Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
46 - сөз 8081 0 пікір 14 Қыркүйек, 2015 сағат 10:40

ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙДЫ "ӨЛТІРГЕН" КІМ?

Жанболат Сәрсенбай деген журналист бар. "Жас алашта" істеген... "Қызық газеттердің" "қызығын" келтірген...
Бұрын сырттай атын естігеніммен, бүгін бірінші рет "тірідей" көріп, дәмдес болдық. Ақкөңіл адам екен. Ә дегеннен әңгімеміз жарасып, әзіл-қалжың айтып, жақсы отырдық.
Тұрсынжан Шапайдың "Қазақтың жаны" деген кітабын шығарғалы жатқанымызды айттым. Тұрсынжан ағасының атын естігенде басынан өткен бір қызық жайтты айтып берді.
- "Жас алашта" істеп жүрген кезім, - дейді. - Жұмыста отыр едім, Нарынқолдан бір ағайын телефон шалып, қаралы хабар айтты. "Тұрсынжан Шапай қайтыс болды... солай да солай... некролог берсеңіздер..." 
Қайғыра отырып, көңіл айту жаздым. Бет қатталып жатқанда редакцияға бір таныс ағамыз кеп қалды. Ол кісіге айттым, "солай да солай... некролог жаздым..." деп жазғанымды көрсеттім. Ол да "иманы саламат болсын... мықты жігіт еді..."деді де, менің жазғанымды оқып: "Өй, сен оның Қазақ телевидениесінің бастығы екенін неге қоспағансың?.. Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты екенін неге қоспағансың? Қос!.." деп екі-үш анықтауыш қостырды. Содан некролог газетке кетті, газет типографияға кетті...
Ертеңіне таң атпастан телефоныма тыныштық жоқ... Біреулер рас па деп сұрап, көңіл айтып жатыр, енді біреулер "ол кісі тірі!" деп звондап жатыр... Содан өзім түкке түсінбей, радиода істейтін таныс журналистке звондадым.
- Жоға, ол кісі тірі, құдай сақтасын... жаңа ғана жүрген...-дейді.
"Масқара!.. Енді қайттім?!." деп, жаман болдым...
Зымырап отырып телевидениеге бардым да, ол кісінің қабылдау бөлмесіне кірдім. Хатшы қызы "аға жоқ, күте тұрыңыз, қазір кеп қалар" деді.
Күтіп отырмын. Хатшы қызды әңгімеге тартып, "Тұрсынжан ағаның мінезі қандай адам? Ашуланса, не істейді?.." деп сұрап алдым.
- Көп сөйлемейтін мінезі ауыр кісі... онша-мұншаға ашуланбайды, бірақ ашуланса, шаңыңды қағады... бүгін көңіл-күйі жоқ..." деді. Одан сайын қипақтып, қобалжып, қорқып отырмын. Онымды білдірмей, "мен емшімін... қазір мен кіріп "гуф-суф" деп жіберсем, бастығыңның көңіл-күйі көтеріліп, күлімдеп шығады..." деп қоямын...
Бір уақытта аға келді. 
- Асс-салааау-мағалейкүм, Тұрсынжан аға! - деп атып тұрып амандастым. Сәлемімді алды, ішке бастады. Кірген бойда:
- Ғұмыр жасыңыз ұзаааақ болады екен, аға! - деп едім, күліп жіберді. Содан менен үлкен қателік кеткенін, әдейі істемегенімді, қалай сол некролог жазылғанын бүге-шігесіне дейін айтып, кешірім сұрадым. Ол кісі де түсініп, кеңкілдей күліп, өзінің бір қызықты оқиғаларын айтып, біраз әңгімелестік. Ақырында күлімдеп есіктен шығарып салды.
Шығып бара жатсам, секретары жеңімнен түртіп: 
- Бүйректі емдейсіз бе? - дейді...

Құдай ұрып қателескенім - сол Нарынқолда Тұрсынқұл Шапай деген де жазушы бар екен. Хабарласқандар маған сол кісінің қайтыс болғанын айтыпты. Мен шатастырып, Тұрсынжан Шапай деп жазып жібергенмін. Әлгі таныс кісі қалбалақтап келе қалған да, қызметін, атақ-дәрежесін қостырып, одан сайын "отқа май құйған..."
Ертеңіне газетте кешірім сұрап, қайта жаздым...
Сөйтіп, Тұрсынжан ағаны бір өлтіріп, тірілткенмін...
Жанболат Сәрсенбай Тұрсынжан ағаны ғана емес, тағы бір танымал адамды солай "өлтіріп-тірілтіпті..."

Сәуле Әбілдаханқызы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1506
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3278
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5766