Саят Ыбырай: Жастарымыздың «ит» болып жатқанына – барлығымыз кінәліміз
Саят Мұратұлы Ыбраев техника ғылымдарының докторы, профессор. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техинкалық Университетінің "Теориялық және қолданбалы механика" кафедрасының меңгерушісі, "Сенім.Білім.Өмір" қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының жетекшісі. Ол төменде жариялынып отырған сұхбатында «Діни алауыздыққа ұласып кетпеудің жалғыз жолы - дәстүрлі діни танымға қайта оралу», - дейді.
- Сізге де аян. Адамзат баласы бір жаратушының бар екеніне сенеді. Бірақ сол жаратушыны тану әрқалай. Осы тұрғыдан келгенде, соңғы он жылдың бедерінде жаратушы туралы өзіндік таным, бағытына және ұстанымдарына қоғамды иландырғысы келетін діни танымдық топтар пайда болып жатыр. Осындай діни топтардың діттегені не деп ойлайсыз?
- Құдайды танысам деп талпынған ойшылдар ежелден келе жатыр. «Мен дүниеде не үшін жүрмін? Мына дүние өзінен-өзі жаралды ма, Алла жаратты ма?» деген сұрақ көкейінде ұяламаған пенде жоқ шығар дүниеде. Соның ішінде танымның жолы деп сұрадың. Дін мәселесіне келген кезде ежелден келе жатқан, пайғамбарлардан мирас болған танымның өзіндік жолы бар еді.
«Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кезегімен нәби келді.
Қағида, шариғаты өзгерсе де,
Саят Мұратұлы Ыбраев техника ғылымдарының докторы, профессор. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техинкалық Университетінің "Теориялық және қолданбалы механика" кафедрасының меңгерушісі, "Сенім.Білім.Өмір" қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының жетекшісі. Ол төменде жариялынып отырған сұхбатында «Діни алауыздыққа ұласып кетпеудің жалғыз жолы - дәстүрлі діни танымға қайта оралу», - дейді.
- Сізге де аян. Адамзат баласы бір жаратушының бар екеніне сенеді. Бірақ сол жаратушыны тану әрқалай. Осы тұрғыдан келгенде, соңғы он жылдың бедерінде жаратушы туралы өзіндік таным, бағытына және ұстанымдарына қоғамды иландырғысы келетін діни танымдық топтар пайда болып жатыр. Осындай діни топтардың діттегені не деп ойлайсыз?
- Құдайды танысам деп талпынған ойшылдар ежелден келе жатыр. «Мен дүниеде не үшін жүрмін? Мына дүние өзінен-өзі жаралды ма, Алла жаратты ма?» деген сұрақ көкейінде ұяламаған пенде жоқ шығар дүниеде. Соның ішінде танымның жолы деп сұрадың. Дін мәселесіне келген кезде ежелден келе жатқан, пайғамбарлардан мирас болған танымның өзіндік жолы бар еді.
«Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кезегімен нәби келді.
Қағида, шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді», - демек, бұл жерде Абай атамыз заманға байланысты, дүниеге әрқилы жаңалық енуіне, өзгеруіне байланысты қағидат, шариғаты да өзгеріп отырғанымен, Алланы танудың жолы өзгерген жоқ деп отыр. Енді, кезегімен нәбилер - жаңағы пайғамбарлар келді. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) келді. Енді біз кімге қарап ақиқатты сұраймыз деген кезде біреулер айтады: «Ең әуелі, Алланың кәләмі Құраннан, сосын хадистен, пайғамбарымыздың сүннетінен танимыз. Басқа бізге ешнәрсенің қажеті жоқ»- дейтіндер шықты. Онда мәдениет қайдан туады? Онда неге ғұлама, данышпандардарға берген қасиетті Құдай біреуге береді, біреуге бермейді? «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» дегендей, мысалы, Мәшһүр Жүсіп сияқты шайырларды Құдай тағала неге дуалы ауыз қылып, арнайы қасиет беріп жаратады деген сұрақ турады. Міне, бұл жердегі әңгіме - пайғамбарлық тоқтағаннан кейін уаләят институты келгендігі туралы. Уәлаят деген әулиелер көші. Яғни пайғамбар эталон болса, енді сол кісінің танып, білген деңгейінде Алланы танудың жолын үйреткен әулиелердің көші болады. Ол көш әрдайым бір ізді, бір мектеп болып жалғасып келеді.
Періште төрт мұқаррап хақиқаттан,
Төрт пайғамбар жол ашқан мағрипаттан.
Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Әзірет Ғали
Олар дүр үлгі шашқан тариқаттан.
Шариғаттың төрт имам тұтқан жері,
Түгендеуге керек-ті ердің ері.
Кәміл мүршид етегін тұтпағанның
«Болады,- деп айтады, - шайтан пірі».
