Сенбі, 23 Қараша 2024
Тағзым 17571 1 пікір 29 Қараша, 2015 сағат 13:36

БАБАЛАРЫМА БАС ИЕМІН

«Бүгінгі қазақ халқы - сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық»

Н.Ә. Назарбаев, «Тарих толқынында»

Қазақтың ұлы болсын, мейлі тіпті қызы болсын шежіреге кірмесе де, 7 атасын білуі  парыз, міндет. Бұл қазақ халқына және кейбір мұсылман елдеріне ғана тән.  Шежірені білу – аман-сау ұрпақ өрбуіне тікелей септігін тигізетін  генетикалық  ғылым. Туыс-туған  адамдар, білместікпен  бір-бірінен қыз  алысып, қыз берісіп қоймаудың шарасы. Ататекті білу, шежірені тарата  білу  рушылдыққа, жікшілдікке  жатпайды. Бұл өмірлік- қажеттіліктен туындаған заңдылық. Шежіре-атасы, баласы, немересі,  шөбересі, неменесі, шөпшегі, шүршіт, туажат, жүрежат, жүреғат, жат-жұрт болып кете береді екен. Ақын Сағынболат  Орманбайұлы  айтқандай,  «Бабаларды дәріптеу даналығы – рушылдық  емес, бұл  ұйымшылдық». Мен  өзімнен бастап (сонау) түп атама дейін сабақтастырып  білгенімді, естігенімді, оқып-тоқығанымды бөліскім келеді.

1. Мұқатай Қожабекұлы

 

Әкем қой аузынан шөп алмайтын момын,                                                                                           кеңпейіл, маңындағыларға шапағатын аямайтын мейірімді жан болған. 1930 жылы әкесі Қожабек Тәнекеұлы  Қапал  өңірінде  біраз жақтастарымен режимге қарсы шығып «Бөрібай» ұранымен  Қапал, Сарқан кентінен бері Көлтабан ауылына  дейін басып  алыпты, өздері ұсталып  3-тіктің шешімімен  атылып қудаланғанымен қоймай  бүткіл  ауыл  қуылып, қырғынға ұшырайды.    Әкем  мен шешем  Сауданбайқызы Мәйке ауылдағы туған- туыс пен көрші-қолаңның  әке-шешесінен айырылған, жүруге жарамаған жас жетім балаларын әкеп Сағабүйен  ауылындағы жетімдер үйіне өткізіп, қалған ересектерін ертіп, Қазақстанның  түпкір-түпкірлерінде  бір тілім нанды бөліп жеп, көшіп-қонып жүріп, 1940 жылдары Үштөбе станциясына келіп  тұрақтайды. Кейін соғыс басталып бұларды жайына  қалдырады. Әкем сол 1941 жылдың  жаз  айында соғысқа кетіп, 1944 жылдың  көктемінде жараланып, науқастанып  үйіне қайтады.

Әкем соғыстан келгеннен кейін Қаратал ауданына қарасты  45-разъезде  тұрып, жылқы ұстап, қарапайым, қоңырқай тірлік кешіпті. Еңбекке араласа алмаған ол үйде тыныш жатпай етікші өнерін игеріп, бала-шаға аяқ киімнен тапшылық көрмепті. Мен туғаннан 4 айға дейін аурушаң болыппын. Үнемі  «Қызымды алғанша, мені ал» деп Құдайдан тілеген екен. Көршілер: «Мұныңыз не? Қыздың тілеуін тілеп, ұлыңыз бар емес пе?» десе: «Жоқ, осы қыз жыласа жаным алдыма түсіп дөдеңдеп кетеді, бұл менің  Дөдәгім»- дейді екен. Шілде  айының  бір күні, таңғы  сағат төрт шамасында шешем оянса мен серейіп, әлдеқашан өліп қалған адамға ұқсап жатқан болсам керек. Шешем әкемнен қорыққанынан, неде болса өзі көрсін деп, бие саууға кетіп қалады. Бірер сағат өткізіп келсе, мен әлі де қыбыр етпей серейіп жатыппын, әкем әлі оянбаған екен. Сөйтіп, амалсыз шешем әкеме менің жағдайымды хабарлаған: «Мұқа, Дөдәгің біртүрлі болып жатыр» десе әкем: «Құрттың-ау»-деп мені ары-бері созғылап, күн арайлап енді көріне бастаған шақта: «Е, Алла осыны алғанша, мені  ал» деп атқа қонып, станциядағы докторларға кетіпті. Бұл оқиға шешемнің, кейін көршілердің аузында аңыз ретінде айтылатын еді. Сол разъезде Сәмәли (Әсет Дүйсебаевтың әжесі)  деген кісінің зайыбы, етжеңді, аласа,толық, көлденеңі мен ұзындығы бірдей апай келіп: «Немене, Мұқаң таң атпай, Құдайдың құлағын шулатып, әлгі жаман қызы өліп қалған дей ме, тәйірі, кайсы, мен көрейін»- деп үйге кіріп кетіп, іле-шала мені аяғымнан көтеріп келіп, басыммен жалындап жанып  жатқан отқа (көмуге дайындық)  қарпып-қарпып алып,  жатқан төсегіме қайта әкеп лақтыра салады. Әлден уақытта менің бір қолым мен бір аяғым тырбыңдап, есінеп, ес жиыппын, содан бастап ауырғанды   қойыппын. Ал әкем төсек тартып жатып, екі айдан соң, 20 қыркүйекте менің  6  айлығымда қайтыс болады. Әкемнің  маған азан шақырып қойған  аты – Гүлжаһар екен, қаһарлы болсын дегені болса керек, бірақ метірке алуға барғанда онысын ұмытып  қалыпты.  Сөйтіп, әкесіз өссем де мені мен аға, әпкемді  шешем ешкімге «жетімсің» деп айтқызбай өсірген еді. Бабаларымның  беделі, анамның  ақылы мен парасатының арқасында біз ешкімнен кем болмадық.

2. Қожабек болыс Тәнекеұлы

 

Атам   әкесі Тәнекеден кейін билікті қолына алып, ел басқарып үстемдік  жүргізген адам. Облыстық прокуратураның мұрағат мәлімдемесі бойынша 1855 жылы туып, 1930 жылы  75 жасында  3-тіктің ұйғарымымен «халық жауы» деп айыпталып, атылған. Оқыған, сауатты делінген.1930 жылдары қазақ жерінде режимге  қарсы  360-тан астам көтерілістің болғаны анық.  Соның ең ірісі осы Жетісу жерінің Қапал өңіріндегі – «Бөрібай» немесе «Матай көтерілісі», осы көтерілістің ұйымдастырушысы және басшысы деп Қожабекке айып  тағылған. Бұл  көтерілістің болғаны туралы  баспа  беттерінде ашып жазылмайды.

