СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН ЖӘНЕ ТІЛ
Қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері С.Сейфуллинді де тіл мәселесі қатты толғандырған. Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Т.Кәкішевтің қажырлы зерттеулерінің нәтижесінде Сәкеннің тіл туралы жазған 9 мақаласы бізге жетті. Мүмкін одан да көп мақала жазған шығар. Өйткені, саяси жағдайға байланысты көп құнды еңбектері жоғалып кеткен ғой.
Мәселен, 1923 жылы 15 қаңтарда жазған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген еңбегінде: «Біздің бір үлкен кемшілігіміз – басқа жұрттан бұрын өзімізді «киргиз» дейміз. Біздің «Қызыл Қазақстан» журналы орысша «Красный Киргизстан» деп аталады. Егерде біздің қазақ бұл қатені түзетем десе,оп-оңай түзетіп әкетер еді» деп айтқан сөздері, әрине, қазіргі таңда жүзеге асты.
Енді «қазақ» деген атымыз қайтарылып, егеменді ел болдық. С.Сейфуллин «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» атты еңбегінде де тіл мәселесін кеңінен қозғаған. 1923 жылғы 9 маусымдағы мақаласында: «Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек. Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде соларға кісілер даярлап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда ылғи қазақ тілінде жазып отыру керек. Қалалардағы мекемелер қазақша жазылған сөздерді алып тексеріп отыруға міндетті. Күллі тілдің бәрі бірдей жүреді деген закон бар. Енді қазақша хат білетін кісілер де бағалырақ болу керек. Әлі қазақша хат білмейтін адамдар французша білсе де Қазақстанда бір кезде іске аспай қалуы ап-анық нәрсе» деп жазды. Бұл нағыз сол кезде ерлікке тән еді.
С.Сейфуллиннің «Не қылдыңдар?» деген мақаласына байланысты «Қазақстанның орталық кеңесі комитетінің жаңада болып өткен 3-ші жалпы жиылысы «Қазақстанда қазағы көп жерлерде мекеме істері қазақ тілінде жүрсін, бұл алдымен болыстарда басталсын» деп қаулы алады. Бұл мақаласында жалпы жиылыстағы бекітілген қаулының орындалуына көңілі толмайтындығын баяндайды. Бүгінде, ел Тәуелсіздігі заманындағы мемлекеттік тілді дамыту жөнінде бір бітпейтін дау-дамайлар мен сол кеңес кезеңін салыстыруға болады. Сәкен Кеңес билігіне бағыныштылығына, заманының қатаңдығына қарамастан, басын қатерге тігіп, тіл туралы тайсақтамай айтты. Және бұл мәселеде табандылығынан таймады. Сол кездегі үкіметтің тіл туралы қаулысына көп шенеуніктердің немқұрайлы қарап келе жатқанына қынжылып, ресми газетке келесі мазмұнда ашық хат жариялайды: «Қазақ тілін нақты түрде кеңсе тіліне кіргізу үшін қазақша жазуды жақсы білетін, кеңсе істерін тәуір білетін әм орысша білетін адамдар керек. Тез, шындап іздесе бұлар табылады.Бірақ сонша адам табылғанша қазақ тілін кеңсе істеріне кіргізу жұмысын тоқтатып қоймай, үсті-үстіне істей беру керек» - дейді.
Сәкен ағаның Қазақ Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы қызметіне кіріскен кезде де алғашқы көтерген мәселесі осы тіл мәселесі болды. Бір мақаласында былай деп жазды: «Аз ғана ақыға орысша әм қазақша білетін адамдар қызмет қыла қоймайды. «Орысша –қазақша білетін» дегенім ... біздің Қазақстанның көп жерінде орыс пен қазақ аралас. Сол себепті орыс пен қазақ аралас отырған жерлердің кеңселеріне қазақша әм орысша жазуды бірдей білетін адамдар қазіргі уақытта бағалырақ болады». Бүгінде заман ағымына сай Қазақстан азаматтарының екі немесе үш тіл білу талабы сол кездегі С.Сейфуллиннің идеясымен үндесіп жатыр деп айтуға болады. Әрбір мемлекеттік қызметтегі адам бірінші мемлекеттік тілді білу керек дегені заңы да, өз жалғасын табуы тиіс. Сәкен Сейфуллин осындай күн туарын білген де, сезген де, сенген сияқты. Осы қарқынмен тіліміздің дамуы жолындағы жұмыстар әр түрлі себептермен кідірмегенде, бүгінгі мемлекеттік тіліміздің жағдайы мүлдем басқаша болар ма еді, кім білсін?
