Сенбі, 23 Қараша 2024
Даңғыл 4802 0 пікір 17 Қыркүйек, 2015 сағат 09:01

МАЛАЙЗИЯДАҒЫ ҚҰДА БІРДЕМЕ БҮЛДІРГЕН БЕ?

Биылғы көктемде Қазақстан аза­маты Данияр Кесікбаевтың Малай­зия үкіметінің басшысы  Наджиб Разактың қызы Нуриа­наға үйленіп, малай елімен құдан­дал болғанымызды көп­шілік әлі ұмыта қоймаған шы­ғар. Әуелі ол жақта, кейіннен бұл жақта байлық пен барлық, ақыл-өре, мәдениет­тің  жеткен­інше ұлан-асыр той болды. Тойдың сән-салтанаты туралы кезінде БАҚ құралдары жарыса жазды. Жұртшылық тара­пынан ғаламтор желілері арқылы бұ­ған әрқилы пікірлер білдірілді.

Ақырын қайыр қылғай, кәзіргідей жаһандану жағдайында сонау қияндағы Америкамен, я болмаса, іргедегі Қытаймен  құда болып, төс қағыстыру қазақ үшін таңсық болмай қалды.

Табиғатында  біз әуелден үй-іші, отбасы, ағайын-туыс, көрші-көлем  ғана емес, алыстағы құда-жекжаттың да амандығын тілеп отыратын бауырмал да туысшыл халықпыз. Сол айтқандай, Малайзияның премьер-министрі Н. Разак құдамыздың жағдайына  қатысты жайсыз әңгіме шықты. Олай дейтініміз, кешегі тамыздың соңғы күндерінде  ел астанасы Куала-Лумпурдің орта­лық алаңында үстеріне сары жейде киіп алған мыңдаған адам шеруге шығып, Наджиб Разактың қызметінен кетуін талап еткен. Билік көтерілісшілердің бұл әрекетін заңсыз деп есептеп, полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған. Бірақ, ешкім ұсталып, қамауға алын­баған.

Ғаламтор желілері арқылы келіп жеткен хабарларға қарағанда, әлдебір атымтай-жомарт араб «досы» премьер-министрдің жеке есеп-шотына 700 млн. доллар ақша аударған. «Батпан-құйрық, ол неғып айдалада жатқан құйрық» дегендей, малайлықтар мұнда «қандай да бір сыбайлас жемқорлықтың  ізі бар» деген күдікпен  наразылық білдіріп, көшеге  шыққан.

Бір таңаданарлығы, демонстранттарды  Малайзияны 22 жыл басқарып, елді өркенитетті де қарқынды даму жолына салған, Наджиб Разактың ұстазы саналатын Махаткир Мохамед қолдаған. Ол шерушілердің орта­сына барып:«Елде заңның үстемдігі талабы сақталмай отыр. Мұндай жағдайда тұйықтан шығатын бір ғана жол – премьер-министрдің қызметтен кетуі. Ал, оны қызметінен кетіру үшін халық бірігіп, парламентте оған сенімсіздік білдіріліп, Разак өз еркімен кетуі тиіс» деген пікірін білдірген.

Бұған қоса, Малайзия реформасының атасы өзінің ғаламторлық жеке парақшасында үкіметке мынадай сұрақтар қойған:

1) 2013 жылғы сайлауда жетекші партия неліктен күткендегідей нәтижеге қол жеткізе алмады?    

2) 2006 жылғы қазанда франзуз сүңгуір қайықтарын сатып алу жөніндегі келіссөзге қатысқан моңғолдың аудармашы қызын өлтіруге кім тапсырыс берді?

3) Бұған дейін табысты жұмыс істеп келген мем­лекеттік кәсіпорындар неліктен өзін-өзі ақтамайтындай болып қалды?  Премьер-министрдің туыстары қалайша байып барады?       

