КУЛАГИН КАЛАЧИЛІКТЕРГЕ ДАУЫС КӨТЕРМЕЙТІН БОЛДЫ
Жақында қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желіде қызу пікір-талас тудырған Калачи ауылының тұрғындарымен болған даулы оқиғаға естеріңізде болар. Сол жанжалға қатысты түсініктеме берген Ақмола облысының аты-шулы әкімі Сергей Кулагин мырза енді тұрғындарға мүлде дауыс көтермеуге уәде берген. Бұл туралы total.kz сайты жазады.
«Өткен жолғы тұрғындарды қабылдау кезіндегі түсініспеушіліктерге қатысты айтарым – бұл ашығын айтқанда арандатушылық (провакация) болды. Сонда да мен орташа қалыпта сөйлеген едім. Ешкімнің ар-ұжданына тиетін ауыр сөздер айтқан жоқпын. Иә, біраз дауыс көтергенім рас. Әкімдік деген маңызды қызметті арқалап жүрген соң, мен олай жасамауым керек еді. Ендігәрі мұндай жағдайдың болмайтынына уәде беремін», – дейді Ақмола облысының әкімі.
Естеріңізде болса, қазан айының аяқ шенінде Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин мырза облыстық әкімшіліктегі жұмыс кабинетінде, араша сұрап, алдына келген Калачи ауылының тұрғындарына дауыс көтеріп, қорқытқан сөздері жазылған бейне таспа әлеуметтік желіге таралып кеткен болатын.
Оқиға былайша өрбіген. Қабылдауға келген тұрғындардың бірі әкімнің әдептен асып сөйлейтінін әу баста білсе керек, Кулагиннің қызметтік этикаға жат сөздермен дауыс көтеріп жатқанын таспаға жазып алып, қазақстандық БАҚ-тарға жариялаған.
Кейін, бейне таспадан көргеніміздей, Сергей Кулагин Калачи ауылының тұрғындарына дүрсе қоя берген.
«Сендер өтірік ақымақ бола бермеңдер. Сендер шаршаттыңдар мені. Мен қорқытып отырған жоқпын, бірақ біліп жүріңдер. Сендердің шаруаларыңды тікелей өзім қадағалаймын. Егер оған көнбесеңдер, орындарыңа қоямын. Ұғып алыңдар, мен әкім ретінде айтып отырмын. Сосын мені естеріңнен шығара алмайтын боласыңдар», – деген Кулагин мырза.
Ол кезде әңгіменің ауаны Калачи ауылының тұрғындарын көшіру мәселелері төңірегінде өрбіген.
Рас өз қарамағына тиесілі ауылдың тұрғындары әкіміне шағым айтып келді. Кулагин мырза көп созбастан, мәселемізді шешіп береді деген есек дәме, алдамшы үміт бейдауа дертке шалдыққан ауыл тұрғындарының көкірегінде сарнап тұрған еді. Әттең. Оны түсінер әкім қайда, халықты ойлайтын басшы қайда, бүгінде?... Кулагин мырзаны калачиліктер шаршатқан екен. Өзі айтты. Халқын үркітті, қорқытты, қолынан келгенін істейтінінде бүгіп қалмады.
Сергей мырза, өзі шот мінезді кіші саясаткер еді. Осыған дейін Ақмола облысында темірдей тәртіп орнатамын деп, өзіне дейінгі кіші шенеуніктердің жым-жылыстарын ашып салған еді ғой. Сол кезде «Қазір біздің басты мақсатымыз — тұрғандарды көшіру үшін қаражат көзін табу. Қалай ақша бөлінеді, 2015-2016 жылдар аралағында барлық тұрғындарды бірден көшіруге кірісетін боламыз», – деп уәде берген. Сол уәдесін орындау мақсатында айтқанын тыңдата алмаған әкімнің сөзіне сенсек, көшуден бас тартқан тұрғындарға дауыс көтеріпті-міс.
Осылайша Ақмола облысын темірдей тәртіппен ұстаймын деп шешкен Сергей Кулагин мырза, енді тұрғандарға дауыс көтермеуге уәде берді.
Бұдан былай КУЛАГИН мырзадан қатаң сұраныс болмақ. Кулагиннің уәдеге қаншалықты беріктігін алдағы уақыттарда көретін боламыз. Тек, кейде қызметке ынта-шынтасымен беріліп, карьера жолында халықты да, басқасын да басқа ұрмайтын кей әкімдер, өздерінің халықтан биік емес екендіктерін ұмытпаса игі.
Нұргелді Әбдіғаниұлы