ХАН КЕНЕ ҚАЙТЫП КЕЛЕ МЕ?
Қоғам белсендісі, Ғ. Мүсірепов атындағы қордың төрағасы Ғабиден Жәкей әлеуметтік желідегі парақшасында: «Санкт- Петербургтен ҚАСИЕТТІ КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ басын туған жеріне қайтару үшін құрылған Қазақ - Ресей қоғамдық бірлестігі бүгін үлкен ұйымдастыру шараларын жасауда! Жақсы хабар, Ресей мемлекетінің құзырлы орындары ресми хат арқылы көмек беретінін айтыпты» деп жазды.
Біз осы сөздің мән-жайын білмек болып, Санк-Петерборда жұмыс істеп жатқан бірлестіктің мүшесі Айжан Кеңеске хабарласқан едік. Айжан бірлестіктің Хан Кене басын елге қайтарып алу мақсатында жұмыс жасап жатқандығын, алдағы күндері бесіктегі бала тебіреніп қуанатын хабарды елден сүйіншілеп сұрауымыз мүмкін дегенді айтты.
«Ханның басы жұртына қайтса, баһадүр ханның рухы да елге оралар деген үміттеміз. Алайда, «бабамыздың басын елге әкелу оңай емес» , - дейді жазушы Думан Рамазан.
Хан бабасының басын іздеп бірнеше рет экспедициялық сапарларға шыққан жазушы бас сүйектің Санкт-Петербор қаласындағы Эрмитаждан алынып Мәскеудегі мемлекеттік құпия қоймаға қойылғанын айтады.
- Аталған қоймаға кіру мүмкін бе? – деп сұрады Abai.kz сайтының тілшісі жазушы Думан Рамазаннан. - Мүмкін емес.
– Неге?
- Өйткені бұл қойма РФ-ның Қауіпсіздік қызметінің құзырында. Ол қоймаға біз түгіл ресейліктердің өзі бас сұға алмайды.
- Ресей Ханның басын неге қайтармай отыр?
- Бұл енді ұзақ әңгіме. Қысқасынан қайырғанда, бүгін заман басқа, заң басқа, заманауи қоғамда өмір сүріп отырмыз десек те Ресей бұрынғыны ұмытпайды. Кене ханның басы олар үшін «қазақты шауып алдық, сол шауып алған елдің рәміздік белгісін қолымызда ұстап отырмыз» дегенге саяды. Ханның басы еліне қайтса, қазақтардың рухы күшейіп кете ме деп те сескенеді.
- Сонда бас сүйекті елге алып келу мүлде мүмкін емес пе?
- Мүмкін. Бірақ ол екі елдің басшыларының немесе премьер-министрлерінің өзара келісімдерінің деңгейінде ғана мүмкін болуы ықтимал.
Сонымен, Хан Кененің бас сүйегі қайтып келе ме? Бұл сұрақты енді Санкт-Петерборда бірлестік құрып, жұмыс істеп жүрген Айжан ханымнан да сұрап көрмекпіз.
Abai.kz