Ал, Наджибтің өзі «араб қамқоршылары аударған ақша заңды, онда ешқандай да бір қылмыстық  әрекет жоқ» деп ақталуда. Мәселенің мән-жайына үңілсек, Наджиб 2009 жылы 1Malaysіa Development Bhd (1MDB) деп аталатын инвестициялық даму қорын ашқан. Ол қор миллиард долларға құнды қағаздар шығарып, энергетика мен жылжымайтын мүліктер саласындағы активтерге иелік еткен. Алайда,  қорға жүйелі түрде қаржы түсіп тұрмағандықтан, міндетіне алған берешектерін төлей  алмаған. Сондықтан ба екен, биылғы жылдың мамыр айында оған Біріккен Араб Республикасындағы Әбу-Даби мемлекеттік қоры қол ұшын созып, 700 млн. доллар сомадағы қаражат аударған. Жұрттың күдіктенетіні, 1MDB қорына түскен ол ақша көп өтпей  Н. Разактың жеке есеп-шотына аударылған.

Оның үстіне сондағы The Wall Street Journal и The Sarawak Report  басылымдарының қазымыр журналистері  індете зерттеп, 700 млн. қаражаттың қашан және қай жақтан  түскенін анықтап қана қоймай, соңғы 2014  және 2015 жж.  11 млн. доллардың  аударылу тұстарының малайзиялық  МН 370 (Куала-Лумпур — Пекин) бағы­тын­дағы және МН 17 (Донбас аспанындағы) ұшақ­тардың апат болған кезімен тұспа-тұс келгеніне назар аударған. Осыған байланысты жұрттың көкейінде: «ұшақ апатына қатысты әлдекімдер ауыр қылмыстың ізін жасыру үшін малайлық премьерге пара берді ме екен?» деген күдік-күмән туған.

Мұндай қадамға лауазымды шенеунік жетіспеу­шіліктен, тұрмыстың тауқыметінен барды деуге тағы келмейді. Өйткені, ол билікке кездейсоқ, «көшеден» келген біреу емес. Оның әкесі Абдул Разак бин Хесейн 1970-76 жж. Малайзияның  екінші премьер-министрі болған адам. Наджиб те жастайынан жақсы білім мен тәлімді тәрбие алып, талай саяси соқпақтар және «тар жол, тайғақ кешулерден» өткен әккі саясаткер. Алды-артын ойлауға, қадам-қарекетін санап басуға оның ақыл-парасаты, білім-білігі жетеді. Өзіне дейінгі үкіметті басқарған Абдулла Ахмад Бадавидің парақорлықпен, сыбайлас жемқорлықпен жөнді күресе алмай, сот реформасын дұрыс жүргізе алмағандықтан орнынан босатылғанын жақсы біледі.

Сондықтан да қызметке кіріскен бойда сыбайлас жемқорлықпен жаппай  күрес саясатын күшейтуді қолған алған-тын. Әрі оның түсінігі бойынша, «халық­тың тыныс-тіршілігінде ұсақ-түйек деген болмауы керек». Бұл орайда ол 2006 жылы қаржы министрі болып тұрған тұста ел астанасы Куала-Лумпурде дәрет­ханаларды осы заманғы деңгейге  жеткізіп, шетелдік туристерді  тамсандырған. Оны малайлық­тар әзілдеп: «дәретхана төңкерісінің авторы»  деп атаған.

Үкімет басшысының жақтастары  «кезінде мұндай қорды құрғандағы мақсат — елдің экономикасын инновациялық қаражат көздерінің көмегімен қайта жаңғырту болатын» деп ақталумен әлек.

«Хас жүйріктің де сүрінетін кезі  болады» дейтіндей, не де болса Разак шетелдіктерден ақша аудартып, биік беделі мен абыройлы атына дақ түсіріп алды.

Мұндайда сәл сабыр сақтап, әліптің артын бағудың орнына Наджиб осы істі тергеуді қолға алған бас прокурорды басқа қызметке ауыстырып, ақиқаттың айтылуын жақтаған өзінің бір орынбасарын жұмыстан босатты. Ол құрған  1MDB  даму қоры жайында егжей-тегжейлі материалдар жариялаған екі газет жабылды.  Бұл жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді.

