УАҚЫТША ҮКІМЕТТІҢ ЖЕР САЯСАТЫ ЖӘНЕ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ
Қазақ демократиялық интеллигенциясы үшін әр уақытта ең негізгі мәселе — жер мәселесі болды. Патша үкіметі, оның мұрагері болған Уақытша үкімет, ең соңында Кеңес үкіметі мен қазақ демократиялық интеллигенциясы арасындағы кейде ашық, кейде астыртын жүріп отырған күрес, арбасулардың түп-тамыры, қайнар көзі осы жер мәселесі еді. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бұл мәселенің қазақ елі үшін қоғамдық маңызын ғылыми тұрғыдан өз дәрежесінде көтеріп және терең түсіндіріп берген қайраткер, ғалым, әрине, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары қызметінде жүргенде де ол үшін жер мәселесі ең негізгі мәселе болып қала берді. Олай болса, Ә.Бөкейханов бұл кезеңде жер мәселесін қалай түсінді және оны шешудің қандай жолдарын ұсынды? Енді осы сауалға жауап іздеп көрелік.
Уақытша үкімет қайшылықты, әлжуаз билік екендігін, ал қайсыбір қоғамдық мәселелерді шешуге келгенде патша үкіметінің тікелей мұрагері болғандығын, әсіресе жер саясаты анық көрсетіп берді. Жеңіске дейін соғысу саясатын жүргізе отырып, ол екі бірдей оттың ортасында қалды. Бір жағынан, үкімет соғыс жағдайында әскерді және ішкі сұранысты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шаруалардың талап-тілегімен аз да болса есептесуге мәжбүр болса, екінші жағынан, ол орыс буржуазиясы мен билеуші топтарының үкіметі бола отырып, жер мәселесін демократиялық негізде біржола шешуді Құрылтай жиналысына қалдырды. Министрлер Кеңесінің төрағасы князь Львов 1917 жылғы 15 сәуірде барлық облыстарға жіберген № 72228 жарлығында «шаруаларға өздеріне тиесілі жерге егін салуға кедергі жасалынбасын, жерге байланысты мәселелерді әркім өз бетінше шешпейтін болсын, елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажет жағдай қалыптастырылсын» деп көрсетіп, ал жерге байланысты дауларды шешіп отыру үшін болыстық және уездік комитеттер жанынан егіншілер мен жер иеленушілерден құралатын татуластыру комиссияларын құруды ұсынды. Бұған қосымша Егіншілік министрлігі «жер аз, яки жерсіз шаруалар жер жыртып, егін егу үшін бос жерлердің бәрін жерге мұқтаж шаруалар биылша пайдалансын» деген нұсқау береді. Бұл шаралар, біріншіден, шаруалардың белгілі бір бөлігінің таптық наразылығының бәсеңдеуіне ықпалын тигізсе, екіншіден, азық-түлік тапшылығын аз да болса шешуге жағдай туғызған еді.
Мұндай шаралардың 1916 жылғы көтерілістен кейін қазақ облыстарындағы ұлтаралық шиеленісті бәсеңдету мақсатында да қарастырылғандығын байқаймыз. Осы жылдың 3 сәуірінде егіншілік министрінің орынбасары Волков Ақмола, Семей, Орал, Торғай, Жетісу, Сырдария және Томск облыстық переселен мекемелеріне 1038-нөмірлі жеделхат жіберіп, онда жер мәселесін Құрылтай жиналысы шешкенге дейін қазақ пайдасында тұрған жерлерден екі жақ ынтымақтасып, ризашылықпен келіскен орындарда ғана болмаса, жер кесу тоқталады. Заманның осындай ауыр шағында қазақтың мал шаруасының құтын шайқамас үшін бұрын алынған, бұл күнге дейін мұжық орнамаған һәм жазылмаған учаскелер қазақ ауылдық қоғамдарының пайдалануына биылша тегін берілсін" деп көрсетілген еді [1,119 б.].
