Әмірхан БАЛҚЫБЕК. ОЛЖАС ҚАЗАҚТЫ ЖЕК КӨРЕ МЕ?
РЕДАКЦИЯДАН:
Марқұм Әмірхан Балқыбектің бұл мақаласы кезінде «Дала мен Қала» газетінде «Гете немісті жек көрген бе?» деген атпен жарияланған болатын. Біз мақала тақырыбын марқұмның мұрағатында сақталған нұсқа бойынша, автордың өзі қойған атаумен қаз-қалпында оқырманға ұсындық. Әмірхан бұл мақаласын әдеби орта мен бас редакторлар арасында үлкен дауға айнала жаздаған, ақыры ақынның «ДмҚ-дан» қызметтен кетуіне себеп болған әйгілі «Ұлттың Олжасы» атты мақаласына кіріспе ретінде жазған екен.
Оқиғалар қайталанады екен. Оған осы жолы көзім анық жетті. Рас, ол оқиғалардың кейіпкерлері әртүрлі адамдар болуы мүмкін, оқиғалары да әртүрлі кезеңдерде Жер шары деп аталатын ғажайып планетаның әрқилы ендіктері мен бойлықтарында жүз беруі ықтимал, бірақ одан олардың жалпы сипаттамасы, түп мазмұны аса өзгере қоймайды.
Міне, нәпақамызды ақ қағаз бен көк сия арқылы тауып жүргесін, бір қажетімізге жарап қалар деген оймен Иоганн Эккерманның «Гетемен әңгімелерін» оқып шықтым. Ақын туралы кітаптардың төресі десе төресіндей-ақ кітап екендігіне әбден иландырды. Қызыққаным соншалық, алғы сөзінен де, ғылыми түсіндірмелерінен де көзім түспеген бір жол қалдырмадым деуге болады. Сонда не ұғындым дейсіз ғой? Әйгілі скрипкашы Никколо Паганинидің: «Тобыр қабілетті болсаң қызғанышын көрсете бастайды, талантты болсаң кедергі жасап, кемеңгер болсаң кек алудың амалын іздестіреді» делінетін сөзінің тұп-тура шындықтың өзі екендігін ұғындым.
Біздің Жұмекен ақынымыздың (Нәжімеденов) осы скрипкашы жайлы топтамасында:
Тапқаны сол болды ма?
Табанына даңқтың
Барқыт төсеу орнына
Әйнек үгіп салыпты, – деп келетін жолдар бар еді ғой. Паганини бір концертке шыққанда «достары» білдірмей бәтіңкесіне әйнек үгіндісін салып кигізгендігі турасында. Сондай пендеуи қысастықтардан ұлы Абайымыз өнер таластырған, ой жарыстырған немістің даңқты перзенті де аман кете алмапты. Гетені де тірідей көрге тығуға тырысқан замандастары аз болмапты. Тіпті, дүниеден өткеніне бір ғасырдай уақыт болғасын да соңына шырақ алып түсушілер табылып отырыпты. Неткен сұмдық! Басқа-басқа, Гете Шиллердің өзінен талантты екендігін көре алмай, кіші замандасын у беріп өлтіріпті деген қаңқу сөздің бір кітаптың басты айтары болуының өзі жүрегіңді ұшырып, жағаңды ұстатады емес пе! Гений Гетенің өзі сондай теперіш көріп жатқанда басқаларға не жорық?!
«Космополит», «Туған халқына жаны ашымайтын сәнқой ақын», «Билік пен қалталының ғана сойылын соғатын өзімшіл кекірт жазушы». Міне, Гетенің көзі тірісінде, жасы жетпістен асқанда өз тарапына естіген ессіз айыптаулары осылай созылып кете барады. Ой көшін ХІХ-шы ғасырдың басындағы неміс елінен ХХІ-ші ғасырдың алғашқы он жылдығындағы Қазақстанға бұра қалсаңыз, осы айыптаулардың мұнда да қайталанып жатқандығына тағы да куә болатындығыңызға титтей де күмәнім жоқ. Иә, иә, немістің Гетесін қазақтың Олжас ақынымен ауыстырсаңыз болды. Тура сол оқиға, нақ сол ситуация.
Олжас Сүлейменовтің айтатыны да сол Гете шалдың әңгімесі: «Мемлекет құру оңай емес, оны ұстап тұру одан да қиын. Бәрі табиғи эволюциялық жолмен болғаны дұрыс. Қантөгістерден, асығыс іс-әрекеттерден көсегеміз көгеріп, мейманамыз таси қоймайды. Бәрінен әп-сәтте айырылып қалуымыз мүмкін». Тура «Фауст» авторының ХІХ-шы ғасырда айтқан сөзі. Сол ғасырда орыстың Достоевскийі де сан рет қайталап, халқының санасына сіңіре алмай кеткен ұстаным. Соңы орыс орысты қырған, оқыған-тоқығаны барлар шетел асқан, әлемнің түкпір-түкпіріне босқан революция деп аталатын қанды қасаппен аяқталғаны белгілі. Себеп біреу: Достоевскийдің жүрегін жарып шыққан шындығын даңққұмар, дақпыртқұмар жалған патриот, өтірік халықшыл шала сауаттылар түсіне алмады.