Қожабек Тәнекеұлы  1916 жылы  патша ағзамның қазақтың 18-25  жас  аралығындағы еркектерді солдатқа алу туралы жарлығына қарсы болған. Патшаның жарлығын  естіген  жетісулықтар  наразы болып, балаларын солдатқа беруден бас  тартады. Патшаға қарсы шыққан  жергілікті бас көтергендерді аяусыз қырып, жазалап, балаларын солдатқа зорлықпен  тартып әкетуді осы Қапал жерінде өкімет билігінде жүрген орыс нәсілді өкілдеріне тапсырады. Қожабек өзі басқарып отырған  болыстықтағы   жігіттерді  алыс  тау  қуыстарына  тығып, құтқарып қалады. Қожабектің бұл қылығы  өкілдердің құлақтарына жетпей қалмайды. Қожабек түрмеге қамалады.1924-1925 жылдардағы байларды тәркілеу науқанында тағы қамауға алынып, түрмеде отырады. Өйткені, Қапал өңірінің тарихын зерттеуші, марқұм Марат Алыбаевтың деректерінде Тәнеке батырдың ұрпақтарының бірі  Қожабек өз уақытында Матай еліне өте қадірлі адам болғандығын айтады және Қапал жерінде 1926 жылы  Мырзағұлдың асында Қожабекті елдің есіне түсіріп, кенже-Темір ақын айтқан бір сөз көп ойға жетелейді-дейді

                               Базарда тұрған бөз едің,

                               Қарулы тұрған тез едің.

                               Жақсылар бас қосқанда,

                               Аузындағы сөз едің.

                               Өсек-аяң сөзің жоқ,

                               Асыл туған бек едің.

                               Жақсылар бас қосқанда,

                               Қызыл тілді без едің,

                               Аяттың сөзін жатқа айтқан

                               Бөлекше туған ер едің.

                               Жаяуға ат болып ең,

                               Шалқып бір жатқан көл едің

                               Тартылып  неге қалайын

                               Жауаптың келген кезегін

                               Өлмей тұр,тірі жүре тұр,

                               Жақсыдан қалған көз едің-  деп жиылған жұртты жылатыпты.

Түрмеде  зиялы  қауыммен бірге отырып, біліміне  ақылы сай Қожабек әр қоғамның өз сұрқылтайын түсінді, орыс отаршыларының түпкі мақсаты алмас қылыштың жүзімен, ақ найзаның  ұшымен, бабаларымыз  қан мен терін қоса төгіп қалдырған жер-су, жер асты, жер үсті байлықтарын иелік етуді көздегенін білді. Ол ел арасына келгенде күннен күнге жүдеп-жадап  бара жатқан ауыл тұрмыс-тіршілігіне уайым жеді. Бірақ, қолынан келер дәрмені жоқ еді. Ауыл адамдарына ақыл-кеңес беріп, рухани қолдауға ғана қауқары жетті. Жерін, елін сүйген Қожабек  жақын тұрған тау асуынан аспай, Қытайға бала-шағасын ала қашпай не болса  да еліммен бірге көремін деп өзі болыстық жүргізген 11 ауылда үмітпен күн кеше берді. 1929 жылдың соңында колхоз ұйымдастыруға байланысты өкімет басындағылар капиталистік элементтер зиянын келтіріп, қолхоз ұйымдастыруға залалын тигізеді деген пасық  мақсатта  ауыл байларын  жою саясатына шұғыл бет бұрады. Қазақстан бойынша жүзден аса комиссия құрылып, оған 3000-дай  мүше сайланып, аймақтарға жол тартады.

1929 жылдардың аяғын ала 1930 жылдың басында ауыл шаруашылығын коллективтендіріп, белгілі бір табыстарға жетеміз деп елеулі де өте  зиянды қателіктер жіберіледі. Бұл қателіктердің түп  тамыры колхоз ұйымдастыруда еріктілік принциптерінің  өрескел  бұзылуында, меншік иелеріне жүгенсіздік пен зорлық, зомбылық көрсетілуінде болды. Орташа шаруалар мен кедейленген байларға дұрыс баға берілмеді, оларды колхоз ұйымына сатылап, біртіндеп өткізудің орнына күштеп  жаппай  көндіру әрекеттері де түсінбеушілік тудырды.

 Бұл тұста басқару механизмі дұрыс жолға қойылмады.  Шаруашылықты  басқаруы иісі мұрнына бармайтын, білімі, зердесі жоқ кедей батрактардан құрылған «шолақ белсенділер» жоғарыдан келген ауыл өмірі мен тұрмыс ахуалын түсінбейтіндер әдеттен асыра сілтеді. Бұл «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» саясаты тарих сахнасына шыққан кез еді.  Қала өндірісінде жұмыс істеген, тәлім-тәрбиесі шамалы, топқа ілесіп, құр айқаймен  күн  кешкен «шала қазақ»  пен  орыс  ұлтынан басшылыққа  тағайындалған белсенділер «шаш ал десе, бас алды». Бұл компаниядағы асыра сілтеушілік  бірқатар жерлерде ауыл елдерінің наразылығын тудырып, бас көтеруіне әкеп соқты, соның бірі Қапал өңіріндегі айтулы Бөрібай немесе Матай көтерілісі.

Қожабек туралы деректер жинағанымда Арасан ауылының молдасы Әкімбай қарттан, Үштөбедегі Мир көшесінің тұрғыны, 82 жастағы Рысбай атадан көп әңгімелер естідім. Бұл кісі Қапалдағы 11 ауылда бала кезінде тұрып, Қожабектің аты құлағына әбден сіңісті болған екен. «Шешем құран оқығанда күбірлеп Қожабектің рухына бағыштап отыратын. Әкесі Тәнеке де, Қожабек те текті, парасатты, кісілікті, сымбатты, жақсы адамдар болған, елге көп қолғабыс, көмек берген және халқын жылатпаған», - дейді ол кісі. Ал, ішкі істер басқармасының отставкадағы полковнигі, Алакөл ауданының  ТЖБ  бас қызметкері болған,  мамандығы   тарихшы, заңгер марқұм Қайыржан Қожабеков (фамилиялас, аталары кезінде Қожабекке  аты шыққан жүйрік атын мінгізіп Қожабек есімін ырымдап сатып алыпты) былай дейді: «Қожабек Тәнекеұлы сонымен қатар,  күйші, домбырашы, әсем дауысты, ән салған сауықшыл, өнерлі  болған екен». Қожабек өз заманында асқан байлығымен, кең пейіл жомарттығымен, әділ, адамгершілігі мол, қарапайымдылығымен  ел  жадында қалды. Оның бет-беделі мен сөзі Жетісу  өңірінің аузында жүрген болыстардың бірі.

