Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 4974 0 пікір 28 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ЖАҢА ЕҢБЕК КОДЕКСI ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыстық кәсiподақтар орталығының мәжiлiс залында облыстық еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарма басшысы, облыстың бас мемлекеттiк инспекторы Б.Есқараевтың төрағалығымен «Қазақстан Республикасының Жаңа Еңбек кодексi» тақырыбында «Дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi, - деп хабарлайды "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Жиынға салалық кәсiподақ бiрлестiктерiнiң басшылары мен белсендiлерi, кәсiподақ комитеттерi мен бастауыш кәсiподақ ұйымдарының төрағалары және БАҚ өкiлдерi қатысты. «Дөңгелек үстел» мәжiлiсiн облыстық кәсiподақтар орталығының төрағасы Досыбай Шерiмқұлов жүргiзiп отырды.

– Талас тудырып отырған мәселе еңбек кодексiнiң 51-бабында болып отыр. Онда мекеме өзiнiң экономикалық мүмкiндiктерiне қарай жұмыскердi жұмыстан шығаруына болады делiнген. Бұл арада, мекеме басшылығының құзыреттiлiгi арта түскен. Кей жағдайда жеке бастың келiспеушiлiгi салдарынан да жұмыскерлер қызметiнен шеттетiлiп қалуы мүмкiн. Бұл ретте жергiлiктi кәсiподақ ұйымдары белсендiлiк танытып, жұмыскерге қатысты шешiмнiң анық-қанығына әдiлдiк тұрғысынан қарағаны жөн, – дейдi облыстық еңбек инспекциясы жөнiндегi басқарма басшысы, облыстың бас мемлекеттiк инспекторы Бастар Есқараев.

Жиын барысында жаңа еңбек кодексi төңiрегiнде әлi де талдап-сараптауды қажет ететiн мәселелердiң көп екендiгiне тоқталған Д.Шерiмқұлов түрлi еңбек дауларына байланысты өз пiкiрiн ортаға салды.

– Жыл басынан берi жаңа еңбек кодексi туралы түрлi мекемелерден ұсыныстар мен пiкiрлер жинақталып, ай соңында Парламентке ұсынылғалы отыр. Басты мақсат – еңбек заңдылығының сақталуын қадағалау. Осы арқылы халықтың құқығын қорғау. Еңбек даулары, оның туындау себептерiн анықтап, шешу жолдарын көрсетiп беру болатын. Бүгiнде көп кездесетiн проблема–жалақы мәселесi. Оның 50 пайызы жалақы берiлмеуiнен болса, 38 пайызы жалақының мөлшерiне байланысты болмақ. Мұның барлығы жұмыс берушiлердiң заңды бiлмейтiндiгiнен туындап отыр. Бiз жаңа еңбек кодексiнде осындай түйткiлдердi де негiзге алдық, – дейдi облыстық кәсiподақтар орталығының төрағасы Досыбай Шерiмқұлов.

«Дөңгелек үстел» мәжiлiсiнде жазатайым оқиғаларда зардап шеккен жұмыскерлердiң құқығы туралы да сөз болып, қызметкер еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру керек екендiгi айтылды. Жаңа еңбек кодексiнде, егер жұмыскер жазатайым зардап шеккен жағдайда 24 сағат iшiнде жергiлiктi еңбек инспекциясына хабарласса, арнайы бұйрық шығарылған жағдайда өтемақы алуына болатындығы айтылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315