Былтырғы мамырда Олжас ақынмен әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте кездесу болғаны есімде. Сонда ғаламторда өз тарапына айтылып жатқан ғайбат сөздерге ренішін білдіре отырып, ақын былай деген-ді:
– Бізде Қырғызстандағыдай революция жасау керек дейтін айқайшылар пайда болыпты. Іштерінде тіпті мені сынап-мінеуді кәсіп етіп алған бір кездегі қызметтес әріптесім де бар. Мен айтайын, Қырғызстанда ары кеткенде бір айдың ішінде үлкен қырғын болады. Оқиғалардың даму барысынан осындай бүліншіліктің жақындап келе жатқанын аңғармау мүмкін емес!
Қырғызстанда ақын айтқан ай толмай жатып-ақ қырғын басталып кеткенін көргенде (екі аптадан кейін қырғыз-өзбек қақтығысы орын алды), мен әлдебір ұлы күштің бар екендігін, шын ақынның, тура мағынасындағы ақынның тек ұлы туындылар ғана жазып қоймай, бір кездегі шайыр пайғамбарлардай көріпкелдік те жасай алатынын сезіндім. Бұл – қуанышынан өкініші басымдау сезім құбылысы еді. Иә, солай. Өзекті өртер өкініші басым сезіну.
Бір қуанарлығы, жұртты революцияға шақырып даурыққан ақынның «сыншысы» бұл кезде көзі қарақты замандастарынан кешірім сұрап үлгерген-ді. Тарихты, оқиғалардың даму заңдылығын білмеу кейде пайғамбар жасынан асқан «оқымысты» қариялардың өзін осылай әжуалап, мазақ қылып күлетіні бар. Жұрттың бәрі Гете, Достоевский немесе Олжас Сүлейменов емес қой.
Міне, өзім шығармашылығын өте жақсы сыйлайтын әріптес інім екеуміз қызылкеңірдек болып айтысып отырмыз. Пікірталас өзегі – тағы да Олжас Сүлейменов.
– Олжас орысша жазады. Демек, орыстың ақыны – әріптесімнің осы ойынан бір қадам да шегінгісі жоқ.
– Қой, Олжас шығармалары орыс тілінде болғанымен, әр жолынан даланың табиғаты, бабалардың рухы мен мұндалап тұрады, – деймін.
Інім де қасарысып алған:
– Орысша жазады, демек қазаққа қатысы жоқ, – деуден жалығар емес.
Енді Шерлок Холмстың тәсіліне салуға тура келді.
– Сен өзің Джойсты жақсы көресің, ол туралы мақала да жаздың. Солай ғой, иә!
– Иә…
– Джойс қай елдің жазушысы?
– Ирландияның.
– Ал енді сол Джойсты не үшін жақсы көресің?
– Ағылшындарға қарсы күресте Ирландияның намысын жыртқаны үшін.
– Дұрыс екен. Енді осы Джойсың қай тілде жазды, соны айтшы?
– Ағылшын тілінде.
– Онда біздің Олжасымыз да орыс тілінде жазғанымен беріде қазақтың, арыда бүкіл түркінің намысын жоқтап жүрген ақынымыз.
Өз көзқарасына өзі қарсы шығуға амалы жоқ інім мынандай уәжден кейін тосылып қалды. Осылайша, «Уллистің» авторын алға салу арқылы Олжас ақынды ақтап алудың сәті түскен.
Хәкім Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деп келетін қағиданы саналы ұрпағына аманат етіп қалдырыпты. Осы аманатқа бір адал ақын болатын болса, ол осы біздің Олжас ақынымыз. Батыстағы Гете Шығыстағы Хафизды қалай ұлық тұтса, дәл осындай құрметтің күндердің-күнінде әлде ағылшын, әлде испанның жас талапкерінің аузынан яки қаламының ұшынан Олжас Сүлейменов адресіне де бағытталатынына еш күмәніміз жоқ.
Сөз соңында Олжас ағамызға Тәңірім сізге абыз Гетенің сабырын берсін, біз үшін құндылығы «Фаусттан» бір мысқал да кем емес «Мың бір сөз» кітабыңыздың тезірек жарыққа шығуына тілектеспіз дегенді айтқымыз келеді.
Аман болыңыз, Аға!