Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 9946 2 пікір 15 Қыркүйек, 2015 сағат 08:11

ТҮРКІСТАНДА "ПАЙҒАМБАР" ПАЙДА БОЛДЫ

Түркістан қаласында өзін Алла үкімімен пайғамбар болғанын жария еткен Нұрәлі Әмірәлиев есімді 51 жастағы азамат қала әкіміне хат жолдады. Онда ол Алламен тілдесіп, пайғамбарлық дәрежесін алғанын, биліктің өзімен санасып, мойындауын талап етіп отыр деп хабарлайды 31 арнаның тілшілері.

Елу бір жастағы түркістандық Нұрәлі Әмірәлиев Алла тағаламен тікелей тілдескен үшінші пайғамбармын, маған бұл үкім Жаратушыдан уахи болды деп елге мәлім етуін қоймай келеді. Оның әкімге жазған хаты ғаламторға шығып, әр өңірден хабарласушылар көбейген. Бірі қорқытып-үркітсе, енді бірі өлтіремін деген көрінеді. Бірақ осыған қарамастан, өзі осы жолдан әсте таймаймын деп бекініп отыр.

 НҰРӘЛІ ӘМІРӘЛИЕВ, ОҚО тұрғыны:

-Демалайын деп тұрғаным сол еді, құбыла беттен тіл қатты: Ей, құлым, сен елшім боласың деді. Мен қаттым да қалдым. Мынау, Ыбырайым, Мұса пайғамбарларымыз сияқты тікелей тілдескен үшінші пайғамбар боламын.

 Ұлының әрекетін алғашқыда тоқтатпақ болған оның анасы Мұхаммед пайғамбарымыздың өмір жолдары туралы кітапты оқыған соң, өзі біледіге көшіпті. Өтірік айтса, Алла жазасын береді дейді.

 АМАНКҮЛ МҰСАЕВА, анасы:

- Бұл өтірік айтып отырса, жазасын Құдай береді. Егер шынымен бұған Алла тағала көрініп жатса, айтып жатса, бұл Құдай қаласа, жеңіп шығады.

 Ал, Түркістандағы Нәзір Төреқұлов мешітінің имамы Әлихайдар Сейітбекұлы: "Құран кәрімде де, пайғамбар хадистерінде де Мұхаммед  ақырғы пайғамбар екендігі талқылауға жатпайтын нақты үкім. Ал, кез-келген адамның жалған ат жамылатын жағдайы болса, оның үкімі өлім", - деп бірақ кесті.

 ӘЛИХАЙДАР СЕЙІТБЕКҰЛЫ, Имам:

-Яғни, күнәлардың ішіндегі ең үлкені екендігін, залымдардың ішіндегі ең үлкені екенін Алла тағалам баяндап отыр. Және Ағсап сүресінде де пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейкис-уассаламнан басқа пайғамбар келмейтіні баяндалған.

Билік оның пайғамбармын деген мәлімдемесі әкімдікте қаралып, тиісті жауабы берілгенін, онда барлық көрсетулері қолдау табылмағанын айтады. Тіпті, оның жүйке ауруымен науқас ретінде емханада тіркеуде болу мүмкіндігін айтып қалды.  

 МӘЛІК ДӘУЛЕТОВ, Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Оған қала әкімдігі тарапынан Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабына сәйкес, талап-тілектері қанағаттандырылмағандығы жөнінде жауап хат жолдады.

 Ал, республика аумақтарынан Нұрәліге ұялы телефон арқылы хабарласқан замандастары көбіне оны сөгіп жатқандығы, тіпті «түтіп-жеуге» дайын екендігі аңғарылады.

 Бірінші кісі: Сіз олай адамдарды адастырмаңыз. Нұрәлі: Алдымен Құранды оқып-түсініп айт әңгімеңді. Не деп айтыпты? Білмейтініңді айтып, күнаға батпа дейді.

 Келушілер болып жатса, қасиетті Құран кәрімді қазақ тілінде оқытуды үйретемін деген Нұрәлінің жоспарына әзірге сенушілерден гөрі, оны шатасушы деп есептейтіндер жағы басым болып тұр.

 Ерлан ҚУАНДЫҚОВ, Ержан СЕЙДӘЗІМОВ. 

Түпнұсқадағы тақырып: Өзін пайғамбар санайды

31 арна


2 пікір