Сөйтіп, мамыр айында бүкіл империя көлеміндегідей, қазақ облыстарында да жер комитеттерін сайлау науқаны басталып кетті. Бұл шын мәнінде аса маңызды саяси шара болатын. Өйткені Уақытша үкімет Құрылтай жиналысына ұсынбақ болған жер реформасына байлагысты құжаттың мазмұны жергілікті жерлердегі комитеттердің бұл мәселеге байланысты өз мүдделерін қоя білуі мен оны өткізе алуына көп тәуелді еді. Қазақ демократиялық интеллигенциясы Уақытша үкіметтің жер комитеттерін құру туралы шарасын осы тұрғыдан қабылдады. «Қазақ» газеті сәуір айынан бастап Уақытша үкіметтің жер комитеттері туралы ережесін, оларды құру жолдары мен тәртібін түсіндіруді көздеген түрлі материалдар жариялай бастайды. Ал оның 1917 жылғы 24 маусымдағы санында 1 шілдеден бастап бүкіл қазақ облыстарында жүретін ауыл шаруашылығы есебіне байланысты бір топ қазақ зиялыларының «Қазақ халқына (Есеп алу тақырыпты)» атты үндеуі жарияланады Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Жәнібеков, С.Кәдірбаев, Е.Омаров, Е.Тұрмұхамедов және Н.Бегімбетов қол қойған бұл үндеу ең алдымен халыққа жүргелі тұрған санақтың мән-жайын түсіндіруді көздеді. «Бұрын өкімет есеп аларда, қазақ сенбейтін еді» деп көрсетілді үндеуде. — «Жеріміз мол, егінді көп саламыз десек, жерден айрыламыз ғой» деп қорқатын еді. «Малымызды көп көрсетсек, алым-шығын көп түседі» деп жасыратын еді. Адам есебін алатын болса «неге адам есебін алады, бізден солдат алғалы жүрмесін» деп сезіктенетін еді. Қысқасы, қазақ ескі өкіметтің расына да, өтірігіне де бірдей сенбейтін еді. Онысының қисыны да бар еді«, — деген ойды білдіріп, одан ары заманның өзгергенін, ендігі жағдайда санаққа бұрынғы көзқараспен қарауға болмайтындығын айтып, оның нақты және дәрежелі себептерін келтіреді [2,77 б.].
Ал осы уақытта Уақытша үкіметтің жергілікті орындардағы жер саясаты қандай күйде еді? Бұл ретте ең алдымен көзге ұратын жағдай — Уақытша үкіметтің қазақ облыстарындағы жер мәселесінде ескі үкіметтің саясатын кішкене де болса өзгертуге құлықсыздық танытқандығы. Анығырақ айтқанда, ол бұл салада патшалық биліктің мұрагері еді. Мұны неден байқауға болады?
1) Уақытша үкімет революцияға дейінгі қазақ облыстарындағы жер мәселесінен жақсы хабарлар бола отырып, революциядан кейінгі уақытта өткен облыстық қазақ съездерінің ішкі Ресейден орыс шаруаларының қазақ жеріне қоныс аударуына шек қою, переселен мекемелерін жою, сөйтіп, жер мәселесін белгілі бір жүйеге келтіру туралы өтініштеріне құлақ аспады. Мәселен, мамыр айының орта тұсына қарай облыстық комиссарлар атына жарлық ретінде мынадай мазмұндағы жеделхат таратылды:
«Прошу оповестить Исполнительные Комитеты, общественные организации, что в целях удовлетворения разнообразных нужд переселение и поддерживания неокрепших переселенческих хозяйств, участников войны необходимо сохранение в неприкословности переселенческой организации и безостановочная ее деятельность. Все отпускаемые сметы и кредиты для нужды переселения могут быть расходуемы по закону исключительно через заведывающими районами, которые ответствуют за правильное их расходование... За министра Земледелия Волков. Чиновник особых поручений Переселенческого Управления Гедымин» [3,97 б.].
Мұндай сипаттағы саясатты жүргізудегі мақсат патша үкіметінің Қазақстан сияқты шет аймақтардағы отарлау саясатында қол жеткен жетістіктерді біржола бекіте түсу, сол арқылы империялық үстемдіктің жаңа түрін қамтамасыз ету еді. Осы мүддені көздеген орталық Переселен басқармасы 1917 жылы 29 наурызда № 11 жарлық түріндегі қатынас хатымен өзінің облыстық мекемелеріне жаңа қалыптасқан жағдайға байланысты тез арада қоныс аударушылар үшін дайындалған учаскелердің көлемі мен құрамын анықтауға бағытталған шараларды іске асыруды тапсырады. Осы нұсқауды орындау мақсатында өткізілген Жетісу облыстық переселен мекемелері қызметкерлерінің жиналысында мынадай шешімдер қабылдады:
«І. Әлі де пайдалынылмай жатқан жер қорларын түгел есепке алып, бұрынғы дайындаған учаскелерді қайта қарау үшін барлық шағын аудандарда арнайы комиссия құрылсын... ІІ. Жер қорын нақты пайдалану үшін бұратаналарды да, ескі орыс тұрғындарын да және жаңа қоныстанушыларды да жаппай жерге орналастыру қажет» [4,64 б.].