дейді Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Қазір біздің дінге деген таным жолымыз ашылғаннан кейін екіұдай жол шықты. Біздің дәстүрлі мәдениетімізге, баға жетпес діни танымдық мұраларымызға шекесінен қарап: «Ей, мынаның бәрі бидға - бертінде жасалған. Әсіресе қазақтың жолы - Қожа Ахмет Яссауиден басталған жол, оның бізге қажеті жоқ. Бұл Түркілердің шаманизммен араласқан, өздері ойлап тапқан бірнәрсесі. Одан да біз, ана-а-а-а-у, пайғамбар заманына қайта оралайық, одан кейінгі үш ұрпақтың жолы дұрысы еді, одан кейінгінің бәрінде күмән бар» деген бір дүдәмал жол ұсынығысы келеді. Бұл жол салафизм деп аталады. Яғни анау бастапқы пайғамбар заманына қайтып барайық деген желеумен бүкіл мәдениетті, дәстүрді быт-шытын шығаратын құрал. Олардың діттеген мақсаты не деген кезде, Алланы танудың «таза ислам» жолын желеу етіп, бүкіл халықты өзінің дәстүрлі мәдениетінен айыру. Осындай бір топтар бар.
Одан басқа да топтар көп. Әркімнің өзінің көздеген мақсаты бар өзіне аян. Біреу Құдайды ақша тауып жолым ашыла ма деп іздеп жүр. Біреу Абай, Шәкәрім аталарымыз сияқты жүрек көзіміз ашылып, адам сияқты өмір сүрер ме екенбіз деп іздеп жүр. Біреулер біреулердің саяси ойынының қол шоқпары болып жүр. Біреу оны біліп жүр, біреу өзі білмей жүр.
Ең бастысы, дін үйретушілер бізге не мақсатпен келіп жатыр дегенге біз бір-ақ критерий тұрғысынан қарауымыз керек деп ойлаймын, ол - ұлттық мүдде. Олардың айтып жүргені сан ғасырлық мәдениетімізді байыта ала ма, әлде жоққа шығарып, тоздыруға әкеле ме? Олардың діни танымы, мәселен, Мәшһүр Жүсіп атамыздың дүниетанымына қайшы келмей ме? Абай атамыздың айтқандарына сәйкес келе ме? Болмаса анау Сыр сүлейлерінің немесе Маңғыстаудың сыршы-жырауларының айтып кеткендеріне жуық келе ме? Яғни біздің қолымызда бал мен уды ажырататындай «лакмус қағазы» бар, ол - төл ғұламаларымыз көтерілген пайым дәрежесі. Міне, осы тұрғыдан қараcақ, қателеспейміз. Әйтпесе, «Ойбай, Құранның Халифа Алтай аудармасынан басқа қазақша аудармасы жоқ екен», я болмаса Крачковскийден, немесе Валерия Пороховадан артық ешкім аударған жоқ деген деп, «аузымызды қу шөппен сүртіп» енді қанша отырамыз? «Енді қайттік?!» дейтін ештеңе жоқ - мен Мәшһүр Жүсіптің, Абайдың, Шәкәрімнің, Ясауидің аудармасындағы Құранды күнде оқимын. Ондай Құран бар десем, сенбейді. Ал, Мәшһүр Жүсіп атамыз айтады:
«Жақсының өзі өлсе де, өлмейді аты,
Мәшһүрдің жұртқа таныс жазған хаты.
Өлең деп қарапайым қапы қалма,
Құдай сөзі, Құранның перуаты», - дейді. Өлең деген еріккеннің ермегі емес, сөз төркініне бойласақ, ахундық - діни дәреже, ақиқатты жырлау үшін ижәзат-рұқсат керек! Оның жауапкершілігі, міне, осынша ауыр! Сондықтан Мәшһүр Жүсіп атамыз ұсынып отырғаным - Құраннан тауып, жүрегімнен өткізген менің сырларым дейді.
- Сіз атап өткен діни ғұламалар және Абай, Шәкәрім бола тұра қазақтың діни сенімі әлі күнге аралас. Мысалы, күні бүгінге дейін «ата-бабамның аруағы қолдасын» дейміз де, бір уақта мешітке барып, «О, Алла бере гөр», деп жаратушыға жалбарынып жатамыз. Бірақ діни сенімінің аралас болып келуіне қарамастан қазақ өз ішінен Cіз өлеңдерін мысалға келтіріп отырған Мәшһүр Жүсіп секілді діни ғұламаларға қарсы шықпаған. Алайда, екеуі екі төбенің басында тұрған сияқтанады.
