Жұма, 22 Қараша 2024
Шамшырақ 7841 0 пікір 26 Қараша, 2015 сағат 11:34

БІЗ ҚАЙ МӘДЕНИЕТКЕ ЛАЙЫҚПЫЗ?


Күнделікті өмірде «қала мәдениеті», «мәдениетті адам» деген сөз тіркестерін жиі қолданамыз. Алайда, қандай мәдениет туралы айтылып жатқанына аса мән бермейтін сияқтымыз. Сәнді киініп, тік жүруді ғана мәдениет санамасақ керек-ті. Жалпы, мәдениет дегеніміздің өзі ауқымы кең, біздің ойлағанымыздан әлдеқайда күрделі ұғым екендігі дау тудырмайды.

Ертеде, 1870 жылдары тұсында Эдвард Тейлор  мәдениет дегенді «білім, сенім-наным, өнер, мораль, заң, салт-дәстүр секілді қасиеттерді қоғам мүшелерінің тиісті мағынасына сай игерген кешенді ұғым» деп түсіндірген екен. Атақты мәдениеттанушы Geert Hofstede «бір топ адамды келесі бір топтан ерекше етіп көрсететін ой-пайымның бағдарлануын» мәдениет деп таниды.  

Олай болса, мәдениет дегенді адам баласының дені мойындай отырып, өмір сүрулерінің үлгісі етіп қабылдаған құндылық нормасының жүйесі ретінде қарастыруға болатын шығар. Ал, ізгі ойлы адамдардың игілікті, әділдікті жасауға құлшына отырып, оған үміт артқан сенімін құндылық десек керек. Осынау құндылық аясында белгілі бір жағдайға сәйкескен салт-дәстүрлерді ұстануымыз норма болып танылмақ. Қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынасы мен әрекеттерін үйлестіретін әлеуметтік ереженің өзі осы болады.

Жеке тұлғаның еркіндігі, әділдік, демократия, адал ниет, қоғам алдында жүктелетін жауапкершілік, азаматтық міндеттер, махаббат, отбасын құру cынды барлық мәселелер өздері өмір сүріп отырған қоғам мен оның мүшелеріне тән ортақ бағытқа, құндылыққа негізделе отырып, норма арқылы әрекет етеді. Тарихи кезеңдерде адамдар аталмыш құндылықтар мен нормалар үшін пікір таластырып, дау-дамайға барып, күресіп-қырқысып, өліспей беріспеуге дейін барды. Сондай-ақ, құндылық – қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық позицияда, мемлекеттік саясат пен принципте де көрініс тауып келді.

Ұлы жазушы Уильям Шекспирдің «Ромео-Джульетта»-сындағы махаббат екі жастың ғана арасындағы ыстық сезім емес, шын мәнінде, әділ таза салт-сананың, адами көңілдің, пәк сезім нормасының көрінісі іспетті болған еді.  Алайда, мәдениетті құраушы құндылықты, норманы бір тұлға ғана жасайды деу тым сыңаржақ пікір болар еді. Мәдениет дегеніміз, шын мәнінде, белгілі халықтың дәстүрінен, тұрмыс салтынан, дін-ділінен, тілі мен білімінен, саясатынан, философиясынан, әлеуметтік құрылымы мен экономикалық жағдайы секілді факторлардан туып, жылдар бойы дамудың нәтижесінде қалыптаспақ.

Миллиардтан астам халқы бар Үндістанның өзімен деңгейлес Қытай елінің дәрежесіне жетіп дами алмауының себебін олардың бүгінгі тірліктің молшылығынан гөрі о дүниедегі мәңгілік өмірдің игілігіне аса маңыз беретіндігімен байланыстырып түсіндіретіндер бар. Сол секілді ортодокс-христиан дінінің ықпалы басым Ресей үшін материалдық байлыққа, жақсылыққа жету үшін құдайға жалбарынғанда міндетті түрде шіркеу діндары арқылы ғана дұға жасайтыны сияқты қазіргі күні кейбір топтар жайлы тұрмыстың кілті мафиялық элементтерде, әлде бір шешуші тұлғаға пара беруде деп ұғуға бейім келетін көрінеді. Ал, протестанттық діні басым америкалықтар  ежелден құдайдан тілек тілеу үшін ешкімнің делдалдығына сүйенбейді. Қысқасы, әр адамға қоғамның игілігі ортақ әрі тең бөлінуі заңдылық деп санайды екен. Дәл осы көзқарас пен халықтың ортақ сенім-нанымы, демократия мәдениеті мен нарықтық экономикалық қатынас жүйесін қалыптастырса керек.

Азия мәдениетінің Батыс елдерінен өзгешелігі, Қытай, Жапония, Корея және өзге де қытай тілді елдерде діннен гөрі дәстүрге көбірек сүйенетіндігінде. Негізінен Конфуци іліміне немесе ұлттық құндылықтарына деген сенім-нанымдары олардың өмір сүру қағидалары іспетті.  Жер құнарының игілігін көріп, отырықшылық тұрмыс салтын бойларына сіңірген аталмыш елдер үшін адамдардың өзара сыйластығы, бір біріне деген адалдығы қанға сіңген қасиетке айналып, тарихи кезеңнің барлық сатыларында ел басқарған көсемдерінің басты бағдарына айналған.

