АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ТҮСІ ҺӘМ ҚАСҚЫР - АРМАН
Қазақта «таңда көрген түс тегін болмайды» деген сөз бар ғой. Сол рас сөз. Абылай хан бабамыз да тарихтағы әйгілі түсін таң біліне көрген. Сол түсі бүгінде айна қатесіз орындалып жатыр. Бір кездері арыстандай ақырған, жолбарыстай жұлқынған, қасқырдай қайсар ұлттың ұланы бордай тозып барады. Құрт-құмырсқа, бақа-шаян денгейінде ұсақталып кетті.
Бұхар жырау атақты ханның түсін жорығанда «бірнеше ғасырдан кейінгі ұрпағыңыз дәл осындай деңгейге түседі» дегенін білесіздер. Бүгінде Абылай ханның түсі жайлы әңгіме бола қалса, «құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналмаған неміз қалды. Түстің жоруы солай болған соң, енді не амалымыз бар? Бұл да бір болуы тиіс заман, шамасы» деп шарасыздық танытады. Көбінесе ұлтжанды азаматтардың осылай ой толғайтыны қабырғамызға бататынын жасырып қайтеміз. Әрине, кемшін тұсыңды мойындау – ұлы қасиет! Өресі тар адам ғана, орынсыз тәкәпарлыққа бой алдырады. Мойындаудың өзі сол кемшілікті жоюға деген талпыныс қой. Бірақ, шарасыздық танытуымыз дұрыс па? Ұлтымыздың ендігі тағдыры осындай болады, ұсақталып бітеміз деген мойынұсыну – қанды кие тұтатын кейбір өскелең ұрпақтың өзін осыған іштей дайындала беруіне мәжбүрлемей ме? Бала жастан сондай әңгімені естіп өсіп, санада соны бағдарлама қылып қабылдаған жаннан ертең қандай қауқар күтеміз? Ұлттың болашағына балта шабудың бұдан өзге сорақы тәсілі де бола қоймас, сірә...
Арыстанның айбаты, қасқырдың өр қайраты енді ұлтымыздың бойынан көрініс бермей ме, сонда? Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Шындығында Абылай ханның түсі айналып келіп отыратын цикл. Яғни, сол түс ұсақ жәндіктермен тоқталмайды, айнала береді. Келесі кезеңде біз арыстанның, яки жолбарыстың кезеңіне көшеміз (кейбір нұсқада Абылай ханның түсі арыстаннан басталса, келесі бірінде жолбарыс, аю, қасқыр болып әрі қарай жалғасып кетеді). Атақты психотерапевт, гомеопат Валерий Синельников өзінің «Возлюби болезнь свою» атты кітабында әр сөздің санаға қаншалықты әсер етіп, белгілі бір мақсатпен үнемі айтылған сөздер адамның миында бағдарлама болып қалыптасатынын, әр тұлға сол өзі қалыптастырған бағдарлама негізінде өмір сүретінін өмірден алынған тәжірибелік жағдайлармен керемет дәлелдеп шыққан ғой. Қарсы уәж айта алмайсың. Сондықтан әр сөздің санамызда жеміс беретінін ескеріп, оны мақсатты пайдалғанған дұрыс болар еді. Осы тұрғыда Абылай хан бабамыздың түсін өскелең ұрпаққа айналып келетін цикл ретінде түсіндіргеніміз жөн. «Рас, қазір біз бақа-шаян дәуірінде тұрмыз. Сәл уақыттан кейін арыстан кезеңіне ауысамыз. Мына сен, келесі арыстан кезеңінің өкілісің, өскенде өзің сияқты арыстандармен иық теңестіріп, ұлттың айбарын асыруға тиіссің» деп ұрпақтың үнемі санасына сіңіруге тырыссақ, алаштың арыстандай тұлғаларын үлгі қылсақ, арыстандай ұлдар өсіп шықпайды деп кім айта алады?..
Ұлттық мәселелер талқыланған үлкен жиындарда, әсіресе жасөспірімдермен бас қосқанда осындай әңгімелер жиі өрбісе, олардың санасында «мен арыстан тектес адам болуым керек» деген бағдарлама қалыптасып, соған ыңғалайып өзін тәрбиелеп өспес пе. Сөйтіп, бір-бірімізді тәрбиелеп, текті ұлттың келешегін кемелдендіре түсер едік.
Көкейде ұлып жүрген қасқыр-арман ғой бұл...
Меңдолла ШАМҰРАТОВ
Abai.kz