- Бұл жерде екі түрлі нәрсе бар. Бағзы заманғы түркілік тәңіршілдік және басқа да наным-сенімдерімізге исламның ерекше ықпалы болды. Бұл жерде ең бастысы, тәңіршілдік - монотеистік дін болғандығы анық. Яғни жаратушыны бір деп танығанбыз. Содан Исламның саф қайнарынан сусындаған дәстүрлі діни танымымыз қалыптасты. Араптар келіп, біздің мысымызды құртып, тұқыртып жіберген дегенге мен келісе алмаймын. Ақылмен өлшеп, сынадық, қабыл еттік, дамытып, өрбіттік. Тіпті жаухари сырларын ашып, ислам әлемін ғана емес, адамзат баласын байыта білдік. Мен жаратылыстану ғылымдарының тарихын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып үйренген маман ретінде айтатын болсам, қазіргі замандағы барлық дерлік техника, технология ғылымдарының негізі біздің Тұран топырағынан бастау алған. Сондықтан біздің қазақтың діни танымы Исламның биік дәрежесіне жете алмаған деген пікір жаңсақ.
Жалпы қазақтың діни танымы шала деген түсінік жалған деп есептеймін. Бізді зерттеуші баз біреулер исламды қазақи дүниетанымымызға қарсы қойып, әдет-ғұрып заңымызбен «төбелестіріп қоюды» діттеген, қолдан антагонизм жасаған. Ал бұл жалған түсініктер саяси ислам мен фундаменталистік идеяларды насихаттаушылар үшін таптырмас құрал болды. Себебі олар жастарымызды «Сендердің ата-бабаларың жахил-надан болған» деп сендіре отырып, адасушылықтан алып шығатын жалғыз альтернатива ретінде «таза исламды» желеу етеді. Мен айтар едім, қазақтың діни түсінігі, оның ішінде қазақтың ойшылдарының діни танымы өте жоғары деңгейге көтеріле алған. Керек десеңіз, қазіргі ислам ғалымдары ретінде бізге ұсынылып жүргендердің ешқайсысы Абай мен Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің деңгейіне жете алмайды. Керісінше, Ясауиге баға берген кезде «Түркілік дәстүрді исламның қағидаларымен үйлестіре өріп шығарған» деген ғылыми ортада бірауыздан қабылданған ақиқат қазақтың ой дүниесіне антагонизмнің жат екендігін, үйлесім мен жарастыққа ұмтылушылық басым екенін көрсетеді. Міне, қазақтың діни танымы. Сондықтан, қазақтың Ислами түсінігі өте жоғары деңгейде болған.
Қазақ аруаққа табынған дегенге келсек, ол да жалған түсінік. Аруаққа, өліге деген құрмет біздің қазақы болмысымыздың үлкен бір бөлшегі. Одан қазақты бөліп ала алмайсың. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Оның Исламға ешқандай да қарсы жері жоқ. Дініміздің бастау көзі, өзегі - Құранда оған дәлел жеткілікті. Бірін ғана келтірсек, Мұхаммед сүресінің 19-аяты «Өзіңнің күналарыңа, әрі мүмін ер, мүмін әйелдердің күнәларының жарылқануын тілеуді» әмір еткен. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Миғражға шығарда Ақса мешітінде пайғамбарлар әруағымен кездесіп, екі бас намаз оқыған. Намаздан бұрын пайғамбарлар бір-бірлеп келіп, өздерін таныстырған. Бұл кездесу жайы хадистерге арқау болған. «Науадир әл-Миғраж» кітабынан оқуға болады. Егер дәл осы түсінік Исламға қарсы болса, қазақ ортасынан шыққан талай діни ғұламалар мұны бізге ескертер еді ғой! Тіпті, мәдениет дегеніңіздің өзі осыдан басталады. Яғни ата-анаға, ата-бабаға, оның дүниетанымына, үлгі қылып қалдырған мұрасына деген құрмет. Бұдан артық қандай мәдениетке құрмет болуы мүмкін?!
Міне, дәл осы «қазақ аруаққа табынған» деген нәрсені желеу етіп, бізді дәстүрменен мәдениеттен үзгісі келетін топтар бар. Сөйтіп, бізді өз мәдениетімізден жерітуді көздегендердің діттеген үлкен мақсаты бар. Олар: «Нұх пайғамбардың заманында ата-баба жолы деп Нұх пайғамбарға қарсы шықты ғой. Сол кезде оларды Құдай тағала құртты ғой. Сондықтан, біз де ата-баба демей, таза исламның жолымен жүрмесек, күніміз қараң болады», деп қорқытып, бізді дәстүрлі танымымыздан айырғысы келетін күштер бар. Олар бүгін осындай әңгіме айтса, ертең ұлттың да, мемлекеттің де керегі жоқ деп айтады. Айтып бастады да. «Мемлекет деген институт Құранда жоқ» деп теледидардан мәлімдегендерді білеміз. Құдайға шүкір, олардың бұл ісіне тоқтау салуға біздің қоғамдық бірлестік үлкен жұмыс істеді. Сол үшін жеке басымызға, отбасымызға қауіп төнген сәттер де болды. Қазір олар аяғын аңдап басатын болды.
