Сенбі, 23 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 5019 0 пікір 3 Желтоқсан, 2015 сағат 13:21

ЗЕЙНЕТАҚЫМЫЗҒА АУЫЗ САЛҒАН БИЛІККЕ ҰСЫНЫС

 

І.Ұсыныс

 Жұрттың зейнетақы қорына жиналған азын-аулақ ақшасын қалай «тиімді жұмсарын» білмей күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған Үкімет пен елге айтар бір ұсынысым бар.

«Аңдыған алмай қоймайды». Бірақ «Судың да сұрауы бар»... Сондықтан, ең дұрысы – халықтың өз еркіне беру. Біз секілді үйсіз-күйсіз, айдан-айға зорға жетіп, қалт-құлт етіп жүргендер тым болмаса бір тойынсын. Немесе алған несиесін өтеп, күн санап өсімі артқан қарызынан құтылсын. «Бидайдың барар жері – диірмен», бәрібір қайтып келеді. Ал билік артық бас аурудан құтылады.

Ескерту: Бұл мүмкіндік тек басында баспанасы жоқ, зейнетақы қорында азды-көпті жиналған қаржысы болса да банктен алған несиесінен қалай құтыларын білмей, басы қатып жүрген қатардағы қарапайым азаматтарға ғана қатысты. Ал байлықтан басы айналып, не істерін білмей еріккен бай-манаптар мен ұры-қарының онсыз да ештеңесі кетпейді.

 ІІ. Жол

Тығырықтан шығарар жалғыз жол (он, жүз емес) – былық пен шылыққа белшесінен батып, іріп-шіруге айналған, парақорлыққа белшесінен батқан бүгінгі жүйені өзгерту.

Бірақ, қалай – мәселе сонда!..

 «Ымды білмеген дымды білмейді» дейді... Шегінер жер қалған жоқ. Уақыт бізді бұған да жеткізді. Дұрысы – жеттік.

Қазір әр күн – он күнге, әр жыл – он жылға татиды. Қазақ халқының «Ұзын арқан, кең тұсауға салып» белгісіз болашаққа иек артар уақыты жоқ.

Осы арада бала үшін дауласып би алдына баратын екі Ана туралы тәмсіл еріксіз еске түседі...

Жалпы, қай кезең, қандай заманда болмасын бір нәрсеге қол жеткізу үшін екінші нәрседен бас тартуға тура келеді. Тіпті басқасын былай қойып, бір адамға жақсылық жасап, қол созып, көмек бергіңіз келсе де – тап солай. Өз мүддеңізді, өз уақытыңызды, өз атыңыз бен қуат-күшіңізді құрбандыққа шаласыз. Онсыз ештеңе болмайды.

Бәлкім бізге де солай етуге тура келер?!

Басқаны білмеймін өз басым егер билік бетін бері бұрып, ұлт қамы мен ұлт мүддесін алға қойса – қарсы емеспін!..

Ел басшысы да біз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам. Өзінің, өзінің ғана емес ұрпағының болашағын ойласа – несі айып?!

Тағы айтамыз, мәселе атында емес – затында! Мұхтар ағамыз айтпақшы, ниет пен пиғылда!.. Мемлекеттік басқару жүйесінің қалай аталғаны маңызды емес, ең бастысы – түпкі мақсатта!

Король, королева, тіпті император мен сұлтандар басқарып отырған елдерді де есекке теріс мінгізіп жатқан ешкім жоқ. Онда тұрған не бар?! Қысқасы, біз үшін ең дұрыс жол – конституциялық монархия. Бірақ ол үшін құрбандыққа баруға тура келеді. (...Және екі жаққа да!.. Мәселен, Ұлыбритания мен Жапониядағыдай...).

Басты мұрат – Ел ертеңі мен Қазақ халқының ұлттық мүддесі. Қалғаны кейінгі мәселе...

Кенжебаев Тұрмағанбет – ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392