Талғат ЕШЕНҰЛЫ. ӨЗ ЕЛІ ҮШІН ӨЛУГЕ ТИІС ЖІГІТТЕР
Екі нәрсе.
Сирияда соғысып жүрген «Хорасан» тобының көсемдері Абдель Рахман Исмаиловтың (Казахстани), Абу Лейля Аль-Казахстанидің көзі жойылды» деп жар салып жатыр, шетелдік БАҚ.
Ахметжан Есімов «мектепте НВП-ны мүлде оқытпау керек» дейді.
Әрине, содырлар өз жазасын алуы тиіс. Екі бастан, біздің балаларымыздың бейбіт күнде, масқара болғанда мектепте, жазым болуына жол бермеуіміз керек.
Бірақ, екіұдай ойға қаласың. Мысалы, жоғарыда көзі жойылғандар содыр болсын. Ішіңді ашытатыны, «содыр» болса да қазақ, қазақстандық қой. Адасты, от басты, опат болды. Ол адаспағанда, от баспағанда қазақтың ішінде де ертең Отанын, отбасын қорғай алатын, елі-жері үшін ойланбай шахид болатын бірер азамат жүре берер еді.
Жалпы басы шатылған, жаза басқан азаматтарды басқа-көзге төпелеп қаралай бергенде, соттап, атып-аса бергенде не табамыз? Ондайларды қайта мемлекеттің керегіне жарататын жағдайды неге қарастырмаймыз? Мемлекеттің қауіпсіздік қызметі, өзге де арнайы қызметтер бар. Жаны, қаны бұзылғандармен, фанатиктермен, мемлекетке, қоғамға пайдасы тиетіндей қып неге «басқаша» жұмыс істемейді?
Екіншіден. Жарайды, мектептердегі НВП пәнін алып тастайық. Ертең мына ұланғайыр жерді, елді қорғайтын ұрпақты немен тәрбиелейміз? Интернеттегі виртуалды ойындармен бе, әлде гольфпен бе? Ел басына күн туса балаларымыз Отанын гольфтің таяғымен немесе теннистің ракеткасымен қорғай ма?
Тым құрыса өз ауласында, мектеп қабырғасында жағаласып, төбелесіп өспеген ер бала – бала емес. Өмірі пышақ, мылтық ұстап көрмеген, порохтың иісін білмейтін, қан көрсе қалшылдап шалқасынан түсетін ұрпақ Қазақстанның болашағы бола алмайды.
Сонда, бас көтерер азаматтың бәрін сотты, содыр қылсақ, жалғыз ұлымызды қызмінез, ынжық, болбыр қылып тәрбиелесек, мына ел үшін өлуге даяр жігіттерді қайдан аламыз?..
(Талғат Ешенұлының FB парақшасынан алынды).