ҚАЗАҚТЫҢ «АНКЛ» ЖИЕНДЕРІ-АЙ...
Сынаптай жылжыған уақыт болмыстық сипатымыз бен санамызға өзгеріс енгізбей қоймақ емес. Ал өзгерістер сан алуан. Талғамға татитыны да, татымайтыны да бар. Бүгінгі салт-дәстүрімізде белең ала бастаған осындай бірді-екілі «жаңалықтардың» бетін ашып, астарына үңіліп көрелік.
Қарап тұрсаң, қазақтың балаға ат қою рәсімі дәстүрлі шеңбер аясынан ауытқып тұратын құбылмалы үрдіс. Бір кездегі Совет, Социал, Октябрь, Большевик, Мэлс, Тельман, Өндіріс сияқты есімдер енді бірер жылдан соң тарих қойнауында қалмақ. 70–80-жылдары туып, тең жарымы Айгүл, Алмагүл, Гүлнәр, Гүлмира атанған, одан бері бәрі жиылып Гуляға айналған қыздар да – бүгін салиқалы келіншектер. Бұл дағды қазір бәсеңсіген тәрізді.
Есесіне Радий мен Талисмандар, Азиада мен Саммиттер пайда болыпты. Мыңдаған қыздарымыз Диана, Карина, Зарина, Зарема, Аида, Саида сияқты ғұрпымызға жат есімдерді иемденіп жүр. Ұлттық экономика министрлігінің құзырындағы Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 20-дан астам бүлдіршін қыздардың аты Астана екен, ал елбасымыздың аттастары – Нұрсұлтанның ұзын саны 16 923-ке жетіпті (АиФ – Казахстан, №29, 2015 ж.).
Нәрестеге ат қоюда заман ағымын ескерудің, атақты адамдардың есімдерін қолданудың, әрине, сөкеттігі жоқ. Бірақ мұның да бір талғамы, шегі бар шығар. Екінің бірі Нұрсұлтан атанса, кейін олар «қай сұлтанға» айналып, күнделікті өмірде ебедейсіздік тумас па екен?! Оның үстіне олардың ата, әкелерінің көкейіндегі ой-арманның да жаппай жүзеге асуы мүмкін емес қой.
Қазақ баласының ағасын я нағашысын «дядька, дядя Аман» дей салуы құлаққа сіңісті, үйреншікті нәрсе. Ал оларды ағылшынша «анкл» деп атау, расында да, тосын жаңалық (әлде бара-бара бұған да етіміз өліп, елең етуден қалар ма екенбіз?!).
Күнде көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген тағы бір «жаңалық» – қазіргі қауымның немере мен жиеннің арасын ажыратпауы, яғни жиенді немере деп атауы. Және осылай көпе-көрнеу қия тартып жүргендердің дені ауылда өсіп, қазақи тәрбие алған, жөн-жосықты білетін пайғамбар жасындағы замандастарымыз.
Неге үйтеді? Бұрмалаушылықтың сыры неде? Менің пайымдауымша, мұның екі себебі бар. Әуелгісі – орыс халқының отбасылық мәдениеті мен болмысының әсері. Орыстың, басқа да жұрттың туыстықты жіктеу жүйесі бізге қарағанда әлдеқайда жұтаң: нағашы, жиен, бөле деген категориялар жоқ, сондықтан оларға немере де «внук», жиен де «внук».
Екіншісінің (бұл басты себеп пе деп ойлаймын) түп-тамыры мынада. Қазақ қандас туыстықты, шежірені еркек кіндіктілер тарапынан ғана тарқатады. Олай болса, қазақ үшін немере ұлдың, әлбетте, жөні бөлек: ол ата таратуға арқау болар тікелей ұрпағың.
