Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Көкмұнар 5896 0 пікір 17 Қараша, 2015 сағат 17:14

ДАЙДИДАУ...

(Қозғайсың қатып қалған-ай іштің дертін...)

Мына заманда кімді, немен таңқалдыруға болады деп ойлаймыз ғой. Ол да мүмкін емес нәрсе болмай шықты. Тек өнер өлкесіндегі жауыннан кейін қаптап шыққан саңырауқұлақтай арзанқол өнерпаздарға, бірінен екіншісі айнымайтын құбатөбел орындаушыларға, күнкөрістің күйін шерткен базбіреулерге құлағымыз да, құлқымыз да бейімделіп бара жатқаны болмаса. Соның салдарынан таңдайы жарылып туған қас таланттарымызды тани алмай келеміз. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең» болған мына заманы түспегір оларды шындап тануға құлықты емес. Таланттылардың сорына талантсыздарды өсіруден бір жаңылмай-ақ келе жатырмыз. Әзірге бұл жағынан алдымызға жан салып, қара түсірер түріміз жоқ...

Өмірге жүз жылда бір-ақ рет келетін өте сирек әншілер болады. Олар ән үшін, ән айту үшін ғана туылады. Туған топырағы қадірін білмесе Мәскеу мен еуропаның жалаңдаған менеджерлері қазір-ақ қағып алып кетуі ғажап емес. Кешегі келмеске кеткен кеңестер одағының тұсында ондай ерекше жандарға үкімет қолдау көрсетіп, әкелік қамқорлығына алушы еді. Мына балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, жақсы мен жасықты ажырата алмай тұрған абыржы, дүдамал кезеңде мұндай біртуарларға кімнің емешесі езіле қояр дейсің. Сөйтіп жүріп күндердің бір күнінде Сені де қу құлқынның құлына айналдырып алмасақ болғаны ғой...

Мен бірдеңе білсем, мына әнші бала қазақ деген ат төбеліндей халықтың бағына туған. Дәл осындай деңгейдегі бұлбұл көмейді көрмегеніме көп жылдың жүзі болған екен. Оның дауысында дәуірлердің қасиет тұнған сағым-дірілі, бағзыда қалып кеткен асыл рухымыздың күбірі, өзегімізді жайлаған өрт пен өкініш тұр. Мен оны тыңдаған сайын соны сеземін. Содан соң жан дүнием алай-түлей арпалысты күй кешіп, күйзелген санам сан саққа кетеді. Ол ән айтып тұрғанда қазақтың ер кезі, баяғы салтанаты мен бағы басында тұрған берендігі, болмысы биік шағы елестейді көз алдыма. Әр елдің тілінде айтқан өрелі әніне әлем тыңдаушылары дүр сілкініп, дүрілдете қол соғып, тілін түсінбесе де табиғатын таныған биік талғамды жандар риязыз риза болуда. Ал біздің бауырларымыздың не ойлағаны бар екенін қайдам, әзірге бірі емес, бәрі де үнсіз, құдды бір ауыздарына мұздай су ұрттап алғандай...

Оған қиған атағың мен даңқың болса ертең емес, бүгін бер дер едім Мен! Ол осы жасында-ақ оның әкесіндей өнерпаздардың айта алмағанын бір ғана «Дайдидау» әнімен жеткізіп берді. Мен мұны осыншама сұлу, биік, шерлі ән деп ойламаппын (Соған қарағанда нағыз орындаушысынан тыңдай алмағанмын ғой). Ал Сен болсаң бұл қарапайым әннің иін қандырып мың бұрадың, Димашжан! Мен сенің орындауыңда осы әнді тыңдап отырып бүгінгі сахналастарың мен келешектегі әншілерге кәдімгідей жаным ашыды. Сенен кейін олар бұл әнді қайтып айтады енді (әй, бірақ біздің бауырлар айта береді ғой)? Өзіңнен кейінгілерге орын қалдырмай, бар кеңістік атаулыны нәзіктік пен сұлулыққа толтырып, жеріне жеткізіп шегелеп жібердің ғой, айналайын. Шын өнерпаздығың осы болмысыңнан-ақ байқалады.

Ия, бізде әнші көп, бірақ Сен сияқты Жаратқан Жалғыздың өзі жер бетіне ән айту үшін жіберген құбылыс таланттар мүлдем жоқтың қасы. Сен және сен сияқтылар туса тек дәуірлер аралатып, жылдарды тыныстатып қана келуі мүмкін мына жарық жалғанның жүзіне. Ешкімге ұқсамайтын ғажап дауысыңдағы жылт еткен сәулеге, сол арқылы сұлу табиғатыңа, өзегіңдегі биік талғамыңа тәнті болдым. Сен біздің бағымызға туған баласың. Тек таланттылардың тағдырынан сақтасын. Әлде де көретін көз табылатын шығар, көпке топырақ шаша алмаспыз. Әлем көріп, дүние жүзі танығанды біз тани алмайтындай қазаққа не көрініпті?! Сені қолдайтын, қадіріңді білетін қазақтың қалжа жеп туған талай ұл-қыздары жүрген шығар арамызда. Қолымда болса Мен саған бәрін де қазір, бүгін-ертең еншілер едім. Әттең... Ал сен болсаң дәл осы қалпыңның өзінде тым биіксің.

Неге екенін қайдам, әйтеуір Сен "Дайдидауды" шырқағанда мына жалғаншыңның көмескі жарығы біртүрлі сәулелене түсетін сияқты...

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Abai.kz

0 пікір