Сенбі, 23 Қараша 2024
Cатира 5731 0 пікір 30 Шілде, 2015 сағат 08:48

САЙЛАУ БАЙБОСЫН. САРЫ МАСАЛАРМЕН СОҒЫС

Елорда масалардан тазаратын болды. Астана қаласы тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Федор Пеев: «Жұмыстың осы түрлеріне қосымша қаражат қарастыру үшін, смета жасап, алдын ала есебін шығарып қойдық. ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында елордадада бірде-бір маса қалмайды.  

...Бұл өте маңызды. Себебі шетелдік делегация өздерінің бұқаралық ақпарат беттерінде Астанада маса көп деп жазса, бұл біздің тарапымыздан дұрыс болмайды, әрі имиджімізге нұқсан келеді—дейді.  (электронды ақпарат құралдарынан алынды).

Бүгін Бас қаламыздың бас кеңсесінде төтенше басқосу басталды. Күн тәртібіндегі мәселе-«Сары масамен соғыс және оның тәсілдері» деп аталады.

Тұлғасы түйенің жарты етіндей департамент бастығы сыраның  бөшкесі секілді қарынын әрең сүйретіп, екі иінінен дем алып, мінбеге зорға шықты. Бора-бора болып аққан терін сүртіп, есін әрең деп жинап, отырғандарға бір қарап алды да, қолындағы қағазына үңіліп:

–Жолдас... кешіріңіздер, ...мырзалар, өздеріңіз білесіздер, алдымызда үлкен науқан-ЭКСПО-ның құлағы көрініп  тұр. Оған шет елдерден миллиондаған меймандар келмек. Бірақ өздеріңіз білесіздер, бізде бір қиыншылық бар, ол сары масалар... Ертең алыстан келген қонақтарды сары маса талап жатса, ол еліміз үшін ұят қой... Сосын олардың екінші қайтып босағамызды аттамай қоюы мүмкін...

Бастық кенет сөзін кілт үзіп, өзінің бетін өзі сарт еткізіп бір ұрды. Аңдаусызда құлағының түбіне қона қалған сары маса бастықтың қанын аяусыз сорған болуы керек, бір жақ беті әп-сәтте қызыл ала қан болып шыға келді.

–Міне, көрдіңіздер ме, жиырмасыншы қабаттағы кеңсемізге дейін кіріп кетіпті, зараза.., кешіріңіздер... Бұл жөнінде елбасының арнаулы тапсырмасы бар, мемлекет қазынасынан миллиардтаған қаржы бөлініп отыр, соны бір тиынын қалдырмай игеруіміз керек. Түсіндіңіздер ғой? Так, қане, кімнің қандай ұсынысы бар?-деді,бетін әрі-бері сүртіп тазалап алған департамент бастығы.

Қаланың бас санитарлық дәрігері орнынан тұрды:

–Құрметті Пәленше Пәленшеевич, Астанада қазір миллионға жуық халық тұрады. Бөлінген қаржыны жұмсап, олардың барлығына бір-бірден маса соққыш алып беруіміз керек. Сосын әр адамға қанша маса өлтіруі керек екені жөнінде арнайы тапсырма береміз. Сөйтіп, бүгіннен бастып қыс-жаз демей өлтіре берсек, ЭКСПО-ға дейін бір де маса қалмайды. Бітті шаруа. Қаржыны да игереміз...

Мәжілістің жиналыстарында үнемі бет-аузын бояумен әуре болып, өзімен-өзі отыратын бір депутат әйел де осы отырысқа келген екен. Қолын көтерді.

–Да, действительно, они очень больно кусают, Пәленше Пәленшеевич. Поэтому вот мое пред... кешіріңіздер, мен айтар едім, қалада сары масалардың труптарын..., кешіріңіздер, қазақша қалай дейді..?

–Жемтіктерін...

–Өлекселерін...

 –Өліктерін...

–Вот, вот, өліктерін қабылдайтын пункт ашу қажет. И каждый масаның өлігіне ақша төлеу керек. Сонда, знаете, бір де маса қалмайды. Помните, бір кезде Қытайды торғайларды осылай құртып еді ғой?

–Мен бұның барлығына қарсымын!-деді бір белсенді партияның өкілі өрекпіп. –Бұл мемлекет ақшасын далаға шашу деген сөз. Ең тиімді тәсіл-бет-аузымызға, киімімізге желім жағып алып жүруіміз керек. Сонда шағам деп қонған маса өзінен өзі жабысады да қалады. Осындай жолмен ғана Астанадағы барлық масаны құрта аламыз.

