Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6819 0 пікір 20 Қараша, 2015 сағат 13:54

СЕМЕЙ ӘКІМІ ЕРМАКТАНУШЫ МА, ЕРМАКШЫЛ МА?

немесе Тәуелсіздік қадірін сезінбейтін шенеуніктер туралы

Міне, енді бір айға жетпей Тәуелсіздік мерекесі тойланады. Ұлтымыздың бірлігін, тұтастығын, арманын баяндайтын һәм әлемге мақтанып көрсететін мейрам.

Елбасымыздың өзі: «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деген еді.

Еліміздің әрбір адамы, әрбір мемлекеттік қызметкері осы сөздердің мағынасын, жауапкершілігін терең түсіну қажет. Әсіресе, жергілікті әкімдер!

Бүгін қолымызға 2015 жылы 18 қарашада (№ 176) шыққан «Время» газеті тиді. Ішінде Семей қаласының жаңа мэрі Ермак Сәлімовтің (ресми аты-жөні – Ермак Бидахметович Салимов) «Наверное, есть смысл в том, что Ермака прислали в город на бреге Иртыша» атты сұхбаты жарияланыпты («брег»-і ежелгі славянның «берег»-і яки жағасы).


Қазір кім не демейді? Бірақ, Елбасымыздың сындарлы саясатын жергілікті жерде жүргізетін әкім ойланып сөйлеу керек емес пе?..

Журналист (М.Гузеева) «Осы сіз өз атыңыздан бір ыңғайсыздық сезінбейсіз бе?» деп сұрақ қояды. Оған Ермак мырза былай дейді: «Белгілі бір адамдар атыңды түзетіп берейік: Ермак емес, Ермек қылып деген. Мен: «Кетіңдерші әрі!» - деп айтпай тұра алмадым. Мен оларға былай дедім: әкем төрт класс қана бітірген, бірақ ұлтаралық мәселені сендерден, профессордан артық білді. Мен Күршім ауданының Чердояк (сірә, не Шерді аяқ, не Шараяқ.- Ауд) поселкасында тудым.  Көршілеріміз бәрі орыс болатын. Аня деген бабушка менің атымды Ермак қойыпты. Ол әкеме: «Осындай батыр болған, халқын жақсы көрген! Сенің балаң да халқын ойлаған адам болады!» деп түсіндіріпті».


Жалпы, Семей әкімі Ермак Сәлімов Абайдан гөрі өзі аттас жаулаушыны (Сібір халықтарын қанға бөктірген отаршыл қанішерді) жақсы білетін секілді. Сұхбатының бір тұсында Ертістің (өзі «Иртыш» дейді) суына қарап шабыттанатынын айта кетіп: «Как песне: «На диком бреге Иртыша сидел Ермак, объятый думой...» дейді.

Былай қарағанда, Ермакты аңсайды, Ермакты мұңдайды, Ермакты сағынады.. Тәуелсіздік заманында. Қазақ зиялыларының ордасы Семей қаласында отырып. Біртүрлі қызық, тосын емес пе?..

Ермактанушы Ермак мырзаның сұхбаттағы соңғы жауабы адам түгіл, адамзат үркетіндей: «Мен ырымға сенбеуші едім. Бірақ айдай анық келді емес пе? Мұның мәнісі Ермакты Ертіс бойындағы қалаға жіберді, міне, мен де осы жерде жұмыс істеуді бастадым. Ең бастысы, бұдан Семейге жаман болмаса жарады».

Ал, қадірлі оқырман, бұл сұхбат туралы не ойлайсыз?

Біз асыл Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында елшіл азаматтар халықтың сұрауымен Керекудің Ермак қаласындағы жаулаушының ескерткішін алғанға, аты өшкір «Ермакты» - Ақсу деп өзгерткенге бөркімізді аспанға атып қуанған жоқпыз ба? Сонда бұл не? Семей әкімі Ермак Сәлімов айтқандай «жақсы ырым» ба?

Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы ресми аталынып өтіп жатқан кезеңде Тәуелсіздік тарихына атүсті қарайтын, сұхбатында нені болсын соны шатып-бұтып айтатын әкім халыққа жақын ба? Мына сөздерінен кейін ол қалай биліктің өкілімін деп айта алады?..

Жалпы кеше ғана Ақордада Елбасымыз әкім-қараны бір сілкілеп алды. Құр мақтан, жалаң сөз, елдіктің байыбына бармау... Маңдайымызға тиетіндей уақыт болды емес пе?

Халық әлі күнге Семей десе, «Е, қазағымның бір алтын бесігі ғой!» деп егіледі. Сонда қалабасы қандай шаһарға әкім болғанын әлі сезінбегені ме?

Біз осы жайтқа қатты қам жеп тұрмыз. Елдік қауіпсіздік ауадай қажет тұста ойланбай сөйлейтін ағаларымыздың әрекеті өзін ғана емес, бәрімізді опындыра ма деп те ойлаймыз...

«Абай арманы» жастар бірлестігі атынан: Серікқазы АЛДАНАЗАР, Береке ЖҰМАБЕК

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408