Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 10696 0 пікір 31 Тамыз, 2015 сағат 13:39

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

БАЙҚОҢЫР ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ, ПОЛИГОНДАР ЖӘНЕ

 

ЯДРОЛЫҚ ОТЫН БАНКІ БОЙЫНША  

ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСІ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

 

Қазақстанда 27-тамыздан бастап Ядролық отын банкінің ашылуы зор алаңдаушылық туғызды. Табиғат пен адам баласына қауіп төндіретін, арты үлкен қасіретке әкелуі мүмкін бұл жобаға наразылық білдіреміз.

Жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алатын Қазақстан бүгінде тұтастай экологиялық апат аймағына айналды. 70 жыл бойы жері мен суын аяусыз ластап, ойына келгенін істеген КСРО билігі  қазақ елін Арал қасіретіне ұрындырып, Солтүстік облыстардың тың жерлерін экстенсивті игеру салдарынан топырағын жаппай эрозияға ұшыратты. Қоршаған ортаны сақтауға еш көңіл бөлмей, мұнай мен газды қалай болса солай өндіруден батыс аймақтарда ауыр экологиялық ахуал қалыптасты. Көмір, металл, химия, уран өндірістерінің зиянды қалдықтары кесірінен Орталық және Шығыс Қазақстандағы жерлестеріміз де аса аянышты күй кешуде.  Семей ядролық полигонында 40 жыл бойы жүргізілген жантүршігерлік сынақтар салдарынан 1,5 миллион халық қоныстанған алқап радиациялық улану зардабына душар болды.   

Қазақстан 1991 жылдың тамызында Семей ядролық полигонының жабылуына қол жеткізді. Сол кезде халқымыздың тарихында осындай зұлматтың біржолата аяқталғанына, тиісінше Қазақ жері бұдан былай қауіпті сынақтар алаңы ретінде бөтен мемлекеттердің ойыншығына айналмайтынына сенім болған еді.

Алайда жерді аяусыз қанау үрдісі еш толастамады. Миллиондаған гектар жер зиянды қалдықтардың «молаларына», ашық аспанның астындағы үйінділердің мекеніне айналды. Дәл осындай өкінішті жағдай Ресей тарапы жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағында, оған қоса алты әскери полигонда орын алған. Бұл – Польша сынды ел аумағына тең. Аталған қиянатты  доғарудың орнына, оның одан әрі жалғаса беруіне бар жағдайды жасап берген Қазақстандық биліктің әрекеті кімді де болса алаңдатады. Алысқа бармай-ақ, атышулы протон зымыран тасығыштарын қарастырайық. Ресми орындар тасығыштардың қауіпсіз әрі сенімді екенін алға тартудан жалықпайды. Десе де, деректер мүлде өзгеше шындықты айғақтайды.  Атап айтқанда, протонның отын компоненті ретінде симметриялық емес диметилгидразин (гептил деген атаумен белгілі) (CH3)2N2H2 және N2O4 азоттың тетраоксиді қолданылады. Бұл қоспалар соғысқа арналған улы заттардан асып түсіп, ГОСТ12.1.007-76 бойынша бірінші дәрежелі улағыштарға жатады.

Бір Протонды ұшыруға орташа есеппен 700 тонна гептил кетеді. Алайда зымыран тасығыш  сәтті ұшқанның өзінде ол қоршаған ортаға зор залалын тигізіп отырады. Себебі ғарышқа шығу барысында отынның барлығы жанып кетпей, бастапқы көлемнің шамамен 7-10 пайызы зымыран тасығыштың қалдықтарымен қоса құлайды. Демек, әр ұшқан сайын кем дегенде 50-70 тонна аса улы қоспалар жерге, суға, өсімдіктерге, олар арқылы жануарлар мен адам ағзасына түседі деген сөз. Протонның ұшу бағытына келсек, ол Қазақстанның жарты аумағын оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа қарай кесіп өтіп, ары қарай Таулы Алтай мен Сібір арқылы Тынық мұхитқа бет алады. Назар аударарлығы – ресейлік ресми орындардың мәліметінше, Байқоңырдан ұшырылатын зымырандардың салдарынан Таулы Алтай тұрғындарының  10 пайызының бойынан гептилдің іздері табылған. Өңірдің әрбір бесінші тұрғыны құрт ауруына шалдыққан. Қазақстанда бұндай зерттеулер мүлде жүргізілмейді, ал тиісті ақпараттар толықтай жасырылады.

