Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Қоғам 13283 0 пікір 31 Шілде, 2015 сағат 20:38

ҚАЗАҚ АРАҚ ІШКЕНДІ ҚАШАН ҚОЯДЫ?

Ұлыбританиялық IWSR (халықаралық шарап пен спирттік ішімдіктер нарығын зерттеу ұйымы – ред.)  ұйымы 2013 жылы арақ ішу жөнінен Қазақстан бесінші орынға шыққаны туралы осыдан екі жыл бұрын ақпарат таратқан еді. Сол уақыттың ресми мәліметі бойынша Қазақстанда 200 мыңнан астам адам маскүнемдікке шалдыққан. IWSR-дың мәліметі бойынша, дүние жүзінде 2012 жылы 4 миллиард 440 мың литр арақ ішілген. Оның жартысын осы ішімдікті ойлап тапқан ел – Ресей тұрғындары тұтынған.

Қазақстанда жыл сайын жан басына шаққанда 5,9 литр арақ ішіледі екен. Әлемде арақтан басқа ішімдік анағұрлым аз қолданылады. Мысалы, ромды ең көп ішеді деген Кубада жан басына шаққанда бұл ішімдік әр адамға 4,9 литрден келеді. Джинді ең көп ішетін Филлиппинде бір адам жылына 1,4 литр тұтынады. Шотланд вискиін ішуден Франция бірінші тұрса (1,4 литр), АҚШ (0,36 литр) текила ішетіндер тізімінде бірінші орын алған. Әлемдегі ең әйгілі алкоголь өнімі арақ болса, оны көп ішетін – бұрынғы коммунистік елдердің тұрғындары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жан басына шаққанда 8 литрден көп алкоголь өнімін тұтынатын елдердің ұлттық генофонды деградацияға ұшырайды деген ақпарат таратқан. Қазақстанның статистика агенттігінің мәліметі бойынша, арақтан бөлек, ел тұрғындары жан басына шаққанда жылына 31 литр сыра ішеді. Бұл да әлемдегі жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ал, 2014 жылдың көктемінде ҚР Премьер- Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов:  «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жүргізген зерттеулеріне сәйкес, спирт ішімдіктерін тұтыну деңгейі жөніндегі рейтингте Қазақстан 188 елдің  арасында 34 орынды иеленіп отыр. Еліміздің әрбір азаматы жылына орта есеппен шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе 11 литр арақ тұтынады екен. Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі арақты ең көп ішетін ел ретінде танылып отыр», - деп мәлімдеме жасады.

Өткен аптада ғана, Алматы қалалық наркологиялық  және   әлеуметтік-экономикалық қайта қалпына келтіру орталығында Санкт-Петербургтен келген медицина ғылым­дарының докторы  В.Л. Козловскийдің қатысуымен шебер­лік сыныбы өтіпті. Ресейлік маманның қатысуымен өткен бұл басқосуға Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Ж. Қасым­жанова қатысқан.

Владимир Леонидович Козлов­скиий сөзінде «Ішімдік ішу жағынан Қазақстан мен  Ресейдің көрсеткіші бірдей» депті.   130 миллион халқы бар Ресей мен 17 миллион халқы бар Қазақстан арақ пен есірткі тұтыну жағынан теңесуі қаншалықты қауіпті екенін ойлай беріңіз!

Алматы қалалық наркологиялық  және   әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру Орталығының директоры Г. Сүлей­менованың айтуын­ша, жыл басынан бері 24 258  науқас есепке алынып, ем қабыл­дап, 275 науқасқа сауықтыру шаралары көрсетіліпті. 800-ден астам науқас есептен шығарылған. Бұл өз  еріктерімен және отбасы мүшелерінің өтініші арқылы келіп емделіп жатқандар екенін ескерсек,  арақ деген әзәзілдің құшағы­нан ажырай алмай жүргендерің есебін дәл айту қиын-ақ.  

Бір маскүнемді сауықтыру үшін орташа есеппен айына 120-125 мың теңге жұмсалатын болса керек.   Ал осы маскүнемдікке шалдыққандарды емдейтін дәрі­гер­лер айына 60 мың, мейірбикелер 45 мың теңге айлық ала­ды екен.  Қазіргі жас пен кәрінің ұртында жүрген насыбай­дың дерті тіпті зор көрінеді.  Дәрігерлер бүгінгі жастар ара­сын­дағы белсіздік пен бедеуліктің кең етек алып келе жат­қан­дығына  ішімдік,  шылымқорлық, есірткі және насы­бай  шегушіліктің де себеп болып отырғанын айтып, дабыл қағу­да. 

Біз жоғарыда 2013 жылдың статистикасын келтірдік. Ал, осы жылы қазан айында қазақстандықтар алкоголь өнімдерін күндіз сағат 12-ден кешкі 21-ге дейін ғана сатып ала алатын заң қабылданған. Соған қарамастан біздің ел биыл ішкіштік жағынан Ресеймен теңесіп алыпты.

Қазақстанда 2015 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында 11 миллион  793,2 мың литр арақ өндірілген.  Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, осы уақыт аралғында  185 миллион 354,7 мың литр сыра өндіріпті.  Ресми дерек республикамызда маскүнемдік дертімен 300 мыңнан астам адам есепте тұрғанын айтады.

Байыптасақ, қазақтың аузы араққа тиіп, атынан түскен соң-ақ «қара басты». Ғылымы мен мәдениетінен, өзіндік тұрмыс салтынан айырылғанын былай қойғанда, тілін, тіпті өзін жоғалтып ала жаздаған жоқ па қазақ. Соның бір себебі өктемдік көрсеткен халықтың батырып жіберген тырнағы болса, екіншісі азғырып үйреткен арағы емес пе?! Тәуелсіздіктің ширек ғасырында еліміз иманды жолын тауып, үш мың мешіт бой көтерді. Бірақ, қазақ әлі оянбаған, әлі сілкінбеген тәрізді. Қазекем енді де болса есін жиып, еңсесін тіктесе, арақтан бойын аулақ ұстап, ұл-қызын баба жолымен, ата салтымен тәрбиелесе рухымыздың болат қорғандары майырылмастай беріктене түсер еді. Қалғып жатқан қазаққа «Қара пима» филімін қосымша ұсынып отырмыз. Арақ – атадан қалған ас емес. Көріңіз, ой түйіңіз ағайын!

 

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969