Наджиб Разактың өзі күллі әлемді экономикалық-қаржылық дағдарыс жайлаған мынадай қиын кезеңде көшеге шығып, көтеріліс жасап отырғандарды «өз отанының патриоттары емес, елдегі тұрақтылыққа, бір­лікке сына қаққысы келетін бүлікшілер» деп айыптауда. Ал, оның саясатын қолдайтын кейбір үкіметтік емес ұйымдар: «наразылық білдіріп, шеруге шыққандар тұрғылықты малайлық мұсылмандар емес, азшылық қытайлық топ, сондықтан оларды көпшілік қолдамайды» дегенді айтып, өздерін жұбатқандай болады. Әрі осындай ұйымдар алдағы уақытта  ең кемі 1 млн. адамды көшеге шығарып, сары жейделілерге қарсы билікті жақтайтын  акция ұйымдастырмақ. Бірақ, олар үстеріне қызыл көйлектер киетін болған.

Бәзбір шетелдік саяси сарапшылар: «Сары жейде­лілердің түпкі мақсаты тереңде» деген болжам жасайды. Мәселен, Ресей Ғылым академиясы Шығыс­тану институтына қарасты Оңтүстік-Шығыс Азия, Австралия және Мұхиттану орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Мосяковтың пайымдауынша: «Мұнда бұрын-соңды болмаған және күтпеген Наджиб  Разак пен Махаткир Мохамадтың арасында текетірестің белгісі байқалады. Оның үстіне барлық оппозициялық күштер: дәстүршілдер, мұсылман радикалдары және батысшыл либералдар бірігіп, Малайзия тәуелсіздік алғалы үстемдікке ие болып келе жатқан БМҰҰП (Біріккен малай ұлттық ұйымы партиясының)  арасына іріткі салып, биліктен тайдыруды көздейтін сыңайлы. Екінші жағынан, сырттан Қытай мен Үндістаннан қоныс аударған азшылық топ жергілікті халық — малай ұлтына берілген жеңілдіктер мен артық­шылықтарды жойып, ұлтына, шыққан тегіне қарамастан тең құқықтылыққа қол жеткізуді қалайды.

Алдыңғысын қайдам, соңғы айтылған пікірдің жаны бар. Сонау 60-жылдарда бой көтерген тұрғылықты малай халқы мен сырттан келгендердің арасында қанды қақтығыстан кейін «Біртұтас малай ұлты» деген саясат жүргізіліп, бимупутраға (малайлықтарға) заң жүзінде банк пен түрлі фирма-корпорацияларға жұмысқа қабылда­нарда, сондай-ақ, оқу орындарына түсерде арнайы квота белгіленіп, жеңілдіктер мен артықшылықтар берілген болатын. Содан бері саяси салаларда малай­лықтар, ал экономикада қытайлықтар басымдыққа ие болып келді. Енді қазіргідей саяси жағдай өзгерген, өркениетті заманда қытайлықтар мен басқа да аз ұлттар  теңсіздік­ті  жоюды талап етуде.

Әдетте халық жоқшылықтан, кедейшіліктен көшеге шығады. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді»  демекші, Малайзия халқының тұрмыстары ауыр,  күні қараң деуге негіз жоқ.

Бұл елде  ЖІӨ-нің көлемі 450 млрд. доллардан асады, жан басына шаққанда 15,8 мың доллардан келеді. ЖІӨ-нің құрылымы сан салалы. Мұнда өнеркәсіп 33,5 пайыз­ды, қызмет көрсету саласы 59,1 пайызды, ауыл шаруа­шылығы 7,3 пайызды құрайды. Бұдан қызмет көрсету мен өнеркәсіптің жетекші рөл атқартыны, әсіресе, қызмет көрсету саласының айтарлықтай дамығаны аңғарылады. Жұмыс істейтін халықтың 27 пайызы өнеркәсіпте, 17 пайызы жергілікті сауда мен туризмде, 15 пайызы қызмет көрсетуде еңбек етеді.  Жылына сыртқа 130 млрд. дол­лардың тауарларын шығарып, 100 млрд. доллардың тауарларын тасымалдайды.