Бұл тұрғыда Протонның «сенімді» екендігі жайлы пайымдаулар да бос сөз болып табылады. 2001 мен 2015 жылдар аралығында Байқоңыр ғарыш айлағынан 90 Протон ұшырылған (ең сорақысы зымыран тасығыштың осы түрі тек Байқоңырдан ұшырылады да, Ресейдің өз ішінде жергілікті халықтың қарсы шығуына байланысты оларға тыйым салынған). Солардың  80-і сәтті өтіп, 10-ы апатқа ұшыраған, яғни әрбір 9-шы аппарат құлаған. Бұл ашық ауа мен жерге кем дегенде 6 миллион тонна гептил тарағанын білдіреді.  Арзан әрі сенімділігі төмен шетел протондарының Байқоңырдан әр ұшырылуынан Ресей 100 миллион доллар табыс табады. Жері ластанып, халқы уланып отырған Қазақстан Байқоңыр үшін алатын төлемақысы жылына 115 миллион доллар ғана.Оның өзін Мәскеу ақшалай емес, ескірген иә, жарамсыз техника түрінде беріп отыр. 

Байқоңырдағы былықтарға Ресей қарулы күштері жалға алып отырған 6 әскери полигонды, оларда жүргізіліп жатқан зиянды сынақтар мен жарылыстарды қосар болсақ, нәубеттің шын мәнісіндегі ауқымы жаға ұстатады. Биылғы көктемде елімізде киіктердің жаппай қырылғаны белгілі (150 мыңнан астам) және бұл апаттың үстінен дәл сол ресейлік ғарыштық және әскери зымырандар ұшатын өңірлерде орын алғаны кездейсоқтық емес. Немесе сөз болып отырған аймақ тұрғындарының арасында онкологиялық, жүрек-тамыр ауруларының, ана мен бала өлімінің деңгейі жалпы республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары тұруы, малдың қырылуы, «ұйқы дерті» секілді аномалиялардың жиілеуі де жайдан-жай емес.

Бұл аздай, Қазақстанда Ядролық отын банкінің (ЯОБ) ашылуы, жығылғанға жұдырық болып табылады. Қауіпті қойма Үлбі металлқорыту зауытында (ҮМЗ) орналаспақ. Бірақ ол елімізге ешқандай экономикалық не қаржылық пайда әкелмейді, өйткені ЯОБ аясында қордаланған материалдар түгелдей Атом қуаты бойынша халықаралық агенттік (МАГАТЭ) құзырына жатады. Басқаша айтқанда, біздің басшылық үшін «бұл атың шықпаса жер өрте» дегенге  келіп саятын әншейін имидждік жоба.

ЯОБ жайында сөз қозғағанда отандық шенеуніктер Қазақстанды Швейцариямын салыстыруға әуес. Швейцарлықтар ғаламдық қаржылардың қоры болса, біздер ядролық отынның ғаламдық қорына айналамыз дегендей сыңайда. Болмаса да ұқсап бағуға құмар шенеуніктерге бұндай теңеулер ұнамды көрінер. Бірақ ядролық істерге келгенде ойға дамыған елдер емес, Чернобыль немесе Фукусима сияқты мүлде өрескел мысалдар келеді. Назар аударарлығы ядролық технологиялардың қыр-сырын жетік білетін кешегі КСРО мен Жапонияның өздері аталмыш апаттардың алдын ала алмады. Ғылымның аса күрделі осы саласында тиісті дайындығы шамалы, мамандары тапшы Қазақстанға ЯОБ нендей зұлмат әкелетінін елестету мүлде қиын. Соны білгендіктен де әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттің біреуі де мұндай ұсынысты қабылдамады.

Дегенмен, биліктің ЯОБ бойынша алға тартатыны – бұл қауіпсіз, толық бақылаудағы орталық. ЯОБ қорғаушыларының дәйектемелері де таң қалдырады: Үлбі металлқорыту зауытында 40 жыл бойында мыңдаған тонна ядролық отын өндірілді. Сондықтан ЯОБ үшін қосымша әкелінбек 60-90 тонна төмен байытылған уран айналаның ядролық-радиациялық жағдайына айтарлықтай әсер ете қоймайды-мыс. Мұндай ақылсыз да жауапсыз ұстаным құрт ауруына шалдыққан науқасқа қосымша улы заттарды қабылдауды нұсқағанмен тең. 

Дерек көздеріне жүгінер болсақ, уранды байытуда қолданылатын негізгі шикізат уранның гексафториді өте улы және 53 градуста-ақ газға айналатын қоспа болып саналады. Атмосферада су буымен реакцияға түскенде оған ілеспе уранилфторид пен плавико қышқылы сынды қатерлі  заттар пайда болады. Олармен уланғанда бірінші кезекте адамның тыныс жолдары, бүйрегі, көзіне нұқсан келеді, жекелеген жағдайларда 30 тәуліктің ішінде олар адам өліміне әкелуі мүмкін. Ал бұл улардың таралу қарқынына келер болсақ, британ ғалымдарының есептеуінше өлімге дейін алып келетін мөлшер таралу көзінен радиусы 32 шақырымды алады. Ал ҮМЗ үшін белгіленген санитарлық-қорғаныс аумағы – бар болғаны 1 шақырым.   

