Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 5880 0 пікір 25 Қараша, 2015 сағат 14:21

ТҮРКІСТАНДА ТАЙҚАЗАН ТУРНИРІ ӨТТІ

Түркістанда "Тайқазан" турнирі өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл шара биыл даңқты бапкер Жарылқасын Оңалбектiң 65 жылдық мерейтойына арналды, - деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Түркiстан қаласында республикалық «Тайқазан» турнирiнiң өтiп келе жатқанына 20 жылдан асты. Содан берi талай таланттың «тұсауын кескен» жарыстың деңгейi жоғарылап, жас балуандардың байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғауына септiгiн тигiздi. Аталған турнир биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Республикалық дода халқымыздың мақтанышына айналған арда ұл, Қазақстан Республикасына еңбегi сiңген жаттықтырушы, өңiрде қазақ самбосының атасы атанған Жарылқасын ОҢалбектiҢ 65 жылдық мерейтойына арналды. Жарысқа Астана, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Тараз, Шымкент және елiмiздiң өзге де қалалары мен облыстарының балуандары қатысты. Мемлекеттiк Әнұранның орындалуынан бастау алған байрақты бәсекенi Түркiстан қаласы әкiмiнiң орынбасары Ғани Рысбеков салтанатты түрде ашты.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, Әбдiрахман ҚЫДЫРБЕК, «Оңтүстiк Қазақстан».

– Түркiстан спорттан да, өнерден де әрдайым алдыңғы орыннан көрiнедi. Қаланың спорты туралы сөз қозғағанда алдымен ауызға Әбдiсалан Нұрмаханов, Октябрь Жарылқапов, Бекзат Саттарханов, Қайыс Аққалиев және Жарылқасын Оңалбектiң есiмдерi түседi. Жақаң Созақ өңiрiнде туылып, Кентау қаласында еңбек жолын бастаған. Дегенмен, атпал азаматтың Түркiстан қаласының спортының өркендеуiне де сiңiрген еңбегi көп. Қазақ спортының, соның iшiнде күрестiң, педагогика ғылымы саласының дамуына қосқан үлесi зор. Осы турнирге қатысқан жастар болашақта елiмiздiң мықты спортшылары болсын, – деген тiлегiн жеткiздi ол.

Түркiстан қалалық мәслихатының хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев жарысқа қатысушыларға сәттiлiк тiлесе, облыстық мәслихат депутаты, Мақтаарал ауданының құрметтi азаматы Ережеп Қанаев жас балуандарға ақ батасын бердi. Қазақстан Республикасына еңбек сiңiрген жаттықтырушы Болат Қырықбаев турнирдi ұйымдастырушыларға алғысын жеткiздi.

– Жарылқасын ағамыздың қазақ күресiн дамытуға және жастарды спортқа баулуда сiңiрген еңбегi көп. Қазiр сайыс өтiп жатқан Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенiнiң ашылуына да үлес қосқан. Мiне, бүгiн соның жемiсiн көрудемiз. Жақаң күнi бүгiнге дейiн көптеген шәкiрттер тәрбиеледi. Талай жарыстарда қазақ елiнiң намысын қорғаған олар бүгiнде түрлi салаларда қызмет етуде. Барлығы да Жарылқасын Оңалбек ағамыздай ұлағатты ұстаздың шәкiртi болғанын мақтан тұтады, – дедi ол.

«Бүгiнгi жастар Жарылқасынға қарап бой түзеп, өмiр жолынан үлгi алса өкiнбейдi» деген Түркiстан қалалық ақсақалдар кеңесiнiң мүшесi Шора Есмолдаев бұл жарыс жеткiншектердiң қазақ күресiне деген қызушылығын арттыратынын айтты. Ағайындары мен бауырлары атынан мерейтой иесiнiң иығына шапан жауып, ат мiнгiздi.

Жүрекжарды жылы лебiзiн бiлдiрген «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Абай Балажан облысымызда қазақ күресiнiң дамуы үлкен қарқын алып келе жатқандығына тоқталды.

Турнир 1996–1997 жылғы жастар арасында өттi. Екi күнге созылған бәсекеде балуандар сегiз салмақ дәрежесiнде бақ сынасты. Жұртшылық тамаша әдiс-тәсiлдер мен ымырасыз жекпе-жектердiң куәсi болды.

Сонымен 55 келiде алматылық Д.Ниетбайға тең келер қарсылас табылмады. Оңтүстiкқазақстандық С.Жұмадiлла екiншi орынды еншiлесе, жеңiс тұғырының үшiншi сатысына алматылық А.Закир мен қарағандылық балуан Ж.Ахметов көтерiлдi. 60 келiде астаналық С.Әшiмнiң бағы жанса, алматылық М.Омар «Тайқазанның» күмiс жүлдесiн иелендi. Алматылық Д.Иманов пен А.Есқазиев үздiк үштiктi қорытындылады. Оңтүстiкқазақстандық Е.Әмiр 66 келiде турнир жеңiмпазы атанды. Екiншi жүлде қарағандылық Ж.Нұрғалиға бұйырса, үшiншi орындарды Б.Қияс пен алматылық Қ.Түлембай иелендi. Алматылық балуан Ә.Сақан (74 келi) ауылына жеңiмпаз болып оралды. Түркiстандық Е.Қуандық екiншi орынға табан тiресе, қола жүлденi Б.Иса (Түркiстан) мен Т.Жақсыгелдi (ОҚО) қанжығаға байлады. 82 келi салмақ дәрежесiнде Қарағандыдан келген балуан Е.Молдағұлов турнир кестесiнiң ең биiк тұғырынан көрiндi. Алматылық Е.Байжiгiт екiншi орынға көтерiлсе, үшiншi орындар Ш.Бақтыбай (ОҚО) мен Е.Бөленге (ОҚО) бұйырды.

Жергiлiктi жанкүйерлердiң назары 90 келi салмақ дәрежесiнде бақтарын сынаған балуандарға көбiрек ауған. Бұл салмақта ақтық сында түркiстандық Н.Ерехан қостанайлық А.Жұмағалидың жауырынын жерге тигiздi. Үшiншi тұғырда қызылордалық Б.Молдаш пен қарағандылық А.Құрманбай қатар тұрды. 100 келiге дейiнгi салмақ дәрежесiнде финалда оңтүстiкқазақстандық Қ.Шәмшiдинов алматылық Т.Шейнерден басым түссе, М.Құдайбергенов (Алматы) пен Ә.Нұрғалы (Түркiстан) үшiншi орыннан көрiндi. Ал, 100 келiден жоғары салмақта Е.Сiргебай (ОҚО) астаналық Е.Абдулладан айласын асырды. Қола жүлделердi Н.Әмiрәлi (Түркiстан) мен О.Абпас (Алматы) өзара бөлiстi. «Түйе балуандар» сайысында Қ.Шәмшiдиновтың (ОҚО) мерейi үстем болды. Ал, екiншi орынды А.Жұмағали (Қостанай) еншiлесе, Ә.Сақан (Алматы) үшiншi орынға табан тiредi.

Жарыс жеңiмпаздары мен жүлдегерлерi арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333