Ұйымдастырушылардың айтуынша, таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақ тазысы мен төбет тұқымының стандарттарын бекіткен. Аталмыш байқау осы иттердің тұқым стандарттарына сәйкестігін анықтауға бағытталған, нәтижесінде қазақ тазысы мен төбет тұқымы тіркеліп, халықаралық кинологиялық жүйелерде танылады.
«Ауыл шаурашылы министрінің бұйрығымен 17 қыркүйекте қазақ тазысы мен төбеттің стандарты бекітілді. Бұл стандарт тазы және төбет тұқымының бастапқы сипаттамасы болып табылады. Тазы қазақ халқының мақтанышы әрі асыл қазыналарының бірі, бұл орайда жасалатын кезекті қадам – қазақ тазысының шығу тегі біздің ел екенін бүкіл әлемге мәлім ету. Бұл үшін баршамыз күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Иттердің бұл тұқымын алдағы уақытта сақтап қалу бізге байланысты болады. Көшпенділердің ұрпағы біз үшін бұл тарихымыздың бір бөлшегі, өткеніміздің сарқыншағы, олай болса өткен тарихымызға біз құрметпен қарауға тиіспіз», - дейді «Қансонар» қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов.
Оның айтуынша, қазақ тазысы мен төбет итін сақтап қалуда бірыңғай стандарт бекітудің маңызы зор, әйтпегенде, бұл тұқымдар жоғалуы мүмкін.
«Біз бұл тұқымдарды тіркеу үшін өтініш беруіміз керек. Көп нәрсе біздің табандылығымыз бен халықаралық ұйымдардың мұны қаншалықты қолдайтынына байланысты болады. Өйткені бұл қалыптасқан қоғамдастықтар, олар жаңа мүшелерді қабылдауға аса тырыспайды. Әрі қазақ иттерінің тұқымдары жоғалуға жақын, әсіресе, төбет тұқымы, бұл иттерді тек әуесқойлар ғана өсіріп-баптап жүр. Бізге асыл тұқымды иттерді өсіріп, оларды күту бойынша дәстүрді жандандыру үшін ашу қажет», - деп толықтырды О.Әбдікәрімов.
«Қансонар» аңшылық итбегілікті әрі қарай дамытуды жоспарлап отыр. Қауымдастық жыртқыш құстар мен аңшылық иттерді пайдалана отырып, ұлттық аңшылық түрлерін туристік сала ретінде ұйымдастыруды көздейді.
«Бүгін еліміздің тарихында алғаш рет қазақтың жеті қазынасының бірі тазы мен төбеттің көрсетілімі ұйымдастырылып отыр. Ата-бабамыз көшпенділер болғандықтан, тұрмысы аңшылық және дәстүрлі мал шаруашылығымен байланысты болып өткен. Олардың тіршілігінде иттің маңызы зор болған. Ата-бабамыз бұл жануарды аса қадірлеген. Енді бұл дәстүрді жалғастыру өте маңызды. Бүгінгі іс-шара қажетті, маңызды шаралардың бастамасы болып табылады. Көрсетілім жылдан-жылға жалғаса берсін дегіміз келеді. Осы шараны ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді көрсетілімнің ашылуында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан бұл бастаманың қазақ дәстүрінің жандануына ықпал ететінін алға тартты.
"Ауыл шаруашылы министрлігінің бұл істі жүйелеп, тікелей мемлекет қамқор болатын негізде бекітуі қазақ тазысы, қазақ төбеті, қазақ дәстүрінің жеңісі деп айтуға болады. Бүгін арқаның төсінде итбегілер, дәстүрдің қадірін білетін азаматтар жиналып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен, сонау Қазығұрт, Созақтан тазысын ертіп әкелген жігіттер, сондай-ақ Кереку, Ақтөбе, Оралдан төбет баптаған итбегілер келді. Бұл қазақ дәстүрінің жандануы деп білемін. Былайша айтқанда, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Осы уақытқа дейін қазақ тазысы қазаққа қызмет етіп келді, енді қазақтың тазысына қызмет қылатын ұрпақтың жағдайы енді келіп отыр. Енді бұл дәстүр құрымайды, мемлекеттің қамқорлығына алынып отыр", - деді ол.
Еліміздің сегіз өңірінің итбегілері байқауға баптап әкелген 164 қазақ тазысы мен төбет жан-жақты бағаланды. Көрсетілім қорытындысы бойынша үздік иттердің иелеріне сыйлықтар тапсырылды, ал барлық қатысушыларға дипломдар берілді.
Bnews.kz