ЖҮРГЕСІН ТІРІЛЕРДІҢ ТІЗІМІНДЕ... НЕМЕСЕ АФРИКАЛЫҚТЫҢ АРЗУЫ
Африка тайпасының тұрғындары аштықтан әлсіреуде. Ішер ас пен киер киімге жарымағандар күнкөріс пен қара қазанның қамы үшін Үндінің солтүстігіне келіп, өздерінің бүйректерін сатқан.
Баспасөз материалдарынан
Қарасаң қарай бергін маған күліп,
Танытқан түрім осы – табандылық.
Көп болды рухымның өлгеніне,
Шаршады сыртым менің аман жүріп.
Сағым боп кетті алысқа аңсаған күн,
Тірліктен тірнек іздеп шаршағанмын.
Жүргесін тірілердің тізімінде,
Мүрдесін көміп келдім қанша адамның.
Басыма бақыт қонып бір еңселі,
Түнектей тірлігіме күн ерсе еді!
... Құдайдан сұрап алған жалғызымның
Аштықтан дірілдейді тілерсегі.
Әрі асып кете барған сауық қырдан,
Кедейлік!
Қамытыңды қауіп қылғам.
Жаны бар кеудесінде жарым – анау,
Жапырақ абыройын жауып тұрған.
Келетін күндеріме сеніп ұдай,
Көрмеп ем, тура жолдан кері құлай.
Несібе тараттыңыз – өзгелерге,
... Неге бұлай жараттың мені, құдай?!
Толғанмен түнектейін түн күдікке,
Байшыкеш көңіліне мұң кіріп пе?
... Тірлікті ел істеген мен де істейін,
Сатайын бүйрегімді – үнділікке!
Құдайым!
Көк желкеден түйреп келген,
Алғысым шексіз саған – бүйрек берген!
Бүйректі аламын да осылайша
Лақтырам тағдырыма – иректелген.
Жаныма өспесі анық енді гүлдің,
Көп екен көлеңкесі кемді күннің.
Ар-ұят, иманы жоқ бұл тірліктің,
Жоқ екен бүйрегі де.
Енді білдім.
Мен кейде ой-өзенге қосыла ағам,
(Деп жүрме – «ойы неткен тосын адам?»).
Бүйрегім – ар боп кетсе адамзатқа,
Берер ем жүрегімді қосып оған!
Болсаңыз елден асқан ақылды адам,
Жұмбақтың айт жауабын, батыр, маған:
Ет кесіп денесінен, пұлдауда адам,
Тірлікте не қалды енді сатылмаған?..
Алма Түсіпбекова, Астана қаласы
Abai.kz