АРМЕНИЯ ДҮРЛІГІП БАРАДЫ
Еревандағы электр энергиясы тарифтерінің қымбаттауына қарсы бірнеше күнге созылған наразылық шеруіне Гюмри, Ванадзор, Аштарак және Абовян қалалары да қосылды. Бұл туралы «Азаттық» жазды.
Ереванның орталығындағы бейбіт наразылық акциясы 22 маусымда басталған. Акцияға бірнеше мың адам қатысып жатыр. Демонстранттар баррикада құрып, қаладағы ең үлкен магистральдің бірі - Баграмян даңғылын жапқанына қарамастан милициямен арада қақтығыс болмаған. Қақтығыс болдырмау үшін наразыларды депутаттар мен әртістер қоршап тұрған.
Наразылық танытушылар электр энергиясы бағасын 16 пайызға қымбаттату шешімі жойылмайынша Баграмян алаңынан кетпеуге бекініп отыр. Белсенділер де алаңға шыққысы келмейтін Армения азаматтарын пәтерлерінде кешкі сағат тоғыздан онға дейін жарық пен барлық электр құрылғыларын пайдаланбауға шақырып жатыр. Олардың пікірінше, бұл "Электросеть Армения" компаниясына шығын келтіреді. Қоғамдық қызметті реттеу жөніндегі мемлекеттік комиссия "Электросеть Армения" компаниясының өтініші бойынша электр энергиясы тарифтерін қымбаттатуға шешім қабылдаған еді.
Армения полициясы басшысы Владимир Гаспарян шеру бейбіт болған жағдайда "наразылық акциясын қуып таратпауға және күш қолданбауға" уәде берген.
Абай-ақпарат