–Жақсы, жолдастар.., тойыс, мырзалар, жақсы. Бұл ұсыныстардың барлығы үкіметтің арнайы отырысында қаралады. Барлығын назарға аламыз. Енді бүгін арамызға белгілі тарихшы, академик Русүйгіш Жүзбаев мырза келіп отыр екен. Бұл кісінің «Руым менің-ұраным, жүзім менің-мақтанышым» деген кітабын білесіздер. Осы сары масалар туралы бастама қолға алынғалы Рекең «Қазақтар мен сары масалардың арасында мәңгілік майдан» деген зерттеу кітабын жазып жатыр. Ендеше осы ағамызға сөз берейік!

Мінбеге шығып, шаңырақтай көзілдірігін бір түзеп алып сөзін бастаған тарихшы шынында да бұл тақырыпты көп зерттеген секілді.

–Сіздер білмейсіздер, қазақтың сары масадан көрмеген құқайы жоқ. Бір ғана мысал айтайын, қазақ жоңғар соғысы кезінде, анығырақ айтсам, 1735 жылы, 20 шілдеде, сағат 12-ден 10 минут кеткенде біздің Шомбал деген батырымыз бен қалмақтың Доңғал деген батыры жекпе-жекке шығады. Біздің батыр найзасын енді сала берем дегенде, бетіне бір торғайдай, ол кездегі масалардың үлкендігі сондай болған сары маса қонып, соны қағам деп бөгелгенде, қалмақтың батыры найзасын бұрын салып жіберіпті.

Зал шулап кетті:

–Қап! Сары масаның кесірі...

–Рас  екен ғой...

–Құрту керек онда!...

–Қарашы, әй!

Департамент директоры:

–Міне, көрдіңіздер ғой, тарихшылар жайдан-жай айтпайды. Халқымыздың ең бірінші жауы—сары маса екен. Ал, Реке, құнды дерегіңіз үшін сізге көптен-көп рахмет. Шынын айтқанда, сіз біздің көзімізді аштыңыз. Енді ортымызда отырған тағы бір белгілі адамды таныстырайын сіздерге. Ол—атақты ақын Жағымпаз Сөзтабарұлы. Былтыр ғана жоғарыдағы бір кісіге арнаған «Мен сенің мәңгілік құлыңмын!» деген поэмасы үшін бұл ағамызға мемлекеттік сыйлық берілгенін білесіздер. Қане, Жәке, келіңіз, келіңіз!

Жұлқынып мінбеге көтерілген ақын бір қолы аспанға көтеріп:

–Бауырлар, еліміздегі кез-келген бастама ең бірінші ақындардың жүрегі арқылы өтеді ғой. Мен де осы мемлекеттік маңызы бар шарадан тыс қалғым келмеді. «Сары қазақ және сары маса» деген үлкен дастан жазып бастадым. Шынын айту керек, ауылда туып, бала кезімнен сары масаның қорлығын көріп өскен адаммын. Шіркін, осыны бір жазсам ба деп жүруші едім, енді міне, замана толғағы бәрібір өзі әкеліп тіреді осыған. Сол шығармамнан бір-екі шумақ оқып берейін сіздерге!

«Сары маса не қылмады сары қазаққа,

Ғасырлар бойы оны салды азапқа.

Жазамын мен осыған бүгін өлең,

Құртамыз сары масаны түбіменен!

 

Ақынға серік болған өлең бе екен,

Өлеңім тереңдерден келер ме екен.

Ағайын, сары масан өлең еттім,

Бір сыйлық тағы бізге берер ме екен?!».

–Ал, қалай екен?!-деп сосын көпшілікке қарады ақын.

–Керемет, керемет!

–Айтары жоқ!

–Ақын болса, осындай болсын!

–Сұмдық!

Шулаған елді департамент бастығы тоқтатты:

–Құрметті Жәке! Рахмет, рахмет! Сіз секілді ақыны бар елдің—бақыты бар!. Ал енді жаңағы емеурініңзді де түсіндім. Бәрі де болады. Тарихшы Рекең екеуіңізге қомақты қаламақы мен сыйлық әперу менің міндетім. Сіздер тек жазыңыздар! Ал, енді мырзалар мен ханымдар, отырысымыз осымен аяқталды. Айтатын ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жатарсыздар. Сіздер қандай ұсыныс айтар екен деп, үкімет басшысы да абыржып тосып отыр. Сіздердің бүгінгі айтқандарыңызды сол жаққа жеткіземін. Сосын, сары масалармен бітпейтін майдан басталады. Сол майданда бірге болайық, ағайын!

 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371