Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 10692 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 15:43

Дөңтай ҚОЖАМБЕТҰЛЫ. КҮТІҢДЕР, ҒЫЛЫМ ЖОЛЫН ҚҰДАЙ ҮШІН!

Қазақ диаспорасының саяси, қоғам  және  дін  қайраткері Қожамбетұлы  Дөңтай  1878 жылы қараша  айының  16-сы күні қазіргі Шыңжан өлкесі Құмыл  аймағының  Баркөл  жерінде дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашқан соң өз бетімен ізденіп, білім жолын қуған.

Кейіннен  Буыршын  деген елді мекенде  мектеп ашып  ұстаздықпен айналысқан. Бұл жөнінде:

«Буыршынды мекен ғып, бала оқыттым дүкен ғып,

Құрметті етті  жамағат,  қадірлі  молла  екен  деп» -  деген  өзінің  өлең  жолдары  да бар (Моңғолия,  «Шұғыла»   журналы,  70-бет, №  1,  1992).

1920  жылдардың   соңында  Шығыс  Түркістандағы  саяси, әлеуметтік  жағдай  күрт  шиеленісіп,   қытайлар  қазақтарды ішкі  өлкелеріне   қарай  ығыстырып,  жаппай  қытайландыру саясаттарының  шет-жағасы  сыр  бере  бастаған  тұста   Дөңтай  үш  мыңға  жуық  қазақ  отбасын бастап  Моңғолияға қоныс  аударған.

         Олар шекарадағы  Ажбоғда  тауының  маңындағы  бір үлкен  тауды  уақытша  мекен етіп  бір жылға  жуық  тұрады  да  Моңғол  үкіметінің  ұйғаруымен  Завхан  аймағының  Борх  деген  жеріне  келіп, қоныстанып,  дербес  қазақ   хошуун  (аудан)   болып  ұйымдастырылады. Жоғарыдағы   тауды  күні  бүгінге  дейін  жергілікті  монғолдар  Хасагт Хайрхан уул (Қазақ Әулие тауы) деп атайды.

1929   жылы  қазіргі  Завхан  аймағының  Алдархан,  Говь-Алтай  аймағының   Дарви   елді  мекендерінің  өлкесінде Борх  деп аталатын  қазақ  хошууны  орнаған.

Кезінде  бұл хошуунға  Моңғолия  Үкіметінің   Премьер  министрі  Гэндэн, аз ұлттар  жөніндегі  кеңестің  төрағасы   Сурахбаяр  сынды  ресми   адамдар  үнемі  ат  ізін  салып,  қазақ  отбасыларының  тұрмыс-тіршілігімен,  танысып тұрған.   Әкім  ретінде  Дөңтай  да ел астанасы Ұланбатырға  жиі   барып,  әртүрлі  жиын-мәслихаттарға  тұрақты  қатысқан.   Бірде осындай кезекті  сапардан   оралған  соң  он шақты қазақ  балаларын  Ұланбатырға  оқуға  аттандырған.  Олардың  ішінде  өзінің  тұңғыш ұлы  Нүкей де болған.  Бұлар   монғолша  білім  алған  алғашқы  қазақ  зиялылары  еді.                            

Монғол  мемлекеті  мен  үкіметі   қазақтарға  жан-жақты  қолдау  көрсете  білді.  Саяси,  әлеуметтік,   мәдени  көптеген    шараларды   белгілеп  жүзеге  асырған.

Хошуун   әкімі   Дөңтайды  кіші   Хурал  төменгі    парламент   басқарма   мүшелерінің  құрамына  енгізіп,    қазақ  отбасыларын  малдан  алатын  әртүрлі   алым-салықтардан босатқан. Күнделікті  тұтынатын   кейбір  зат-тауарларды  қазақ  отбасыларына     алғашқы    жылдары  тегін  таратқан.

Тоқсан  ауыз  сөздің   тобықтай    түйіні  бөтен  жұрт, бөгде  жерге   қоныс  тепкен  қандастарымыздың   сонда орнығып  ел  болып  кетуіне  барлық   жағдайды   жасаған.  Бұл  жөнінде   ақын  Дөңтай    бір  өлеңінде.

«Ұшқалақ  боп  ұмтылып  ойнақтама,   

Болады сабыр  түбі – бір  сары алтын.

Завханның  аймағында бауыр қылып,

Мен   тұрмын   осы күнде  қазақ,  сартын»  - деп  жырлағаны  бар (Моңғолия,  «Шұғыла» журналы, 62-бет,   №2,  1993 жыл).

