ҰБТ-ҒА ЖАҢА ФОРМАТ КЕРЕК
Азаматтық позицияны айқындап беруші деп бағаланып отырған бүгінгі әлеуметтік желілердегі әңгімелер мен ақпараттарға Астана төріндегі ақ жағалылардан бастап ауылдағы ағайынға дейін құлақ түретін, көз сүзетін болып алды. Сол әлеуметтік желіде соңғы екі аптада қызу талқыға түскен тақырып, ұстаздардың мерейі, мұғалімнің беделі болды. Журналисі бар, болгері бар дәл осы бір тақырыпқа келгенде пікір білдірмей, «лайк» баспай айналып өте алмады десе де болғандай. Себебі белгілі. Оның үстіне, ұл-қызын мектепке жетелеп апарған бүгінгі ата-ана бала тәрбиесі мен білімі жарқын болашақ үшін негіз қалап отырған капитал екенін жақсы ұғынған заман.
Қоғамның қозғаушы күші ретінде ауыл интеллигенциясы деп танылған мұғалімдерге кешегі кеңестік кезеңнен бері қалыптасқан көзқарас тәуелсіз Қазақстанда өзгере қоймағандай. Әрине, бұрындары «ұстаздікі жөн. Мұғалім дұрыс айтады» дейтін ата-ана өзгергені болмаса, қоғамның қолжаулығына со кезеңде-ақ айналған мектеп мұғалімдері әлі де сайлау, қала күні, мерзімді басылымға жазылу науқанының құрбандары болған.
Бәлкім осы бір жазылмаған заңдылықтан, «құлақ кесті құлдықтан» арылу үшін де уақыт керек болған шығар. Әйтеуір әлеуметтік желідегі әңгіменің екпіні зор.
Жә, мәселенің мән-жайын осы бір істің басы қасында жүрген азамат, Шымкент қаласы А.С.Макаренко атындағы N:41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз, 1-деңгей сертификатының иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Өмір Шыныбекұлыдан сұрайық.
- Бәрі неден басталды өзі, Өмір аға?
-Кез келген шиқанның түбі бір жарылатыны секілді, көп жылдар бойы білім саласындағы қордаланған мәселелер сәуір айының соңында Абай.кз порталында (24.04.15) жарық көрген Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллаеваның
хатынан кейін бұл мәселеге деген көзқарас өзгеше сипат ала бастады.
Айман өз хатында өзі жұмыс істейтін мектептің басшылығы тарапынан талай жылдан бері көрген теперіштерін тегіс айтқан. Оның ішінде сенбіліктер, сайлау, санақ секілді түрлі науқандар, мектепті жөндеу жұмыстарына ақша жинау, күштеп газет-журналдарға жаздыру, тізеден басып әншілердің концерттеріне билет сату секілді мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарына кесірін тигізетін түйткілді мәселелер толық қамтылған. Бірнеше жыл соның барлығына көнген Айман өзінің басшылығы мектеп мұғалімдерін 4-13 сәуір аралығында 10 күн бойына көше сыпыртып,ағаш түбін әктетіп қойғанына шыдамай қарсы шыққан соң басшылар тарапынан қатты қысымға ұшырайды. Ал хат ғаламтор беттеріне шыққан соң, іске аудан әкімі араласып, қорқыту-үркіту, алдау секілді қитұрқылар басталады. Айман көрген теперішті «Жас алаш», «Қазақ үні» «Төртінші билік» газеттері мен Ұлт.кз», «jetysunews.kz, Білім.кз порталдары бірінен кейін бірі басты.Қазір технологияның дамыған заманы. Мұның бәрі сол сәтте-ақ ғаламтор беттерінде қызу талдана бастады. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Қазақстандық ұстаздар» қауымдастығына мұғалімдер өз көрген құқайларын жарыса жазып жатыр. Назар аударатын нәрсе, Айманның басындағы жағдай тек Алматы облысы ғана емес, респубикамыздың барлық өңіріне тән болып шықты.
