Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Судың да сұрауы бар... 13996 0 пікір 28 Қараша, 2014 сағат 13:56

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨЗЕНДЕР ТАҒДЫРЫ ТОЛҒАНДЫРМАЙ МА?

 

Қазақтың «Су аяғы құрдым» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Негізінен судың аяғында отырған біздің еліміздің суға деген сұранысын шындап сезінетін кезі де жақындап қалғандай. Ғалымдар еліміздегі суы мол өзеннің бірі Іленің суы азайып бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Іледе су азайған сайын Қапшағай көлінің аумағы да кішірейе бастаған. Су мамандары Қапшағайдың суы қашып, жағажайдан 600 метрге алыстап кеткенін мәлімдеп отыр.

 Бүгінгі күні Қапшағай қаласында 56 мың халық бар. Үкіметтің есебінше Қапшағай халықаралық туризм және қаржылық орталыққа айналуы тиіс болатын. Егер көлдің суы жылдан-жылға тартыла түссе,  бұл кешенді жоспардың орындалуы да неғайбыл. Одан бөлек, елімізде жылына 40-50 мың тонна балық ауланса, соның 1 мың тоннаға жуығы Қапшағайдан өндіріледі екен. Су азайған өңірдің оты да азайып, балығы жоғалады. Олай болса, ұзындығы 110, ені 25 шақырымға жуық көлді мекендейтін отызға тарта түрі бар көп балық қалай күн көрмек?

Ғалымдардың зерттеуінше дәл қазір Қапшағай көліндегі судың деңгейі 476,74 метрді құрайды, ал мұндағы қауіпті деңгейдің шегі 479 метр екенін ескерсек, Қапшағайдың құрып кетуі құдайы көршіміздің қолында тұрғанын аңғару қиын емес.   Жетісудың ең суы мол өзені Іленің суы азайса, әйгілі Балқаш көлінің де басынан бағы таймақ. Себебі, бүгінде Балқашқа құятын су көздерінің 80 пайыздайы Ілеге тиесілі. Балқаш көліне Іле өзені арқылы жылына 10-12 млрд. текше метр су жеткізілмесе, ол да Аралдың кебін киюі мүмкін.

Кезінде Ілияс Жансүгіров жырлаған Жетісудың жеті өзені бұрынғыдай Балқашқа «ой бауырымдап» жөңкілмейді. Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендері суармалы жерлердің өзінен аса артылмай отырса, Аякөз, Биен, Сарқант, Басқан секілді өзендердің аяғы көлге жетпей құрып кететіні неше жылдан бері мәлім. Осының өзі-ақ біздегі су көздерінің азайып бара жатқанын көрсетеді. Еліміздің су мәселесін қайта қарастырып, суға мемлекеттік саясат ұстанатын кез жетті.

Қазақстандағы ең суы мол екі өзен Ертіс пен Іленің өре басы көршілес Қытай елінде жатыр. Алайда, трансшекаралық өзендердің суын бөлісуде халықаралық заңдылық сақталмай отыр. Аспан асты елі егіс алқаптарын жанталаса көбейтіп, екі өзеннің басын байлап, суын бұрып алу саясатын жүзеге асырып үлгерген. Іленің мол суына бөгеу салған Қытай қазірдің өзінде 3,5 текше шақырым су көзін алып қалып отыр. Ұзын аққан Ертіс өзенінің басындағы жағдай да мәз емес. Дерек көздеріне сүйенсек, Қытай тарапы 2020 жылға қарай «Ертіс-Қарамай» каналы арқылы Қытай жағы бұл каналға 2,5 текше шақырым, одан кейінгі жылдарда 4 текше шақырым су алуды жоспарлап отыр.

Қытай мемлекеті Шыңжаң ұйғыр автономиясы орналасқан аймаққа егіс алқаптарын ұлғайтып, Қазақстанға келетін өзендердің басын байлап, мол суды қамтып қалу саясатын ұстануда.  Мәселен, 2015 жылдары аймақтағы суармалы алқаптардың көлемі 6 миллион гектарға дейін ұлғаяды деген дерек те бар. Су мамандары Бейжіңнің осынау су саясатындағы  ұзақ мерзімді жоспары  іске асып кететін болса,  еліміздің судан қатты таршылық көру қаупі басым екенін айтады.

Айтпақшы, біздің еліміздің су қоры таусылуға жақын екен. Су шаруашылығы мамандарының есебінше соңғы жылдары 126 текше шақырым су ресурстарының көлемі азайып, 100 текше шақырымды құрап,  26 текше шақырым су көздері құрдымға кеткені анықталуда. Себебі, есепте тұрған 100 текше шақырым су қорының 44 текше шақырымын осы сырттан келетін өзен сулары толтырады.

 

Бауыржан САБЫРБЕКОВ. 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963