Ендеше, жайлы өмір, қолайлы тұрмыс деген ұғым әр елде түрлі мазмұнда көрініс табатындығының түп негізі белгілі бір халықтың тұрмыстық және рухани мәдениетінен туындайтын сенім-нанымымен тығыз байланысты болатындығын аңғаруға болады.

Қазақ баласы үшін жайлы жақсы тіршіліктің мәні не дегенді білу үшін ұлтымыздың өмір сүру қабілетін, сенім-нанымын, билік бөлінісіне деген көзқарасының жалпы сипатын терең тану қажет болады. Біз батыстықтар секілді индивидуалистік, яғни, мәселеге жеке тұлға ретінде қарайтын мәдениетке лайықпыз ба, әлде, Қытай, Жапон секілді азиялықтардай белгілі бір проблеманы командамен, ұжымдық көзқараспен шешуге бейімбіз бе?

«У ішсең де руыңмен», «келісіп пішкен тон келте болмайды», «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп мақалдатып, философиялық ой түйген қазақты ұжымдық, ұйымшыл көзқарастан бөліп қарауға негіз жоқ. Сөйте тұра біз мәдениетімізді батыстық үлгімен ұштастыруға бейім тұрамыз. Оларды көзсіз көшіруге де бармыз. Оның себебі, ділдік мәдениетіміздің әлі де болса, ғылыми тұрғыдан терең зерттелмеуінде жатса керек. 

Әлемге танымал ғалым Самуэл Хантингтон 1996 жылы жарыққа шығарған «Өркениеттер арасындағы қақтығыс» атты кітабында мынандай мәселелерге назар аудартады:

• Жаһанданудың ығыстыруымен қалыптасқан мәдениетке еріп, әлемдік саясат жаңарып отыр;

• Мәдениеті ұқсас немесе ортақ елдер өзара ықпалдасып, бөтен мәдениеттен алыстап барады;

• «Қырғи-қабақ соғыс» тұсындағы одақтардың орнын АСЕАН, НАФТА, МЕРКОСУР секілді мәдениетаралық ұйымдар басты.

Сонымен қатар ғалым Джак Делордің пайымдауынша, жаңа әлемдегі келешекте болуы ықтимал дағдарыс пен қақтығыс экономикалық немесе идеологиялық тұрғыдан емес, керісінше, мәдени факторлардан туатын көрінеді. Ал, Самуэл Хантингтонның ары қарай жазуына қарағанда, еларалық және өркениеттердің өзара қайшылықтары микро деңгейде мынандай болмақ екен:

• Ислам мен православ діндер арасында;

• Ислам діні мен Хиндү;

• Ислам және Африка;

• Ислам  мен Батыстағы  олардың христиан көршілері арасында туындауы ықтимал екен.

Сондай-ақ, макро деңгейде: қайшылықтың ең өткір түрі негізінен Батыс пен өзге өркениеттер арасында, яғни, Қытай, Ислам әлемі, келесі жағы Батыс тарапынан болады деп топшылайды.

Бұл арқылы автор нені меңзеп отыр? 1996 жылы жазылған аталмыш пайым бүгін қаншалықты негізді бола алды? Қалай десек те, дамудың сынағы, «аман қалудың» шешуші факторы – айналып келгенде, мәдени құндылықтар ғана болып қалады дегенді ғалымдар да, шынайы өмір де дәлелдеп келе жатқандай көріне береді.

Жалпы, өркениет пен мәдениеттің басты ядросы қай елдер болуы мүмкін? Атап айтқанда:

• Батыс әлемінде АҚШ, Франция, Германия;

• Славяндық ортодокс елдер арасында Ресей;

• Конфуций (Күнзі) қағидасын ұстанған елдер арасында Қытай т.с.с.

Ал, Қазақстан берісі Азияда, арысы әлемде өркениет жағынан ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі бар ел болайын деп тұрғандай.  Олай болса, өзге елдер секілді біздің де «аман сау» дамуымыз, мәңгілік ел ретінде әлемде орнығып қалуымыздың, біртұтас көзқарасымыз бен ынтымағымыздың, сенім-нанымымыздың басты тетігі Қазақ елінің мәдени құндылығында болмақ.

Олай болса, мәдениет дегеніміз жай ғана екі адам арасындағы қарым-қатынас, өзара құратын әңгіме-дүкені немесе жасалатын қандай бір іс-әрекет қана емес екен. Мәдениет дегеніміз шын мәнінде, жеке тұлға, отбасы-ошақ қасы, ауыл-аймақтан бастап, елдер мен мемлекеттердің даму жолын айқындайтын арнасы кең өзекті мәселе екендігі аңғарылып отыр. 

Ел азаматтары, әр отбасына бастап, барлық еңбек ұжымдары ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған озық салт-дәстүрлері мен моралдық құндылықтарын қастерлей білсе, оны жаңа заманға лайықтап қолдана білсе, дамудың ең таңдаулы жолы да дәл осы мәдениет болмақ.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, халықаралық журналист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5328