1937 жылдағы  саяси  қуғын-сүргінің  дүмпуі   жырақтағы    Монғол   жеріне  де жетеді де оған «жапон тыңшысы» деген жала жабылады. Дөңтайдың   қалай  тұтқындалғаны   жайында  белгілі   жазушы  Сейітхан  Әбілқасымұлы  «Кісінеп  жылаған  сәйгүлік»    («Жұлдыз»   журналы, №5  1993 жыл) атты  деректі  әңгімесінде  былай  деп   жазады: «Ол (Дөңтай)    Завхан    жеріндегі   қазақ  хошууның   бастығы, мемлекеттік  кіші  құрылтайдың  мүшесі   болатын.    Ұланбатырдағы   жиналысқа  барып, қайтып   келісімен машинадан    түсе  бере  аяғын  жерге  тигізбей   қарулы   сақшылар  тарпа  бас  салып  ұстап,  байлап –матап  ажал  аранына    апарып  сүңгіткен»   (112-бет).

Осылайша,   ел  ағасы  нақақ  жаламен Улиастай    қаласында    түрмеге   жабылып,  тұңғыш  ұлы   Нүкей,  інісі  Құдыстармен  бірге  1938 жылы  атылған.  

Монғол  жерінде  тұңғыш  орнаған  қазақ  хошууны  осылайша    1938 жылы  тарап,   екі  жылдан  соң  батыс  өлкеде    Баян-Өлгий  атты  қазақ  аймағы  құрылған.   Дөңтайға   жабылған   саяси  жаланы   Моңғолия   Жоғарғы   Соты   қарап   1990 жылы ақтағанға  дейін   оған   байланысты   барлық    тарихи  деректер  көпшілікке  беймәлім   болып  келді.   Ақтау   туралы  қаулы  қабылданған  кезден  бастап  өлең-жыр,  қиссалары,  жалпы  әдеби  мұралары     мен    өнегелі   өмірі     баспасөзде     жарияланып,  оқырмандар  назарына  ұсынылды.

1999 жеке жинағы Ұланбатырда және Қарағандыда басылып, жарыққа шықты. Ақынның өлеңдерінен оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

 

 

ӨСИЕТТЕР

 

Мен  айтайын  бисмилла

Жамағаттар  сөз  тыңда.

Ақыттан  үлгі  алып  ем,

Қызыл  тілім  қимылда.

Буыршынды  мекен  қып,

Бала  оқыттым  дүкен  ғып.

Құрмет  етті  жамағат

Қадіірлі  молда  екен  деп.

Жамағаттар,  жарандар,

Опасыз  жалған  алаңдар.

Аз  насихат айтайын

Бері  таман қараңдар.

Жақсы  менен  жаманды

Молда  менен  наданды

Кейбір  шайпау  тілінен,

Орағытар  заманды.

Қонақ   келсе  жарандар,

Қайыры  жоқ   сараңдар.

Молда  бір  құран  оқи  бер,

Бекерге  кітап  ұстамай.

Жамағат  сөзім тыңдаңыз,

Далаға   шашып  тастамай.

Мәңкір – мүңкір  періште,

Көр  ішінде  сұрау  бар

Дұшпан  болып  жылау  бар.

Көріні  көріп  ұлғайма,

Қырыққа  келсең  қылау  бар.

Жастан  ойла ақылды.

Дініңді  күт  балалар!

Өлім  деген  жақында.

Қараңғы  көрде  періште

Еркіңе  қоймас  ақыры.

Заман  қандай  заң  қандай

Барамыз  бекер  аңғармай

Оттан  ыстық  сұм  дүние

Ақырда  бір күн  қалғандай.

Жыламаған  жанның  бәрін  де,

Еркіңе  қоймай  алғандай.

Жалғыз  көрде  жатқанда,

Ел  жұртың  көміп  қайтқанда,

Не  деп жауап береміз

Періште  сүһал  айтқанда.

Қатты  жанға  батады,

Сол  күрзімен  ұрғанда.

Пара-пара   болармыз,

Күрзімен  ұрып жатқанда.

Жауабыңыз  нақ  болсын,

Майданға  айдап  барғанда.

Мағлұм  ойлап  мен  жаздым,

Аз  өсиет  білгенше.

Үстіп  елге  жырлайын,

Ішке  сақтап  жүргенше.

Жігіттер  қамын  ойлай  бер,

Хабарсыз  ойнап күлгенше.

Ошбу  жазған  әр  назым,

Бәрі  де  өсиет,  ақыл сөз

Ұғатұғын  адамға.

Мәңгі  бақи  мақұл  сөз

Екінші  назым  сөзіміз,

Телмірді –ау  хатқа  көзіміз.

Қабдырахман  қарағым,

Бір  кітап жазып  берсін  деп

Өтініш  етіп  айтып  ең

Өсиет  сөз  қалдыр  деп.

 

Шіркін-ай,   жас  күнімде   базар  едім

 

Қайратым  жас   күндегі   қара   табан,

Бір  өнер   ұстамаған   жігіт  жаман.

Қырықтан  елуге  асып   барғаннан   соң,

Қаласың   ойын – күлкі  қайран   заман.

Белгісіз  ой,   белгісіз  қараң  еді,

Кеңесті  қалам  ұстап  жазар  едім.

Қаласың   ойын-күлкі   ұлғайған  соң,

Шіркін-ай  жас   күнімде  базар  едім.

Айтайын   әрбір  кеңес   ебін  тауып,

Барады   заман  өтіп  аттай  шауып.

