МИНИСТРДІҢ ЖАУАБЫ. ЖАУАП ПА?
...Сонымен, ала жаздай күтіп жүріп, күз басында Айман Сағидуллаева Аслан Сәрінжіповтен сарғая күткен жауап хатын алды. Бірақ, әрине Білім және ғылым министрінің өзінен емес, сол министрліктің құзырындағы Мектепге дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Ж. Жонатаева деген кісіден. Жонатаеваның хаты «Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жаңатұрмыс орта мектебінің ұстазы А. Сағидуллаеваға» деп тәп-тәуір басталады да содан кейін кәдімгі кеңсе тіліне көшеді.
- Бұл хатта не жазылғанын мәселе көтеріп жүрген менің өзім түсіне алмадым. Қарапайым оқырман оны қайдан түсінсін? - дейді Айман. Сондықтан біз де Қазпошта қызметі арқылы жеткен хаттың ксерокөшірмесін ғана жариялауға мәжбүр болып отырмыз.
Естеріңізге сала кетейік, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің атына соңғы 5 айдың ширегінде бірнеше Ашық хат жазылды. Сол хаттың бірін мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шаханов жазды. Қоғам белсенділері жазды. Жауап болған жоқ. Содан кейін 176 адам қол қойып министрдің атына және бір үшбу хат жолдады. Сол хаттар Президент әкімшілігіне, Премьер-министрге, Сенат спикері Қасым Жомарт Тоқаевқа да ретімен жолданып жатты. Ал, олар өз кезегінде мұндай мазмұндағы хатқа Білім және ғылым министрлігі жауап беру керек деге сілтеме жасап отырды.
176 адам қол қойған Ашық хатта қандай мәселелер көрініп еді? Қараңыз:
1. Тәуелсіз елімізде орны төрде болуға тиісті ұлағатты ұстаздарымыз әкімшілік пен мектеп директорларының қолбаласына айналған. Көнбіс, жалтақ мұғалімдерден тәрбие алып жатқан ұрпағымыздан қандай болашақ күтеміз? Мұғалім азат болмай, оқушы еркін ойлы бола алмайды. Сондықтан, облыстық, аудандық білім басқармаларын ҚР Білім және ғылым министрлігі жергілікті әкімшіліктен өз құзіретіне өткізіп алуын талап етеміз.
Бұл мектеп мұғалімдерін сайлау, санақ, сенбілік, газет-журналдарға жаздыру, концертке билет алғызу т.б. секілді түрлі науқандардан құтқарудың негізгі жолы;
2. Мектептің жөндеу жұмыстарына ақша жинаудың алдын алу үшін әр оқу орнына жөндеу жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты баспасөз беттерінде жариялау;
3. ҰБТ-дің кемшілігі жетерлік! Және ҰБТ-нің қолданыстағы форматы еліміздің білім саласына енгізіліп жатқан жаңа бағдарламамен («Кембридж технологиясы») қабыса бермейді. Сондықтан ҰБТ-ні барынша жетілдіру қажет.
4. Мектеп басшылығы мен мұғалім арасындағы келісімшарт 1 жылға ғана жасалады. Мектеп басшылары осыны пайдалана отырып мұғалімдерді айтқанынан шығармай, айдауына көндіре алады. Келесі оқу жылында жұмысқа қабылданып, сағаты мен жүктемесін қысқартпай алуы үшін мұғалімнің мектеп басшысына тағы пара беретін жайттар да көптеп кездеседі. Осы жағдайларға орай, келісімшарт мерзімін ұзартып, мұғалімдерді қызметке қабылдау үшін пара алу фактілерін түбірімен жоюдың амалдарын қарастырады деп сенеміз.
5. Түрлі тексерулер мен сынақтарға арналған оқушының біліміне қосар үлесі аз қағаздарды ұстаздарға толтырта берудің дәл қазіргі технологияның дамыған уақытында қажеті шамалы. Сондықтан мұғалімдер біліктілігі мен оқушылар білімі ілгерілесін десек, артық қағазбастылықтан құтылу керек.
6. Бір мекемеде басшылық қызметте 15-20 жылдап отыру таныстық-тамырластыққа апарады, ол ары қарай сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа ұласып кетеді. Сондықтан мектеп директорларының бір орында тапжылмай ұзақ отыруына мүмкіндік берілмесін.
7. Мектепке жан-жақтан келетін тексерулердің барлығы дерлік тек ақша жинаудың амалы. Ол тексерістерден оң баға алу үшін тағы да мұғалім қалтасындағы қаражатынан қағылады. Сондықтан қаптаған тексерістердің қажеттісін ғана қалдырып, керексізін мүлде алып тастау қажет.
8. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27-шілдедегі №319 Білім туралы Заңы 51-бабының 4-тармағында «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындау мен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді» деген заң тармағы біздің талаптарымызбен толықтырылуын әрі нақты күшіне енуін талап етеміз. (http://abai.kz/post/view?id=3980).
P.S. Білім және ғылым министрлігінен Айман Сағидуллаеваның атына келген хатта жоғарыдағы 8 мәселеге байланысты нақты жауап жоқ. Ал, бұны не деуге болады? Жауап деу керек пе, әлде министрліктің жауапсыздығы деу керек пе? Жауапсыздық демекші, хаттың маңдайшасына көз жіберіңізші. "28 қыркүйек, 2015 жыл" деп тұр. Бүгін қаншасы? Күлеміз-ә!. Мұндай қателікке күлмеу керек? Бұл біздің министрліктің "сауаттылығының" көрінісі. Солай емес пе? Төрелігін жұрт айтсын.
Abai.kz