Қисынға салсақ, енді осындай айқай-шудан кейін ҰБТ дау-дамайсыз өтуі тиіс болатын.
-Салыстырмалы түрде алғанда жылдағыға қарағанда биыл даусыз өткен сияқты ғой...
-Жоқ! Алғашқы күннен-ақ БАҚ ҰБТ тапсыру пунктеріндегі келеңсіздіктерді жарыса жазып жатты.
-Содан....
-Білім саласында талай жылдан бері тер төгіп келе жатқан, өскелең ұрпақтың білімді болуына бей-жай қарамайтын азамат ретінде, ҰБТ аяқталған соң, біреу-міреудің көзіне түсіп қалар деген үмітпен БАҚ-кз порталындағы жеке блогыма ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіповтің атына өз атымнан ашық хат жарияладым.
-Құпия болмаса Ашық хатта не айтылғанын тарқатып айтып берсеңіз....
-Ешқандай құпиялылығы жоқ. Мен онда мына мәселелерге тоқталдым.
1. ҚР «Білім туралы» Заңы қайта қаралып, мұғалімнің статусы айқындалуы қажет!
2. Облыстық білім басқармаларын Облыстық әкімшіліктен ҚР Білім және ғылым Министрлігінің құзіретіне өткізіп алуы керек.
Бұл өз кезегінде мектеп мұғалімдерін сайлау, санақ, мерекелерде алаңға шығу, концерттерге зорлап билет сату, зорлап газет-журналдарға жаздыру, сенбілік секілді артық шаруалардан құтқарады.
3. Мектептерді жөндеуге бөлінген қаражат БАҚ бетінде жариялануы тиіс. Сонда, мұғалімдер мен ата-аналардан мектепті жөндеуге ақша жинау қиынға соғатын болады.
4. Жалпы, осы ҰБТ тапсыру кезіндегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер мен басқа да келеңсіздіктер, бұқараның мемлекеттік билікке деген сенімін жоғалтып қана қоймайды. Кейінгі жылдары мектеп бітіретін шәкірттердің көңілдеріне әлдебір бұлыңғырлау «үміт» оятып, сабаққа деген ынтасына жоятынын байқап жүрміз.
Ия, ҰБТ-ң кемшілігі жетерлік!
Бірақ, әзірге білім бағалаудың бұдан басқа әділ жолы табылмай тұр! Оның үстіне ҰБТ-ң қолданыстағы форматы еліміздің білім саласына енгізіліп жатқан жаңа бағдарламамен ("Кембридж технологиясы") қабыса бермейді. Олжағын да ескеріп қою керек!
Естеріңізде болса, жаңа бағдарламадағы 7 модульдің бірі "АКТ-ы пайдалана білу".
Өздеріңіз білесіздер, қазір түрлі ақпарат сақтағыш құрылғылар мен ақпарат іздеу жүйелері өмірімізге дендеп енді. Енді одан бас тарта алмаймыз!
Яғни, барлық ақпаратты мида сақтауға деген қажеттілік жойылды.
Ендеше, ақыры ҰБТ өткізу пунктерін байланыс құралдарынан 100 % оқшаулау мен шпор қолданудың алдыналу мүмкін емес болса, басқа бір жол іздеу керек.
Менің ұсынысым:
Тестілеу пунктерінде әрбір оқушының қасында интернет желісіне жалғанған компьютер қойып, баланың басты көмекшісі етіп, тек қана біріздеу жүйесін (мәселен "Гугл") қалдырып, тест тапсырушыға білмегенін іздеп табуға мүмкіндік беру керек.
Іздегенін таба алу да үлкен шаруа!
Меніңше, дайын жауапты сатып алып, қылмысқа барғаннан гөрі, бала білмегенін өзі тауып алғаны жөн!
Барлық компьютердің мониторы орталық мониторғ ашығып тұруы шарт! Сонда, бала басқаша әрекеттер жасай бастаса, тиісті жазалау шарасын қолдана беруге болады.