Кез келген уранды байытудың нәтижесінде радиоактивті қалдықтар пайда болатыны әу бастан белгілі. Әдетте дайын өнімнің әр тоннасына шаққанда 10 тонна осындай зиянды заттар қалып отырады. Сол себептен оларды арнайы сақтау шараларымен қатар қауіпсіз тұрақты қалыпқа аудару қажет. Алайда Қазақстанда, тіпті ядролық технологиялар саласында әлдеқайда бай тәжірибе жинақтаған Ресейде ондай әдістемелер әлі жоқ. Демек, зиянды уран қалдықтары жыл сайын ұлғая беретіндігі, экологиялық ахуал одан әрі ушыға түсетіні анық.

Атом-ядролық сынақтардың, қырып-жою технологияларының тауқыметін басынан кешірген Қазақстан үшін оларды бүкіл әлемде болмаса да, өз жерінде тоқтату аман қалудың бірден-бір алғышарты. Осы ретте біз Қазақстан билігінің алдында келесідей талаптар қойып, Отанымыздың тағдырына бейжай қарамайтын әр азаматты осы көкейтесті мәселелерге қолдау білдіруге шақырамыз:

1.Гептилді пайдаланатын зымырандардың Қазақстанда ұшырылуын үзілді-кесілді тоқтатуды ресейлік тараптан талап ету. ҚР мен РФ арасында Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алу туралы келісімдерге осы аумақта тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін бірінші кезекте және толыққанды қорғайтын баптарды енгізу.  

2.Қазақстан аумағында  ұшырылатын кез келген шетелдік зымыранға қатысты ақпарат ашық болсын. Олар ұшырылатын және олардың қалдықтары құлайтын жерлерде экология мен жергілікті тұрғындардың денсаулығына келтірілетін ықтимал залалдың мөлшерін анықтайтын  арнайы қызметтер жұмыс істеуі қажет. Зымырандар салдарынан келеңсіздіктерге шалдыққан тұрғындарға мемлекет тиісті емдеу, айықтыру, өтемақы төлеу амалдарын қамтамасыз етсін.

3.Қазақстан жерінде орналасқан барша шетелдік әскери базалар мен полигондар жабылсын. Қазақстан шетелдік әскери күштерді орналастырудан адамемлекет ретінде жариялансын.

4.Аса қауіпті екені мойындалып, Қазақстанда Ядролық Отын Банкі жұмысын тоқтатсын. Сондай-ақ елімізде атом электр станциясын салу жоспарынан біржолата бас тарту керек. Бұдан үнемделген қаражат күн, жел секілді балама қуат көздерін игеруге жұмсалсын. 

5.Қоршаған ортаны ластау, оған қандай да залал тигізу тұрғысынан Қазақстандағы өндірістік орындар түгелдей мұқият тексерістен өткізілсін. Оның нәтижесінде белгілі болған заң бұзушылықтарға қатысты тек айыппұл салумен шектелмеу керек. Жиналатын экологиялық айыппұлдардың, оларды пайдаланудың мейлінше айқын да әділ болуы міндеттелсін. Айыпты кәсіпорындарға зиянды қалдықтарды залалсыздандыру бойынша халықаралық стандарттарға өтуі үшін нақты мерзімдер белгіленсін. Басқаша болғанда тиісті кәсіпорындар жабылсын, бұдан туындайтын еңбек ұжымдарының алдындағы борыштар тұтастай кәсіпорын қожайындарына жүктелсін.    

6.Жер мен жер асты суларының, өзендер мен көлдердің, ауаның ластануын көрсететін Қазақстанның экологиялық картасын жасау қажет. Еліміздің азаматтары денсаулықтарына қандай қауіп-қатер төніп тұрғанын, бұның кімнің кесірінен болып отырғанын білуге құқылы.

7.Қазақстандағы экологиялық  ахуалды үнемі шолып, бақылап, туындап отырған түйткілдерді дер кезінде шешіп отыру мақсатымен Үкімет жанында мемлекеттік орган деңгейіндегі қоғамдық комиссия құрылсын. Оған тәуелсіз экологтар, қоғамдық қайраткерлер, ғылыми орталардың өкілдері және Қазақ ұлттық кеңесінің мүшелері енгізілсін.      

 

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963