ӘЛІ ДЕ КЕШ ЕМЕС...
Қазіргі таңда қазақтарды исламды енді қабылдап жатқан ұлт сияқты көрсететін тенденциялық ұстаным көрініс беріп қалады. Оны көбінесе "таза ислам ұранымен" ойқастап жүрген неосалафи жастарымыздың ойы мен түсінігінен байқап қаламыз. Ертең Евразия университеті дінтану кафедрасының ұйымдастыруымен "Қазақстанда исламтану мәселелер:і өткені, бүгіні мен болашағы" атты дөңгелек стол өтпекші. Бұл ғылыми танымдық іс шара Исламтану мәселелеріне арналып отыр. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқан «тегіміз түрік, дініміз ислам, кітабымыз Құран» деген анықтамасы көп нәрсені аңғартқандай. Сондықтан исламтану тақырыбы өте өзекті сонымен қатар бүгінгі таңда әрі көне әрі тың тақырып болып отыр. Олай деуімізге де өзіндік себептер бар. Кеше кеңестік жүйе кезінде исламтану зерттеулері толастамағанымен, басқа сұраныстарға жауап беретін, идеялық, ұстанымдық арналарда қалыптасқандығы белгілі.
Бұл жағдай тек қана тәуелсіз ел болып, тарихымыз бен өркениеттік негіздерімізге оралуымыз арқылы жаңа мазмұндық сатыға ауысты десек болады. Исламтану зерттеулеріне де жаңа ұстанымдық, методологиялық ғылыми ізденістер мен платформалар өздігінен сұранып шыға келді.
Міне еліміз басынан өткізіп отырған жахандық құбылыстар мен үдерістер қабатында, өтпелі трансформациялық кезеңдерді алдымен антропологиялық тұрғыдан сосын маман факторы тұрғысынан сараптауды, талдауды бүгінгі ғылыми танымдық іс шарада кафедра алғаш рет қолға алмақшы.
Осы мақсатта дін құбылысын діни антропологиялық тұтастық платформасын табу мен зерттеудің ғылыми негіздеріне сараптама жасай келе, алғашқы ғылыми ойқорыту мәжілісімізді, белгілі сала маманы, исламтанушы ғалым, бүгінгі кафедрамыздың меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Муминов Әшірбек Құрбанұлының мерей тойына орай, оның шығармашылығы аясында, Қазақстандағы исламтану мәселелерінен бастағанды жөн деп таптық.
Мұндағы мақсатымыз, исламтану мәселелерін зерттеген бірден бір тәжірибелі маманды тану және бүгінгі талапкерлерге танытуда маманның осы тақырыптармен байланысы тұрғысынан салыстырмалы дидактикалық танымдық мәжіліс ұйымдастыру. Себебі ғылым мен білім беру үдерісінің ұштастырылған құбылыстық сәті осы мәжілістерде ондағы баяндама мазмұнында нақты көрініс табатындығы белгілі жағдай.
Сонымен бүгінгі мерей той иесі Муминов Әшірбек Құрбанұлы елу бес жасқа келіп отыр. Аз ғана уақытта ғылым саласында көп нәрсе бітіру оңай емес, Әшекең ғұмырының отыз бес жылын исламтану зерттеулеріне арнап, ғылымда жетістікке жеткен бірегей исламтанушы, тарихшы, дінтанушы, ясауитанушы ғалым. Тарих ғылымдарының докторы, Әбу Ханифа және оның мазхабы тарихын жазып, Орта Азияда ислам құбылысының өткенін феномен ретінде ғылыми дәлелдеген ғалым. Қалай ма? Әшекең осы мәселеге ең алдымен текстологиялық, историяграфиялық, қолжазбалармен айналысады. Кеше кеңестік режимде біздің тарихты сыртқы орталықтар жазып беріп , бағыттап, сендер "осындайсыңдар" деген заманда, Ленинград шығыстану мектебінен білім алды. Содан Әшекеңнің көңілінде сұрақтар қабатталып көлденеңдеп шыға берді...Неге тарихта былай жазылады да,бүгінгі елдің санасы мен танымында басқаша? Осы сұрақ, Әшекеңді исламды мәтін арқылы тануға алып келді. ол да жетпеді...ақыры өркениет пен мәдениет қабаттарындағы исламды танудың өзіндік методологиялық ерекшеліктері барына, оның танымдық, онтологиялық, құндылықтық, тарихи, мәдени саяси құқықтық қырларына тұтастық арқылы сараптау керектігін негіздеді...
Әшірбек Құрбанұлының зерттеу тақырыптарынан ақ бүгінгі исламтану бағыттары мен мәселелері анықтала түседі: Мұсылман әлемі мен Батыс өркениеттері сұхбатын нығайту, «Орта Азиядағы саяси исламның ерекшеліктері, Орта Азияның ислам өркениетіне ену құбылысының тарихи алғышарттары, Орта Азия мұсылмандығы және Матуриди теориясы тауил: әулие әулеттері: Ысқақ Баб мұрасы жайлы аңыздар» ,«Орта Азия және Шығыс елдеріндегі бүгінгі таңдағы мұсылман қозғалыстары: тарихи негіздері, идеологиялық және саяси-құқықтық бастаулары...болып жалғасып кете береді.
