Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 2284 0 пікір 19 Мамыр, 2010 сағат 04:02

Азияны мойындата алмадық

Күрес түрлері бойынша Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатының шымылдығы жабылды. Жарысты алғашқы болып бастаған Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің табысы жайында айттық. Нұрғали Рақыманқұловтың шәкірттері бір алтын, екі күміс және екі қоланы иеленіп, командалық есепте Ираннан кейінгі екінші орынға жайғасты. Ал одан кейін боз кілемге әйелдер күресі мен грек-рим күресінің шеберлері шықты.

Күрес түрлері бойынша Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатының шымылдығы жабылды. Жарысты алғашқы болып бастаған Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің табысы жайында айттық. Нұрғали Рақыманқұловтың шәкірттері бір алтын, екі күміс және екі қоланы иеленіп, командалық есепте Ираннан кейінгі екінші орынға жайғасты. Ал одан кейін боз кілемге әйелдер күресі мен грек-рим күресінің шеберлері шықты.

Жұма күні жарыс әйелдер күресі бойынша өтті. Жеті салмақ дәрежесі бойынша белдескен жерлестеріміздің арасынан көз ілеспес қимыл, сауатты тактика және мінсіз техниканың арқасында көпшіліктің көзайымына айналғандар да, керісінше, сүреңсіз өнер көрсетіп, сенім үдесінен шыға алмаған спортшылар да кездесті. Мәселен, Меруерт Дынбаева (59 келі), Ольга Калинина (63 келі) және Ольга Жәнібекова (67 келі) алғашқы айналымдарда-ақ сүрінді. Дынбаева қытай қызы Фенгминг Лиудан ұтылса, Калинина Оңтүстік Корея балуаны Санг-Юн Пакқа қарсылық көрсете алған жоқ. Жәнібекова болса, моңғолиялық Бангардат Оюнсуреннен айласын асыра алмады. Алайда осы үш отандасымыздың арасынан соңғысының жолы болды. Қарсыласы жұбаныш бәсекесіне шықпағандықтан, Ольга Жәнібекова қола жүлдегер деп танылды.
Тұсаукесер кездесуде оңтүстіккореялық Ю Ми Лиден басым түскен Элеанора Әбутәліпова (48 келі) келесі белдесуде вьетнамдық Ти Нгуеннен ұтылды.
Биыл Александр Медведьтің турнирінде алтыннан алқа тағынып, өз жанкүйерлерін бір қуантып тастаған Айым Әбділдина (55 келі) Азия чемпионатындағы бәсекелерін сәтті бастады. Тайпейлік И-Фанг Хоудың тас-талқанын шығарған аруымыз одан кейін вьетнамдық Ти Фамды айқын басымдылықпен ұтты. Алайда жартылай финалда Айымды Аспанасты елінің өкілі, 2007 жылғы Азия чемпионы Сенльян Ванг тоқтатты. Ал қола медаль үшін тартыста жерлесіміз моңғолиялық Сато Бьямбатцереннен жеңіліп қалды.
Қазақстанның балуандары арасынан Жұлдыз Ешімова мен Гузель Манюрова ақтық сынға дейін алқынбай жетті. 51 келі салмақта күрескен Жұлдыз үнділік Бабита Кумари мен жапондық Хироми Сакарайға сан соқтырды. Шешуші сайыста жерлесіміз Қытай балуаны, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ли Хуйден ұтылып, күмісті қоржынына салды.
Аса ауыр салмақтағы Гузель Манюрова үнділік Анмол Анмол мен жапондық Йошико Инюді бас көтертпей ұтты. Екеуіне де қазақстандық балуан бір ұпай ұстатқан жоқ. Финалда Гузель Дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы, моңғолиялық Наранчимег Гелегджамецтен басым түсіп, Азияның алтынын кеудесінде жарқыратты.
Нью-Дели сапарынан қыздарымыз бір алтын, бір күміс және бір қола медальді иеленді. Командалық есепте Қытай мен Жапониядан қалып қойған Қазақстан құрамасы үшінші орынды олжалады.
Демалыс күндері грек-рим күресінің шеберлері жарыс көрігін қыздырады. Үндістанда Қазақстан командасы сапында Марат Ғаріпов (55 келі), Алмат Кебісбаев (60 келі), Айбек Еңсеханов (66 келі), Әсет Әділов (74 келі), Алхазур Оздиев (84 келі), Марғұлан Әсембеков (96 келі) және Геннадий Лященко (120 келі) өнер көрсетті.
Жарысты жоғары қарқынмен бастаған аса жеңіл салмақтағы Марат Ғаріпов қола медальді иеленді. Жартылай финалда ол Оңтүстік Кореяның өкілі Гью Джин Чойға жеңілсе, үшінші орын үшін айқаста Солтүстік Корея балуаны Чул Со Чойдан айласын асырды. Дәл сондай нәтижеге Марғұлан Әсембеков қол жеткізді. Ол шешуші тұста ирандық Бабак Горбаниге ұтылғанымен, боз кілем иесі Ашок Кумардың уысынан қола медальді жұлып әкетті. Ал Айбек Еңсеханов бастапқыда барлық қарсыластарын қапыда қалдырып, финалда оңтүстіккореялық Хьюг Ву Кимге есе жіберді. Басқа балуандарымыз сенім үдесінен шыға алған жоқ. Осылайша, бір күміс және екі қоланы еншілеген Қазақстан құрамасы командалық есепте бесінші орында қалып қойды. Біздің балуандар Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан және Иран құрамаларынан қалып қойды. Азия чемпионатының қорытындысы бойынша мына балуандар жеңімпаз атанды: 55 келі - Гью Джин Чой (Оңтүстік Корея), 60 келі - Джанг Шенг (Қытай), 66 келі - Хьюн Ву Ким (Оңтүстік Корея), 74 келі - Джин Сунг Пак (Оңтүстік Корея), 84 келі - Се Юл Ли (Оңтүстік Корея), 96 келі - Бабак Горбани (Иран), 120 келі - Мұхаммед Горбани (Иран).

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

«Айқын» газеті, 18.05.10.

 

0 пікір