Сенбі, 16 Мамыр 2026
Білгенге маржан 233 0 пікір 15 Мамыр, 2026 сағат 14:33

АҚШ-та кәсіпкерлік қалай дамыды?

Сурет: finversia.ru сайтынан алынды.

Кәсіпкерлік – тек табыс табудың жолы ғана деп ойламаңыздар, ол қоғамның мінезін, мемлекеттің болмысын айқындайтын құбылыс. Біздің елдегі кәсіпкерлік қазіргі күндері тығырыққа тіреліп, жоғары дәріжеде дамымады. Кейбір елдер байлығын жер астындағы қазынасымен арттырса, енді бірі адам ақылын, еркін ой мен батыл әдістерді капиталға айналдыра білді. Солардың ең жарқын мысалы – Американың Құрама Штаттары. Бүгінде әлемдегі ең ірі экономикалардың бірі саналатын бұл мемлекет кәсіпкерлік рухының арқасында дамып, жаһандық ықпалға ие болды.

Америкадағы кәсіпкерліктің тарихы елдің құрылу кезеңімен қатар басталады. XVII–XVIII ғасырларда Еуропадан жаңа құрлыққа қоныс аударған адамдардың көбі еркін өмір іздеді. Олар феодалдық қысымнан, таптық теңсіздіктен қашып келді. Жаңа жерде адам еңбегі мен бастамасына қарай бағаланды. Осы орта кәсіпкерлікке жол ашты. Америкалық қоғамда “өз еңбегіңмен биікке көтерілу” түсінігі ерте қалыптасты.

Тарихшылардың айтуынша, Америкада кәсіпкерліктің дамуына үш басты фактор әсер етті. Біріншісі – еркіндік. Екіншісі – заңның үстемдігі. Үшіншісі – нарыққа ашық қоғам. Адам жаңа идея ұсынса, оны жүзеге асыруға бұл елде мүмкіндік болды. Мемлекет кәсіп бастаймын деген адамға кедергі жасамай, жағдай жасауға ұмтылды.

XIX ғасырда Америкада өнеркәсіп қарқынды дами бастады. Теміржол салынды, өндіріс орындары көбейді, банктер мен сауда орталықтары ашылды. Осы кезеңде ел ішінде “өз кәсібіңді ашып, байлыққа жетуге болады” деген сенім күшейді. Мыңдаған адам шағын шеберханадан бастап, кейін үлкен компанияларға айналған кәсіптерді құрды.

Мысалы, қарапайым фермер отбасынан шыққан Генри Форд автомобиль өндірісіне төңкеріс жасады. Ол көлікті тек байларға арналған дүние демей, қарапайым халыққа қолжетімді тауар етуге тырысты. Нәтижесінде Ford Motor Company дүниеге келді. Форд конвейерлік өндірісті енгізіп, уақытты үнемдеді, өнім бағасын арзандатты. Бұл кәсіпкерліктің тек ақша табуға ғана ден қоймай, қоғам өмірін өзгертуге қабілетті екенін көрсетті.

Ал XX ғасырдың екінші жартысында Америка технологиялық кәсіпкерліктің орталығына айналды. Әсіресе, Silicon Valley бүкіл әлемге танылды. Бір кездері жай ғана ауыл шаруашылығы аймағы болған осы өңір кейін инновацияның символына айналды. Мұнда гаражда басталған идеялар миллиардтаған долларлық компанияларға айналды.

Соның айқын мысалы – Стив Джобс пен Стив Возняк құрған Apple компаниясы. Екі жас жігіттің қарапайым тәжірибесі кейін әлемдік технология нарығын өзгертті. Бүгінде Apple өнімдерін дүниежүзінің миллиондаған адамы пайдаланады. Бұл мысал, Америкада талант пен идеяға мүмкіндік берілетінін дәлелдейді.

Сол сияқты Билл Гейтс негізін қалаған Microsoft та шағын жобадан басталды. Компьютер әр үйге енуі керек деген идея үлкен революцияға ұласты. Кейін интернет дәуірі басталғанда Джеф Безос құрған Amazon электронды сауданың бағытын өзгертті. Ал Илон Маск секілді кәсіпкерлер технология мен ғарыш саласына жаңа серпін берді.