Асыл тұқымды жылқылар өсіріп, ең бірінші болып пәуеске (фаэтон) мініп, сән-салтанатпен өмір сүрген көрінеді.

Қожабектің өз кіндігінен туған  6  ұлы Мұқатай, Ақатай, Қожаахмет, Жұмахан,

Сламбай, Кенжеахмет  әкемді «халық жауы» деп айыптадың деп, өкпе-наз айтпай 1941 жылы бәрі бірдей соғысқа аттанады.Соғыстан қайтқандары Мұқатай мен Жұмахан көп өмір сүрмей ерте кетті.

3. Тәнеке (Нұралы) би, батыр   Дөсетұлы – Қазақтың соңғы батыры

 

15-інде ел билеген Тәнеке туралы  қазақтың  біртуар перзенті Мұхамеджан Тынышбаев жазбаларында: «1807 жылы Қыдыралы би қайтыс болды. Дәл сол жылы Арғанаты тауларының шығысында, Тасқора шатқалында оның немересі, Дөсет бидің ұлы Тәнеке  дүниеге келді» деген мәлімет  қалдырған.

ХIХ ғасырдың басында қазақ халқы Орта Азия, оңтүстік шығысында Қытай хандықтарының ықпалында болғаны аян. Бұл хандықтар қазақ  халқын алым-салықтарымен тұншықтырып, малын талан-таражға салып, тартып алып,  мал  бағатын өз жерін өздеріне бермей, үстемдік қылған заман еді. 1820 жылдары бүткіл қазақ жерінде  қазақ  халқы өз тәуелсіздігі үшін кезекті рет күреске шыққандығы ақиқат. Тарихта үш жүз бірігіп бастаған ұлт азаттық күрес  Жетісу өлкесін де айналып өтпеді. Кенесары Қасымов көтерілісі бүткіл қазақ  даласын шарпып, Жетісуға да оның бір ұшығы жеткен болатын.  Тәнеке  батыр  Кенесары ханға  орасан зор қолдау көрсетіп, ханның  қырғыз еліне Жетісу өңірі арқылы өтуіне үлкен ықпал жасады. Ал  осыдан кейін   қырғыз манаптарының  Ресей патшалығына сатылып,  Кенесарының басын алып, Қапал, Аягөз  арқылы Омбыға  жібергенін естіген Тәнеке батыр Жетісу жерінен  матай, садыр, арғы  беттен қызай елінің  руларынан  2000-ға жуық қол жинап барып, қырғыз манаптарын аямай  жазалайды, құлдыққа жегеді. Бұл тарихи шындық, тарихшы  Ермахан Бекмұханбетов  осы оқиғаны  атап  көрсеткен.

Ілияс Есенберлин ағамызды ХХ ғасырдың батыры, қаһарманы деуімізге әбден болады, 1969 жылы ол кісі Кенесеры ханды зерттеп, қазақтың соңғы ханы ретінде халқымен қауыштырған болатын. Кенесарының  қырғыздан кегін қайтарғаннан бастап Тәнекені халқы: «Қазақтың соңғы батыры» деп  атады Кенесары ұрпақтарының хан жөнінде жазған шығармаларынан Тәнекені атағанын кездестірмедім. Қайран қаламын. Өлімде  хан да, қара да, Алланың да, жаудың да алдында бірдей емес пе?

Тәнеке батыр 1846 жылдың аяғында Ресейге жұрттың ең соңынан қосылды. Бұл өзі басқарып отырған Матай  елін аман сақтап қалу үшін амалдың жоқтығынан, шарасыздықтан барған қадам болатын. Бір жағы Ресей, екінші жағы қоқандықтар қысқан қысылтаяң шақта, халық ішінен шыққан алауыз  Рүстем  сұлтанның өктемдігі қара халықты одан сайын әлсірете берді. Рүстемнің әрекеті бейкүнә балалар мен әйелдердің өліміне себепкер болды. Тәнекенің тегеурінінен қорыққан ол, қашып-пысып жүріп, ақыры Барақ батырдың қолынан қаза табады.

Қарашекпенділер Жетісуға келіп, ең шұрайлы жерлерді тартып алып, қазақтарды құм мен шөлейт, қу тақырға қуғанда, патша ағзам қазақ сұлтандарының  сөзін құлаққа қыстырмағанда Тәнекенің  төте жазумен  жазған хатынан соң 1857 жылы ( Қ.Р.мемлекеттік мұрағат қор.фонды  № 15, тіркеме №1, іс № 179, бума №5)  патша канцелияриасы  Тәнекеге  тікелей жауап қайтарып, зорлықпен алынған шүйгін жерлер қайтарылып, қазақтар өз жеріне қайта қоныстанады. Бұдан біз Тәнекенің  руға, жүзге бөлінбейтін ұлтжандығын көреміз. Тарихшылардан «Патшалық  Ресей  Тәнеке  батырды қай қасиетіне бола құрметтеді екен?» деп сұрағанымда олар: «Тәнекесіз Қашқария қақпасына кіре алмас еді, Жетісуда тыныш өмір сүрмейтін еді» деп жауап берді. «Шоқынған» деп бүгінгі қазақтың мақтанышы Шоқанның басына қауіп төнгенде Тәнеке батыр өлімнен құтқарғанын Сейдеш  Мұхаметшин жазады. Балқаш көлі жағасында пайда болған кісі жегіш жыртқыш жолбарыс сол жерде өмір сүрген  ұлы жүз тайпасына тыныштық  бермеген. Тәнеке батырды көмекке  шақырады,  Тәнеке батыр  жолбарысты өлтіріп  елді ажалдан құтқарады. Жолбарыстың екі күшігін  өзімен бірге ала кетеді. Бір күшікті Тәнеке жорықта жүргенде топограф  Нифантьев  Омбыға ұрлап әкетіп, одан әрі ақ патшаға сыйлайды.

Тәнеке батыр орыс пен Қоқанға қарсы шықты, Қытайды жерден  айдады. Ең бастысы оларға елді қырғызбай аман алып қалды. Іштен шыққан жау жаман демекші, Рүстем қанішердің құрған тұзағынан елін аман бірнеше рет  сақтап қалды, өзі де қатерден  ақылдылығы арқасында құтылды. Тәнеке батырлығымен қоса әділ билігімен, ел қамқоры, Жетісу жерінің управителі болды. («ҚР мемлекеттік мұрағат қоры  № 44 тізім №1, іс № 29145, бума № 9 »).