Енді елге танымал Сәкең мен Жәкеңе құдай ұл бермеді делік. Бергендерінің бәрі жатжұрттық, демек, тағдырдың сыйлар қызығы – жиендер. Бірақ мұны місе тұта қоймаған және басқадан «кем» болғысы келмеген Сәкең мен Жәкеңдер жиендерін оп-оңай «немереге» айналдырып алады. «Ау, жарқыным, мұның қалай?» деп, бұлжымас заң іспетті ата дәстүрінен ауытқушыларға ескерту жасайтын, жөнге салатын баяғының ақсақалдары жоқ. Маңайындағы көңілжықпас дос-жаран, көрші-қолаң, қызметтестері бұл өзгерісті үнсіз мақұлдап, жиендердің «жаңа статусын» амалсыз құптайды.
Ал, шындығында, ұлтымыздың туыстық жүйесінде, қалыптасқан өмір-салтында жиеннің де өзіндік ерекше орыны бар емес пе? Рас, «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» болғандықтан ба, әлде қырық серкешін қимағандықтан ба, ойын-шыны аралас жиен мен желке туралы нақылы да бар. Десе де, «қыздан туғанның жаттығы жоқ» деген аталы сөз ежелден алты алаштың өмірлік ұстанымы болып келе жатқан жоқ па?!
Жиеннің басқа рудан екеніне қарамастан, нағашы жұрты оған әрдайым тілеулес, қиын-қыстау кезеңде бауырына басар қамқоршысы. Тек өткен ғасырдың ашаршылық, соғыс жылдарында, соғыстан кейінгі жоқшылық заманда қаншама азамат нағашының аялы алақанында тәрбиеленіп, ел қатарына қосылды.
Қала берді тек қазаққа ғана тән нағашы мен жиен арасындағы әзіл-оспақтың өзі неге тұрады! Қандас туыстар арасында риясыз әзіл сирек, қайта бақталастық, әкеден қалған дүние-мүлікті бөлісуден туындайтын ұрыс-талас, араздық кездесіп жатады.
Ертеректе (қазір жоқ) осыған ұқсас жағдайда «еркекшора» деген де атау болған. Ұлы жоқ әке қыздарының кенжесін, кейде жалғыз қызын кішкентайынан ұлша киіндіріп, ұл сияқты тәрбиелеген. Бірақ табиғатқа қарсы тұра аласың ба?! (Батыс елдерінде, құдай бетін аулақ қылсын, қарсы тұрушылық та бар!). Балиғат жасына толған соң жаңағы «еркекшоралар» қайта «қызға айналып», кейін тұрмыс құрғанда жат тәрбиенің зардабын шегеді екен.
Құрметтеудің жөні осы екен деп, туыстықтың өңін өзгерту құдандалық сияқты айдан анық жақындық түрінде де кездеседі. Бәзбіреулер топ ішінде құда-құдағиын меңзей отырып, «бұлар маған құда-құдағи емес, бұлар аға-жеңгем, апа-жездем» деп, олардың туыстық дәрежесін көтеруге кіріседі. Жарайды, құдаң руласың болып шыққан екен, бірақ оның ағалығынан гөрі құдалығы басым емес пе?! Ал тым жақын ағаңмен құда болу – жетіаталық дәстүр тыйым салған, ұрпақ аздырар қатерлі қадам. Бұл тәртіпті ата-бабамыз қатты қадағалап, қатаң сақтаған. Оны бұзғандар кейде ауыр жазаға тартылған (Қалқаман – Мамыр оқиғасын еске алыңыз).
Қорыта айтқанда, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан, уақыт сынынан өткен, ізгілікті әрі ғибратқа толы отбасылық мәдениеті, туыстық қарым-қатынасты жіктеу, реттеу тәртібі бар. Оны білместіктен, я біле тұрып, талғамсыз еліктеудің, қисынсыз намыстанушылықтың, орынсыз шашбау көтерудің құрбаны қылуға хақымыз жоқ, ағайын!
Ерсін ОРДАБАЕВ, Павлодар қаласы
Түпнұсқадағы тақырып: Аңқылдаған қазақтың «АНКЛ» ЖИЕНДЕРІ, «жасанды» немерелері хақында
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №40 (311) от 19 ноября 2015 г.