Америкадағы кәсіпкерліктің дамуына университеттердің де ықпалы зор болды. Мұнда оқу орындары тек білім ұсынып қана қоймай, жаңа жобаларды қолдауға тырысты. Студенттердің идеясы инвесторлармен байланыстырылды. Ғылыми зерттеу мен бизнес өзара тығыз жұмыс істеді. Соның арқасында инновация тез өндіріске енгізілді.

Сонымен қатар, кәсіпкерліктің дамуына қаржы жүйесі де үлкен әсер етті. Америкада инвесторлар мәдениеті қалыптасты. Яғни, адамдар келешегі бар жобаға ақша салуға дайын болды. Венчурлық қорлар мыңдаған стартапты қаржыландырды. Әрине, түгелі бірдей жетістікке жеткен жоқ. Бірақ америкалық қоғам сәтсіздікке ұшыраған адамды түбегейлі жоғалды деп қарамайды. Керісінше, оны тәжірибе жинаған адам ретінде бағалайды. Сондықтан, бұл да кәсіпкерлік рухты күшейтті.

Мысалы, көптеген кәсіпкерлер алғашқы жобасында жеңіліске ұшыраған. Бірақ кейін қайта бастау арқылы үлкен табысқа жеткен. Америкада “қателесу – даму жолының негізгі бөлігі” деген түсінік бар. Осындай идея адамдарды тәуекел етуге ынталандырды.

Сонымен бірге, Америкадағы шағын және орта бизнес ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналады. Үлкен корпорациялармен қатар шағын дүкендер, отбасылық кәсіптер, жергілікті өндіріс орындары да экономиканың маңызды бөлігіне айналды. Миллиондаған адам дәл осы секторда еңбек етеді.

Айтар болсақ, қарапайым ғана кофехана ашқан кәсіпкерлер кейін тұтас желі қалыптастырған жағдайлар көп. Starbucks компаниясының тарихы соған дәлел. Бір кездері шағын дүкеннен басталған жоба бүгінде әлемнің көптеген елінде жұмыс істейді.

Дегенмен, Америкадағы кәсіпкерлік тек жетістіктен тұрмайды. Бәсеке өте жоғары. Нарықта әлсіз компаниялар тез ығыстырылады. Кей кәсіпкерлер банкротқа ұшырайды. Әлеуметтік теңсіздік те байқалады. Ірі корпорациялар ықпалы күшейген сайын шағын кәсіпкерліктің бәсекеге төтеп беруі қиындай түседі. Бірақ, соған қарамастан Америка кәсіпкерлік еркіндігін сақтап қалуға тырысып келеді.

Соңғы жылдары цифрлық технология кәсіпкерліктің жаңа бағытын қалыптастырды. Интернет арқылы бизнес жүргізу жеңілдеді. Әлеуметтік желі, онлайн сауда, жасанды интеллект секілді салаларда жаңа кәсіпкерлер пайда болды. Қазір, Америкада гараждан басталған идеяның қысқа уақыт ішінде әлемдік брендке айналуы таңғаларлық жағдай емес.

Америка тәжірибесінің тағы бір ерекшелігі – кәсіпкерді қоғамның дамуына үлес қосушы тұлға ретінде бағалауында. Көптеген кәсіпкерлер қайырымдылықпен айналысады, университеттерге қаржы бөледі, әлеуметтік жобаларды қолдайды. Мысалы, Билл Гейтс пен оның қоры денсаулық сақтау мен білім саласына миллиардтаған доллар жұмсап келеді.

Пікірімізді нақтылап айтар болсақ, Америка Құрама Штаттарындағы кәсіпкерліктің дамуы кездейсоқ құбылыс демейік. Ол еркіндікке негізделген қоғамның, заң үстемдігінің, инновацияны қолдаудың және еңбекқорлық мәдениетінің нәтижесі. Америка тарихы көрсеткендей, идеяға мүмкіндік берілген жерде экономика дамиды, жаңа технология пайда болады, қоғам алға жылжиды. Кәсіпкерлік рух – осы мемлекеттің басты күштерінің бірі. Сондықтан, Америка тәжірибесі әлем елдері үшін маңызды үлгі болып қала береді. Қазақстан үшін де осы елдің тәжірибесі үлкен үлгі деуге әпден болады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2785
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1894