Ал, енді намаз оқығанына үш күн, дәрет алғанына төрт күн болған, мұсылманшылықты белуардан сақал қою деп түсінетін кейбір бауырларымызға, жоғарыдағыдай қазақтың діни танымы шала болған, аруаққа табынған, надан болған деген әңгіме айтып жүргендерге таң қалатыным: сонда Ясауиден бері сегіз жүз бойы сопылық дәстүрден қол үзбеген ата-бабасы ақымақ, надан болғанда, ол ақылды болып қайдан шыға келді?! Аспаннан салбырап түсті ме дерсің!
- Қазақ мақал-мәтелдеріне қарасаңыз, Құранды түйіндеп беріп отырғанын байқайсыз. Оны ел бүгінге дейін қолданыстан тастамаған әрі сонымен тәрбиеленіп келе жатыр. Сонда осы кейінгі жылдардағы керітартпа таным қайдан шықты?
- Қазақтың Ислами түсінігі қате болған дегенді Тәуелсіздік алғаннан бері біздің құлағымызға құйып келе жатыр.
- Біздің ұлттық қорғаныштық қабілетіміздің төмен кезінде дейсіз ғой?
- Әрине. Өйткені, біз ұлттық тамырымызды жоғалтып алғанымыз рас. Бір жағынан мұны заңды құбылыс деп қарауға болады. Тәуелсіздік алған кезде шекара ашылды, дін-мұсылман елдермен қауыштық, Меккеге жол ашылды деп бәрі лап қойды. Бұл - біздің отарлық езгіден босап шыққанымызға қарамастан дінге деген құрметіміздің қаншалықты керемет екенін білдіреді. Мысалы, бала кезімде әжем атамның ескі Құранын ашып, арасынан жыртылып, сарғайған, қағаз деген аты ғана бар бір қағазды алып шығып, «мынау қажы аталарың Меккеден алып келген Мәдинаның суреті» деп көрсеткенде біздің де бала жүрегіміздің түкпірінде ыстық ықылас, ізгі құрмет сезімі оянатын. Әлгі қағаздағы сурет не тау екені, не үй екені белгісіз болса да, қол жетпес қиялдағы бір армандай, шетіндегі еміс-еміс көрінетін арабша әріптер тап көктен түскен қасиетті жазудай көрінетін. Әлгі қағаздағы не тау екені, не үй екені белгісіз бір нәрсе. Міне, бұл дегеніңіз дінге деген халықтың құрметі, нағыз шынайы ізет. Құдай тағала айтады: «маған сендердің ғибадаттарың, шалған құрбандықтарың жетпейді, сендердің ықыластарың жетеді» дейді. Сонда ата-әжеміз бізге тозығы жеткен сурет арқылы қажетті дүниені сақтап, Құдайға деген ықыласты бойымызға сіңірген екен ғой. Мысалы, тіпті ғылыми ортаның өзі де кезінде Сириядан, Мысырдан келген азаматтарды «қасиетті жерден келді» деп төрге шығарып, сол не айтса да, сөзінен астарлы сыр тапқысы келіп, соның буынына жығылатын. Бұл жерде екі нәрсе бар. Бірі - өзіңде жоқтай, өзгеде ғана бардай, өзгенің табағына көз сатып жалтақтау, яғни құлдық психология. Ал, жақсы жағы - қазақтың дінге деген ниетінің тазалығы, ақтығы. Міне, осының екеуін де cырттан келіп жатқан күштер жақсылап тұрып пайдаланды! Саралап қарап отырсақ, сырттан келіп дін уағыздаушылардан өзіміздің діни ғұламаларымыздың айтып кеткен сыр шумақтары анағұрлым құнды. Қазақтың мақал-мәтеліне, күнделікті тұрмысына сіңіп кеткен діни таным тамыры өте терең - бізді мына тығырықтан алып шығатын осы деп сенем!
- Әңгіме барысында айтып өткен діни топтар мен сырттан келген діни күштер ұлттың қорғаны болуға тырысып, ұлттың сөзін сөйлеген түр танытады. Осындай күштер мен топтардың негізі бір болмағанымен формасы басқа. Осы жөнінде індетіп айтып беріңізші?
