Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3952 0 пікір 2 Тамыз, 2015 сағат 02:00

АУЫЛ ӘКІМДЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК АРТТЫ

Облыс әкiмi А.Мырзахметовтiң аудандарға сапары жалғасуда деп хабарлайды ОҚО баспасөз қызметі. Шардарада өткен кеңейтiлген жиында аймақта алғашқы жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар мен хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы аудан әкiмi Қ.Айтөреевтiң есебi сараланды. Мәжiлiске облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Ержан мен басқарма басшылары және аудандағы бөлiм меңгерушiлерi, ауыл әкiмдерi қатысты.

2013-2014 жылдары Шардара ауданында 19 әлеуметтiк нысан пайдалануға берiлген. Осы ғимараттардың бүгiнгi күйi қандай, оларды салған мердiгерлiк ұйымдар берген кепiлдiк мерзiмi iшiнде қандай жұмыстар атқарылуы керек? Осы сауалдар әрбiр ауыл әкiмiн, жауапты сала басшысын мазалауы керек деген өңiр басшысы қазiрдiң өзiнде Жаушықұм ауылдық округiнде ашылған мектеп-интернатында, Шардара қаласындағы орта мектеп пен спорт кешенiнде құрылыс барысында жiберiлген кемшiлiктердiң анықталғанын мәлiмдедi. Ал, жергiлiктi билiк облыстық басқармаға бұл жөнiнде бiрде-бiр ақпар жолдамаған. Ауыл әкiмдерi мен жауапты сала басшыларына құрылысы аяқталған және құрылысы жүрiп жатқан әлеуметтiк нысандарды үнемi қадағалау керектiгiн айтқан өңiр басшысы қатаң бақылаудың арқасында мердiгер мен техникалық қадағалау мекемелерiн тәртiпке шақыруға болатынын жеткiздi. Одан бөлек мердiгерлер мемлекет есебiнен салынған нысандарда қазақстандық құрылыс материалдарын қолдану керектiгiне баса назар аударды. Бүгiнде Шардара қаласының «Әсем» шағынауданындағы 23,6 гектар аумақта тұрғын үй құрылысын жүргiзу үшiн жер телiмдерi қарастырылып, қажеттi инфрақұрылым тартылған. Мұнда 46 арендалық үй салу жоспарланып, он үй пайдалануға берiлген. Қалған 33 үйдiң құрылысы кешеуiлдеуде. Осы кемшiлiктер бойынша аудан әкiмiнiң орынбасарына ескерту берiлдi.

Сәулеттiк жобалар бойынша аудан әкiмiнiң төрағалығымен жыл басынан берi небәрi бiр-ақ мәжiлiс өткiзiлген. Аудан орталығы мен аймақтағы халқы көп шоғырланған елдi мекендердi абаттандыру, сәулеттiк келбетiн айқындау бойынша мұндай кеңестер тұрақты өтуi керектiгi ескертiлдi.

Есептiк жиында тұрғын үй-коммуналдық саласына қатысты жұмыстар талданып, жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жүргiзiлген 9 көпқабатты тұрғын үйге бөлiнген қаржыны қайтару жөнiнде нақтылы кесте жасау жүктелдi. Ауданда туризм мүмкiндiгiн арттыру бағытында әуежайды iске қосу жөнiнен әзiрленген жобаларды тереңiнен талдап, саралау, тиiмдiлiгiн нақтылы есептеу тапсырылды.

Бүгiнде Шардарадағы ауызсу құбырлары тозған үш елдi мекенге қаржы бөлiнiп, құрылыс жұмыстары басталған. Ал, Жаушықұм елдi мекенiнде жерасты су көздерiне геологиялық барлау жұмыстары қолға алынған. Осы орайда А.Мырзахметов су айдыны көздерiн тиiмдi пайдалануда, оны ауызсу ретiнде қолдануда су тазалау қондырғыларын орнатудың жобалық есебiн жүргiзудi тапсырды. Салада жол берiлген кемшiлiктер жөнiнде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлiмiнiң басшысына ескерту берiлдi.

Аудандағы балық ресурстарын қорғап, тиiмдi пайдалануға, сұғанақтықтан қорғауға байланысты стандартқа сай келмейтiн балық аулау құралдарын шектеу жөнiнде бiр апта iшiнде арнайы талаптар қабылдауды мiндеттедi.

Ауыл шаруашылығы саласында жылыжай кешендерiне талдау жүргiзiп, өндiрiлген өнiмнiң өзiндiк құнын төмендете отырып, бәсекелестiк қабiлеттiлiгiн арттыру жүктелген. Ауданда бұл жұмыстар атқарылмаған. Сонымен қатар шалғайда бос жатқан жерлердi игеру мақсатында 25 құдық қазу межеленгенiмен, уақтылы қолға алынбаған. Ұзындығы 83 шақырымды құрайтын 7 канал жөндеудi қажет етедi.

Ауданда 4,7 мың гектар жер игерiлмеген. Бау егу жұмыстары 31 пайызға ғана орындалып, 20 гектарда қарқынды бау егу жұмыстары қолға алынбаған. Шағын мал бордақылау алаңдарын ашу жоспары 65 пайызға, отбасылық сүт аулаларын құру межесi 60 пайызға ғана орындалған. Ветеринария қызметiнде қауiптi аурулардың алдын алу бағытында залалсыздандыру жұмыстары сапасыз атқарылған. Саладағы осы және өзге де кемшiлiктер бойынша ветеринария бөлiмiнiң басшысы мен екi ауылдық округтiң әкiмiне сөгiс берiлдi.

Соңғы жылдары ауыл әкiмдерiнiң атқаратын қызметi кеңейтiлiп, қазiрдiң өзiнде оларға 68 функция берiлдi. «Бұл ауыл әкiмдерiне жүктелген жауапкершiлiктiң артқанын көрсетедi» деген А.Мырзахметов ең алдымен оларға аумақта атқарылып жатқан жұмыстарға бақылауды күшейтудi тапсырды.

 Абай-ақпарат

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322