Өз кезегінде, бағалау жүйесіне де өзгеріс енгізіп, баланың өзі жауап берген сұраққа "1" балл берілсе, іздеу жүйесі арқылы тапқан жауабы "0.5" балмен бағалануы керек!
-Мынауыңыз тосын ұсыныс екен. Дегенмен, бұл Ашық хаттан соң қандай да бір әрекет болды ма, кімдер хабарласты?
- Көп ұзамай телефоныма Айман Сағидуллаева қоңырау шалды. Ол менімен Мұхтар Шахановтың сөйлескісі келетінін жеткізді. Мұқаң ұстаздар атынан министр Сәрінжіповке ұсыныс-хат дайындалып жатқанын айтып, соған қолымды қоюға келісімімді сұрады. Мен келістім. Электронды поштама түскен хатты оқысам, ішінде менің ұсыныстарым да жүр екен. Одан өзге тағы да бірнеше ұсыныстар жасалыпты. Барлығы өзекті!
Бүгінгі күнге дейін хатқа 130-н аса азамат қол қойды. Ұстаздармен қоса, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер, ата-аналар бар.
Бұл дегеніміз, қаншама жасырғанымызбен, еліміздің білім саласында қордаланып қалған үлкен мәселелер бар екенін көрсетсе керек.
Жоғарыда айтылғандарға қоса, ата-аналардың жауапкершілігін көтеру мәселесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс! Әйтпесе, үйінде жатып алып түн ортасында «Менің балам қайда жүр? Тауып беріңдер!»-деп мектеп басшылары мен сынып жетекшілеріне дау салатын ата-аналарды да көріп жүрміз.Ал, мұғалімнің статусы нақтыланса, мектепте жүрген кездейсоқ адамдардан да арылуға болар еді.
Бүгінгі күні республика ұстаздары өздерінің тәуелсіз қоғамдық бірлестігін құруға әрекет жасап жатыр. Бірлестіктің жарғысының жобасын шығысқазақстандық ұстаз, педагогика ғылымдарының магистры Мейіржан Темірбек жасап бітті. Жоба Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Қазақстандық ұстаздар» қауымдастығында қызу талқыланып жатыр.
Бірақ, көзбе көз кездесіп пікір алмастыруға қолдың қысқалығы кедергі болып отыр. Егер демеушілер табылып жол, қонақ үй, жиналыс бөлмесі дегендей шығындарды көтерсе нұр үстіне нұр болар еді.
- Мұхтар ағамыз да ұстаздардың беделін қорғауға көңіл бөле бастаған екен ғой...
- Ия. Дегенмен, әрине, хатта айтылған ұсыныстарды іске асыру бір күннің немесе айдың шаруасы емес.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың Ұлт жоспары «100 қадам» бағдарламасында еліміздегі билік жүйесіне терең реформа жасау туралы да айтылған. Сол реформалар барысында осы ұсыныстар да есепке алынатын болар деген үмітіміз басым.
-Айтыңызшы, Айман Сағидуллаева айтып отырған келеңсіз жәйттер барлық ұстаздың басында бар ма?
-Жеке өз басыма келсем, алматылық ұстаз Айман Сағидуллаева көрген теперішті мен де көргем. Жүйкеге түскен салмақтың салдарынан тіпті денсаулығымнан да айырылдым (Қазір жылына 2-3 рет ауруханаға жатып шығу әдетімізге айналды). Бірнеше жыл арпалыстан кейін 2011 жылы мені жеңе алмаған сол кездегі мектеп басшылары мені жайыма қалдырды. Ал, мектебіміздің кейінгі басшылығына рахмет! Мені түсінді! Қазір Аллаға шүкір, ұжым басшылары тарапынан ешқандай қысым жоқ! Керісінше, көп жұмысты кеңесіп атқарамыз!
-Ашығын айтып, сұхбат бергеніңізге рахмет.
rgmedia.kz