«ОРЫСША АЙТАЙЫН, БӘРІ ТҮСІНСІН...»
Бүгін 17 қараша, 2014 жыл. Дүйсенбі. Астана.
Бір істермен шұғылданып жұмысқа уақытында шыға алмай, біраз кідіріп қалдым. Күйіп бара жатқан дәріс-сабақтарым болмаған соң телефон шалып кафедра қыздарына ескертіп қойдым.
Сағат 12-20 болды.
Не де болса, енді түскі шайымды ішіп алып бірақ шығайын деп, стөлге отырдым.
Телевизор қарсы алдымда. Нүктені бастым...
Орталық коммуникациялар қызметі сарайында мен жақсы көретін шенеунік Дархан Қалетаев пен жаңа Мәдениет вице-министрі Тастанбек Есентаев БАҚ өкілдерімен тікелей эфирде екен...
Дәл сол тұста, маған ұнайтын Дархан: “Орысша айтайын, бәрі түсінсін” – деп орысша сайрап кетті. Ойбай-ау, мына кездесудің өзі Ресейде өтіп жатыр ма, Елордада ма деп, экранға мұқияттау қарадым. Жо-жоқ, өзіміздің Астанамыз екен, бәрі дұрыс. Залда кілең қаракөздер отыр. Бір-екі көзі көк, шашы сары келіншек отырған сияқты қырық-елу шақты БАҚ өкілдерінің арасында. Олар орыс болу мүмкін.
Сонда мына Дархан бауырымның «орысша айтайын, бәрі түсінсін» дегені кімге бағытталған? Осы алдында қатар-қатар отырған ағайындарына ма, әлде ана екеуіне ме? Олар қара орыс болсын, сары орыс болсын, осы елдің азаматы емес пе, осы елдің тілі қазақ тілі емес пе, сол тілді білу және құрметтеу әр есті азаматқа парыз бен борыш емес пе деген ойлар ызамды келтіріп, нүктені басып жіберіп, каналды ауыстырдым.
Қазақтың негізгі каналы, «Хабарға» қойдым. Аталған арна бір ертегі мультфильмді орысша көрсетіп жатыр екен. Осы баланың тілі қызықты мультфильм тіліне байланысты тез шығатынын көп естігенмін. Сюжеті шынында да өте қызық екен. Бірақ тілі неге орысша!? Қаншама отандық жас нәрестелеріміз дәл қазір осы көгілдір экранға жабысып бөгде мәдениетке, көрші елдің мемлекеттік тіліне, рухани дүниесіне сүйсіне кірігіп, онымен қауышып, жадына, жанына сіңіріп жатыр?! Сонда біздің «Хабарымыз» біздің, салықтөлеушілердің, есебінен балаларымызды шоқындыруға қаражатын да, алтын уақытын да жұмсағанына кім тапсырыс берген? Көңілім бұзылып, ызам келе бастады...
Тағы нүктені басып қалдым. Тарих, Еуропа жаңалықтары, көптеген Ресей каналдары орысша сорғалап тұр.
«НТК»-ға түстім. Бұл канал да өте қызықты мульфильдерді орыс тілінде бүкіл республикамызға жайып жатыр екен.
«Еуразия», «Астана» каналдары орысша мен қазақшаны жарыстырып, біресе бір тілде, біресе екінші тілде, кезек-кезек, былықтыра, шатастыра жарнамалық роликтерін айналдырып жатыр.
«Таң» арнасында зергерлік бұйымдарды қазақтың әп-әдемі келіншегі орысша жалпақ қауымға таныстырып отыр...
Қайтадан Орталық коммуникациялар орталығына «қайттым». Енді Тастанбек мырза біресе қазақша, біресе орысша сөйлеп отыр екен. Дәкең оны қоштап қояды. Әлбетте, біресе орысша, біресе қазақша...
Орыс тілі – Путин елінің тілі. Путиннің өз елінде, Кремльде тілдерді шатастыра, қабаттастыра, жарыстыра сөйлегенін естіп көрдіңіз бе? Ал Ресей, керек болса, өзінің Конституциясы бойынша құрама ел, яғни құқығы тең мемлекеттерден құралған бірлестік. Өздерінің мемлекеттік тілдері бар мемлекеттерден құралған федерация. Әрине, федерация тілі – орыс тілі. Бірақ әр федерация мүшесінің өздерінің басқа ұлттық мемлекеттік тілдері бар – татар, шешен, коми сияқты. Неге Путин тек қана орыс тілінде сөйлейді?
Біздің еліміз конституциямыз бойынша унитарлық, яғни құрамды емес, біртұтас мемлекет. Мемлекетқұраушы халық та бір, мемлекеттік тіл де бір. Сонда неге бізде Ақордада, Парламентте, Үкіметте, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын телеарналарда жұмыс мемлекеттік тілде жүргізілмейді?
Неге? Неге? Неге?
Қойшы, басым қатты ауырып кетті... Телевизорды өшірдім. Шайым де суып кетіптіті.
Дереу киініп тысқа шықтым.
Ұлтжан Нығайтаров
Мұғалім, Астана
Abai.kz