ҮКІМЕТ пен ПАРЛАМЕНТТЕН ГЕЙ-КЛУБҚА КІМДЕР БАРЫП ЖҮР?
Қазақстандықтар ұмытпаған болса, алдыңғы жылы Қарағандыда «екі жігіттің үйлену тойы» дүркіреп өткен болатын. Екі «голубойдың» (ескерту – орыс тіліндегі «осындай» сөздер мен жаргондар қазақ тіліне аударылмайды - автор.) Астанадан бастау алып, кеншілер астанасында жарқырап жалғасын тапқан сол тойды қарағандылықтар әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Бір қызығы – сол тойдың барлық жасау-жабдығымен дүркіреп өтуіне жергілікті билік те, осы облыстан сайланған Парламентіміздің депутаттары да «МӘУ» деп жақ ашқан жоқ - заң бойынша біздің елімізде мұндай некеге тыйым салынған болса да. Ал бірақ бұл жолы бұлай болған жоқ. «Бұл жолы» деп отырған себебіміз – осы аптаның басында ғана кеншілер астанасында ресми түрде ашылуы болған ГЕЙ-КЛУБтың жұмысы небәрі екі-ақ күнге созылды. Қаланың «Ескі әуежай» аумағында орын алған осынау гей-клуб, ұмыта қойған жоқпыз, ресми түрде ашыларынан бұрын бір ай бойына бұрқыратып, өзін-өзі жарнамалаған болатын. Тіпті ашылуына атақты әншілер де қатысады деп күтілген. Әйтсе де «әншілер» жөніндегі жарнамасы жалған болып шықса да, гей-клубтың ашылуы дүркіреп-ақ өтті. Дүркіреп-ақ өтті де, тұп-тура екі күннен соң жабылды да қалды. Ресми емес мәліметтерге қарағанда, клуб басшылығына хабарласқан белгісіз біреулер егерде олар өздерінің осынау тірліктерін тоқтатпайтын болса, «артының онша-мұнша жақсы болмайтынын» айтқан көрінеді.
Қысқасынан қайырғанда, кеншілер қаласы қазақшаланып келеді, оған айқын дәлелдердің бірі – апақ-сапақта ашыла қалған гей-клубтың апақ-сапақта қайтадан жабылып қалуы. Біздің ойымызша, гей-клубтың жабылуына кейінгі кездері кеншілер астанасында көбейе бастаған қазақтардың да ықпалы болған болуы әбден мүмкін. Неге десеңіз, әңгімеміздің басында айтып өткен осыдан бірнеше жыл бұрынғы «екі жігіттің үйлену тойына» жергілікті жердің бір де бір адамы «ойбу-у-у-у, енді қайттік?» деп айқай шақырып, кедергі жасамаған болатын. Ал бүгінгі жағдай мүлде басқа бағытта өрбіді. Рас, жасырын гей-клубтар Астанамыз бен Алматымызда «гуілдеп-гүлденіп» жатса да, «провинцияда» бұл мәселе әзірге белгісіз біреулердің қадағалауында тұрған сияқты. Біз жақында, мүмкін, Парламентіміздегі және Үкіметіміздегі «голубойлар» мен «лесбианкалар» туралы да мақалалар жариялайтын шығармыз... өйткені осы бағытта там-тұмдап жұмыс істеп жатқанымызға да «сорпа суып, сүт пісетіндей» уақыт болып қалды. Ал олардың кімдер екенін білгіңіз келсе, құрметті оқырман, сайтымыздан көз жазбай жүріңіз - Тәңірі жарылқасын деп таяуда шаң беріп қалуымыз әбден мүмкін.
Марат МАДАЛИМОВ.
Abai.kz