- Түпкі мақсаттары - бізді ұлттық тамырымыздан ажырату. Өз тамырынан қол үзген халықтан ойына келгенін істеуге болатынын олар жақсы біледі. Мұның барлығы Араб әлемінен келіп жатқанмен, жоспарлардың барлығы басқа әлемнен келіп жатыр. Олар исламды саясиландырып, геосаяси ойындарында қолжаулыққа айналдыруда. Салафиттік, уахабиттік идеяларды насихаттап жүргендер кімнің ойынын ойнап, кім үшін жанын қиюға дайындалып жүргенін өздері де білмейді. Ол саясиландырылған доктриналар Алла үшін емес, басқа біреулердің қалауымен жасалғанын олар білмейді. Жалпы, пролетарлардың бірігу идеясын желеу еткен қызыл ұранды коммунистер мен қазіргі ислам атын жамылған радикалдардың арасында үлкен ұқсастық бар. Себебі совет өкіметінің да мақсаты ұлттық тамырдан айыру болатын. Алып империялар бұл саясатына әлі де адал. Сол үшін де ұлттық мұраны сақтау қажет. Ол - халықтың жаны, елдің рухы. Міне, халықты ұлттық өзегінен сылып алса ғана, танауын тескен тайлақтай ғып жетектеп кетуге болатынын бізге келіп жатқан дін таратушылардың, сыртқы күштер мен топтардың идеологтары өте жақсы біледі. Мұның түп мақсатын айт десеңіз осы. Мысалы, қазір Ресей этномәдени қауіпсіздік мәселесін ұлттық қауіпсіздік мәселесінде бірінші орынға шығарып отыр. Бұл Шешенстан мен Дағыстанда болған саяси исламның ықпалынан туған мәселелерді зерттеп барып, Ресей ғалымдары осындай түйінге келіп отыр. Ал Американың футуролог ғалымдары «Егер біз дәстүрлі христиандық құндылықтарымызға бекем болмасақ, жалпы еуроатланттық өркениет ретінде жойылып кетуіміз ғажап емес» деп, 60-70-жылдардан бері дабыл қағып келеді. Сондықтан, бұл нәрселерді біреуді қорқытып, үркіту үшін немесе басқа да бір мақсатпен айтып отырған жоқпыз, бұл қауіп - нақты қауіп. Ал, енді біздің геосаяси жағдайымызды ойлап көріңіз - қаншама діндердің, қаншама мәдениеттердің, қаншама саяси ойындардың түйісінде тұрмыз. Сол үшін ең алдымен бұл мәселені ел болып ойлануымыз керек.
- Қазақстанның этномәдени қауіпсіздігін қорғауын қайдам, есесіне әлем діндерінің басын қосып жиын өткізіп жатады.
- Ол жаман нәрсе емес. Сіз білесіз бе, біздің Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Әбжад» клубында таяуда қазақ ертегілерін талдаған бір отырыс болды. Қазақша жасалған мультфильмдерді талдадық. Сонда «Қаңбақ шал» деген ертегідегі «мына тасты дәуге қаратып тұрып атып жіберсем, аспан айналып, жерге түсіре ме екен қайтер екен» деп тұрған қаңбақ шал біздің қазақтың сана типін көрсетеді. Осындай максимализм кез-келген қазақта бар. Өзі күнін көре алмай, өлмелі күйде отырып, әлемнің тағдырын шешкісі келеді. Қазақ осы күйінде отырып, әлемді бақытты еткісі келеді. Соның ішінде «мына байғұстар азып бара жатыр ғой, осыларға қайтіп көмектессек екен» деп, Америкаға да жаны ашиды. Сондықтан, барлық діндерге қамқор болғысы келетінімізге таңданбай-ақ қойыңыз. Бұл бір жағынан көшпенді адамның өзін әлемнің алдында жауаптымын деп сезінетін ғасырлар бойы қалыптасқан қызықты бір сана типі. Мысалы, Еуропада 18-19 ғасырларда адамдардың азаматтық санасын ояту жолында үлкен мәдени қозғалыстар болды. Біздің дәстүрлі наным-сенімімізде «Менде болмаса да, ел де болсын», «Еркек тоқты құрбандық» деген түсініктер ежелден бар. Қазақ үшін қара бастың қамын ғана күйттейтін сана түсініксіз. Бұл - діни сананың ең жоғарғы деңгейге жеткендігін көрсетеді.
Мысалы, Майлықожа былай дейді:
«Ғалымдардың жазылған кітабында,
Тағдырға жазылған іс болады-мыс.
Деп айтқан мың реттік әжіліктен,
Артық деп елге қылған бір әділ іс».
Яғни мың рет қажылыққа барып келгеннен шын ниетіңмен елге жасаған бір жақсылығыңның сауабы мың есе артық деп отыр. Бұл қазақтың нағыз діни танымының деңгейін көрсетеді. Демек, діни исламның түпкі мақсаты - сақал қойып, балағыңды кесіп тастап, кебініңді сүйретіп жүру емес. Шәкәрім атамыз айтқандай:
«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бұзып дұшпандық қару жасар.
