Енді Қазақстан Теңге сарайы отаршылдықты дәріптемек пе?
Егемен ел атанғанымызға 20 жылдан асса да, Ертіс өзені бойында іргелес орналасқан екі өңір: Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында шешімін таппаған ұлттық мәселелер аз емес. Әсіресе, ономастика саласындағы күрмеулі түйіндер: отаршылдық заманын дәріптейтін елдімекендер мен көше атаулары әлі де қазақтардың ұлттық намысын қажауда. Мәселен, патшазада Павел Романовтың (1860-1919 ж.ж.) құрметіне қойылған Павлодар атауы, сол қалада патшалық Ресей мен Кеңес империясының әскери қолбасшылары мен революционер көшбасшылары: Кутузов, Суворов, Ермак, Ленин, Дерибастың т.б. құрметіне қойылған көше аттары бәз-баяғысынша ұлықталуда. Бұларды ел егемендігінің рухымен үндесетін атаулармен ауыстыру жөніндегі өтініштер елеусіз қалдырылады, тіпті тікелей Елбасының атына дейін жазған хатымыз да оң нәтиже берген жоқ.
Егемен ел атанғанымызға 20 жылдан асса да, Ертіс өзені бойында іргелес орналасқан екі өңір: Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында шешімін таппаған ұлттық мәселелер аз емес. Әсіресе, ономастика саласындағы күрмеулі түйіндер: отаршылдық заманын дәріптейтін елдімекендер мен көше атаулары әлі де қазақтардың ұлттық намысын қажауда. Мәселен, патшазада Павел Романовтың (1860-1919 ж.ж.) құрметіне қойылған Павлодар атауы, сол қалада патшалық Ресей мен Кеңес империясының әскери қолбасшылары мен революционер көшбасшылары: Кутузов, Суворов, Ермак, Ленин, Дерибастың т.б. құрметіне қойылған көше аттары бәз-баяғысынша ұлықталуда. Бұларды ел егемендігінің рухымен үндесетін атаулармен ауыстыру жөніндегі өтініштер елеусіз қалдырылады, тіпті тікелей Елбасының атына дейін жазған хатымыз да оң нәтиже берген жоқ.
Ономастика саясатында мемлекетшілдік, отаншылдық сезімдерін ұлықтау ісін жүзеге асыруды тілейтін Павлодар облысындағы және Қазақстанның өзге аймақтарындағы қазақ зиялыларының осындай өтініші мен ұсынысын жергілікті билік пен мәслихаттар күн тәртібіне қоюға жүрексінетін тәрізді. Өйткені Татьяна Кузина ханым басқаратын облыстық Славян мәдени орталығы мен «Городская неделя», «Новое время» тәрізді тәуелсіз басылымдар қала мен көше атауларын ауыстыру жөнінде мәселе көтерілсе болды, байбалам салып, шу көтереді. Дегенмен, осындай күрделі жағдайдың өзінде керекулік ұлтшыл күрескерлер мен ғалымдар әлгі мәдени орталық пен басылымдардың Павлодардың іргетасы әскери бекініс ретінде қаланғанына 1990 жылы - 270 жыл, 2000 жылы - 280 толуын тойлау жөніндегі талабына табанды қарсылық көрсетіп, қала әкімдігі жоспарлаған салтанатты мәдени шаралардың өткізілуіне тосқауыл қоюға қол жеткізді!
Ертістің Кереку өңірін түркі қағанаты заманынында да біздің ата-бабаларымыздың қоныстанғаны, Павлодар қаласының орны көне түркі-қазақ тілінде «Кереге жар» («Кереку жар») аталғаны, кейін сол жерге салынған форпост әлгі географиялық атаудың орысша айтылуы бойынша «Коряков Яр» делініп хатқа түсірілгені тарихи шындық. Ал облыстың орыстілді тәуелсіз басылымдарында осы өңірге өзгелерден бұрын келіп қоныс теуіпті-мыс, кәсібі - «әскери», «жүзбасы», «геолог», «саудагер», «кәсіпкер», «өндірісші», «құрылысшы» делініп, әр келкі айтылатын Коряков дегеннің нақты өмірде болмаған, ойдан шығарылған аңыз кейіпкері екенін тарихшы, филолог ғалымдарымыз ғылыми негіздеп дәлелдеген еді. Соған қарамастан, Павлодар қаласының мерейтойына байланысты пікірталас қызған шақта сол газеттердің кейбір авторлары «Бұл өңір «орыс экспедициясы» келіп игергенше бос жатқан, иесіз жер еді, қазақтар болса орыстардан кейін, «ақтабан шұбырынды» кезеңінде оңтүстіктен ауып келіп қоныстанған, сондықтан бұл өңірді ежелгі орыс жері деп тану дұрыс» деген сыңайда сөз саптап, Қазақстанның жер аумағының тарихи біртұтастығына күмән келтіретін ойларын ашық та, астарлап та жазды. Сөйтсе де, уақыт өте келе сабасына түсті. Тек өкініштісі, Ертіс жағалауында Павлодармен бір мезгілде: 1720 жылы іргетасы қаланған Өскемен мен Семей қалаларының «мерейтойлары» салтанатпен аталып өтілді. Осылайша, 3 ғасырлық отаршылдық қамытынан құтылған тәуелсіздік кезеңінде патша әскерінің Ертіс жағалауын жаулап алып, халқымызды бодандыққа түсіре бастаған тарихи оқиға ас та төк той деңгейінде құрметтелді...
