ШАРДАРАДА ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ БЕТБҰРЫС ЖАСАЛЫП ЖАТЫР
Тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығы мен көрегендiгiнiң арқасында ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсiздiгiмiзге қол жеткiздiк.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары халықтың басынан өткен қиыншылықтар әлi есте. Бiрнеше айлап халық зейнетақысы мен айлығын ала алмай, көптеген бюджеттiк мекемелердiң қызметкерлерi күнкөрiс қамымен базар жағалап кеткенi ащы болса да ақиқат. Сол жылдарда Елбасымыз теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа шыдамдылық таныта бiлудi, бұл өтпелi кезеңдi жеңiп шығып, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылатынымызды талай рет қайталап айтқан едi. Бүгiндерi сол сөздер өмiр шындығына айналып отыр.
Бiз тұратын Шардара ауданындағы Жаушықұм ауыл округi бүгiнгi тәуелсiздiк дәуiрiнде тұрғындардың әлеуметтiк–мәдени және тұрмыс жағдайы жақсарған, көркейiп, көрiктенген жердiң бiрiне айналды. Халықтың өмiрге деген көзқарасы жаңа сипатқа ие болды. Соңғы 10 жыл iшiнде елге ел қосылып, халық саны 2 есеге дерлiк көбейдi.
Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес ауыл округiнде 600 орынды орта мектеп және 100 орынды интернат iске қосылды. Емханамыз күрделi жөндеуден өтiп, ауданға баратын асфальт жолымыз жөнделдi. Жаушықұм ауылы кезiнде ауданды бақша өнiмдерiмен толықтай қамтамасыз еткен берекелi ауыл едi. Соңғы жылдар бедерiнде ауыл диқандары баяғы бау-бақша өнiмдерiн өндiру iсiне қайта бет бұрып келедi. Егiн шаруашылығында ауыл азаматтары мол өнiм алуға қол жеткiзiп жатқанын мақтанышпен айтып өтсем деймiн. Мәселен, соңғы инновациялық-технологиялық әдiстi қолдана отырып мақта, пияз, картоп дақылдарын өсiрiп, облыс көлемiнде жоғары көрсеткiшке қол жеткiзген шаруаларымыздың қатары артуда.
«Жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыссыздар саны күрт төмендеп, көшелерiмiз бен орталық саябағымыз жасыл желекке бөлендi. Бiр сөзбен айтқанда, ауылымыздың көркi заманауи көрiнiске жетiп қалды.
Ауыл ардагерлерi мен тұрғындары Президентiмiздiң «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын қолдай отырып, келешегiмiздiң кемел болатынына, жастарымыздың бақытты өмiр сүретiнiне сенемiз.
Серiк ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ауылдық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, Шардара ауданының құрметтi азаматы.
Abai.kz