Сөйтіп, бұзып, бүлдіріп есіл дінді,
Дін десе білімділер тұра қашар» дейді. Міне, бізге осындай кесірлі дінді, Шәкәрім атамыздың философиясында айтылатын шатақ дінді әкеліп жатқандықтан, ақылы бар, есі бар азаматтың бәрі дін десе тұра қашатыны осыдан. Егер сене алсаңыз, бұның түпкі мақсаты - адам баласын діннен бездіру.
- Сіз айтып отырған «шатақ дінге» тойтарыс берудің жолын неге таба алмай отырмыз?
- Біздің көбіміз кешегі тотаритарлық сананың бойымызға сіңіріп тастаған стереотипімен өмір сүріп жатыр. Бәріне мемлекет кінәлі немесе бәрін үкімет шешуі керек деп ойлаймыз. Ал, біздің қазақы санамыздың тұрғысынан алып қараған кезде осы болып жатқан нәрселерге бәріміз кінәліміз. Жастарымыздың салафит, ухит-сухит, неше түрлі «ит» болып жатқанына жастарымыз да, үлкендеріміз де - барлығымыз кінәліміз. Неге? Өйткені, біз және біздің алдымыздағы буын тәуелсіздік алғаннан кейін жастардың көпшілігі дінге бет бұрып, мешітке ағылады деп күткен жоқпыз. Біз мұндай жағдайға дайын емес едік. Жастарға қай бағытта жүру керектігін айтып, нұсқап бере алған жоқпыз. Мұның бәрі содан болған нәрсе.
Егер біз бұл мәселедегі жауапкершілікті қабылдасақ, онда кейбір ағаларымыз айтып жүргендей діни танымы жоғарғы деңгейде қалыптасқан зиялы элита керек. Міне, солар осы мәселені талқылау керек. Содан кейін біздің төл діни таным мектебіміз қай мектептің аясында қалыптасты - соны зерттеуіміз қажет. Аузында Алла, қолында араб елінен алып келген дипломы болса болды, «ойбай, мынау әулие!» деп соның буынына жығылдық. Сонда не таптық? Тапқанымыз сол - сақалды белуардан өсіріп, жихадты аңсап, шетелдерде жарылып өлгендер, ел аман, жұрт тынышта қасарысып, ел ішіне бүлік салмақ болып ұсталып, сол үшін түрмелерге тоғытылғандар, елінен жерініп, семьясымен шетелдерден баспана тілеп қашып жүргендер - бәрі де өз бауырларымыз, қарагөз қарындастарымыз емес пе?! «Өз үйінен жиреніп қашып жүрген, Антұрғанға қосылма қапылыста» деп, тап осыларды айтып ескерткендей! «Не таптық мұныменен деген жан жоқ, Күні бойы күпілдер құсын мақтап» демекші, енді бір ғалымдарымыз адамзаттың қамын жеген жаңа «гуманисті» тауып алып, жамырай мақтап, жаппай құлдық ұруда!
Дегенмен, алдымыз жарық деп ойлаймын. Құдайға шүкір, халық бұл сайтанның бәрін ажыратып келеді. Құлан мен Түленді ерттеп мінген қазақ Күленді де танып қалды. Енді ақиқаттың ауылы алыс емес деп ойлаймын!
Ең ғажабы, біздің дәстүрлі діни мектебіміз әр кезде де, әр жерде бірізді болған. Осының бәрін қалпына келтіруіміз керек. Аса қиын, бірақ өте өзекті мәселе.
- Отарлықтан босанып шығып, өз ұлттық танымына үркектей оралып жатқан бүгінгі қазақ қоғамы Сіз айтып отырған дәстүрлі діни танымды қабылдай ма?
- Қабылдау қиын болады. Бірақ басқа амал жоқ. Біз я бөтен біреудің жетегінде кетеміз я өзіміздікін табамыз. Әуелі өзін таныған Алланы таниды дейді ғой сопылық ілімде, ендеше, өзін таныған халық қана өз соқпағын табады. Басқа жолымыз жоқ. Бәрі келіп өзінің тауарын ұсынып жатыр. Ақыры оның бәрі жарамайтын болса, өзіңнің балама жолыңды ұсынуың керек қой. Сондықтан, я өз жолыңызды табасыз, я құрисыз - айтқан жерден аулақ!
- Сіз сөзіңізде кірісітіріп отырған Абай, Шәкәрім сөздерін басқа діни топтарда өз сөздерінде жиі пайдаланады. Осыған не дейсіз?
