Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8046 0 пікір 6 Қазан, 2014 сағат 11:40

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ. ШЕКАРА ШЫНДЫҒЫ

Әлемдегі ірілі-уақты мемлекеттердің кез келген дәуірде, кез келген қоғамдық формацияда ең алдымен қаузайтын, қолға алатын мәселесі – шекараны шегендеу, ел мен жердің қауіпсіздігін арттыру. Шекара – қасиетті де киелі ұғым. Бұл тұрғыда Қазақстанда атқарылған, қолға алынған, болашақта іске асырылатын шаралар кешені де көңіл тұшытарлықтай. Мемлекетіміздің шекара мәселесін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктен кейін іле-шала қолға алып, тұңғыш рет қазақ жерінің шет-шегін шегендеп, қағаз жүзінде рәсімдегені әлемге мәлім. Тәуелсіздіктің басты атрибуты – шекара. Сандаған ғасыр Ресей империясы бодандығында жүрген шақта Қазақстанның шекарасы деген тіркестің заты түгіл аты да естілген жоқ. Қазақтың қазақ болғаннан бергі армандарының шүйделісі де осы шекара еді. Шүкір, бүгінгі таңда шекарамызды анау төбе, мынау өзен, әнебір көлдің жиегінен басталады деп шартты түрде айтпаймыз, оны айбынды ала баған бөліп тұр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған елі мен жеріне сіңірген ұлан-ғайыр еңбегінің көшін, дәл осы шекарамызды халықаралық талап пен өркениет заңдылықтарына сәйкес белгілеп алғанынан бастайтын болар, бәлкім.

Шығыс Қазақстан облысы Ресей Фе­дерациясы және Қытай Халық Рес­пуб­ликасы сынды алып мемлекеттермен және Орталық Азия республикаларымен шектесетіні белгілі. Шекаралық аумақтың жалпы ұзындығы 2100 шақырымды құрайды. Әңгіме біздің алып державалардың қыспағында жатқандығымызда емес. Мәселен, Ресей мен Қытай жақтары бізбен шектесетін өңірлеріне ішкеріден халықты молдап әкеліп, соған орай инженерлік құрылымдар санын арттыруда, тұрғын үй кешендерін молдап тұрғызуда. Яғни, Қазақстанмен шекаралас өңірлерге көшіп келушілерге өркениетті түрде әлеуметтік жағдайлар жасауға баса назар аударып жатыр. Қытай Халық Республикасы тіпті, «Қарамай-Шәуешек» теміржол құрылысын аяқтауға шақ қалды. Шәуешек бізге тиіп тұр. Теміржолын тіреп, қаражолын күреп қойды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа халық­аралық автомагистралі Қазақстанды көктеп өтеді. Ол елде тіпті «Шекаралас аумақтар» жайлы арнайы заң шығарылып, ел шетіндегі шағын қалаларды дамыту және ол өңірлерді өркендету жайлы аса ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Ал, біздегі тірлік басқаша. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңын ала басталған, ауылдардан қалаға қарай үдере көшу үрдісі әлі күнге тоқталған жоқ. Шекаралық аудандардағы халық саны 2001 жылмен салыстырғанда 19,2 пайызға кеміді. Бұл бер жағы. Мәселен, 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Бұл аудандардың барлығы Қазақстанның шекаралық аймақтары. Елдің шетінде, желдің өтінде жатқан Катонқарағай ауданының тұрғындары осы жылдар аралығында 19 мыңға, Күршім ауданы 21 мыңға, Тарбағатай ауданы 21,7 мың адамға кеміді. Ал, шекараның тура аузында жатқан, жаңағы Шәуешекке түшкірігің естілетіндей қашықтықтағы Үржар ауданынан жыл сайын 2-3 мыңнан астам тұрғын орталыққа қоныс аударуда. Әлі күнге солай. 1997-2011 жылдар аралығында ғана жаңағы аталмыш аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан ада-күде жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатты. Балықтың терең, ал пенделердің жақсы тірлікті іздейтіні – аксиома. Егер осы өңірлердегі инфрақұрылымдарды мемлекеттік деңгейде дамытуды шұғыл түрде қолға алмаса, жаңағы көш жалғаса береді. Жалғаса береді деп ұзын арқау, кең тұсауға салуға да келмейді. Неге десеңіз, шекаралық ауылдарымыздағы халықтың саны – саусақпен санарлықтай ғана. Олардың басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Енді біраз жылдардан соң осы өңірлерімізде тігерге тұяқ қалмай жалаңаштанып қалса, оған таңырқауға болмас.