Тәнекені  Шоқан  қолжазбасында «қолағаш мұрын, шүңірек көз, шудалы төс» деп сипаттайды, шудалы төстігі шудалы шығар, ал мұрыны мен көз туралы айтқаны шындыққа жанаспайды. Біз білетін 7 әйелінен тараған тіпті, 4-ші, 5-ші ұрпақтарына дейін мұрындары бір келкі құс мұрын, көздері ашық, қастары, шаштары қалың, бұйралау, ат жақты, тіпті әр әйелінен туған балаларынан ұқсастық  табылады. Тарих танушылардан Шоқан атамыздың  бұл жазбасының мәнісін сұрағанымда: «Шоқан Тәнекені жазбаларында қалдыру мақсатында жағымсыз тұрпатта жазуға мәжбүр болған, әйтпесе, басқарушылары рұқсат етпес еді»- дегенді айтты. Ал енді «барымташылыққа» келсек, Шоқан өзін өлімнен құтқарған Тәнекені, Қашқарияға дейін жолда тонаушы-қарақшылардан сақтап, Қашқария қақпасын айқара ашып берген Тәнекені «барымташы» деуіне жол болсын. Бірақ сол заманда бүткіл батырларды барымташы деп айтатын еді ғой. Тіпті, кейбір батырды «ұрысың» деп көзі тірісінде бетіне баспап па еді? Мысалы, әулие Бұқар жырау Қабанбай мен Бөгенбай арасындағы кикілжіңде: «Ей, Бөгенбай, тақымың кеппеген ұры едің, Қабанбайдан бұрын найзаңды қашан жауға тіредің?» деген ақиқатты айтқан әділ де, азулы би емес пе еді? Бүгінгі күні дәріптеп отырған басқа да батырлар жөнінде де ұры, сатқын деген әңгімелер толып жатыр.Тіпті, Тезек төренің өзі де ұры атанған емес пе еді .

 Әруақтары кешірсін. Қазақтың батырлары 500 емес, 500 мыңнан асары хақ. Ондық, елулік, жүздік, мыңдық басқарған батырлар неге аталмайды? Әйтпесе, мына ұланғайыр жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен жаулап алу аталып жүрген екі-үш батырдың еңбегі ғана емес. Тәнеке  - «Почетный киргиз», «Хорунжий», «Старшин» атағын алған, алтындалған тон киген, алтын медаль таққан марапат иесі (ҚР мемлекеттік мұрағат қоры, 44-тіз.1 іс, 29145). Бірақ, аяқтан шалушылар білімі, санасы таяз кейбір рушыл, жүзшілдер «барымташы» деген сөзді желеу етіп, жалау қылып Тәнекені қаралағысы келеді. Тәнеке батыр, баласы Қожабек болыс, әкесі Досет би, атасы Қыдыралы би, арғы аталары Бөрібай батыр, Сары би, батыр Ресейдегі қазақтың алғашқы елшісі, Төлегатай, Қытай би, Матай, Қаптағай батырлар туралы жергілікті жерде көп айтыла бермейді.Тіпті айтылмайды да. Патшалық Ресей  Тәнекені  Кенесары ханның жақтасы деп айыптаса, Совет өкіметінің тұсында бай, капиталистік элемент деп  атын атамады. Және де бұл тақырыптар қозғала бермейтін себебі,  бұл әулетті «халық жаулары» әуелі баста М.Тынышбаев, И.Жансүгіров, Е.Бекмаханов т.б. зерттеген, жазбалары өздерімен бірге құртылып, жариялануға қатаң тыйым салынған. Тәуелсіздігіміз қолымызға тигелі  20 жылдан асты, бірақ баяғы жартас, сол жартас. Тәнеке Ескелді атамыздың қызын алды, туған күйеу баласы, Балпық атамыздың қызын ұлы Есімбекке әперді, немересі Жақсыбекке Балпық атаның  туған інісі Тіленшінің қызын қосты. Яғни әулие аталарымызбен Тәнеке  құрдас, замандас.

 4. Ер  Дөсет (Дос би) Қыдыралыұлы

Тәнеке (Нұралы) батырдың әкесі Дөсет – тірісінде қайырымды аталған Қыдыралы бидің тұсында билік жүргізген, бүткіл қазақ халқына                                                                        қамқор болған, сонымен қатар көріпкел әулиелігімен  ел жадында  қалған тарихи тұлға. Көбіне бұл кісі туралы ауыз әдебиетінен, яғни аңыз болып айтылатын естеліктерден білеміз. Қазақ билеушілері іс қағаздарын, мөрін қоржында, өзімен бірге алып жүріп, мұрағатқа тапсырмағандықтан және де  сақталса да  Іс қағаздары араб, төте жазумен жазылғандықтан, оны  қазақша аударатын аудармашы бүгінде жоқтың қасы. Бұл кісіні елі ер Дөсет дейтін. Жоңғарлар әлсіреп, Қытай мен қоқандықтар бой  көтере бастаған кезде өмір сүрген Дөсет бабамызды көргендер: «Бойшаң, ақсары, қасы қалың, ұзын, көбіне қасын төмен түсіріп, қасы көзі мен мұрнын жауып тұрады екен, тоқтамды, сабырлы, мейірімді болған» –деп айтқа екен. Мәйіті Қызылағаш ауылынан  шығысқа қарай 17 шақырым жерде, аумағы 2-3 гектарды алып жатыр. Тәнеке әкесіне    4000 серкенің  майымен, 4000 аттың құйрық жалымен сары балшыққа араластырып, кірпіш құйып, зират тұрғызған. Баба бейіті  сол кезде  биіктігі 18 -20 метр, көлденеңі 2-2,5 метр болатын  биік дөңестен орын сайлапты. Ел жадында Дөсет туралы мынандай аңыз айтылады. Бірде атқа мінген  шолақ етек келіншек пен ел ағасы бейіт тұсынан: «Дөсет, құдыретіңді көрсет», -деп  шаба жөнеледі де екеуі де омақасып аттан құлап, неше жыл төсек тартып жатып қайтыс болады. Бұл алғашқы ауылға келген атеизмнің  уы еді. Азаматтық соғыстың оты тұтанған аумалы-төкпелі кезде қызылдың командирі Дөсет бидің мазарына келіп, дүрбімен жер шолайын деп  бейітке өрмелеп шығып, жан-жағына қарап тұрып, мазардың төбесінен құлап түсіпті. «Не болды » деп қаумалаған орынбасарлары мен солдаттарына: «Қасы, сақалы әппақ шал «түс үстімнен» деді», - депті. Сөйтіп қызлдар мазар жанына жоламайтын болыпты. Содан осы күнге дейін тірішілікте жолы болмай жүрген немесе бір балаға зар болған ата-аналар Дөсет бидің бейітіне түнеп, тілегін шын ниетімен тілесе, орындалады деген сенім қалыптасқан .  Қызылағаш жылқы заводының директорларын  СССР кезінде  тек Мәскеу тағайындайтын, Республика, облыс басшылығы қарсылығы жоқтығын айғақтайтын. Нәсілі орыс болса да, сол басшылар әулие атаның басында «Әбестік етпеңдер» деп, тракторист, пішеншілеріне ескертіп отырады екен.Совхоз-заводтың жылқы фермасының меңгерушісі: «Мне дед помог  избежать  от тюрьмы»-деп атаның басына барып тұратын көрінеді. Ферма жылқыларының үстіне жаппай белгісіз жара шығады, «құрыдым, біттім» деп шыж-быж болып жүргенде оған қазақтың  бір  ақсақалы бүткіл жоралғысын жасап атаның басында 7 күн түнеп, тілек тілеуге кеңес береді. Оны бұлжытпай орындаған ферма меңгерушісінің жылқылары үстіндегі жарадан құлан таза айығады. Айта берсе, атаның  қасиеті, шарапаты туралы аңыз әңгіме көп. Әруақ сыйлаған қазақ емеспіз бе, атаның бейіті қасынан аттылы түсіп, жауялап, көлікті тоқтап, әруағына сыйынып, рұқсат сұрағандай бәсең жүріспен өтеді.