- Бұл қазір пайда болған нәрсе. Ресейдің татар жағының дінтанушы мамандары (Р.Мұхаметшин, У.Жақыпов т.б., ол жақта да салафит, уахабиттермен күресіп жүрген азаматтар бар ғой) былай дейді: бұлардың кешегі мешітте отырып алып, «аруақ жоқ, өліге құран бағыштамау керек, жетісі, қырқы деген нәрсе Исламда жоқ» деп, уахабиттік бет-бейнесін ашық танытып жүрген кезі оңай екен, қазір бұлар бүркелемелініп, астыртын жүргізетін болды. Көпшіліктің көзінше былай сөз айтса, торына түскендерге басқаша әңгіме айтады дейді. Бізде де тап сондай. Кеше ғана белуардан сақал қойғандар «түйте сақал қырма мұрт» кейіпке түсіп, мың құбылып жатыр. «Мәзхапсыз исламды» насихаттап жүргендер енді Имам Ағзам туралы сөз айтатын болыпты. Ал дәстүрлі йассауийа ғұламаларының пәтуаларына қарсы келіп, намаз оқудың жаңаша жолын көрсетіп, сүннетті тәрк етіп жүргендер Имам Ағзам мазхабында бола алмайды! Кеше ғана қабірді зиярат етуді кешірілмес күнә, «ширк» деп шиқылдағандар енді әулие тұрмақ, жай адамның қабіріне де зиярат ету сауапты іс дейтін болыпты. Кеше ғана «зікір жоқ» деп зіркілдегендер Исматулла Мақсұмның «Жария зікірдің дәлелі» кітабына не уәж айтар екен деп күткенімізге де, міне, бес жылдың жүзі болыпты. Айтқан сөздері мен жазғандары тайға таңба басқандай тұр, қылған істері де халықтың алдында. Шәкәрім атамыз
Адамның ең асылы -
Қиянатсыз ақ пейіл.
Ең зиянкес, жасығы -
Тайғақ мінез, екі тіл.
Сөз мінезі құбылса,
Ар-иманы жоқ деп біл, - дейді.
Олардың мақсаты - ел ішіне іріткі салып, дау-дамайға ылықтыру, тыныш елдің шырқын бұзу. «Олар - жәдігөйлер жайтаң. Ойды улатып, көзді байлап жүрген қу сайтан - Сол ақиқатты айтам!» депті Шәкәрім. Ал өз елін өзгелерге жығып беріп, діттеген мақсаттарына жеткен соң бір-ақ күнде белуардан қойған сақалдарын қырып тастап, сүйреткен ақ кебінін де тастап шыққандардың мысалын шетелдерден көріп отырмыз. Солардан неге ғибрат алмаймыз?
- Әңгіме барысында айтылған дәстүрлі діни танымды қайта жаңғырту жолында Сіздердің тараптарыңыздан не жасалып жатыр?
- Біздің «Сенім. Білім. Өмір» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жанынан құрылған «Ясауи» вокалды шығармашылық тобының репертуары Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Аллаяр сияқты т.б. далалық сопылық мәдениет үлгісін салған бабалар мұрасын насихаттауға құрылғанын ел біледі. Ғалымдар мен жазушы, өнерпаздардан құралған бір емес, бес бірдей этно-мәдени экспедиция Алтай мен Атырау арасын кемінде бес рет аралап шықты. Осы экспедициялар барысында қаншама елмен, ұжымдармен кездесулер өткізіліп, жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып салафизмнің қауіп-қатері, оның алдын алу жолдары туралы дөңгелек үстелдер, сұхбаттар өткізілді. Осы дәстүрлі діни танымның жаухарлары, қаншама тың материалдар жинақталып, қазір 1400 беттік «Жүректің көзі» атты жинақ баспаға әзірленіп жатыр.
Біздің бірлестік халық арасында Шәкәрім медресесі деп танылған. Тек шәкәрімтану бағытында атамыздың 150 жылдығы болады дегеннен бастап, төрт ғылыми конференция өткізіппіз. Бұл шараларға үлес қосқан негізінен жастар, екінші ерекшелігі - техника, жаратылыстану саласының мамандары мен студенттері. Атап айтқанда Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің су инженері, автоматика, электр энергетикасы, сәулетші-дизайнер мамандықтарының студенттері - алды Шәкәрімнің бүкіл өлеңдерін, кемінде жүз өлеңін жаттап, зерттеп, Алматыда тұңғыш Шәкәрім оқуларын өткізуге мұрындық болды.
Бұрын Ясауи жолын надандық, адасушылық деп келгендер қазір Ясауийа тариқатының 500 жыл бұрын түтіні өшкен деп даурығып жүр. Сүйінші сұрап тұрғандай, шаттана мәлімдейтінін қайтерсің! 1967 жылы ғана дүниеден озған, академик Қаныш Сәтбаевтің сырлас досы болған Сармолда - Балмағамбет атамыз «Құл Қожа Ахмет Ясауи Силсиласы силсилам! Атын білген бар ғалам. Халафлық қылып ол затқа Сөз айтпайды бір кәләм» деп жырласа, ол жол қалай тоқтаған болады? Егер «Ясауи Құл Қожа Ахмет хикметінен Жүрекке төгілді нұр хош кәләмі» деп Мәшхүр Жүсіп сыр шерткен жол хақ жол болса, ол қалай өшпек? Оны кім өшірмек? Яки оны өшіруге кім мүдделі?! Басқаны қойып, бір ғана Балмағамбет ата шығармаларын насихаттап, дін үйренгісі келетін ұрпақтың жүрегіне сіңіре алсақ, ешқандай шетелден шатақ дін келіп кіре алмайды. Сол себепті Жезқазғанда Балмағанбет Балқыбайұлы шығармаларын насихаттау, зерделеуге арналған конференция өткізгенбіз. Соның нәтижесінде шығыстанушы мамандарымыздың үлкен қызығушылығы оянып, таяуда Венецияда өткен халықаралық конференцияда шығыстану ғылымына тың жаңалықтар алып келді.