Бұрынғы  заман   қайда  ей,  ағалар?

Ендігі  боз   баладан  кетті  сауық.

Сұм  жалған  бәйге  атындай  шауып   өтер,

Байлардан  өлем  деген   қауіп  кетер.

Бұрынғы  заман  қайда  ей,  ағалар?

Бір  аз  күн   алдап  жүріп  заман  өтер!

Ұнамас  нашар  сөзді   айтсам  бекер,

Қадірін  қарындастың  көрсек  нетер.

Қадірі  қарындастың   білінбейді,

Бір – біреудің  қадірі  өлгенде  өтер!

Соққан  желдей   барады – ау,  дүние  шіркін,

Бір  күн   салып  басына   ажал  жетер!

Қаптаған    қар  астынан  жымдай  болып,

Бір  күні  шолаң    етіп   өтіп  кетер!

Мен   бір – ғайып   құлыңа   бер  жәрдем  етіп,

Бере   гөр  өзің   медет  я  құдырет!

Қызметке  кедей   ғарып,   байлар  малға,

Құлшылықсыз   құр   жүрген   бәрі   де  дерт!

Жақсы  болсаң   жақтырып  көре  алмайды,

Жоқ  болсаң  ешбір  адам   бере  алмайды.

Кей   надан  баласына  дүние  етбей,

Қарақшылап   бекерге   қылар  сетер.

Алпысқа   жасым  жетіп  келді   аяңдап,

Көзілдірікпен  зорға   жаздым  шаталаңдап.

Бұрынғы   соңғы  бәрі  де   өтіп  жатыр,

Бұл   дүниеге  тұрам  ба  мен  баяндап?!

Алпысқа  сиыр  жылы  келді  жасым,

Күнә,  сұмдық  шырмалап   өтті  басым.

Көп  адамның   бәрінен  жасым  үлкен,

Бәрі  де  дүние  салды  көп  жолдасым.

Көп  ойлап  жүруші   едім  қисса  қылсам,

Кітап  қылып  жазам  деп  тисе   мұрсам.

Дұға  тілеп  көбінен   қағаз  жаздым,

Дұға  қайдан   тілейін  қарап  тұрсам!

Ойым  хақ  деп  айтамын  аузыма  алып,

Бұл  жалғанға   қызығам,  құмарланып.

Тағдырға  көзім  жетіп   тұрса  дағы,

Тұрамын   жалған  десе   ыңғайланып.

Сенемін   есебіне  қияметтің,

Барына  қыл  көпірдің  көзім  жеттің.

Зар  еңіреп,  зікір  айтып  жылай  бермей,

Қызығым   сұм   жалғанға  неге  кеттің?

Шынындағы   білемін  өлім  рас,

Ажал  келсе  кешігіп  сағат  тұрмас.

Жалған  деп,   зыр  жүгіріп  мал  іздейміз,

Өлсек   бізге  бұйырар  етектей   тас!

Осыны   біле   тұра   мал   іздейміз,

Бір   қой  өлсе  зар  жылап  безілдейміз!

Масаның   қауқарындай   шамамыз  бар,

Азға   азап  күштіміз   деп  күжілдейміз!

Жүруші  ем   жазайын  деп  бұрын,

Жыр – жырлап  өлең  айтып  жүрдік  тойлап.

Қаламға  сүйеп  азырақ   жазайыншы,

Топ  жарған  ақын  емес,  шыққан  сайлап.

Бастайын   бисмилла  деп  хаттың   атын

Хақ  үшін  паүліде  артық  есімі,  затын.

Елуден   асып   алпысқа  келгенімде,

Көрсін  деп  балаларға  жазған  хатым.

Ерте  қадым  заман  да  бір  патша  өткен

Тыңдаңыз   айтайын   рауэй-атын.

Ақылмен  зиыннан  ойласаңыз,

Адамның  не  қыласың  жас  пен  қартын.

Кәрісің  деп  бір  адам  сөккен  емес,

Мөлшер  қылып  айтамын   сөздің  нарқын.

Аңғал   бөрі   секілді  әптік  жігіт,

Болжамай   ұмтылады  істің  нарқын.

Тісі  түскен  көрідей  кей  молда  жүр,

Оқыған  келістірмей   аят  қарпын.

Кей  жігіт  пысықпын  деп   жүрсе  дағы,

Сөйлейді  қараң-құраң  сөздің  парқын.

Бес   тиынды   тапсаңыз  бет  алдымен,

Көре  алмай  ағайын  жүр  болып  салқын.

Кейінгі    балаларым,   қарақтарым,

Өнер  тапсаң   болады  жүзің  жарқын.

Ұшқалақ  боп  ұмтылып  ойнақтама,

Болады  сабыр  түбі,  бір  сары  алтын

Завханның   аймағында  бауыр  қылып,

Мен   тұрмын  осы  күнде  қазақ,  сартын.

 

Әзірлеген:

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

әдебиеттану бойынша

қауымдық профессор.

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299