Малайзия мұсылман мемлекеттерінің ішінде ең демократияшыл ел саналады. Мұнда жоғарғы басшы монархтың өзі сайланады. Мемлекетті басқаруды демократиялық жолмен сайланған парламент пен үкімет жүзеге асырады. Мұны саясаттанушылар «билік құры­лымы мен жүйесінің ашықтығы,  сыбайластықпен былығып, былғанбағандығы» деп  бағалайды.

Малайзия бүгінде даму қарқыны жөнінен әлемді таңқалдырып, Азия жолбарыстарының бірі  атанып отырғаны баршаға аян.

Демек, «байлар да жылайды» дейтіндей, Малайзияның да өзіндік мұңы мен жыры баршылық. Бір айта кететіні, әлемдік дағдырыстың және ішкі үйлесімсіздіктің әсері шығар. Елдің ұлттық ақшасы рингит таяуда 32,3 пайыз­ға, яғни осыдан 17 жыл бұрынғы деңгейге дейін құнсыз­данып,  экономикалық дамуы баяулап қалған тәрізді.

Дегенмен, Малайзия реформасының атасы атанған Махаткир Мохамедтің бір кезде: «Малай халқының сабырлылығының, төзімділігінің, өзгені тыңдай білетін мәдениетінің, сондай-ақ, бейбітшілік пен тұрақтылықты сүйгіштігінің арқасында осындай жетістікке жеттік… Күш қолдану дүниені бүлдіреді. Бейбітшілік пен тұрақтылық  қана дұрыс жол»,  — деп айтқаны бар еді.

Ендеше, малай халқының елінде пайда болған түйткілді  ешбір күш қолдану, зорлық-зомбылықсыз, биік ақыл-парасат, пікіралмасу мәдениетімен шешуіне тілектеспіз.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы.

 

«Ақшамның» анықтамасы:

Мохд Наджиб бин Тун Хаджи Абдул Разак 1953 ж. 23 шілдеде Куала-Липсте дүниеге  келген. 1974 ж. Англиядағы әйгілі  Ноттингем университетін тауысқан. Белгілі әулеттен шыққан. Әкесі — кезінде Малайзияның екінші үкімет басшысы болған Абдула Разак. Елдің үшінші премьер-министрі Хуссейн Онн да әкесінің бажасы ретінде оған туыс болып келеді. Ол жасынан саяси істерге белсене араласып, шыңдалған тұлға. БМҰҰП (Біріккен малай ұлттық ұйымы партиясының)  атынан 23 жасында парламентке сайланған Малайзияның тарихындағы ең жас депутат. Іскерлігі мен білімділігінің арқасында 1978 ж. 25 жасында энергетика, телекоммуникация және пошта істері министрінің орынбасары қызметіне алынған.  1993 ж. партиядағы алты вице-төрағаның бірі болып сайланған. 2004 — 2008 жж. қаржы, 2008-2009 жж. қорғаныс министрі қызметтерін атқарған.  2009 ж. 3 сәуірде Абдулла Ахмад Бадави үкімет басшысы қызметінен кеткеннен кейін БМҰҰП жаңа көшбасшысы ретінде премьер-министр  қызметіне тағайындалған. 2013 ж. 5 мамырда оған екінші рет сенім білдірілді. 2015 ж. Н. Разак басқарған үкімет ВЭФ версиясы бойынша  жемісті жұмыс жүргізіп келе жатқан әлемдегі ең үздік ондыққа кірді. Әріптестері оған «көңілді саясаткер» деген лақап ат берген.

Түпнұсқадағы тақырып: Наджиб Разакқа қауір төніп тұр

"Алматы ақшамы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504