Кеңестік үкімет талқандаған әйгілі Шаян, Қарнақ медреселерінде оқыған ғұлама өз шығармаларында қандай кітаптардан, қандай дерек, оқулықтардан сусындағанын түгел жазып кеткен. Осындай құнды дереккөздер арқылы төл медреселеріміздің оқу бағдарламаларын қалпына келтіру бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Ал үстіміздегі жылы Ақжан Машанидың ұстазы болған Сәдуақас Ғылмани деген сұңғыла ғұламамыздың 120 жылдығына арналған шараларға дайындық қылып жатырмыз. Мәдени-ғылыми ағартушылық бағытындағы ағымдағы жобаларымыз осы.
- Жасап жатқан жұмыстарыңызға қарамастан Сіздерге деген қыли көзқарас бар. Осыған не дейсіз?
- Ол да заңды деп есептейміз. Жемісін аламын деп сілкілейтін болса, сол ағаш пайдалы деген түсінік бар ғой. Демек, біздің пайдамыз бар деген сөз. Сағди-саиф деген атақты шайыр бір ғазалында: «Ит үрді екен деп Ай аспаннан жерге түссін бе?» деген екен. Жалпы, өнімді креатив жоқ адам өсекке бейім, ал жасампаздық қуаты мол адамның өсек-аяңға жауап беріп жатуға уақыты да болмайды. Сырттан өсек-ғайбат айтушыларды қосыла даттамақ былай тұрсын, оларды аяу керек - себебі жазықты болсаң да, жазықсыз болсаң да, ол бейшара қияметте сенің күнәларыңды арқалап жүреді.
Ал сырттан келіп, шатақ дін үйретушілердің идеологиялық платформасын ашып айтпауға дәтіміз шыдамайды. 2003 жылы «Түркістан» газетінде бір ауылдағы өзара кереғар екі мешіт жамағаты туралы «Созақ синдромы» деген мақала жазып бастадық. Осы сөз болып отырған мәселелердің түп-төркінін тарқатып беруге тырысқанбыз. Содан тас ату басталды. Одан кейін «Қазақстан» арнасындағы бағдарламаларда ел талқысына салған мәселелерді біздің діндарларымыз өздеріне тас атып жатыр деп түсінді. Өкінішті, әрине. Яғни жеке бастарына тағылып жатқан сын пікір деп қабылдады. «Ауруын жасырған өледі» дейді. Дұрыс емес. Дұрысы - «Ауруын жасырған арам өледі». Олай қабылдайтын болсақ, ешнәрсе түзелмейді. Ал, қазір сол кезде біз көтеріп, ескерткен біраз мәселелерді діни басқармамыз өздері айтып жүр. Мысалы, діни кадрларды шетелде оқытуды тоқтату керектігі жөнінде.
- Қазіргі Қазақстандағы діни ағымдардың халықты іштен бөлшектеп жатқанына қарасақ, мұның арты қақтығысқа апарып соқпай ма?
- Ондай қауіп бар болғандықтан шырылдап жүрген жоқпыз ба?! Айтқан жерден аулақ, әрине. Діни фундаментализмнің алдын алу жолдарын әлемдік алпауыт елдер де таппай отыр. Алауыздыққа ұласып кетпеудің жалғыз жолы - дәстүрлі діни танымға қайта оралу. Абайша айтсақ, Жанна Д'Аркты отқа өртеткен Пьер Кошон емес, Сократқа у ішкізген Ксенофонт емес, Шәкәрімді өлтірген Қарасартов емес - мұның бәрі надандықтан болған. Надандық бәріміздің ортақ жауымыз. Осы надандықтан ел болып шығудың амалын тауып, ақиқаттың түбіне жетуге күресуіміз керек. Мен Шәкәрімнің рухани қуатына, шексіз оптимизміне қайран қаламын:
Надандардың сөгуі айып емес,
Мен ешкімге байлаулы зайып емес.
Ақиқатты жырлаған келешекте
Мерзім болып қалуы ғайып емес!
Сұхбаттасқан - Өміржан Әбдіхалық