Белгілі ғалым, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішұлы былай деп жазады: «Тіл –бүкіл тұрмыс-тіршіліктің тірегі, халықтың рухы, жаны. Сондықтан да қазақ тілінің аман-саулығы, тіршілігі күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатыр. Тіл үшін отқа түсіп, суыққа тоңғандардың бір несібесі халық алдында артық, ол еш уақытта ұмытылмайды, асқақтатай береді. Тарих өткелдері қиын. 1930-32 жылдардағы ашаршылықта жартысы қырылып қалған халықтың «Алла құдайлап» есін жия бастаған кезінде 1937 жылдың қара дауылы соғып, зиялысы былай тұрсын, қара танитындарды түгелге дерлік жалмап жұтты. Сол тұста қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жоқтайтын жан шыға қоймады. Сәкен іждаһат салған алғашқы декрет осындай қасіретпен аяқталған-ды».
Сол кезеңнің қатал да қатерлі саяси жағдайы, көзі ашық зиялыларымыздың өмірін қиғанымен, өмірінің соңына дейін қазағым деп өткен азаматтың тіл туралы жазған еңбектерінің зая кетпегенін, әрбір қазақтың жүрегінде сақталғандығын, бүгінгі таңда қазақ тілі мен әдебиетінің дамуын халыққа насихаттау ісінде ұйтқы болып отырған бас қаламыздағы мәдени мекемелердің бірі Сәкен Сейфуллин мұражайына келушілердің көзқарасынан көруге болады. Олар әр құжаттың мазмұнымен мұқият танысып, өздерінің таңданысын білдіреді.
Тіл - біздің ертеңіміз. Ана тіліміз – ұлттығымыздың, мемлекеттігіміздің белгісі. Қазақстанда өмір сүретін әр азамат елін ойласа, ұлтының рухын ойласа, мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосуы қажет. Қазақта «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген керемет нақыл сөзде айтылғандай, тілдің құдіретін бүгінгі жас ұрпақ ерте сезінуі керек. Ол үшін балабақшаларда, мектептерде көп жұмыс жүргізілуі қажет. Бүгінгі жастар ойын ашық айта алады, жаза алады, өз тілін біледі. Бірақ, сол тілді жоғалтпау үшін, тілдің дамуы үшін күрескен зиялыларымыздың қандай қиын кезеңде өмір сүргенін біле ме екен? Оны біліп, жете түсіну үшін оқу бір бөлек, сол кездегі құжаттарды көзбен көріп, танысу ол тіптен басқаша әсер береді. Сол үшін де үнемі мұражайларға барып, терең мағлұмат алып тұру қажет. Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин мұражайы сондай игі істерді атқарып отыр.
Мемлекетіміздің тіл деңгейін одан ары асқақтату үшін, өткенімізді ұмытпау - біздің парызымыз. С.Сейфуллиннің көзі тірісінде бастаған ісі, қалдырған мұралары, еңбектері, айтқан нақыл да өткір сөздері арқылы қазіргі жастар көп мәлімет ала алады. Қазақ үшін, елінің тәуелсіздігі үшін, зор еңбек еткен, күрескерлерімізді ұмытпайық, ағайын!
Дәулетқали Асауов
Гүлнәзия ИБЫРАЕВА
С.Сейфуллин мұражайының
ғылыми қызметкері.
Астана.