5.  Қыдыралы би, батыр  Бөрібайұлы

Ерте   билікке араласқан Қыдыралы жас шағында  «Бала би»,кемеліне келіп ел ағасы болған  кезінде орынды сөйлеп «Дара би», дөп басып, тауып сөйлейтін «Дана би», жасы ұлғайғанында «Баба би» атаныпты.

Ауыз әдебиеті, «Бабалар сөзі», Сегіз сері «Бөрібай батыр» дастанында жырлап кеткен, өлең түрінде айтылған мына жолдарға зейін сала өтсек:

                           Бөрібайдан Қыдыралы бесеу туды,

                           Қыдыралы Бөрібайдың жолын қуды.

                           Ол күнде онан асқан кісі болмай,

                          Мен шешенмін дегеннің тілін буды.

Қыдыралы бидің «қайырымды» аталуының басты 3 себебіне тоқталсақ, бірінші себеп – Қыдыралы өз кіндігінен 11 ұлы болған, сол 11 ұлға қоса шапқан жерінен келген қолға түскен шонжарлардың балаларын да асырапты. Қыдыралы атадан 11 ұл,11 құл, яғни  22 ұрпақ  тарайды  және де Қыдыралы өз балаларына: «Осы балаларымды құл деп бөлгенің, менің үмбетім емессің» деп өсиет қалдырған екен. Сондықтан болар сырт көздер айтса да, ұлдан тарағандар әлі күнге бөлініп жатқан жоқ.Адамды мақтаған болып, мысын басу мақсатымен от тастай сөйлейтіндер: «Қыдыралының ұлдары тұрмақ, құлдарының өзі ханның ұлындай ғой»деп жиі таңдай қаққан. Екінші себеп – Қыдыралы би жаз жайлауға, қыс қыстау, көктеу-күзеуге көшсе де, жұртына тошаласын тігіп, қазан-ошағын қалдырып кететін болыпты, жұртына келген далаға келгендей болмасын деп. Сондықтан болар ел аузында қалған:

                                 Тоқаға қонғанша қоғаға қон,

                                 Бікенге қонғанша тікенге қон.

                                 Қараға қонғанша далаға қон.

                                 Көшіп кеткен Қыдыралының жұртына қон-деген сөз бар.  Үшінші себеп – Қыдыралы бидің  әділ де, адал билік шешімінде. Қайырымды Қыдыралы би;   

-          Ханда - ұл болмайды,

                                                                        Биде- құл болмайды.

                                                                        Хан - өз елінің ұлы,

                                                                        Би - әділдіктің құлы.

                                                                        Хан өз ұлына тартса, -

                                                                        Халқына кәдірсіз.

                                                                        Би-қылдан май тартса,

                                                                        Билігі әділетсіз, - деген екен.

«Қылдан май тартса» деген сөздің төркіні қайда жатқанын сөз ұғатын қазаққа түсіндіріп жату артық. Бұл сөздердің қай жолы болса да  өнеге тұтарлық ұғым, ақиқат жолындағы ұстаным. Қайырымды Қыдыралы бидің жер дауына араласқаны туралы мынандай бір әңгіме бар.

Екі рулас елдің бір  ру басысы: «Молда  бір кескен, енді Қыдыралы би  бір кесіп, өрісімді тарылта алмас», -деп долыланып ызаға булыға сес көрсетіпті. Сонда

                                                                  Қайырымды Қыдыралы би:

                                                                  Кесірткенің құйрығын кессе

                                                                  Қайта өсіп ұзарады.

                                                                   Иттің құйрығын кессе-

                                                                   Мүшеленіп зораяды,

                                                                   Кесуде де кие бар,

                                                                   Ен салған малда – ие бар.

                                                                   Дүниеге келген шарана

                                                                   Кіндігін кеспей бола ма?

                                                                   Талпынса сәби далаға,

                                                                   Тұсауын кеспей бола ма?

                                                                   Қожа-молда  алдын көрмеген ер бала,

                                                                   Мұсылман болып оңа ма?..

                                                                   Кесуде де кие бар,

                                                                   Кесімді сөзде жүйе бар.

                                                                   Кесілгенді кемдік көрсең,

                                                                   Мұсылмандықтан безгенің емес пе ?

                                                                  Аталы сөзге тоқтамай,

                                                                  Ағайынның жоғын жоқтамай,

                                                           Тірі жүріп өлгенің емес пе ?- деп жер дауын әділ шешкен екен. Сонымен қатар осы тұста қайырымды  бидің туысына айтқаны бар:      

                                              Бар болып жоқ дегенің,

                                              Сүбесі қарыс доңыздан айырымы  кәні?

                                              Жоқ болып бар дегенің,

                                              Боқ домалатқан қоңыздан  айырымы кәні ?

                                              Бәрінен де ұғысқан-

                                              Береке,бірлік артық,

                                              Құмырсқадай ұйысқан,

                                              Қаракет артық.

Мал ашуы, жан ашуы деген Қыдыралы биге  ат  арқасының жауыр болғанын бірінен бірі көрген  екі  жігіт жүгініпті. Сонда Қыдыралы би екеуінің де тоқымдарын алдырып, аударып көріп:    

Тоқымы жақсы ер тұрман-

Ат арқасын кетірмес.

Тоқуы жақсы жігіттің,

Ақылы азып кетілмес- деп тоқымы  былғанған жігітті кінәлап, айыппұл салып, дауды тоқтатыпты.