Көріп отырғанымыздай, бұл құжаттан жер мәселесінде патша үкіметі ұстанған негізгі екі бағыт өз жалғасын тапқан. Олар, біріншіден, сол бұрынғыдай қоныс аударушыларды орналастыратын жер қорларын дайындау, екіншіден, сол қорларды молырақ жасау үшін қазақтарды жаппай жерге орналастыру.
2) 1917 жылы қыркүйек айында Алматыда болып өткен Жетісу облыстық қазақ съезі 1916 жылғы көтерілістің себеп-салдары туралы мәселе қарап, көтерілістің шығуына бірден-бір себеп болған Велецкий басқарған облыстық переселен мекемесінің «қазақ халқын жақсы жерден махрум» қалдыруды көздеген қаскүнем саясаты екендігі айтылып, съезд Министрлер Кеңесінің Төрағасы мен егіншілік министріне Велецкийдің ісін тексеріп, өзін жауапқа тартуды сұрайды. Ал бұл кезде Велецкий мырза Орынбор губерниялық Мемлекеттік мүлік мекемесін басқарушы еді.
Міне, осы сияқты бұрынғы патша чиновниктерінің жаңа билік тұсындағы отаршыл іс-әрекетін баяндайтын фактілерді басқа облыстардан да келтіруге болатын еді.
3. Уақытша үкіметтің переселен мекемелер жүйесін сақтап қалудағы тағы бір мақсаты ақпан революциясынан кейінгі айларда жаңа орынға қоныс аударған шаруалардың арасында, кейін ішкі Ресейге қайта көшу туралы қозғалыс бас көтере бастайды, соған жол бермеу еді. Егіншілік министрлігі мен Переселен басқармасы 1917 жылы маусымда жергілікті билік орындарына жолдаған № 367 ресми хатында «Оралдың арғы ьетіне барып орналасқан қоныс аударушылардың арасында соңғы кезде отанына қайтып тез арада помещиктер жерін бөліске салу ниетінен туындаған қозғалыс байқалады. Қоныс аударушылардың қайсыбірі жаңа жерде жинаған мүліктерін жаппай сатып, салған егіндік жерлерін, пішенін тастап, Ресейдегі помещиктер жерін бөліске салу үшін асығыс қайтуда» деп көрсетіп, бұл қозғалысты өріс алдырмай тоқтатуға қажет шараларды іске асыруды өтінеді.
Переселендерді ішкі Ресейге қайтармау шараларын 1917 жылы маусым айында өткен Жетісу облыстық орыс шаруалары съезі де қарастырды. Съезде баяндама жасаған облыстық переселен мекемесінің бастығы Гончаревский орыс шаруалары кейін Ресейге қайта көшіп помещиктік, мемлекеттік, монастырлық және басқа жерлерді бөліске салған күннің өзінде Жетісудағыдай құнарлы жер үлесі оларға тимейтіндігін жан-жақты негіздей келіп, облыста аграрлық мәселені шешудің мынадай жолын ұсынады: «Орыс селоларының мұқтажын өтеуді бірінші кезекке қоя отырып, оларға қазақ пен қырғыздардың жарамды егіс жерлерді мен шабындықтарынан кесіп әперу керек. Бұл іспен жер комитеттері шұғылданып, біраз жер Құрылтай жиналысына дейін-ақ бөлініп берілуге тиіс, ал мәселені біржола Құрылтай жиналысы шешеді» [5,27 б.].
Сонымен, қорыта айтқанда, Уақытша үкімет және оның жергілкті мекемелері жер мәселесін Құрылтай жиналысына қалдырғанымен, шын мәнінде ашықтан-ашық отарлау саясатын ұстанды, ал Орталық Переселен басқармасы бастаған ескі патша чиновниктері бұрынғы билік тұсында істеп үлгермеген істерін Құрылтайға дейін орындап алуға тырысты.
