ҰРЫҚ ПА? ҰРЛЫҚ ПА?
Біз айтқалы отырған ЭКО-ні қазір жұртшылықтың бәрі жақсы біледі. Сондықтан біз оны бір сөзбен қысқа қайырып, бала көтере алмай жүргендердің жатырына ұрық орналастырушы екенін мәлімдесек жеткілікті болар.
«Адамның бір қызығы бала деген». Рас, адам баласы артымда байлық емес, өмірімді жалғастырар ұрпағым қалса деп тілейді. Ең қорқыныштысы - дүниеде ұрпақ сабақтастығының жалғасын таппай қалуы дер едік.
Енді қозғалған тақырыпқа ойыссақ, белсіздік пен бедеуліктің салдарынан жекелеген отбасы ЭКО қызметіне жүгінуге мәжбүр болып жүр. Тіпті осылардың ішінде шетел асып, ондағы мамандардың көмегіне жүгінген азаматшаның болғанын жақында білдік. Бұл кейіпкеріміз Астана қаласында тұрады. Дәрігерлер оған бір баладан кейін сәбилі болудың мүмкіндігі жоқтығын айтқан екен.
«Мен түрік азаматына тұрмысқа шыққан едім, - деді сөз орайында Н.К. есімді азаматша –Дәрігерлердің маған айтқан балалы болудың бір жолы-ЭКО қызметі дегесін күйеуім екеуміз кеңесе келе, Түркияға баруды ұйғардық. Онда ЭКО-ге кететін шығын құны 10 мың долларға бағаланды. Айтылған қаражатты төлеп, белгілі мерзімде ем-дом қабылдағаныммен, іс жүзінде бала көтеру мүмкін болмады. Сосын елге кері қайтып, Астанадағы жеке шығыс медицинасы орталығында «алтын инемен» емделдім. Бірнші - Алланың шапағаты, екіншіден әлгі жеке медицина орталығындағы білікті дәрігердің емі менің балалы болуыма септігін тигізді».
Н.К. ақжарқын көңілмен бізге осылайша сыр шертті. Биыл оның отбасының бір мүшесі болып қосылған қыз баланың денсаулығы қалыпты.
Осы кейіпкеріміздің әңгімесінен кейін ойымызды ЭКО-ның қаншалықты тиімділігі бар деген сұрақ шарлап өтті. Өйткені, аты-жөнін айтуымызды қаламаған бір азаматшаның да осы ЭКО миллион теңгеге жуық ақшасын көмейіне тыққанымен, сәбилі болу үмітін ақтамаған...
Әмірхан Алмағанбетов.
АСТАНА.
Abai.kz