Сосын исламтану мәселелері кеңестік кезеңде біржақты қарастырылып, ғылыми методологиялық талаптары да қасаң идеологиялық шаблондармен тұйықталып қалған болатын. Осы құбылысты Әшірбек Құрбанұлы өз тәжірибесі негізінде трансформациялап, әлемдік ислами зерттеулер компаративистикасын жүзеге асырды әрі жалғастырып келеді.. Яғни Әшірбек Құрбанұлы тек қана кешегі ТМД елдері ғана емес, өз саласында әлемдік беделге ие ғалым, тарихшы, антрополог. Ол Туркия Республикасы; АҚШ, Франция, Англия, Германия исламтану орталықтарымен де тығыз байланыс орнатты. Ғалымның бұл деңгейі жоғарыда айтқан исламтану методологиясының салалық және бағыттық салыстыруларына мүмкіндік берді.
Әшекеңнің исламтанудағы салалық және бағыттық зерттеулерінің қабаттарын үңілсеңіз, тақырыптық нақтылануды ашық көруге болады. Мысалы, Насап-нама: Бiрiншi-үшiншi кiтаптар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Орта Азиядағы ислам дінінің таралуы және қасиетті әулеттер: Ысқақ Бабтың мұрасы нарративтік және шежірелік дәстүрлерде. 2- том. XIX-XXI ғ. XII-XVI ғасырлардағы шығармалардан үзінділер. ‘Абд ал-Кадир ибн Мухаммад-Амин. Маджма‘ ал-ансаб ва-л-ашджар.Алтын Орта тарихына қатысты материалдар. I том. XVIII-XX ғғ. Сопылық шығармалардың каталогы. ӨР ҒА Әбу Райхан ал-Бируни атындағы Шығыстану институты жинағы. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының араб графикасындағы қолжазбалар каталогы. Сафи ад-Дин Орын Қoйлаки. Насаб-нама. Ауыз әдебиеті тарихи дереккөз ретінде, Әбу Ханифаның образы Орта Азияның тарихи-биографиялық әдебиетінде, Маңғыстаудағы араб графикасындағы ескерткіштер Қазақстан тарихы мемәдениетінің дереккөзі ретінде. VI-VIII/XII-XIV ғ. Сырдария аймағындағы ханафиттер, Бұхарадағы Ходжа Мұхаммад Парстың вакф кітапханасы, Ибн ал-Фувати Орта Азияның тарихы жайлы, Орта Азиядағы исламдану процесін зертеудің жаңа жолдары, «Зайырлы исламның» қалыптасуындағы Шами-дамулла және оның ролі, Ғұламалар және исламдағы радикалдық, Орта Азиядағы ислам: көшпелі ортадағы ерекшеліктер, Мұхаммаджан Хиндустани (1892–1989) және оның дәуірінің діни ортасы, Дукчи-Ишанның кітапханасы // Манакиб-и Дукчи Ишан (Докчи Ишанның жасырын ғұмыры – 1898 жылғы Әндіжандағы көтерілістің жетекшісі). Қазақстандық қожалар// Shigis (Восток). Матуриди кезеңі және ислам ғұламалары, Түркістанды исламдандырудың Қокандық версиясы, Ортағасырлық Орта Азиядағы ғұламалар түсінігіндегі зайырлық пен дін, Абд ал-Гафур Туркистани және оның сапарлары жайлы әңгімелер, 1917-1943 жж. Өзбекстандағы мұсылмандық білім. ‘Абд ар-Рахим-баб, Арслан-баб, Исхак-баб, Исхидж-баб, Мухаммад Парса , Мовароуннаҳр ҳанафий фиқҳы, Орта Азиядағы дәстүрлі және заманауи каламдық мектептер, Ясауиа мектебінің пайда болуы, Йасауиа мектебінің тарихын зерттеудегі жаңа бағыттар.
Сонымен Муминов Әшірбек Құрбанұлының еңбегін, оның исламтану саласындағы зерттеу бағыттары арқылы танып, қорытар болсақ, бізде тарих метологиясы мен философиясы кенжелеп қалған сала. Кешегі маркстік диалектикалық материалистік тенденция, қазақты өзінің өткенімен сабақтастықты орнату мен тарихи тәжірибесінен, тарихи танымынан әбден алшақтатып тастаған. Оны қайта қалпына келтіру бүгінгі қоғамдық ғылымдардық өзара тұтастықта сарапталуына апаратын антропологиялық платформа жасалуына бағыттап отыр. Міне осы салаға бүгінгі ғалым, ұстаз Әшірбек Құрбанұлы өзіндік үлес, құбылыстық негіз, бағдарлық таным мен тәжірибесі арқылы мерейлі жасына толып отыр.
Осылайша зерттеуші мен оның мәтіні арасындағы қарым қатынас деңгейінен ақ бүгінгі исламтану саласы мен бағыттарын, міндеттері мен мәселелерін тануға, танытуға болатындығын көреміз. Бұл жеке алғанда, ал жалпы, мемлекеттілік пен ұлттық құндылықтық тұрғыдан келгенде, қазақ мұсылмандығы мен діни танымының, тәжірибесінің, мәдениеті мен руханиятының бастауы тарихи тереңдікке жетелейтіндігін ғалымның жасаған ғылымынан, бүгінгі ұлағатынан түйсініп отырмыз...Демек қазақ халқы ғасырлар бойы өзінің мұсылмандық түсінігі мен мәдени қабаттарын қалыптастырған, жеке дара мәдениеті бар, ислам өркениеті қабаттарында орны бар, тарихи санасы мен тәжірибесі бар, дәстүрлі, орнықты даму ырғағы бар ел екендігіне ғылыми негіз бар екен...Сондықтан кез келген мемлекеттің болашағына нық қадам басуында ғалымдар мен ғылыми танымның үлесі мен орны ерекше.
Мерей тойыңыз құтты болсын,Әшеке!!! Бұхар бабаңыз айтқандай "Ғалымның хаты" ешқашан өшпек емес...
Досай Кенжетай, теолог ғалым
Abai.kz