Әрине, қазақ демократиялық интеллигенциясының Уақытша үкіметтің жер саясатына көзқарасы, ақпан және қазан революциялық өзгерістері аралығында бір күйде болды десек қателікке ұрынар едік. Егер олар шілде оқиғалары дәне шілдедегі бірінші жалпықазақ съезіне дейін жер мәселесін жаңа билік шеңберінде, Құрылтай жиналысы арқылы шешуге сенімді болса, жағдай мүлдем шиеленісіп кеткен 17-жылдың екінші жартысында бұл мәселенің біржола шешілуін ұлттық мемлекеттік дербестікпен байланыстыра қарады.
Ә. Бөкейханов 1917 жылғы көктемде Торғай облысында болған жер дауларына жиі араласып, қазақтарға басу айтып, тек заңдық негізде ғана әрекет жасауды қатаң түрде талап етеді. Оның мұндай айқындамасын Илек болысы № 2 ауылы қазақтары 1917 жылы 13 мамырда облыстық управа төрағасы Ткаченко мен оның орынбасары Қадырбаевтың қатысуымен қабылданған шешімге келіспейтіндітерін білдіреді. Даудың тіптен өзара қақтығысқа апаруынан қауіптенген Ә.Бөкейханов № 2 ауыл қазақтарына: «...Орыс пен қазақ жерлері арасына соқамен жыртылып шеп тартылатын болады, одан ары қазақтар малдарын жіберіп, пішен орып, егін екпейтін болсын.
Орыстармен ұрыспай, жарасымды өмір сүруді өтінемін. Өйтпеген жағдайда қазақтар жазаланатын болады» деп жазды.
Ал қазақтарға көрші орыс селосының Азаматтық Комитетіне жазған қатынас хатында: «...В настоящее переходное время в интересах государства и закрепления завоеванных свобод необходимо, чтобы все граждане России без различия партии, национальности и вероисповедения, жили между собою в ладу, помогая по силе возможности друг другу.
Поэтому прошу граждан участка № 434 принять свои меры, чтобы не было никаких столкновений и недоразумений на земской основе...» деп, оларды да өзара жарасылымдыққа шақырды [6,37 б.].
Шілде айынан бастап Ә.Бөкейхановтың жер және басқа қоғамдық мәселелерге байланысты көзқарасы принціптік өзгерістерге ұшырайды. Оған себепші болған, біріншіден, Уақытша үкіметтің жалпы империя көлеміндегі саяси процестерді игеру қабілетінің күн өткен сайын төмендеуі болса, екіншіден, өз құрамына енген кадеттер партиясы мен мақсат-мүддесі айқындала түскен ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі принціптік мәселелерде өзара жітінің алшақтай түсуі еді. Егер империя көлемінде мемлекеттік тәртіптің анархиялық көріністерге орын бере бастауы ұлттық мемлекеттік дербестік туралы мәселені неғұрлым батылырақ қоюға итермелесе, ұлттық бостандық үшін күрес қарқынының өсуі көптеген мәселелерді, соның ішінде, ең алдымен, жер туралы мәселені ашық-анық, ұлттық мүдде тұрғысынан дербес көтеруді талап етті, бұдан былайғы оқиғалар ағымы ресейлік саяси ұйымының жетегінде жүруді көтермеді.
Ә.Бөкейхановтың бұл кезеңдегі жер мәселесіне байланысты көзқарасы, белгілі дәрежеде, шілдедегі бірінші жалпықазақ съезінің шешімдерінде, сондай-ақ одан кейінгі уақыттағы жазған материалдарында, әсіресе «Жалпы Сібір съезі» атты мақаласында айқын көрінді. Шілдедегі жалпықазақ съезінде ол кадет партиясы құрамынан шығуының басты себебі есебінде жер мәселесін келтіріп «Кадет» партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де жөг дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді" деп түсіндіріп, қазақтарда мүліктенген жердің болмауын, жердің ауылға, болысқа берілуін жақтады.
