Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Тылсым 12206 0 пікір 14 Қазан, 2014 сағат 09:59

ЖЫН- ШАЙТАНДАР ҚАПТАП КЕТКЕН БЕ?

Жыл басынан бері Атырау қаласының іргесіндегі Дамбы ауылының тұрғындары тыңдаған адамның төбе құйқасын шымырлатар тосын оқиғалардың еріксіз куәсі болуда. Алғашында ауылдың төрт ер адамы өз-өзіне қол жұмсаса, кейіннен екі әйел адам құтырмалы жүйке ауруына ұшыраған. Басында  мұның барлығына ешкім де жете мән бермеген еді. Алайда, қазан айының  соңғы он күні  ішінде тағы да екі адамның өз-өзіне қол жұмсағанын,   араға азғантай уақыт салып, тағы да екі адамның   жынданып ауырғанын көргеннен кейін дамбылықтар  шыбын жандарын қайда сақтарын білмей шырқырауда.  Ауыл тұрғындары екінді түспей жатып есік-терезелерін тас қылып бекітіп алатын болды. Тіпті күндіздің өзінде   көшеге шығатындардың қатары сиреп, ойын балалары еріксіз үйге тығылды. Кейбіреулер «ауылды шын-шайтан иеленді» десе, енді біреулері «ақырзаманның» жақындап қалғанын айтып, үрей отын одан сайын үрлей түсуде.

Болған оқиғаға қатысты  Қазақстан мұсылмандары  діни басқармасының  Атырау облысы бойынша  өкіл имамы БАҚ өкілдеріне берген түсінігінде: «Жын деген бізге  Құран мен хадистен  белгілі мақұлық. Періштелер адамдарға  пайда келтіру үшін нұрдан жаратылса, жын-шайтан адамдарға қарсы әрекет жасайды. Біз бұдан бір-екі апта бұрын Дамбы ауылында  адамдар  өздеріне қол жұмсап, желігіп ауырып қалғандығы туралы естіген болатынбыз. Осыған орай мен мешіттің бас имамы ретінде  қала мешіттерінің имамдарын ерітіп, сол жерде болдым. Халықты жинап, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Жалпы , жын-перілер лас жерлерде жүреді.  Сондықтанда  тек  жеке бастың ғана емес, айналаның да тазалығына  көңіл бөлген жөн» деп,ауыл, қала тұрғындарын сабырлылыққа  шақырған.

Дамбы ауылындағы  бейкүнә адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрлеп, ақыл -естен айыру біздің сана-сезімімізге түсініксіз тылсым күштің әсерімен жүріп жатыр ма, жоқ әлде экологиялық ахуалдың әсері ме, дәл қазір оған  ешкім жауап таба алмай отыр. Мұндайда ата-бабамыз ауру шыққан, қасіретке ұшыраған  үйлердің  айналасын жын-шайтаннан аластап,  құрбандық шалатын.  Аруақтарға бағыштап құран оқытатын...

Боранбай Ғалиев

Атырау облысы

Abai.kz

0 пікір