Сондай-ақ жер дауы, жесір  дауы, құн дауы, ар дауы, мал дауы басқа дауларды Қайырымды Қыдыралы би шешендігімен, тапқырлығымен бірге бейнелі де салмақты сөз құдыретімен шешіп отырған. Қазақта «Барымта- қарымта» деген  болмашыны сылтау етіп, бай-шонжарлар барынша қолданған, бұның ар жағында бұрыннын келе жатқан  өшпенділік – кек алумен бірге әлсіздің малын ұрлап өзіне сіңіріп кету мақсаты бой көтерген. Әрине, бұндай жағдайда мал жоғалтқандар қол қусырып отырмай биге жүгінеді. Осындай бір дау-дамайда Қайырымды  Қыдыралы би аптыққандарды  ақылға шақырып айтқан екен:

                                            Бұйдалы бұқа бұлқынар,

                                            Баянсыз жігіт жұлқынар.

                                            Бұлқынған бұқа  бұйдасын  үзер,

                                            Бұйдасын үзер де бұзауды сүзер.

                                            Баянсыз жігіт жұлқынса да,

                                            Жауға шаба алмас,

                                            Дауға жарамас, - деп  дауласушыларды ымыраға келтіріп, малы жоғалған елдің малын қайтартыпты.

Әлсізді қорлау, әйелді зорлау, кедейді, жалғызды кемсіту, үстемдік, озбырлық - ар дауына жатады. Қайырымды Қыдыралы бидің атасы Сары батыр, биден туған бір бауыры  күнін зорға көріп жүрген кірме ағайынға  қысастық көрсетеді. Бұны естіген Қайырымды би атамыз, бүйрегі ағайынға бұрылмай, әлсіздің мұңын мұңдап, үстемдік көрсеткен өз туысына 9 айыппұл салған екен. Туысы «Біз Сары бидің ұрпағы едік, қайдағы бір кірмеге жығып бердің» деп өкпе айтады, сонда Қайырымды Қыдыралы би:

                                     Біреудің бағы асып туады,

                                     Біреудің тағы асып туады.

                                     Біреудің жағы асып туады.

                                     Бағым асып туды деп,

                                     Ақылынан азып,асып-тасыса не болар?

                                     Тағым асып туды деп,

                                     Тізеге салып,тақымға басса не болар?

                                     Жағым асып туды деп,

                                    Қалыптан танып, жақынға тартса не болар? -деп туысына қарсы сұрақ қойыпты.

Ауыл ақсақалдары арасында Қайырымды Қыдыралы бидің өсиеті, фиософиялық  сөздері көп айтылып кеңінен тараған:

                                        Аталы сөз-

                                        Ақсауыттан өтеді.

                                        Аққұмған-

                                        Албастының жолын кеседі.

                                        Қара қазан

                                        Қайнаған кекті басады,

                                        Қара малдан-

                                        Құлағы шұнақ құлын асады.

                                        Құрылтай деген  бір құс  бар,

                                        Құламаға салар ұясын.

                                        Құс екеш құста қорғанар,

                                        Ұяны бұзбас шын асыл.

Бұл аңыздың барлығы жастайынан ауылда өсіп, шежірелі ауыл даналарының аузынан естіп жадында сақтап, бүгінде халықпен қауыштырып, жарыққа шығарған, қайырымды Қыдыралы бидің  ұрпағы, белгілі балалар ақыны, ҚР жазушылар одағы мүшесі, облыстық, республикалық талай газет, журналдардың қызметкері, ҚР Парламенті Мәжілісі,Ұлттық Банкінің жауапты қызметкері, Әділет министрлігінің басқарма бастығы болған, марқұм Өтепберген Ақыпбековтің  еңбегі.

Қаз дауысты Қазбек би  мен  Бала би Қыдыралының арасында болған  сауал-жауап (бүгінгі тестирование) үлгісіндегі сөздер яки Би атану үшін аузына елді қаратқан майталман төбе билердің сан түрлі сынағынан өтіп барып, олардың батасын алғаннан соң ғана би атанып, халықтың сеніміне, билік шешімімен, ақылымен, тапқырлығымен, даналығымен, әділеттігімен құрметке ие болған. Үш жүзге  аты шыққан Қаз дауысты Қазбек би жастайынан билікке араласқан Бала би Қыдыралыға батасын берген деген дерек бар (Өтепберген Ақыпбеков).

Оның ұзын-ырғасы мынандай: «Үш жүзге аты мәшһүр Қаз дауысты Қазбек Бала би Қыдыралыны  алдына шақыртыпты дейді, даусын соза амандасып, енді жайлана берген бала биге:

                      Сұмырай   келсе су құриды,

                      Сүмбіле туса су суиды.

                      Қаһарланса  өң суиды,

                      Қар жауса көң суиды  - осы сөздердің мағынасы не ?-деп сынапты. 

Сонда Қыдыралы :

                                      -Су тартыларда тасқын болар,

                                      Аз күн алашапқын болар.

                                      Су шіркінде не жазық бар ?!

                                      Қара суға ұрық шашатын,

                                      Су тасыса кері  қашатын,

                                     «Сұмырай» деген балық бар.

                                     «Сұмырай»    келсе су құриды-

                                      Деген сөз содан қалған халықта.

                                      Сұмырайдың да сұмырайы  бар,

                                      Сөз түйіні балықта емес, қалыпта..

                                      Сүмбіледе күн жыламықшыланып,

                                      Түн салқындап, қырау түседі.

                                      Топырақ – судың өлең-төсегі,

                                      Топырақ суынған соң,   

                                      Су суынбай нетеді?!

                                      Көңіл тарылса-жүрек суынар.

                                      Суынған жүрек ызғары өңге шабар

                                      Жүректі жылытатын-

                                      Мейірім мен пейіл болар...

Ал енді « Қар жауса көң суиды»-дегеннің мәнін ұқпадым десе керек, көң қатса қалыбында емес пе деп- іркіліпті  . Қазбек би:

                                        Тақпақшыл бидің ойы таяз,

                                         Сөзі жайдақ келеді,

                                         Айтарын сайлап келеді,

                                         Жайдақ сөз – айбат та,

                                         Айғақ та емес.

                                         Кесімді сөз қысқа болар,

                                         Әрі нұсқа болар...

                                         Тақпақтасаң да,

                                         Тапқырлық таныттың,

                                         Ақылыңа –тұщындым,

                                         Айтуыңа-қанықтым!.

 

                                        Шешіліп сөйлесең де есіп сөйлеме,

                                        Кесіп сөйле!

                                        Ақ пен қараны шешіп сөйле,

                                        Тақпақтап сөйлеп Бала би атандың,                             

                                        Тауып сөйлеп Дара би  атан,

                                        Таптап сөйлеп Дана би атан !.

                                        Әу-мин, - деп  Қыдыралыға батасын  беріпті.