1917 жылдың күзіне қарай Ә.Бөкейхновтың қазақ елінің болашақ мемлекеттік құрылымы туралы көзқарасы да белгілі бір жүйеге түсіп қалғанын байқаймыз. Ол өзінің бұл мәселеге қатысты көзқарасын Сібір съезінен қайтар жолда Семейдегі қазақ жұртшылығымен болған кездесуде сөйлеген сөзінде баяндайды. Оның қысқа мазмұны мынаған саяды:
1) Ресей көп ұлтты, үлкен мемлекет. Оның құрамында,ы әрбір халықтың төл даму жолынан, күнделікті тіршілігінен туындап жатқан өз ерекшелітері бар. Ал «осындай тілі, жаратылысы, жаны бір-бірінен бөлек халықтарды бір топ кісі қандай ақылды болса да, бәрінің керегін біліп, бәріне лайықты заң жасап, бір орталықтан басқара алмайды. Лайықты заңды өздеріне өзері ғана жасай алуға мүмкін». Жалпыға бірдей қолайлы заң шығаратын орын — Құрылтай жиналысы.
2) Құрылтай жиналысына қазақ елінен сайланған депутаттар Ресей мемлекетінің автономиялар (өз билігі өзінде) одағы болуын қолдағаны жөн Ал «автономия үш түрлі: 1) қаны біркелкі, 2) жері біргелкі, 3) шаруасы біргелік».
3) Қазақ елі жеке автономия алуға әзір емес. Өйткені «автономияны жүргізіп әкетерлік кісіміз тіпті жеткіліксіз, қазақтың жалпысын тарих даярлаған жоз». Сондықтан қазақ елі «жері біргелкі автономияны қабылдапСібірге» қосыла тұрады. Қай күні өзін-өзі басқаруға жараса, сол күні Сібірден бөлініп автономия алмақ.
Ә.Бөкейханов бұл сөзінде қазақ облыстарының Түркістанмен бірігіп автономия құруына үзілді-кесілді қарсы. Оның пікірінше, бұл екі жақ та мәдениетінің төмендігіне байланысты өздерін-өзі басқаруға даяр емес. Ал қосылған күнде , инициатива діни реакциялық күштердің қолына ауып кетуі толық ықтимал.
Ә.Бөкейхановтың бұл айтылған пікірлері қайшылықсыз емес-тін. Оны көп ұзамай уақыттың өзі-ақ көрсетіп берген болатын. Ол жөнінде әңгіме келесі тарауда болмақ. Біз әзірге Уақытша үкімет комиссары Ә.Бөкейхановтың 17 жылдың күзіне қарай қоғамдық көзқарасында болып өткен өзгерістерді баяндаумен тоқталмақпыз.
Ә.Бөкейхнов 1917 жылы 15 желтоқсанда, яғни оны Алашорда үкіметінің төрағасы етіп сайлаған екінші жалпықазақ съезі аяқталған күннің ертеңіне комиссарлық қызметтен отставкаға кететіндігін мәлімдеді. Бұл, әрине, оның саяси қайраткерлік жолындағы тағы бір кезеңнің аяқталуы ғана емес, сонымен бірге осы уақытқа дейін өзі алдына мақсат етіп қойған мүдделер үшін күрестің жаңа жағдайда, келесі жаңа кезеңнің басталуы еді.
Орынбекова.Р.Ж., студент, ғылыми жетекші:
Бейсенбекова.Н.А., т.ғ.к. доцент, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қарағанды қ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Жанпеисова Ж., Тенисбаев К. Казахская национальная интеллигенция в востании 1916 года /- Алматы: Жалын, 1997.- 134
2. Омарбекұлы С. «Алаш» шаңырағын бірге көтеріскен / С.Омарбекұлы // Ақиқат.- 2001.- № 4.- 55 бет.
3. Абжанов Х.М. Сельская интеллигенция Казахстана в условиях совершенствования социализма / Х.М.Абжанов.-Алматы: Ғылым,1988.-188 с.
4. Озғанбаев Ө. Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан / Ө.Озғанбаев.- Алматы: Нұрлы Әлем, 1997.- 360 бет.
5. Есмағамбетов К. Л. Азат рухтың күрескері / К.Л. Есмағамбетов.- Алматы: Өркениет, 2003.- 176 бет.
6. Тоғжанұлы Ғ. Абай / Ғ.Тоғжанұлы.- Алматы: Қазан, 1935.- 163 бет.
© e-history.kz