарына кіреміз» деп тұра жүгіріп едік, аз ғана уақытта кірдік те кеттік. Ендігі мақсат – отыз елдің қатарына ену. Шындасақ, ол да аз жылда іске аспақ. Бірақ, олардың да қатарына кіріп алған соң не істейміз? Мені сол алаңдатады. Кіретін жер таба алмай қалып, бәрін қайтадан басынан бастап жүрмесек болғаны. Мұны негізі Шректің жанынан бір елі шықпайтын, барлық жерге өзінің ағайындарын отырғызып қойған, төрт дүниесі түгел Есектен сұрау керек-ау...

Рейтинг: Құтипаш, Сақыштармен әлі араласып тұрасыз ба?

Қанағат Әбілқайыр: Біздің ауылдың қыздары өзі екіге бөлінеді. О баста Құтипаш та жап-жақсы қыз еді. Кейін ақшасы барлармен, Дубайға баратындармен, яхтасы барлармен есеп көңілмен ғана өмір сүретін болды. Тағы бір қыздар бар. Қара нанды қанағат тұтқан, бала-шағаның қамын ойлаған, нәпсіні емес, арды ойлаған. Бірақ, олармен көбінесе араласа бермеймін. Менің ойым – алғашқылар азайып, кейінгілер көбейсе ғой.

Рейтинг: Қазір не жазып жүрсіз өзі?

Қанағат Әбілқайыр: Не екенін өзім де білмеймін, әйтеуір, қолымнан келгенін шимайлап жазып жатырмын. Көзі ашықты күлдірсем, күлдіре отырып жылатсам деп қоям. Бірақ, оның қаншалықты жүзеге асып жатқанын менен гөрі сіздер білесіздер ғой. Менің жазғаным жақсы болмаса да, елде бәрі жақсы болса екен деймін. Сатириктер «күлкі қылар» ештеңе таба алмай, лириктер көбейсе керемет емес пе?..

Түпнұсқадағы тақырып: Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, сатирик-жазушы: «ҚАЗІР СОҢЫНАН САНАҒАНДА БІРІНШІ АТАМАНМЫН»

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

ЭСТАФЕТА

Қар еріп, арна толып, кемерінен асқан су бөгетті бұзып ақты. Жолындағының бәрін шайып, әбден күшіне мінген тасқын етекте отырған ауылды да жалмай кетті. Тып-типыл.

– Бұл жерде бөгет бар екенін білмеппін, – деді облыстағы әр нысанға, әр іске «жауапты» басшы.

– Судың жолына отырып алған елдің өзі кінәлі, – деді төтенше бастық.

«100 үй емес, 10 үй, 500 адам емес, 5 адам ғана суға кетті. Мал-мүлік оларда мүлде болған емес» деп үкімет басшысына есеп берілді. Ал үкімет басшысының басшысы бұл жайлы білген де жоқ.

Жадырап жаз шықты. Көкорай шалғын көз арбап, егін биыл да бітік шықты. «Паһ!» десті шаруалар. Көп ұзамай қарапайым жұрт қатты қауіп қылған, қанша айтылса да шенеуніктерді селт еткізбеген шегірткелер жетті.

– Осы шегірткелер-ақ түбіме жететін болды, – деп күйінді «биыл бәлен миллион тонна астық аламыз» деп есеп беріп, бөлінген ақшаны асап қойып, өзі өзгелердің түбіне жетіп жүрген ауылшаруашылық министрі.

Ырысы мен берекесін ертіп қоңыр күз де келді. Тышқан екеш тышқан ініне дән тасыды. Аң-құс жатпай-тұрмай қыстың қамына кірісті. Ал шегірткеден артылған астық алғашқы қардың астында қалды.

– Бәріне ауа райы кінәлі. Әйтпесе біз сақадай сай едік, – деді басшылық.

Осы жылы қыс қылышын сүйретпей-ақ келді. Май тоңғысыз қыс. Есесіне қар тым қалың түсті. Ауыл-аймақты қойшы, олар ұмытылғалы қашан?.. Алып қалаларда қозғалыс тоқтады.

– Ешқандай қар жазға дейін жатып алған емес, ериді, – деді қала басшысы ұйқылы-ояу.

P.S: Бі-і-і-ір жақта бір ел бар. Қызық ел өзі. Ол елдің қаржыға жауапты адамының өзі елде девальвация болғанын өзгелерден естиді.

– Келесі жылы осының бәрінен бір қорытынды шығарыңдар! – деді үкімет басшысы осымен мыңыншы рет. Эстафета бәрібір жалғасып жатыр...

Қанағат Әбілқайыр

Дереккөзі: rgmedia.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963