Қыдыралы би жастайынан билікке араласуына мына оқиға себепші  болған  деп  тұжырымдайды  Өтепберген.Түскен олжадан «Бөрібай сыбағасы» жеке бөлінетінін көріп өскен Қыдыралы осындай бір бөлісте маған да атамның сыбағасын беріңдер депті. «Тобықтай болып сыбаға сұрауын»- дегендерге, Қыдыралы: 

–        Тобықтайдың да

Тайлақтай құны бар,

Тайдың да тұлпарлық  сыны бар,

«Дүлдүлтастың» түгіндей,

Теңбілкөк,тарпаң тай екен,

Тақымыма сай екен,

Қалауым осы,  халайық ! - деп теңбіл- көк тайға қарғып мініп алып :   

                                                        - Ат жалын мен де тартайын,

                                                         Сауранға сауын айтайын.

                                                        «Таңбалы тасқа» тау етіп,

                                                         Сарысу барып қайтайын.

                                                         «Ақсүйек» болмас ермегім,

                                                          Жақ сүйекке салмақ артайын! – деген екен.

 Осы күнге дейін ауылдағы туыстар  соғым сойғанда  «Бөрібай сыбағасы» деген сыбаға беріп жіберетін, бабалар дәстүрін  ауыл сақтайтын.

5. Бөрібай би, батыр Сарыұлы

 

Қазақ халқы өмір сүріп отырған жерде рухани байлықтың бірі – ауыз әдебиеті аса маңызды болғандықтан және де сол рухани байлықтан ортасын ойып орын алып отырған Бөрібай батырдың  есімі халықпен бірге жасап келеді. Жоңғарлармен жойқын соғыста Бөрібай елін аман алып қалуда, басын өлімге тігіп, жалпы қазаққа келген нәубәттен, яғни күнгей жақтан қаптап келген қалмақтан, тек өз  руын, өз елін аман  алып шықпай сонымен қатар қарамағындағы Жалайыр, Қоңыратты жоңғарлардың талауына түсірмей өзі бастап Сарысу бойына көшіріп әкеп қоныстандырады. Ел басына  туған ауыр күнде  қазақ елінің ауыз әдебиеті «Елім-ай» атты зарлы  әні осы күнге дейін жадымызда сақталды ... 

 

                                         Бостырып жалайыр мен наймандарды,

                                         Алтай мен Алатауды қалмақ алды

                                         Жалайыр,Найман,Қоңырат Бөрібайға еріп,

                                         Сарысу бойына кеп қоныстанды.                              

  Бұл іс әрекет Бөрібай батырдың даңқын бүкіл үш жүзге жаяды. 

 Бөрібай батыр 1689 жылдары туған болу керек, туған жері   Қора атты кең жайлауда, ал қайтыс (1740/50) болған жері Сарысу  өңірі, аманат ретінде жерленіп, кейін мүрдесі Түркістанға  Қожа Ахмет кесенесі жанына қойылады.

Бөрібай батырдың есімі алғаш рет ХІХ ғасырдың жартысында  Қазақ елінің жерін,тарихын этнографиясын, жалпы қазақтың болмысын зерттеген орыс оқымыстылырының  жазбаларында, есімі ұранға айналған Бөрібай батыр туралы мәлімет Н.И.Горедковтың еңбегінде көрсетілген екен.                                                                                                                                                                             Одан бері М.Тынышбаев, Б.Сырттанов, С.Аманжолов, Н.Мыңжан, М.Мұқановтың зерттеулері бар. Жазушы Қ.Жұмаділов, Төребай ақын, ҚР ҰҒА корр мүшесі Б.Б.Кәрібаев тарих, археология, этнология факул.Қазақстан тарихы кафед.профессоры,Т.Бірбаланов, балалар ақыны, жазушылар Одағы мүшесі, марқұм  Өтепберген Ақыпбеков, МаратАлыбаев, Жемісбек Дулатұлы көптеген ғалым тарихшылыр, өлкетанушылар, жазушы-журналистер тағы басқа да ауылының тарихына енжер қарамайтын  патриоттардың мақалалары газеттер бетінде кеңінен жазылып жүр.

   Жүз томдық «Бабалар аманаты» атты халық ауыз әдебиеті жинағында                                                    ...                                  Паһ,шіркін,бұл кісіге,Құдайым-ай,

                                                      Бақ берген-ді...

                                                      мақтамай тұрайын ба-ай,

                                                      Қазақ аулы сүйінсе, жыр болады,

                                                      Үш жүзге ұран болған ер Бөрібай, - дейді.

Бөрібай батыр қалмақтың Қапал батырымен жекпе-жекте жеңіп, өлтіріп, мерейі үстем болған екен.  Абылай хан Бөрібай батырдың ерлігіне сүйсініп, хандық жарлығымен «атың жауға шапқан жауынгерлердің ұраны болсын» деп жариялаған екен. Жауға шапса да, бәйгеге шапса да, ұрпақтары «Бөрібай» ұранымен шабатын болған. Бөрібайдың таңбасы бөрі, қылыш. Бөрібай батыр өмірі мен еңбегі әлі де болса толық зерттелмеді. Бұл бүгінгі тарих ғалымдарының еншісінде, айта берсе мемлекеттік деңгейдегі іс шара.Тұжырымдап келгенде Бөрібай батыр, айтулы қолбасшы, елін жоңғарлардың соққыларынан аман алып қалған көреген ел билеушісі, «Қалмаққырылған»,«Аңырақай»және «Ақтабан шұбырынды » шайқастарын да қазақтардың жеңіске жетуіне үлес қосқан  және сол соғысқа қатысқан тарихи тұлға. Аты ұранға айналған аруақты батыр. Қожабек, Тәнеке,  Дөсет, Қыдыралы, Бөрібай - Отаны, халқы үшін, жанын қиған батырлар бейнесі  бүгінгі жастарды  Отан сүйгіштік рухта  тәрбиелеу үшін  таптырмас тарихи тұлғалар.  Бұлар ойдан құрастырылған, қиялдығы батырлар, билер емес, нағыз өмірде болған тарихи шындық.