Республиканың басқа шекаралық облыстарында қандай шаралар қолға алынып жатқанын жеткілікті білмеймін, ал, біздің Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты осы шекара мәселесі тым ерекше алаңдататынына куәміз. Ол кісі 2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шекара­лық өңірлерге байланысты туындаған проблемалар, олармен мемлекеттік деңгейде жұмыс жасау шаралары тұрғысында өтініш хат та жазған. Онда шекаралық өңірлердің елсізденуі, бір адамға екі шаршы шақырымнан келіп отырғаны жайлы ақпарат берілген, Шығыстың сауда-логистикалық ахуалының, туризмге деген зор мүмкіндіктері жоғары екендігіне байланысты республикамыздың өмір сүруге қолайсыз жерлерінен Шығыс Қазақ­станға, оның ішінде жаңағы шекара­лық аймақтарға адамдар әкеліп қоныстандыру секілді ұсыныстар да болған. Өтініш-хатта облыс әкімі Елбасыдан Үкіметтің қолға алып жатқан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес шекаралық өңірлердегі шатқаяқ­тап кеткен шаруаларға тез арада көмек беру сұралған болатын. Іле-шала бұл мәселемен Үкімет шұғылданған. Үкімет бұл тұрғыда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес біршама мақсатты жұмыстарды жүзеге асыруда. Десек те қолға алынады деген шаралар кешенінің қозғалысы тым баяу. Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші өткізу пунктін құруға мүмкіндік береді деген, концессиялық негізде жүзеге асуға тиіс Зырян-Майқапшағай ( қашықтық 422 шақырым) теміржол желісі қолға алынған жоқ. Шекара маңы аумақтарында бизнес жобаларды іске асыруды жеңілдетуге, оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу, сол тұрғыда Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының шекара маңы аудандарын экономикалық қолдау үшін тұрғындарына 10 жылдық мерзімге 10 пайыздық салалық шектеулерсіз несиелер беру де қарастырылады делінген болатын. Бұл бап та қозғалыссыз қалды.

Сонымен бірге, облыс басшысы Пар­ламент Мәжілісінің экономикалық реформалар және өңірлерді дамыту комитетінің төрағасы С.Әйімбетовке де өз қатынасын жолдап, онда тағы да осы шекаралық өңірлердегі әлеуметтік хал-ахуалдың тым күрделіленіп бара жатқанын, іш­керіге бағытталған миграцияның әлі күнгі тоқталмай отырғандығын айтқан. Өт­кен жылы бұрынғы Өңірлерді дамыту министрі Б.Жәмішевтің атына ұсыныс-хат жіберген. Өз ұсыныстарында шекара сызығында жатқан елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін көтеріп, оларға берілетін несие көлемін арттыру, қайтарым пайызын төмендету, қолжетімді баспана, дипломмен ауылға баратын жастарға берілетін көтерме ақыны көбейту мәселелерін көтерген.

Біз, «Нұр Отан» партиясының қызмет­керлері өңір аумағындағы жұртшылықпен жиі кездесеміз. Ондай кездесулерге өзімізбен бірге облыстағы басқарма және құқықтық мекеме басшылары, әртүрлі деңгейдегі депутаттарды да қатыстырамыз. Сондай жүздесулерде шекаралық аудан тұрғындарының осындай мәселелерді қаузаған сұрақтарына жауап таба алмай қиналатынымыз рас. Тұрғындарды сол өңірлердегі инфра­құрылымдардың әлсіздігі, әлеуметтік жайларының жұтаңдығы, халық санының күн өткен сайын азайып бара жатқандығы, ішкі миграцияның тоқталмауы, жастардың ауылдарымызда тұрақтамауы, шалғай өңір кәсіпкерлеріне деген жеңілдіктердің болмауы, туризмге мемлекеттік тұрғыда қолдаудың тым қораштығы секілді толғақты мәселелер абыржытатынын байқаймыз. Әр жылдары өңірімізге іссапармен келген Мәжіліс депутаттары И.Аронова, А.Нуркина, Н.Кузьмин, Н.Сабильянов, Т.Ибраев­тармен жүздескен өңір халқы, тағы да осы сұрақтарды алға тартты.

Меніңше, облыс басшысы тарапынан бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Туған жерге тағзым», «Туған жер – алтын бесік» сынды тек ауылдарымыздың өркендеуіне бағытталған, түлектерді кіндік жұртында қалуға насихаттайтын шаралар кешеніне мемлекет тарапынан қосымша көмек керек. Үкіметімізде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бар. Оның шекаралық аймақтарға бөле-жара берері жоқ. Сондықтан Үкіметке Шекаралық аймақ­тарды дамыту атты жеке бағдарлама қабылдау ләзім. Бұл деген Қазақстанның мәңгіліктігіне, қала берді мұқым қазақ ұлтына жасалынған баға жетпес, аса құнды инвестиция болар еді. Осы бір мұңлы жыры мен өксікті зары тау­сылмай келе жатқан, әрі ұлттық маңызға ие мәселеге Үкімет тез арада оң шешім шығармаса болмайды. Үкіметтің дұрыс шешімі шекаралық аудандардың өшуге тақаған үміт отын қайта лаулатар еді. Сонда барып шалғай ауылдарымыздың проблемалары азаяр еді. Сонда барып біз ішкі миграцияның бәсеңдеуіне қол жеткізер едік. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының да бағы жанар еді. Ең бастысы – шекарамыз жалаңаштанбас еді.

Шекара – кие. Бабалар аманаты. Шекара сызығы бойына не ықылым замандарда ғұмыр кешкен қазақтардың қаны сіңген. Қазақ қаны төгілген жерді киелі санайтын халық. Небір тар жол, тайғақ кешу дәуірлерінен өзімізге дейін жеткен қазақ даласын ай мен күннің аманында жалаңаш қалдыруға болмайды. «Бос жер жау шақырар», дегенді ұмытпайық.

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ,

 «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5370