МЕН ҚАЗАҚСТАНЫМДЫ СҮЙЕМІН!
Бүгін таңертең Қазақстандағы ең қарапайым қызметкер оянды да, швейцарлық сағатына қарады. Жеке кәсіпкерде жұмыс істегендіктен, оған бүгін жұмыс күні...
Қытайлықтар өндірген щеткасына америкадан шыққан паста жағып тісін тазалады. Неміс ұстарасымен қырынды да, түрік сабынымен жуынып, қырынғаннан соң испан гелін жақты. Асүйге өтіп, украин қаймағы қосылған бразилия кофесін ресейлік шәйнекке қайнатып ішті.
Португалиядан шыққан костюмін, корейлік нәскиін киіп, француз әтірін септі. Тайвань есігіне салынған ағылшындар жасаған құлыпты екі рет цырт-цырт еткізіп жауып үйден шықты. Неміс автомобиліне отырды да, жапондықтардың қолынан шыққан радионы қосып, «Еуропа+» арнасынан шотландиялық әуенге тербеле, қазақтың жолындағы кедір-бұдыр шоқалақтарды орысша боқтап, жұмысына қарай кетіп бара жатты. Жолдан KFC-ге соғып, кока-кола мен комбо бургер алды. Кеңсе алдына келіп, австриялық дабылқаққышпен, канадалық бейнебақылаумен жабдықталған автотұраққа көлігін қойды. Фин лифтімен көтеріліп, «Мерчендайзинг бөлімі» деген кабинетке кірді. GSM арқылы Iphoneмен бірер минуттан соң келіссөзге келетін италиялық серіктесіне қоңырау шалды. Windows америкалық опер. жүйесі орнатылған Sony компьютерін қосты. Ғаламторға қосылып, ағылшын әріптерімен логин мен құпия сөзін жазып Facebookқа кірді де:
«МЕН ҚАЗАҚСТАНЫМДЫ СҮЙЕМІН!» деп пост жазды.
PS: бәрімізге қарапайым болуды жазсын!
МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗБЕН!
Әсел Мұздыбай
Facebook-тегі парақшасынан