6. Сары батыр, би  Асанұлы – Қазақтың Ресейдегі алғашқы  елшісі

 Бөрібай батырдың әкесі Сары би, батыр Тәуке ханның сеніміне ие болып, өзінің ақылдылығымен әділ де тура билігімен қоса, асқан шешен ділмарлығымен  әз Тәуке ханның алдында айрықша көзге түседі. Ресей мемлекетімен  сауда-саттық, саяси қарым қатынас, шекера мәселелерін шешу мақсатында  1690 жылы Сары би бастаған елшілікті Ресейге жібереді.Тобольск қаласында келіссөз жүргізіліп жатқан кезде сол жерге көршілес жердің тонаушылары орыс жауынгелерімен қақтығысып, орыстардан көп адам өлімі болады. Орыстар Сары  батыр, биге «Сенің адамдарың», - деп жала жауып, елшілікке бірге барған  кісілерімен бірге түрмеге қамайды. Тәуке хан І Петрге хат жолдап, елшілік  заңын, ережесін өрескел бұзып отырғанын атап көрсетеді,елшілікке барған адамдарын қайтаруын талап етеді және бұл талабы нәтижелі болады. Бірақ келіссөз жүргізіліп жатқанда Сары батыр, би түрмеде қайтыс болады.Тәуке хан Сары батыр, би өліміне бір жыл  аза тұтып, жылдығы өткенше жаугершілік, барымта-қарымтаны тоқтатады. Сары батыр, биді халқы былай жырлаған екен ...

Асанның баласы Сары болды,

Жақсы кісі болады әрбір жолды.

Әркімге жақсылықты Құдай берер,

Басына бақыт, дәулет бірдей қонды.

Бөрібай батырдың әкесі  Сары жәй адам емес,  қазақ елінің елшісі, мемлекет қайраткері,  қазақ-орыс  мемлекеті арасын  мәмлеге келтірген саясаткер. Сарының есімі орыс  деректерінде ұшырасады. Қазақ-орыс мемлекеті қатынастары  ХVII ғасырдың 90 жылдарында  аса маңызды да күрделі  нәтижелі мәселерді  шешуде Сары бидің ролі зор болды. Өзі өлсе де,  артында қалған оң істері, халқына азық болған.

7. Асан би, батыр Жоланұлы

 Сарының әкесі Асан өз заманында әділ би, елін, жерін жаудан қорғаған батыр. Ол кісі туралы жырларда былай делінген;

                Жоланның баласы батыр Асан,

                Ақылы бұ кісінің болған астам.

                Мұнша халық билеген ақылман,

                Бұл кісі де жақсы боп, болды көсем.

                Тентекті салады екен табанына,

                Шынжыр балақ, шұбар төс болып өткен,

                Орысқа қарамаған заманында.

 Бұл жырдан байқағанымыз Бөрібайдың атасы Асанның жәй адам емес екені байқалады, орыс патшалығын көзіне ілмей, бағынбай өткені жырда тілге тиек болған. «Асанның алтауы, Асанның алты қасқыры» деп аталатын аталы сөз бар.

Бұның себебі Асанның алты батыр ұлдары елін, жерін қорғауда асқан ерлігімен

аттары шыққын: Сары батыр, Қырғиқонақ батыр, Жақсылық батыр, Бөрте батыр,

Қаржау батыр,Тоқа батыр деген өз кіндігінен туған балалары Асанның   атын,тағы да биікке өрлеткен.

 

                    Жолан би, батыр Есенгелдіұлы,  

                    Есенгелді би,батыр Қаптағайұлы

 

Бұл Жолан мен Есенгелді би, батырлар туралы жырда былай делінген;

                         Баласы Қаптағайдың Есенгелді,

                        Әр-әркімге қылайын мына жырды.

                        Есенгелді баласы Жарылқамыс, батыр Жолан-ды

                        Қай адамнан қалмады мына заман.

 Қаптағай би, батыр Матайұлы

Қаптағай батырдың есімі  бүткіл орта жүздің, оның ішінде қалың найманға ұран болғаны  тарихта мәлім. Қаптағай би,батыр болуымен бірге, асқан байлық пен билікті қатар иеленген.Тайпа көсемі, басшысы. Ол туралы жырда:

                            ...Өкіреш Найман, Жалайыр,Төлегетай,

                              Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай.

                              Үш жүзде мұнан асқан жан болмаған,

                              Байлық, билік кетпеген ер Қаптағай.

Бұл жырдан  Қаптағай батыр (шын аты Қолдас) өмір сүрген заманында ел іргесі сөгілмеген, ауыз бірлікпен ру, жүзге бөлінбей Қаптағай батырдың туының астында жауға біріккен  Қазақ елін көреміз.

Алматы облысына қарасты Қапшағай қаласы туралы өлкетанушы Владимир Таран өзінің «Солнечный город» атты еңбегінде Қапшағай қаласының атын Қаптағай батырмен байланыстырады. Оның жазуы бойынша,. «Қапшағай» сөзінің шығу тегінің тағы бір болжамы Жоңғар шапқыншылығы заманымен байланысты, қазақ қолбасшысы Қаптағай батыр бұл жерде өзен арқылы өтіп, оның арнасын құм салынған қаптармен бекітіп тастамақшы болады. Яғни, қап сөзі де Қапшағай аталуына негіз болса керек.

Қаптағайдың әкесі Матай би, батыр.  Ел арасында Матайдың азан шақырып қойған аты – Сарыкерей екен, іс әрекеті аюға ұқсағандықтан Матай атанып кеткен дейді.  Матай деп аюдың еркегін атайды. Сарыкерей мен Қаракерей егіз деген сөз бар халық арасында. Матайдың әкесі Қытай (қытайдай көп болсын деп атын  ырымдап қойған), Қытайдың әкесі Төлегетай  (Төлек атай), оның әкесі Құрманай, оның әкесі Сүгірші, оның әкесі Белгібай (Өкіреш), оның әкесі НАЙМАН (Найби) атамыз.

Көріп отырсақ мұндай текті тұқымнан, текті ата-бабалардан жай адамның шығуы  мүмкін емес. Матай батырдан  бастап қарап отырсақ оның кейінгі ұрапғының өзі шетінен қаракөк: бірі ел басқарған басшы-көсем, әскер бастаған қолбасшы, әділдік айтқан би, хан сарайында кеңесші, Қазақ мемлекетінің қалыптасуына ақыл-ойын, күш-қайратын жұмсаған қоғам қайраткері, елші, болыс. Есімдері ұранға айналуы тарихта  өте сирек кездесетін жай. Есімі ұранға айналу үшін, міндетті тірде ол тұлға – батыр болу керек, ел басқара алатын  шешендік пен бірге қасиетті, аруақты, арқалы болу керек. Ал осы  Найманның  тек Матай руынан шыққан осыншама батыр, би болған екен, ал басқа рулардан қаншама батыр шықты десеңші?.  Әулие Бұхар жырау бабамыздың «Найман болсаң Матай бол» деуі бекер емес екен. Жаттанды 2-3- батырды, биді, әулиені  ғана айтып, ұрпаққа үлгі болар өзге тұлғаларды тасада қалдыру – тарихқа қиянат болады деп сөзімізді түйіндемекпіз.

Тәнекенің  Қожабегінің немересі 

Гүлжан Мұқатайқызы

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338