Бұл мерейтой аз болғандай, өткен жылдың желтоқсан айында, республикалық басылымдарда «Өскемен. 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысының орталығы (ШҚО) 290 жылдық мерейтойын атап өтеді. Қалада осынау атаулы оқиғаға орай ірі шаралар өткізу жоспарланып отыр» - деген ҚазТАГ хабары жарияланды. Бұған керекулік ұлтшыл күрескерлер мен ғалымдар бірден елең етіп, дереу облысымыздың орыстілді тәуелсіз басылымдарынан, өзге де ақпарат көздерінен Павлодардың 290 жылдығын атап өту жөніндегі мәліметтерді іздестірді, сұрастырды, бірақ таба алмады.
Тек, осы мамыр айының 12-сі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Өскемен қаласында орналасқан Қазақстан Теңге сарайы директоры Фарит Туганбаев мырзаның Павлодар қаласы әкіміне жазған хатының мазмұнынан хабардар болдық. Хат Қазақстан Теңге сарайы Павлодар қаласының 2010 жылы 290 жылдығына байланысты қала әкімімен ынтымақтасатынына қуанышты екенін білдіруден басталған. Одан ары Қазақстан Теңге сарайы Павлодар қаласы әкімі келіскен жағдайда 290 жылдық мерейтойдың құрметіне құнды түсті металдардан арнайы мерейтойлық белгі, кеуде белгісі, медальдар дайындап беретіні туралы ұсыныс айтылған. Әрине, тегін емес, ақшасына, бір мерейтойлық белгі үшін небәрі 500-ден 800 теңгеге дейін төлеу керек, бір медаль (қорабымен) 2000 теңгеден 6000 мың теңгеге дейін тұрады... Отаршылдықтың белгілерін сатып алуға ақша табылса, оларды кеудесіне тағып масаттанып жүрушілер табылмайды дейсіз бе?..
Көктемгі су тасқыны апатынан Ертістің Семей мен Өскенмен өңірлері тұрғындары қатты зардап шегіп, қаржылық және материалдық қолдауға аса мұқтаж болып отырған қазіргі шақта сол қалалардың басшылығы Фарит Туганбаев мырзаның ұсынысын қалай құп көргені түсініксіз. Бірақ, бір анығы Павлодар қаласы мен облыс басшылығы құрамында «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «қуанышы» Ертістің Кереку өңіріне қуанышты ахуал орнатпайтынын байыптайтын шенеуніктер жоқ емес, бар!
Ал Фарит Туганбаев мырза енді Өскемен мен Семейді қанағат тұтпай, Павлодардың салық төлеушілерін Атымтай жомарт көрсе, өзі білсін. Тек ол өз ісімен біздің облыста отаршылдық кезеңін мәңгілік дәріптеуді көксеуші топтар мен егемендік рухын асқақтатуды көздейтін топтар арасында алауыздық отының қайта тұтануына түрткі салатынын түсінсе екен деп тілейміз. Егер Өскеменде республикалық мемлекеттік кәсіпорынды басқарып отырған Ф. Туганбаев туғанымызға лауазымы оныкінен де жоғары мәртебелі мырзалардың бірі немесе бірнешеуі отаршылдықты дәріптейтін мерейтойлық белгі, кеуде белгісі, медальдар дайындауға тапсырма беріп, қысым жасаса, солардың аты-жөнін жұртшылықтың білгені дұрыс. Өйткені Қазақстан теңге сарайының әлгіндей өнімдеріне байланысты Ертістің Кереку өңірінде, сондай-ақ өзге аймақтарда дау-дамай туындап, ұлтаралық ынтымаққа сызат түссе, біреулерге жауапкершілік жүктелуі керек қой...
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.