Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 3686 0 пікір 14 Шілде, 2015 сағат 08:30

АЛМАТЫ ЖҰРТЫ ҚАДІР ТҮНІН ҚҰЛШЫЛЫҚҚА АРНАДЫ

Шілде айының 13-нен 14-не қараған түні Алматы қаласының жұтшылығы қасиетті Қадір түнін қарсы алды. Алматы орталық мешітіне жиналған жұрт мол болды. Қадір түнін мешітте өткізуге келген жамағат Алладан отбасының амандығы мен туған туыстың тыныштығын тіледі.

Қадір кешінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Алматы қаласындағы мешіттерді аралап, жамағатпен жүздесіп, қасиетті Қадір түнімен құттықтады. Сондай-ақ, Бас мүфти «Таугүл-3» мешітінің жамағаты арасында ұйымдастырған «Өзіңнен өзің есеп ал» атты ізгілік бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттады. Жамағатты ізгі істер жасауға ұмтылдыратын бәйгенің жеңімпазы Ғабит Мәуленбаевқа ұмра қажылығының сертификатын табыстады.

«Қадыр түні – ең жақсы түн. Алла Тағала оны берекелі етті, онда Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, ол түнді мың айдан да артық етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмметіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмметке бұйырмаған», – деп Сіз бен бізге сүйінші хабар айтып, шаттыққа бөлеген. Алла Тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін», -деп бата жасады Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Ал мешітке ғибадат тыңдауға келген қауым мешіт қызыметкерлері айтқан уағызды тыңдады. Сондай - ақ мешіт қызыметкерлері жиналған жамағатқа адамның рухани дүниесін байытатын түрлі діни кітаптар оқу керектігін айтып, діни сауаттылығын артыруға бағытталған бейне фильмдермен бағдарламалар көрсетті.

Биыл күннің ыстық мезгіліне тап келсе де, оразаны қиналмай-ақ ұстағандарын айтқан жандар Қадір түнінде мешітте бас қосып, насихат тыңдап, тілек тілеумен таңды қарсы алды.

Абай-ақпарат

0 пікір